Әлкей Марғұланға жазылған хат
05.03.2018 3223
Ғұлама ғалым оқушы хаттарына дейін ұқыпты жинаған екен. Сол хаттардың бірі – Жезқазған облысы Ұлытау селосы №1 Ұлытау орта мектебінің оқушылары Мақсұт Ахметов пен Мақсұт Дүйсековтан келген хат

«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі».

Н. Назарбаев.

Біз мақаламызда советтік қызыл империя тұсында ұлттық тарихтың дамуына өзіндік үлкен үлес қосқан, қазақ әдебиеті тарихы, қазақ тарихы, археология, этнография, архитектура тарихы ілімдерінің негізін қалаушылардың бірі, әрі ұлттық қоғамтану ғылымдарының барлық бағыттарының бастауында тұрған тұлға энциклопедист-ғалым Әлкей Марғұланның тағылымды бір хатының тарихына тоқталмақпыз.

Энциклопедист-ғалым Әлкей Марғұланның жеке еңбектері және ғалым туралы зерттеулер том-том болып басылып шыққанымен, бүгінгі күнге дейін бір жүйеге түсіріліп, арнайы зерттеліп, жарияланбағаны – бірнеше томға жүк болатын әдеби-тарихи эпистолярлық мұралары. Академиктің эпистолярлық мұраларын ағайын-туыс, қазақстандық ғалымдар, архитектура және өнер саласы мамандары, Жапония, Англия, Ресей, Түркия, Германия, Моңғолия және басқа шетелдік ғалымдардан келген хаттар, телеграммалар, ашықхаттар, пікірлер, мектеп оқушыларымен жазысқан хаттар деп жүйелеп, оларды өз ішінде тағы да тақырыптарға бөліп қарастыруға болады. Ғұлама ғалым оқушы хаттарына дейін ұқыпты жинаған екен. Сол хаттардың бірі – Жезқазған облысы Ұлытау селосы №1 Ұлытау орта мектебінің оқушылары Мақсұт Ахметов пен Мақсұт Дүйсековтан келген хат. Хат 1984 жылдың 10 қыркүйегінде жазылған. Конверттің жоғары жағында хатты алушының мекен-жайы: «г. Алма-Ата. Академику Казахской ССР Алкей Хакановичу Маргулану.  Индекс 480044 (соңғы екі саны, дұрыс болмаса керек, 44 саны қызыл қаламмен үстінен сызылған)», төменгі жағына өздерінің тұрғылықты мекен-жайларын: «472831. Джезказганский обл., с. Улытау. У.С.Ш. № 1» деп көрсетіпті, хат жолдаушылардың аты-жөндері жазылмаған.

Адресанттарды анықтау барысында жоғарыдағы екі Мақсұттың бірі, яғни Мақсұт Дүйсековтің есімі көзімізге оттай басылды. Бұл азамат – талантты журналист-ғалым, марқұм жолдасым Біржан Белғарамен С.М. Киров атындағы Қазақ ұлттық университетінің журна­лис­тика факультетінде бір курста оқыған Мақсұт Дүйсеков болатын. Академикке хат жазған екі Мақсұттың бірі – Мақсұт Ахметов, қазір Ұлытауда тұрады. Мақсұт Ахметов мырзаны тауып, естелік алуға мүмкіндік жасаған достарыма алғысымды білдіргім келеді. Орайы келгенде тоқтала кетейін. Бірде достарымыз, ерлі-зайыпты журналистер Серікқали Мұқашев пен Салтанат Хұсайынованың шаңырағында бас қостық. Студенттік кезеңді еске алдық. Әңгіме барысында Серікқали қатар оқыған достарының мерейтойларына бір-бір мақала дайындап, баспасөзде жариялап жүргенін, келесі мақаланы марқұм Мақсұт Дүйсековке арнап жазып жатқанын, жақында бірге оқыған достары Ұлытауға барып, құран бағыштап қайтуды жоспарлап отырғанын айтты.

Мен де Мақсұт Дүйсековке қатысты бір қызықты дерегіммен бөлісіп, 2015 жылы желтоқсан айында академик Әлкей Марғұланның үйіне барып, жеке архив қорымен танысқанымды және ғалымның мұрагері Дәнел апай Әлкейқызынан жарияланбаған хаттарын, ғалымдардың еңбектеріне жазған пікірлерін және тағы басқа да деректерді алғанымды, сол материалдардың арасында Ұлытаудағы №1 мектептің оқушылары Мақсұт Дүйсеков пен Мақсұт Ахметовтің академик Әлкей Марғұланға жазған хаты да бар екенін жеткіздім.

...Арада біраз уақыт өткенде Серікқали Мұқашев хабарласып: «Ұлытауға арнайы барып, марқұм Мақсұт Дүйсеков досымызға құран бағыштап келдік. Осы сапарда Мақсұт Ахметовпен кездестім, екі Мақсұттың академикке жазған хаты туралы да әңгіме болды. Зерттеп жүрген тақырыбыңа қажет болар деген оймен «Өркен», «Сарыарқа» газеттерінде жарияланған материалдардың көшірмесін де ала келдім», – деді. Қазір материалдың фото көшірмесін алу, жолдау онша қиындық туғыза қоймайды ғой, телефон арқылы газеттегі мақалардың фотосын жолдады. Енді қалған сұрақтар болса, өзінен сұрап аларсың деп Мақсұт Ахметовтың телефон нөмірін берді.

Мақсұт Ахметовпен телефон арқылы хабарласып, танысып, жөн сұрасқан  соң, досы екеуінің академикке жазған хаты туралы айтып немесе жазып беруін өтіндім. Өтінішімді қуана қабылдады. 2018 жылдың 30 қаңтарында балалалық шақтағы арман, жадында мәңгі жатталып қалған қимас күндер жайында естелік жазып жолдады. Бұл естелікті Мақсұт Ахметов өз қолымен жазып (компьютерде емес) ұсынды. Естеліктің түпнұсқасы мақала авторының қолында.

Ол кісі досы туралы естелігінде былай дейді:

«Мақсұт Дүйсеков Төлешұлы 1967 жылы 10 қазанда Ұлытауда туған. Бізден бір жас үлкен, бірақ бір класта оқыдық. Екеуміздің сырымыз да, жырымыз да бір болатын. Тарих, әдебиет пәндерін сүйіп оқыды, өнерге бар болатын, домбыра, гитара тартатын, сурет салатын, спортқа жақын болды. Мектепте жақсы оқыды. Екеуміз 6-7 кластан бастап өлең, әңгімелерді шимай-шатпақтап жазатынбыз. Ол өлең жазуды туысы Хасенов Марат деген кластас оқитын балаға еліктеп жазған, бірақ жасырып келгенмін дейтін.

 

Мақсұттың бойында шын талант, қабілет бар еді, оны мұғалімдер де байқаған. Ұлытауды сүйді, туған жерін аялады, армандары көп еді, жоспарлары жолда еді, бірақ жақсы адам жаратқанға да керек екен, ерте үзілді.

 

Өлшеулі ғұмыры таусылып, мәңгілік ғұмыры жалғасып кетті».

Талантты журналист Мақсұт Дүйсеков өзінің «Ұлытау тарихы туралы кең дүниелерді жазсам, көрсетсем» деген арманын болашаққа  аманат еткендей, «Өркен» газетіндегі мақаласында: «Өкінішке қарай, Әлкей ағаның бұл кеңесін орындай алмадық. Мектептен соң Мақсұт екеуміз де әскер қатарына аттандық. Одан келген соң, оқуға кеттік. Досым М. Ахметов – қазір аудандық мәдениет үйінде, автоклуб меңгерушісі.

Академиктің соңғы өтініш тапсырмасын орындауға, бәлкім осы хатты оқыған тарихшы жастардың ықыласы болар деген үмітпен Әлкей аға жазған хатты газет арқылы жұртқа таныстыруды жөн көрдік...» – деп жазып қалдырыпты (Дүйсеков М. Академик ағаның хаты / Қолтаңба. – Алматы. – «Аннұр Сапа», 2013. – 360 б. – Б. 209).

Мақсұт Ахметов өз естелігінде академикке хаттың жазылу тарихы туралы былай деп баяндаған: 

«Ұлытау өңірі – тұнып тұрған байлық, әр тасында шөккен тарих жатыр. Біз досым Мақсұт Дүйсеков екеуміз (әрине басқалар да сияқты) осы өңірдің тарихын, мәдениетін білуге құштар болып өстік. Ұлытаудың №1 орта мектебінде 1975-1985 жылдары білім алдық. Академик Әлкей Марғұланға хат жазуымыз осы өңірдің тарихына құмарлық шығар деп ойлаймын.

Ұлытау ауданы территориясы үлкен. Бес облыспен шектеседі. Тарихи ескерткіштерінің  орналасуы бір-бірінен алыс, 10 км-ден 200-250 км-ге дейін барады. Біз жазған тастағы жазулардың тарихы былай болған:

...Аудан орталығы Ұлытаудан батысқа қарай 30 км жерде Аманкелді атындағы совхоз бар (қазір ауылдық округ). Сол совхоздан 120-130 км жерде «Бозшакөл» деген ферма болды, «отгон» дейді. Ферма орталығы «Әли» деп аталды. Мен осы ауылда туып-өскенмін, атан-анам малшы болған, біз Ұлытаудың мектеп-интернатында оқып, білім алдық. Бұл жер Торғай облысымен шектесетін, бұрынғы Қайдауыл болысы болған. Ауылдың «Әли» аталуы, бала кезімізде үлкендерден естуімізде, бұл жерде Әліби Жанкелдиннің қыстауы болған дейді.

Сол орталық Әлиден 10-12 км батысқа қарай екі көне там бар, яғни бейіт! Оны біз «Қос там» деп атап кеткенбіз. Бала кезімізде ойнап жүргенде бір көзіміз допта, бір көзіміз сауын сиырдың бұзауында болатын. Бұзау жамырау дегеніміз – шешеміздің таяғы! Сол жаздың бір күні бұзау жамырап ...мен «Қос тамға» сиыр мен бұзауды іздеп бардым. Күн ыстық, жер қашық. Барсам тамның көлеңкесінде күйіс қайырып екеу жатыр. Содан көзім тамның айналасындағы арабша жазылған, суреттер салынған жалпақ тастарға түсті. Ақ мрамор түстес тастар, көрдім, қызықтым. Сиыр мен бұзауды айдап ауылға қайттым.

Ауылға келген соң 10 күндей сол тастар есімі түсе берді, бір құпия бар сияқты, күнде сол «Қос тамға» қарайтын болдым. Ақыры бел шешіп, басыма «Правдадан» газет қалпақ, қолыма ағамның қанжарын алдым, ручка, блокнот алып, бір шөлмек суды беліме байлап «Қос тамға» тарттым.

Ұзындығы 1-1,5 метр жалпақ тастарды «біссіміләмді» айтып (құран білмеймін) жерден суырып алып, барлық суреттерді, жазуларды блокнотқа көшіріп алдым. Бұрын арабша жазып көрмеген шыжыған күн астында біраз еңбектендім.

Жазғы каникул аяқталып, Ұлытауға сабаққа «тарихи» жазбаларым мен оқыған кітаптарымның тізімін алып келдім (Біздер кітапты, әдебиеттерді жарысып оқитынбыз).

Содан «ашқан жаңалығымды» бірден Мақсұтқа көрсеттім.

Ол:«Ауылда бұны оқитын шал жоқ немесе білмейді, бұны академик Ә. Марғұланға жазамыз» деген идея айтты.

Мен: «Ол кісінің адресін қайдан аламыз?» деп едім, ол: «Әлкей Марғұланды бүкіл Қазақстан таниды» деп кесіп айтты. «Арабша жазуларды сен қайтадан ақ қағазға көшір, хатты академикке мен жазамын» деп екеуміз Мақсұттың үйінде 1984 жылдың сентябрь айында хатты жазып жібердік. Содан хат кетті, хабар жоқ, бірақ үміт бар, анда-санда почтаға барып қараймыз. Сөйтіп жүріп, ұмыта бастадық, бізді бала санады деп ойладық. 

Біз интернаттың балалары үйімізден келген хатты почтадан өзіміз алатынбыз. Бір күні ноябрь ма, әлде декабрь ма есімде жоқ, интернатта оқитын орыстың бір баласы: «Максут, тебе на почте письмо нашли, только памяты» деп, қолыма әбден умаждалған хатты ұстатты. Сыртында «Ахметову» деп маған жазылған, мөрін қарасам, «Алма-атинская обл» деп тұр. Менің ол жақта кімім бар еді деп, хатты ашып қарасам...! Атақты академиктің бізге жазған жауап хаты болып шықты. Содан қуаныш қойынға сыймай, Мақсұтқа ұша жүгірдім. «Ұлытаудағы №1 мектептің оқушылары екі Мақсұтқа» деп бастапты, хатты әйгілі академик ағамыз. Содан кластастар естіді, мектеп естіді, біраз шулаттық. Бізге үлкен мәртебе болды. Негізі Мақсұт хаттың кері адресін «У.С.Ш» деп көрсеткен екен, бірақ менің аты-жөнімді бірінші жазған соң, хат менің атыма жазылған ғой деп ойлаймын қазір. Жаңағы орыс бала почтадан тауып алмағанда, хат бізге жетпес те еді ғой.

Қазір осы оқиғаның өзіне 34 жылдан астам уақыт өтті. Көп нәрселерді ұмытып қалуымыз да мүмкін, бірақ осы хаттың «түпнұсқасы» менде болғаны анық. Мен кейін мәдени-ағарту училищесінде оқып жүргенде Аманғали Ербозов деген домбырадан сабақ берген ұстазым хатты көріп, оқып, өзінің жеке архивіне беруді өтінген соң, ойланбастан бере салғаным бар. Ол кісі қазір жоқ, мүмкін болса архивін қараса, ұрпақтары бар ғой. Маңғыстау жақтікі болатын. Бұл хат туралы материалдар «Жезқазған туы», «Өркен-Горизонт», «Ұлытау өңірі» газеттеріне кейін шықты, басылды.

Жалпы академик Ә. Марғұланға жазылған хаттың авторы, әрі қарай басталуының идеясын шығарушы, осы Мақсұт Дүйсеков болатын, мен тек көшіріп жазушы, табушы, «мұны не істейміздің адамы» болдым.

Хаттың қысқаша тарихы осылай болды. Әрине, өткен тарихсыз келешекті болжау мүмкін емес. Біз тек қана қызығушылықты емес, сонымен қатар болашақ ел, жер тарихын білу керек деп те ойладық деп түсінемін».

Академик ғалымның «Ұлытаудағы бірінші мектептің оқушылары екі Мақсұтқа!» жазған хатында: «Сендердің міндеттерің жаз шыға, Ұлытау, Жезді, Кеңгір, Байқоңыр өзендерін  тегіс аралап, кітапқа айналдыру керек» деп тапсырма беріпті. Хаттың толық нұсқасын, «Қазақ тарихы» журналының алдағы сандарында жарияланатын «Уақыт ұштастырған желі» атты мақаламыздан оқи аласыздар.

Мақсұт Ахметовтен өзі туралы айтып беруді өтінгенімізде, ол сөзін былай деп жалғастырды:

«Мен, Ахметов Мақсұт Қыздарбекұлы 1968 жылы 7 ақпанда Бозшакөлде туғанмын. Ұлытау мектеп-интернатында оқыдым. 1986-1988 жылдары әскерде болдым. Мәдениет бөлімінде істедім. Кейін Жезқазған университетін педагог-әдіскер мамандығы бойынша бітіріп, Мақсұт екеуміз оқыған қарашаңырақ – №1 мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет істедім. 20 жылдан астам педагогика саласында еңбек еттім. Кейін мемлекеттік қызметке ауысып, ауылдық округ әкімі болдым. Қазір Ұлытау аудандық ішкі саясат мекемесінде басшылық етемін (4 ай болды). Мақсұт марқұмды еске алып, құрдастары басына барып, бір мезгіл құран бағыштап тұрамыз, естеліктер жазып жүремін».

Академик Әлкей Марғұлан хаттары – тарих ғылымы үшін құнды дерек, тағылымы мол тарихи мұра! Ол мұралар, советтік қызыл империя тұсында-ақ, қазақ тарихының терең тамырларын зерттеп, рухани жаңғырудың бастамасындай болған еңбектер еді. Алайда, академик Әлкей Хақанұлы Марғұланның Қазақстандағы, алыс және жақын шетелдердегі архивтер мен сирек қолжазбалар қорларындағы мол тарихи-әдеби мұраларын жинақтап, зерттеп, ғылыми айналымға қосуды мақсат еткен «Академик Әлкей Марғұлан мұралары: ғылыми-әдеби мақалалар мен еңбектер, пікірлер (отзывы), рецензиялар, жазбалар (записки), экспедиция есептері мен күнделіктері, хаттар, ашық хаттар (открыткалар) және басқа да мұралары» деп аталған ғылыми жобамыз, сарапшылар тарапынан жоғары балл алғанымен, ҰҒК мүшелері тарапынан қолдау таппады, 2018-2020 жылдарға қаржыландырылмады. Алдағы уақытта сырын ішіне бүгіп, зерттеушісін үнсіз күтіп жатқан ғұлама ғалым мұрасын зерттеуді мүмкіндігімізше жалғастыра бермекпіз.

 

Данагүл  МАХАТ, тарих ғылымдарының докторы, профессор, 

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ «Отырар кітапханасы» ҒО Бас ғылыми қызметкері