Мұстафа Шоқай өмірінен қызықты деректер
10.01.2018 5059
Бүгін - Алаш қозғалысының қайраткері, қазақ ойшылы, ғалым, мемлекеттік және қоғам қайраткері, Түркістан автономиясын құрушы Мұстафа Шоқайдың туған күні

Қазақ ұлтының тәуелсіздігі жолында құрбан болған ұлт қайраткері Мұстафаның өмірінен қызықты деректер ұсынамыз.

Мұстафа Шоқай  1890 жылы 25 желтоқсан күні сол кездегі Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезі, Наршоқы ауылында дүниеге келген. Атасы Торғай датқа – Қоқан хандығында жоғары әскери шенге ие би болған адам. Торғай датқа екі рет қажылыққа барған.

Мұстафа Шоқай Ташкенттегі ерлер гимназиясы мен Санкт-Петербург университетінің заң факультетін аяқтаған. Орыс өкіметінің озбырлығын Мұстафа бала кезден көрді. Ташкент гимназиясында білім алып жүргенде орыс баласына алтын медаль беріп, бала Мұстафаға күмісті берген. 12 жасар Мұстафа күмісті алудан бас тартқан. Осындай қоғамнан теперіш көрген Мұстафа саяси қызмет жолын да осы Ташкент қаласынан бастаған.   

1917 жылы 21-26 шілдеде Орынборда өткен жалпы қазақ съезінде Әлихан мен Мұстафа кездесіп, қазақ елінің болашағын кеңінен талқылады. Байламды пікірлері арқылы өз уәждеріне сендірген Әлихан ақырында Мұстафаны Алаш жағына шығарды. Жаңадан дүниеге келген Алаш автономиясының құрамына кірген Мұстафа, Алашорда үкіметінің Сыртқы істер министрі болып тағайындалады. 

Мұстафа Шоқай бірнеше тілде еркін сөйлеп, полиглот болған. Орыс, неміс, ағылшын, француз, түрік, өзбек тілдерін білген. Көптеген тілдерді білуіне байланысты Мұстафа Шоқайға Парижде, Лондонда, Стамбулда, Варшавада аналитикалық шолулар жасауға және баяндамалар жасауға мүмкіндік туды. Шетел басылымдарында саяси шолулар мен Түркі әлеміне байланысты зерттеулерді жариялап тұрған.

Өмірінің бірнеше жылын өткізген Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайдың бюсті мен ескерткіш тақтасы орналасқан. Бұл ескерткіштерді Париждегі қазақ диаспорасы қолға алып, жүзеге асырған. Алаш қайраткері Францияға 1921 жылы жазда әйелі Мария Шоқаймен бірге келген. Парижде өмір сүру өте қиын болғандықтан, 1923 жылы әйелімен Париждің оңтүстігіндегі, 15 км қашықтықтағы Ножан-Сюр-Марн қаласына көшіп келген. Но­жан-Сюр-Марн қаласындағы Мұятафа Шоқай ескерт­кішінің  авторы мүсінші Амангелді Кененбаев.  

Қазақ руханиятына Алаштың төл перзенті Мұстафа Шоқайды табыстырған, таныстырған көрнекті ақын, «Дәстүр» журналының бас редакторы Қасымхан Бегманов. Шоқайтануда көп саласы зерттеу жасап, шетел архивтерінен алғаш болып мұрағат деректерін жинақтаған ақын ағамыз. Көрнекті ақынның  «Мұстафа Шоқай жолымен» деп аталатын екі томдық кітаптан тұратын айтулы еңбегі және деректі фильмі бар. Бірер жыл бұрын Өскемен қаласында болып өткен шулы сот процесінде М.Шоқай есіміне жеке араша түсіп, сотта жеңіп шыққан тағы да Қасымхан Бегманов. Ақынның «Шерлі Түркістан», – деп аталатын тарихи дастаны да Мұстафа Шоқайға арналған.

Мұстафа Шоқай 1933 жылы 27 наурыз күні Халықаралық істер жөніндегі Королевский институтының шақыруы бойынша Лондонда  «Кеңестер Одағы және Шығыс Түркістан» атты баяндама оқыған.  

Мұстафа Шоқай қайтыс болған соң, Мария Шоқай соғыс кезінде тұтқынға түсіп, Сталинның жазалайтынын түсініп, Еуропадан қайтпай қалған Әлім Алмат атты қазақ баласын асырап алған. Әлім Алмат қазақтан шыққан тұңғыш скрипкашы.  Мұстафа Шоқай туралы өкіл баласы Алмат алғаш рет Алматыдағы музыка училищесінде оқып жүргенде Әміре Қашаубаевтан естіген. Мұстафаны Мария Шоқай арқылы ғана таныған. Әлім Алмат Мұстафа Шоқайдың жары Мариямен бірге 1948-50 жылдары Франциядағы Но­жан-Сюр-Марн қаласында бірге тұрған.

Ұлт қайраткері, алаш арысы Мұста­фа Шоқайға туған жері Шиелі ауданында, Қызылорда қаласында, Маңғыстау облысының Форт-Шевченко қаласында  ескерткіш орнатылған. Саяси қайраткердің Маңғыстау жерінде де ізі жатыр. Теңіз жолы арқылы Бакуге өтерде, жергілікті әкімшілікпен сөйлесіп, идеясын уағыздағаны сөзсіз.

Ұлы Отан соғысы жылдар совет әскерлерінің біразы тұтқын ретінде ұсталып, Германия жеріндегі абақтыларға қамалды. Сол уақытта неміс жеріндегі совет әскерлерінің тұтқындарынан бірнеше легиондық отрядтар құрылды. Соның бірі Түркістан легионы. Кейбір зерттеушілер Түркістан легионын құру Мұстафа Шоқай идеясы болды деп есептейді. Мұстафаның өкіл баласы Әлім Алматтың айтуынша, Түркістан легионы 1942 жылы құрылған. Мұстафа Шоқай 1941 жылы 27-желтоқсанда қайтыс болған. Соған қарағанда, Мұстафа Шоқайдың Түркістан легионына мүлдем қатысы жоқ. Әлім Алмат та Түркісан легионың мүшесі болған.