Жөлек жерінде жатқан жаужүрек батырлар
23.03.2018 2757
Жөлек маңайында көптеген батырлардың есімдері халық аузында осы уақытқа шейін айтылып келеді

Тәуелсіздік алғаннан бергі жылдары ішінде еліміздің тарихы жаңаша жазылып келеді. Әсіресе есімдері ұмытылып келген ел қорғаған батырларды халыққа паш етіп, қазақты мың өлді деп айтып қоймай, енді сол мыңдарды тірілту мәселесін ойланып, көпшілікке жариялап келеміз. Мысалы Сыр бойында көптеген тарихи орындар, қорғандар, қалалар болған. Сол тарихи қорғандардың бірі – Жөлек бекінісі.

Жөлек – ХІХ ғасырдың І жартысында Сырдарияның оң жағасында, қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Бәйгеқұм теміржол стансасының маңында салынған қорған. Қоқан ханы Омардың тұсында (1809-1822 жж) Сырдарияның төменгі ағысы бойын жаулап алу мақсатында тұрғызылған. Ресей әскерлерінің шабуылынан соң, 1856 жылы бейбіт тұрғындар қорғанды тастап кетуге мәжбүр болды. Жөлекті Ресей әскерлері 1861 жылы жаулап алды. Сол жылы Сырдарияның оң жақ жағалауынан, қорғаннан 1,5 шақырымдай жерден №3 флотилия, пошта бөлімі, тағы басқа құрылыстар бой көтерді.

Осы кездері орыстың зерттеушісі А.К. Гейнстің «Дневник 1866 года. Путешествие в Туркестан» еңбегінде: «22-го августа. К вечеру мы стали подъезжать к укреплению Джулек. Чем ближе мы подъезжали к нему, тем гуще и чаще становился джингиль. Фазанов здесь было невероятно большое количество, и, конечно, в некоторых наших деревнях можно встретить меньше кур, чем здесь фазанов.

Вид Джулека издалека очень красив. Из середины укрепления поднимается высокая башня красивенькой церкви и протягивается невысокий, но хорошо содержанный вал. Около укрепления виднеется густой сад, оставшийся от кокандских времен. Согласно практическому вкусу азиатцев, этот сад состоит из осин и тала — деревьев, годных на постройки» деген деректер келтіріледі.

Бұл аталған еңбекте ІХ ғасырдағы Жөлек қорғанының көрінісі өте жақсы көрсетілген. 160 жыл бұрын Жөлектің қандай сұлу табиғаты болған?! Таң қаламын.

Жөлек маңайында көптеген батырлардың есімдері халық аузында осы уақытқа шейін айтылып келеді. Қазақта «Аруақ сыйлаған ел арымайды», «Өлі разы болмай, тірі байымайды» дегендей өте жақсы тәрбиелі маңызы бар нақыл сөздер бар. Сол сияқты батыр бабаларымыздың аттары өшпесін деп, ол кісілердің киелі есімдерін, ерліктерін атап өтейін.

Шиелі өңіріндегі Жөлек маңайында Сырымбет батыр жатыр. Сырымбет батырдың тегі – Ұлы жүз, Албан. Батыр бабамыз ХVІІ ғасырда өмір сүрген. Сырымбет батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданы Жөлек ауылының маңайында, Қыпшақтың Қөзей аталығынан шыққан Жуғы әулиенің қасында орналасқан. Кейін ұрпақтары батыр бабасына белгі орнатады (1). Әйгілі албан Райымбек батыр Сырымбет батырдың шөбересі болып келеді. Бұл кісінің елі негізі қазіргі Алматы облысында қоныстанған ғой. Батыр Сыр бойында жаугершілік заманда қаза болуы мүмкін.

Қасиетті Жөлек жерінде Кенесары ханның батыр ұлы Тайшық сұлтан да ХІХ ғасырдың ІІ жартысында қаза болады.

Енді келесі Жөлек манайында өмір сүрген Сыр бойының батырларын таныстырайын:

Қожамсүгір батыр, әулие

Тегі – Қыпшақ-Қара-Торы-Тұяқты аталығынан.

Қожамсүгір батыр қазіргі Қызылорда облысының Шиелі өңірі мен Арқа өңірінде ХVІІ ғасырдың ІІ жартысы, ХVІІІ ғасырдың І жартысында өмір сүрген. Батыр бабамыздың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Жанақорған ауданы Хорасан бабаның маңайында жатыр.

Қожамсүгір батырдың бейіті

Қожамсүгір батыр – қазақ-жоңғар соғысына қатысқан айтулы ер. Батыр туралы деректер аз болып отыр. Бұл кісінің бабасы Торы батыр болған, демек Қожамсүгір батыр Торы батырға шөбере болып келеді.  

1994 жылы шыққан Ж. Бейсенбайұлының басқаруымен «Ана тілі» баспасынан шыққан Қазақ шежіресінде Торыдан Әлпейіс туады, одан Тұяқты, Қойбар туады. Қойбардан Қожамсүгір туады деп көрсетілген. Бірақ Қожамсүгір батырдың тікелей ұрпағы, Қызылорда қаласының тұрғыны Ормағанбетұлы Сьезбек ақсақал аталарынан қалған шежірені қарап, Қойбар атты бабамыз болған емес деп отыр.

Қожамсүгір батырдың әкесі Әлпейісұлы Түйішкемен немере бауыр болатын Құлпейісұлы «Көкмұрын» Құдайменді батыр болады. Бұл кісіде елінде әйгілі батыр болған, елде ол кісіні «Көкмұрын» деп атап кеткен екен. Қожамсүгірдің етжақын бауырлары, яғни шөбере бауырлары Құтым батыр Ботықараұлы, Абасұлы Шағыр батыр,  Базарқұл батыр, оның баласы Малай батыр Сыр бойының ержүрек ерлері еді. Осындай өңкей батырлар әулетінен шыққан соң, Қожамсүгір батыр да намысын жауға таптатпаған, бұл кісінің шөбересі Кеңшімұлы Меңдіқұл би болған. Ал ұлы Құл батыр қазақ елін жаудан қорғаған арқалы батыр болған. Меңдіқұл би – ХVІІІ ғасырдың ІІ  жартысында және ХІХ ғасырдың І жартысында өмір сүрген.

Жақап батыр

Тегі – Қыпшақ – Қара – Торы – Шашты (Кенжеғұл) – Байсары аталығынан.

Жақап батыр қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданында ХІХ ғасырдың І жартысында өмір сүрген. Жақап батыр ағайын бауырларымен Қоқан хандығының озбырлығына қарсы шыққан. Батыр бабамыздың бауырлары елге қадірменді батырлар болған.

Біріншісі – Байсары Шашты Қыпшақ Өтеп батыр. Екіншісі – Байсары Шашты Қыпшақ Жүзбай батыр.

ХІХ ғасырдың бірінші жартысында Қоқан хандығы қазіргі Қызылорда облысының Жанақорған, Шиелі аудандарын басып алғаны белгілі. Бір күндері Қоқан бегі Сыр бойында алым-салығын күшейтіп жібереді. Сонда Сыр бойының қазақтары бұл алым-салыққа қарсы болады. Айрықша қарсы болғаны: Қыпшақтың Торының Шашты Байсарысы мен Қыпшақтың Торының Көзей рулары. Бұл оқиғаны естіген Қоқанның бегі Түркістан шаһарынан қарсылықты басуға 500 әскерін жібереді. Қоқан әскерін бері шыққанын естіген Байсары мен Көзей рулары Арқаға қарай көшеді. Майшының тұсына келген кезде (бұл қазіргі Жанақорған мен Шиелі аудандарының солтүстік жағы, елі жоқ аумағы) қоқандықтар қуып жетеді. Сонда Өтеп батыр: «Малдың барлығын тастап, жан сауғалайық», – деп айтады. Бірақ Жақап батыр оған келіспей: «Бала-шағамызды, малды алға жіберіп, өзіміз Жалғызағаш Қарамұрында ұрыс қабылдайық», – дейді. Барлығы бұл шешімге қосылады.

Ол кездің рәсімі бойынша ұрыс жекпе-жектен басталуы керек. Қоқандықтар өздерінің сенімділігін сынау үшін және жергілікті руларға жік салу үшін Қыпшақтың Шашты Жаназар батырын шығарады. Жаназар батыр (1818/22-1881/85) бұл кезде жасы келген кісі екен. Бірлескен Торы Байсары мен Торы Көзей рулары өз жағынан Байсары Жүзбай батырды шығарады. Жүзбай батыр – 18 жастағы жігіт, күшті найзагер екен, найзамен ұрғанда аңды құлататын болған. Қоқандықтардың өздері алысырақ болып, алдыңғы шегіне жергілікті жақтастарын қойған. Оның үстіне жолдан шаршаған қоқандықтар ұрысты келесі күнге қалдыруды шешеді, өйткені  кешкі уақыт болып қалды. Жаназар батыр Жүзбай батырмен жекпе-жекке шығады. Бірақ «ұрысқандай» болады. Жаназар батыр өзінің қазағын, өзінің аталас інісін қалай шапсын?! Жекпе-жектің  арасында Жаназар батыр қоқандықтардың және оның жақтастарының қай жерде орналасқанын айтады. Сол кездегі соғыс тәртібі бойынша әскердің үлкен туы болады. Ол ту ең соңғы жағдайда түсірілуі тиіс, яғни жеңілістің белгісі. Жаназар батырдың ту ұстаушы қоқандықтардың қасында жергілікті сенімді жігіттері болған. Сондықтан Шашты Жаназар батыр: «Алғашқы ұрысты сендер бастаңдар, кешке қалдырмаңдар», – дейді.

Ұрыс басталады. Жақап, Өтеп батырлардың әскерлері қоқандықтардың алдыңғы шегінде тұрған қоқандықтардың қызметінде жүрген жергілікті қазақтардың жасақтарына ұрыс салады. Келісім бойынша ту ұстаған қоқандықты Жаназар батырдың жігіттері өлтіріп, туды құлатады. Сосын жергілікті жасақтар үрей таратады. Сол үреймен түні бойы қоқандықтар кейін шегінуге мәжбүр болады. Жақап батыр қоқандықтарға қызмет жасайтын, жергілікті Қыпшақ Торының Тұяқтысы Тұрсынбай батыр-датқаға (1788/98-1853) өте өшіккенге ұқсайды. Тұрсынбай датқаның белгілі бір көзге түсетін ұзын сәлдесі болатын, сол шапқан кезде желбірейтін көрінеді. Ұрыстың алғашқы сәттерден бастап-ақ Жақап батыр: «Қалша қайда екен?» – деп Тұрсынбай датқаны іздейді. Ұрыстардың барысында жергілікті әскерлердің бір бөлігі қоқандықтармен, екінші бөлігі олардан бөлек қашады. Бұдан кейін ұрыс тоқтайды. Жаудың беті қайтқаннан кейін жеңімпаз Торы Қыпшақтын  Шашты Байсарысы мен Торы Қыпшақтың  Көзей рулары қауіптен құтылып, Арқаға қарай қашады. Байсары мен Көзей рулары жайбарақат Арқаға көшіп бара жатады, бірақ «құлауыз» (өсек) тарайды. Жақап батырдың құлағына да жетеді. Көзей Досбол бидің Жақап батыр «Қалша қайда екен?» – деп жауға шапқан кезде оның назарын басқа жаққа бөліп жібереді. Көзей Досбол би (1800-1890) Тұрсынбай датқа қоқандықтардан бөлек қашқанын көрген, бірақ Жақап батырға қоқандықтардың соңынан қашты деп басқа жақты сілтеген еді. Жақап батыр естісімен Көзей Досбол биге қатты ренжиді де, Байсары елін Сыр бойына кейін қайтарады. Ал, Көзей руы Арқаға Найман Сандыбайұлы Ерден батырдың болыстығына келеді. Бұнда 2-3 жыл тұрады да кейін Сыр бойына қайтып келеді  (2).

Сыр бойының атақты батырлары Жақап пен Өтепті Сыр сүлейлерінің бірі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933) 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында:

«Бар еді Өтеп, Жақап – жақыныңнан,

Ермек, Түйме, Кеңбай бар ата ұлынан.

Жаназар – Шағыр Қыпшақ бір жүзбасы,

Қазақтың найза ұстаған батырынан», – деп жырлаған (3).

Енді Жақап батырдың ұрпақтарына келсек. Жақап батырдың немересі Әуез ақсақал Ұлы Отан соғысына қатысқан, «Түркістан легионында» болған. Әуезден Сейсұлтан, одан 1964 жылы Бағдат туады. Әуезов Бағдат қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Алғабас ауылында тұрады.

Жүзбай батырдың ұрпағы 1929 жылғы Мұхамбетжан қазы (бұрын совхоз директоры болған) осы Шиелі ауданының Алғабас ауылында тұрады. Осы ауылда Шәмед Қалдыбаев деген шежіреші ақсақал осы аталған батырлар туралы білуі керек.

Шашты ата (Кенжеғұл) бейіті

Тағы бір айтатын жайт, осы аталған Шашты Қыпшақтың Байсары аталығының батырларымен  ағайын болып келетін Шашты Қыпшақ Айдарғазы аталығынан шыққан Қашқын батыр ХІХ ғасырда қазіргі Қызылорда облысының Шиелі ауданында өмір сүрген.

Кеңбай Жантоқайұлы батыр, мерген

Тегі Қыпшақ – Қара – Торы – Шашты (Кенжеғұл) – Бошай – Көбес аталығынан.

Кеңбай батыр қазіргі Қызылорда облысының Шиелі өңірінде  ХІХ ғасырда өмір сүрген.

Кеңбай батыр Сыр елінің азаттығы үшін күрескен. Батыр бабамыз – атақты мерген болған кісі. Ұрпақ-ұрпақтан аңыз болып келе жатқан дерек бойынша, бір күні Қоқан ханы Кеңбай батырдың мергендігін сынайын деп өзіне шақырады. Тарихтан белгілі, Қоқан хандығының кейбір хандары, әскербасылары, бектері қыпшақ руынан шыққан. Кеңбай батыр Қоқан ханының шақыруын қабыл етіп, қасына бір мықты мерген жігітті серік қылып Қоқан еліне аттанады. Өкініштісі, батырдың қасындағы серігі, мерген жігіттің есімі, тегі ұмытылып қалған. Шақырылған жерге келгенде Кеңбай батыр ханға жақындай бергенде аттың үстінде тұрып шиті мылтығымен  ханның тақиясының шошағын атып түсіреді. Хан қорыққанынан құлап қалады. Сонда Кеңбай батырдың қасындағы серігі ханның етігінің тағасын атып түсіреді. Сол кезде ханның нөкерлері Кеңбай батырды атып өлтіреді. Ал, батырдың серігі қашып құтылады (4). Ауызекі дерек бойынша осындай мәлімет қалған, ұрпақтары да осы деректі мойындап тұр.

Сыр сүлейі Мәнсүр Бекежанов (1875-1933) 1912 жылы Иманжүсіпке жазған хатында Кеңбай батыр есімі аталады.   

Әжібай Қарпықұлы – (1791-1866) батыр, би, датқа

Тегі – Орта жүз. Қыпшақ – Қара –Торы – Шашты (Кенжеғұл) – Бошай аталығынан.

Әжібай батыр қазіргі Қызылорда облысы, Шиелі ауданы өңірімен Арқа беттегі  Ұлытау, Ырғыз, Торғай өңірлерінде өмір сүрген. Батырдың бейіті – қазіргі Қызылорда облысы Шиелі ауданының Майлытоғай ауылынан 6 шақырым жердегі Итаяқ көлінің қасында орналасқан.

Әжібай батыр да Сыр елінің азаттығы үшін атқа қонған. Ел аузынан алынған дерек бойынша Әжібай ірі, насатты, ержүрек, сұлу кісі болған екен. Бұл кісінің ірілігі соншама, елуінші өлшем аяқ-киім, кебіс киетін болған екен (5). Әжібайдың аты 1808-1809 жылдары шыға бастады. Бұл кезде Қоқан билеушілерінің Сыр бойы халқына тізесі қатты батып тұрған кезі.

Бір күні 16-17 жастағы Әжібай Жөлектегі нағашысына қыдырып барады. Түркістанның бегі елден алым-салық жинай келіп, Жөлекте жатады. Бектің озбырлығының асқаны сонша, әр күн сайын қара марқа қозының етін пісіртіп жеп жатады. Бұл қорлыққа шыдамаған Әжібай бір тәуекелге бел байлап, «Малым – жанымның садағасы» дегендей, нағашыларына: «Сендер уайымдамаңдар, бұл қорлық иә өршитін болсын, иә өшетін болсын, мені қыз етіп киіндіріп дайындаңдар», – дейді. Межелі уақытта бектің шабармандары «қызды» алып, бекке табыс етеді. Кеш түсіп, екеуі серуенге шығады. Қыдырып оңашаға шыққан соң Әжібай батыр бектің дыбысын шығармай, қанжарды алқымына таяп тұрып: «Бек, иманыңды үйіре бер, кәпір өлімінде кетпе, көп асқанға бір тосқан бар», – дегенде бек Әжібайға жалына бастайды: «Кім болсаң да менің жанымды қи, енді бұл іс қайталанбайды, менің де саған бір көмегім тиер», – дейді. Сонда бек уәдесінде тұрып, кейінгі бір Жөлектің жұма базарында жиналған бұқара алдында Әжібайды «төбе би» етіп сайлайды (6).

Әжібай батыр 1822-1825 жылдары аға сұлтан Сандыбайұлы Ерденнің көмекшісі болады.

Әжібай батыр бейіті

Батыр бабамыз – Кенесары Қасымұлы бастаған қазақ халқының ұлт-азаттық көтерілісін қолдаушы және оған белсене қатысушы. Кенесары Орынбор және Батыс Сібір губернаторлықтарының жеріне тұрақтай алмай, оңтүстікке қарай ойысқанда, Ресей үкіметінің қысымы мен құғынына ұшыраған Әжібайдың елі де Сарыарқадан Сыр бойының Қоқан хандығына қараған Шиелі қыстағының маңына көшіп барған. Әжібайды Қоқан ханы өз руының датқасы етіп бекіткен (7).

1861 жылдың 11 мен 25 маусымның аралығында орыс патшасының тікелей нұсқауымен Орынбор мен Омбы губернияларында тұратын Кіші жүз бен Орта жүздің 189 беделді өкілі шақырылып, қатаң шекаралық тәртіп жөнінде сьезд ашады. Осы сьезге қатысқан Әжібай батыр туралы: «Қыпшақтың белгілі биі, Кенесары мен Сыр бойына көшкен елдің бір бөлігіне Ақмешіт бекінісі құлағанға (1853ж) дейін датқа болған Әжібай Қарпықов» деп көрсетілген (6).

Омбы облыстық мемлекеттік архивінде сақталған құжаттарда: «1862 жылы қазан айында Сарысу бойын жайлайтын Кіші жүз рулары мен Ұлытаудың батыс бөктерін мекендеген қыпшақтардың арасындағы мал дауын шешуге Әжібайдың ерекше ықпалы болғандығы» атап көрсетілген (7).

Батыр бабамыз 75 жасында қайтыс болыпты. Сыр бойының атақты ақыны Бұдабай Қабылұлы (1830-1890) Әжібайдың қазасына:

«Елу сегіз жасыңда

Шалқыдың шалқар теңіздей.

Елу тоғыз жасыңда,

Көзге түстің семіздей.

Әжібай-Торғай атандың,

Бірге туған егіздей.

Алаштан алдың алғысты,

Атаңа нәлет дегізбей.

Әділеттілігің жайылды,

Наушаруан салған негіздей», – деп көңіл айтыпты (8).

Бақытжан АХМЕТБЕК, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті

«Қорқыттану және өлке тарихы» ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен дерек көздер

1. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Жөлек ауылының әкімі Бегімбет деген кісінің дерегін, осы ауылдың түлегі Қызылорда Гуманитарлық Университетінің оқытушысы 1975 ж.т. Сәуле Алтынбековадан алдым.(2009 ж).

2. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан, Қызылорда қаласының тұрғыны, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы Сәтбай Дастан деген кісіден алынған дерек.

3. М.Байділдаев. М.Мағауин. Бес ғасыр жырлайды: ХV ғасырдан ХХ ғасырдың бас кезіне дейінгі қазақ ақын-жырауларының шығармалары. 2 т. Алматы: Жазушы, 1989 ж, 406, 326, 409 б.б.

4. Бақытжан Ахметбектің дерек қорынан,  Қызылорда қаласының тұрғыны, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушысы, Кеңбай батырдың шөбересі Асқаров Алпысбай Асқарұлының дерегінен алынған мағлумат.

5. Бақытжан  Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Майлытоғай ауылының тұрғыны Абасилов Бақыт деген кісінің ауыз-екі дерегінен алынған мағлумат.

6. «Шаштылар» Шежіре. Алматы. Қайнар, 2002 ж, 54,55, 216 бб.

7. ҚҰЭ. 1 т. «Қазақ энциклопедиясының Бас редакциясы». Алматы. 1998 ж, 643 б.

8. «Бес ғасыр жырлайды». 1 т. Алматы, Жазушы, 1989 ж, 333,334 бб.