Қайым Мұхамедхановқа көше беруге қарсы адамдар болды
12.01.2018 2157
Қ. Мұхамедханов шығармаларының 10 томдығын әзірлеген Е. Іргебайдың айтуынша, аттестаттау комиссиясының стенограммасы – ғылымда жуса да кетпейтін қара дақ іспеттес

Астанада көрнекті қазақ ғалымы, абайтанушы, шәкерімтану ғылымының негізін қалаушы, текстолог, тұңғыш гимннің авторы, қайсар қайраткер Қайым Мұхамедхановтың құрметіне көше атауы берілді. Бүгін Қ. Мұхамедханов көшесі 37А мекенжайында орналасқан Қазақ технология және бизнес университетінде ғалымды еске алу мақсатында игі шаралар өтті.

Тарихи тұлғаның есімі жазылған тақтайшаның ашылу рәсіміне орай алдымен «Баян батыр» қоғамдық қорының және «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет» орталығының ұйымдастыруымен «Қайым Мұхамедханов – Абайдың інісі, Алаштың ірісі» атты семинар жұмысы ұйымдастырылды.

Семинарға алаштанушы-абайтанушы ғалымдар мен шәкірттері, қайсар ғалымның ұрпақтарынан Дегдар Қайымұлы, Дина, Қарлығаш Қайымқыздары, университеті ұстаздары мен шәкірттері және №40 мектептің оқушылары қатысты.

«Халық қаһарманы» атағына лайық ғалым

Басқосуды ҚР ҰҒА академигі, философ Ғарифолла Есім жүргізіп, университет басшылығынан лауазымды тұлғалар кіріспе сөз сөйлегеннен кейін белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы Қайым Мұхамедханов туралы естеліктерімен бөлісті.

«Біз – бүгін Астана қаласында тамаша тарихи сәттің куәгері болып отырмыз. Табиғатынан таза, әуелгіден-ақ әділ, қайсар ғалым әрі ұстазымыз Қайым Мұхамедхановтың құрметіне берілген көшенің ашылу салтанатына жиналдық. Өз өмірінде қуғын-сүргіннің сан азабын тартса да, ұстазы Әуезовті ұстап бермей, сатқындық жасамай, түрмеге түскен, нағыз  ғалымға тән қайсар мінез көрсеткен Қайым ағамызға қашанда құрмет көрсетуіміз керек. Түбінде «Халық қаһарманы» атағын беруге әбден болады, себебі ол кісі осындай атаққа әбден лайық» деді ақын Н. Айтұлы.

Тұлғаға көше атын беру қызу талқыланды

Ал ғалымның көзін көрген, талай әңгімесін тыңдаған ардагер журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сұлтан Оразалин Астана қаласындағы ономастика мәселесі бойынша өзекті пікірлерді ортаға салды. Қоғам қайраткерінің айтуынша, ғалымға көше беру даулы мәселеге айналған.

«Астана қаласы бойынша ономастика комиссиясының тұрақты мүшесімін. Тарихи тұлғалар мен арыстарымызға беруге тиісті көшелерге байланысты отырыстардың қызу талқыда өтетінін өте жақсы білемін. Қайым Мұхамедхановқа көше атауын беру бұдан 3 жыл бұрын көтерілген, ұсыныс ретінде бекітілген, көшеге есімін беруге қарсы адамдар болды. Алайда ұзақ талас-тартыстан кейін ақырында біз жеңіп шықтық. Бүгін біз осының нақты нәтижесін көріп отырмыз» деді С. Оразалин.

Сондай-ақ қоғам қайраткері С. Оразалин мырза Қайым Мұхамедхановпен бірге қызмет істеген жылдарын, ол кісінің адами мінез-құлықтарын, азаматтық позициясы жайлы тамаша ойлар айтып, сағынышпен еске алды. Қайым Мұхамедханов пен жазушы Кәмен Оразалин құда екен, Қанағат есімді Қайымның ұлы Қарлығаш Кәменқызымен шаңырақ көтерген.

Қайымды қаралау стенограммасы – ғылымдағы қара дақ

Қайым Мұхамедхановтың тағы бір шәкірті, №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай 1951 жылғы ғылыми талқының стенограммасымен танысқандағы әсерін, онда сол кездегі атақты ғалымдардың «Абай мектебі деген не пәле?», «Бұл – Әуезовтің ойлап тапқаны» деген сөздерінің қатталғаны және Қ. Жұмалиев, Мұқанов, Нұрышев секілді ғалымдардың қол қойғанын баяндады. Қ. Мұхамедханов шығармаларының 10 томдығын әзірлеген Е. Іргебайдың айтуынша, аттестаттау комиссиясының стенограммасы – ғылымда жуса да кетпейтін қара дақ іспеттес.

«Қайым Мұхамедхановтың тағы бір қасиеті, ол кісі өте ұқыпты болды. Ұқыптылықтың мағынасы өте кең, киім киісінен бастап, жүріс-тұрысы, сөз саптау мәдениеті, тіпті қағаз-құжаттар ісіне өте мұқият болды. Сіздерге бір мысал айтайын: Карлагтан қайтқан соң, ол кісі тіпті пойыздың билетін де сақтап қойған екен. Міне, бұл ғалымға тән қасиет болатын» деді Е. Іргебай.

Сөзінің соңында ғалымның шәкірті ұстазының азаматтық принципі туралы әсерлі өлеңін оқып, №40 мектептің оқушылар әзірлеген поэзиялық мезетке кезек берді. Қайым мен қайың ғұмырын салыстыру арқылы берген өлең жолдары ғалымның табиғатын ашқандай әсерге бөледі.

Абай балалары ауылда отырып әлемдік ойларды айтады

Бұдан соң, жиын модераторы, академик Ғарифолла Есім ғалым мұрасының болашақ ұрпақ үшін маңызы жайлы айта келіп, төрт жыл қасында шәкірті болып ере алғанын тебіреніспен айтып жеткізді. Философ ғалымның айтуынша, Қайым Мұхамедхановтың екі ұстазы болған: бірі Абай, екіншісі Мұхтар Әуезов.

«Біздің буын Абайды там-тұмдап білгенімен, толық білген жоқ. Бізге оны оқытқан жоқ, айтқызған да жоқ. Есесіне біз Маркс, Энгельс шығармаларын оқытты. Ұстазымыз Қайым аға мұны біле тұрса, қарсылық танытты. Абайдың мектебі болғанын дәлелдеді. Абай жалғыз емес екенін көрсетті. Оның балалары ойшыл философияның қалыптасуына ықпал етті. Өзіңіз қараңыз, мынау Қарауылда отырып олар (Абайдың балалары) әлемдік мәселені айтады, проблеманы көтереді. Пайғамбар жоқ, адамзат қайда адасып барады? Алдағы бағыты қандай, міне осындай ойларды Абайдың айналасы айтады. Бұл дегеніңіз таңғажайып дүние емес пе?» деді Ғ. Есім.

Жиын соңында жиылғандар ұйымдастырылған дәмнен ауыз тиіп, университет қабырғасына ілінген тақтайшаның ашылу салтанатына куә болды. Естеріңізге сала кетейік, Қайым Мұхамедхановқа берілген көше Есіл ауданында, Қорғалжын тас жолымен қатарлас жатыр және Ш. Айтматов көшесімен қиылысады.  

Қайым Мұхамедхановтың архивімен жұмыс істеу жалғасады

Былтыр елімізде Қайым Мұхамедхановтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтті. NDH порталы ғалымның туған күні 5 қаңтардан бастап жыл бойы материалдар дайындады, сұхбаттар ұйымдастырды. Соның жемісі ретінде бүгінгі жиында Қ. Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығының алғыс хатымен портал қызметкері, осы жолдардың авторы марапатталды. Сондай-ақ жақында порталда Қ. Мұхамедхановтың архивінде сақталған, бұрын еш жерде жарияланбаған Алаш арыстарының тарихи фотосуреті жарық көрді. Алдағы уақытта орталық пен портал ұжымы бірлесе қызмет ете береді деген ойдамыз.

Ескере кететін бір жайт, бүгінгі іс-шара рухани жаңғыру аясында Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына байланысты ұйымдастырылып отыр.