Қараша айында көрсетілген «Троцкий» көп сериялы фильмі 1917 жылғы Ресейдегі революцияға 100 жыл толуына орай түсірілген болатын
Лев Троцкий (Бронштейн) – 1905 және 1917 жылдардағы революциялардың басты кейіпкері болды. Тарихшылар оны жақсы біледі, бұл Лев Давыдович Троцкий екі революцияда да өте маңызды рөл атқарды.
Менің көзқарасым бойынша, Л. Троцкий фильмде шын мәнінде жақсы бейнеленген. Бұл қайраткер 1917 жылғы қазандағы (қараша) революцияда жетекшілердің бірі болды1. Сөзге шешен және мықты ұйымдастырушы ретінде миллиондаған адамды өзінің соңынан ілестіре білді, Петросоветтің төрағасы ретінде ол билікті басып алуды ұйымдастырды, 1918 жылғы Брест келісіміне қол қойды және Қызыл Армияның ұйымдастырушысы болды.
Совет өкіметінің алғашқы жылдары шамамен 1923 жылға дейін Троцкийдің есімі Владимир Ленинмен бірге аталды.
Сонымен қатар, В. Ленин мен Л. Троцкий 1923 жылы И. Сталинді биліктен ығыстыруға тырысқан болатын. Оған 1923 жылы 4 қаңтарда В. Лениннің хатшысы Лидия Фотиева жазған «Өсиетінің» үзіндісі дәлел бола алады. «Сталинге шабуылдау арқылы Ленин биліктің тепе-теңдігін бұзып, Троцкийдің жағдайын күшейтті», – деп жазады тарихшы Роберт Сервис2.
***
Лев Троцкий билік үшін күрделі күресте 1923 жылдың күзінде (И. Сталин, Л. Каменев, Г. Зиновьев) «үштігіне» ұтылды. Мысалы, ол 1924 жылдың қаңтарында В. Ленинді жерлеуге арнайы шақырылған жоқ. Мемлекеттік саяси басқарма (ГПУ) мүшелерін, Лениннің хатшысын тіпті, оның ең жақын әріптестері Г. Зиновьев пен Л. Каменевті асқан ақылмен және шұғыл түрде өзіне қаратып алған И. Сталинге қарағанда Лев Троцкий насихаттау жұмыстарына көп көңіл бөлді.
Өзімшіл қайраткер ретінде Троцкий өзінің айналасында біртұтас топ қалыптастыра алмады. Оның жақтастарының саны аз болды. Фильмнің авторлары бұл нәрселерді дұрыс көрсетті. Айтпақшы, Троцкий большевиктерге 1917 жылдың ақпан айында ғана қосылған еді. Бірақ Петроградта Л. Троцкий өзі жазғандай: «Мен 1917 жылғы 5 мамырда канадалық концлагерьден келдім»3.
Борис Бажанов өзінің «Сталиннің хатшысы болдым» атты өмірбаяндық кітабында бір тарауды Троцкийге толық арнаған болатын. Онда ол Л. Троцкий «батыл адам және революциялық әрекетке байланысты барлық қауіп-қатерге барды» деп жазады. 1917 жылғы қараша айында большевиктердің жеңісінде басты рөл атқарған Сталин мен Каменев емес, Л. Троцкий болатын4.
Л. Троцкий 20-ыншы жылдардың ортасында Саяси бюроның мүшесі ретінде большевиктер билігінің бюрократиялығын, олардың дарынсыздығын алғашқылардың бірі болып көрсетті. Ленин қайтыс болғаннан кейін Сталин мен Троцкийдің жақтастары арасында көшбасшылық үшін күрес басталды. Фракциялылық, «партияға қарсы қызмет пен моральдық-буржуазиялық көзқарас үшін» деген жаламен Л. Троцкий Саяси бюродан, 1927 жылы қазан айында Орталық Комитеттен шығарылса, ал көп өтпей-ақ партия қатарынан шеттетілді.
Л. Троцкий өзімшіл адам болатын, оны ол кез келген жерде көрсетіп отырды. Л. Троцкий өз мінсіздігіне сеніп, өзін теоретик, халықаралық қайраткер ретінде сезініп жүргенде И. Сталин мен оның жақтастары партиялық аппаратты өздеріне бағындырып үлгерді. Осы партиялық аппарат Мемлекеттік саяси басқармамен бірігіп Троцкий мен оның аздаған жақтасын биліктен кетірді. 1928 жылы көптеген лауазымдардан айырылған Л. Троцкий Мәскеуден Алматыға жер аударылды. Өзінің естеліктерінде ол өзінің өмірінің осы кезеңі туралы баяндайды.
Қазақстан Компартиясының болашақ I хатшысы Д.А. Қонаев оқушы кезінде Л. Троцкийдің отбасы мүшелерімен бірге таудан түсіп бара жатқанын көрген5.
* * *
Алматыдан оралғаннан кейін Л. Троцкий советтік азаматтығынан айырылып, шетелге қуылды, 1929 жылдан бастап әйелі және үлкен ұлымен бірге Түркияда, кейін Францияда, ал 1935 жылы Норвегияға көшті. Эмиграцияда болған кезінде Л. Троцкий өз жақтастарына арнап көптеген кітаптар мен хаттар, пікірлер, ескертулер, естеліктер жазады... Бірақ бұл қадамдар тым кеш болатын.
Оның жақтастары ұсталып, атылды. Тіпті онымен қарым-қатынаста болмағандардың арасында «троцкийшілдік» бойынша айыпталғандары да болды. Сталин «троцкийшілдікті» терроризмнің аса қауіпті дәрежесіне көтеріп, кешегі одақтасына деген жеккөрушілігін көрсетті деп санаймыз.
30-ыншы жылдары Л. Троцкийдің балаларының бірі туберкулезден өлсе, ұлы Лев Седовты сталиндік құпия полиция өлтірді. Оның жыныстық өмірі де азғындыққа толы еді. Фильмде ол туралы бірнеше эпизодтар бар, бұл оның азғындағанын көрсетеді. Л. Троцкий шынымен де Федор Раскольниковтың заңды әйелі Лариса Рейснермен зина жасаған. Троцкий мен Лариса Рейснердің ашыналық былығы әшкере болған кезде мұндай сұмдыққа не дерін білмей есеңгіреген Федор Раскольниковке Троцкийдің: «Е-е, отағасы, революционерлер әйелдеріне жеке меншігіндей қарауын қойғаны жөн» дегені жайында айғақ бар. Соқталдай матрос, азамат соғысының жауынгері Ф. Раскольников бұл қорлыққа дәнеме дей алмай, іштен тынды.
Мексика эмиграциясында жүрген кезінде, 1936 жылдың соңына таман Л. Троцкий «Иосиф Сталин. Мінездемелік тәжірибе» атты өз ойларын қағазға түсірген. Мұнда автор кейін өзінің ажалына себеп болған саяси бақталасының мінез-құлқын мейлінше дәл берген. Троцкий: «Бюрократия дарынсыздықтың буына әбден есірді. Сталин – сол бюрократия дарынсыздығының ең сорақы түрі. Билеуші топтың өз-өзін қызғыштай қоруын ол өзгелерден гөрі қатал, қобалжусыз және қатыгездікпен атқарып отыр», – деп жазды.
Бірақ, осылай деп келіп Л. Троцкий өзінің де В. Ленин және өзге большевизм серкелерімен бірге осынау безбүйрек режимнің функционері болғанын және оның орнауына себепкер екендігі туралы «ұмытып», бұл жайында ләм деп жақ ашпайды. Өйтпеске амалы да жоқ, өйткені солар құрған жүйе құқық пен ардың бүкіл нормаларын белден басты; нақ солар билік жүргізген тұста миллиондаған жан құлақ естіп, көз көрмеген қорлық пен қазаға ұшырады, тұтас халықты күштеп жер аударды, әлемдік революция жасаймыз деп таусылмайтын ұзақ соғыстарға арандатты...
В. Молотов, Л. Каганович сияқты бірлі-жарымдарды санамағанда, революция серкелерінің барлығы дерлік бастығы Сталин болған өздерінің үзеңгілес серіктерінің қолынан ажал құшты, әулеті торғайдай тозып, үрім-бұтақ, үйелменімен өртелді.
Ежелгі достың серттен тайып, өз күшігін өзі жеген қасқырдай бір-бірін қынадай қырып, қудалап, адам айтқысыз жауыздыққа барғандығының талайына адамзат тарихы куә. Бірақ, большевик көсемдері бұл істе әзірше алдына жан салмай тұр. Тіпті оларды Гиннес кітабына кіргізсе де артық емес.
Фильм Л. Троцкийді оның сеніміне кірген испан азаматы Рамон Меркадердің (Меркатор) өлтіруімен аяқталады. Бірақ, фильмде болған жайдың басқа нұсқасы келтірілген. Шындығына келсек Р. Меркадер мен оның тірі қалған туысқанының айтуынша, Л. Троцкийге қастандық басқаша жасалған.
Зерттеушілердің жобалауынша Лев Троцкий жөніндегі «белсенді іс-шараларға» бәтуа «мексика кезеңінде» шығарылған. Лев Троцкийге қастандық жасау міндеті И. Сталин, Л. Ежов, кейін Л. Берияның тапсырмасымен Павел Судоплатов пен Александр Орловқа жүктелді. Лев Троцкийді НКВД жұмбақтап «Шал» деп атады. Ал әлгі А. Орловтың өзі 1938 жылы шетелге қашып кетіп Л. Троцкийге оған алдында күтіп тұрған қастандық барын айтып берді.
Бір қызығы, Л. Троцкий бұл ескертпеге бәлендей селт ете қоймаған. Қастандықтың кейінге қалдырылуының мәнісі, қастандықты жүзеге асырушыларды (С.М. Шпигельглас пен П.Д. Гутцайттың өздерін) НКВД тұтқындап, атып тастаған).
* * *
«Үйрек» жоспары
1939 жылдың 9 шілдесінде Лаврентий Берия «Үйрек» ісі бойынша агентуралық-оперативті шаралардың жаңа жоспарын бекітті. Осы жылдың тамызында Сталиннің өзі бұл жоспарды мақұлдады. Қастандықты тікелей ұйымдастырушылар Наум Эйтингтон мен Иосиф Григулевич болды.
Лев Троцкийдің көзін құрту бойынша алғашқы қадамды мексикалық суретші Давид Сикейростың (лақап аты «Ат») тобы жасады. Алайда бұл операция сәтсіз аяқталды.
Рамон Меркадер (лақап аты – «Раймонд») Л. Троцкийге оның идеяларын ту етіп көтеруші және хатшы келіншек Сильвия Агелоффқа «қырындап жүрген жігіт» секілді етіп таныстырылды.
1940 жылы 20 тамызда Рамон Меркадер 17 сағат 30 минут уақыты кезінде құрбандығының кабинетіне енді. Кейін сот болғанда Меркадер мынадай түсінік берді: «...Троцкий мақаланы оқи бастады, бұл маған оңтайлы сәт еді, шапанымның қойнынан шағын балтамды суырып алып, уысыма бекемдеп ұстадым да, көзімді жұма бере басынан қатты ұрып жібердім.
Троцкий жантүршігерлік дауыспен өкірді, бұл енді менің есімнен ешқашан кетпес...».
Бөлмеге Троцкийдің әйелі күзетшілермен бірге жүгіріп кіріп, жендеттің қолын қайырып тырп еткізбеді. Троцкий жендетке бетін бере, басын қолымен жаба сұлап жатты деп жазды кейін.
Не болса да, қатерлі соққы жасалып үлгерді. Тіпті өлім халінде жатса да, Троцкий бір ауыз тілге келіп: «Оны өлтірмеңдер, одан да бар сырын айтып берсін» деген. Наталья еденде жатқан күйеуін қапсыра құшақтай алады.
Лев Троцкий шала-жансар күйінде ауруханаға жөнелтілді, оған операция жасалды. Бірақ бір тәулік өткен соң, 21 тамыз сағат 19.25 кеткенде ол жантәсілім етті.
Рамон Меркадер Мексика сотының үкімімен бірнеше жылға жазаға кесілді.
Советтік үкімет Троцкийді «өзінің сыбайластары өлтірді» және «өз айла-шарғысының құрбаны болды» деген жалған мәлімдеме жасады.
Қастандықты ұйымдастырушылардың барлығы: Рамонның шешесі – Каридад Рамоновна, Эйтингтон Н., Василевский Л.П., Судоплатов П.А., Григулевич И.Г., тағы басқалар Сталин марапатына ие болды.
Ал Рамон Меркадердің өзіне (Лопес Рамон Иванович – «ССРО Жоғарғы Совет Төралқасының Жарлығында») И. Сталиннің өлімінен кейін, 1961 жылы мамырда Ленин орденін табыстай отырып Совет Одағының батыры атағы мен «Алтын жұлдыз»6 медалі берілді.
* * *
Хикаямды түйіндей отыра, құқық пен арды белшесінен басқан кез-келген билік, ерте ме кеш пе түбі бір құритынын баса айтқым келеді. Ал, оның көсемдері мен іргетасын қалаушылар өздері құрған биліктің құрбанына айналады. Өздері ғана қазаға ұшырап қоймай, о дүниеге отбасыларын да бірге ала кетеді.
Бүркітбай АЯҒАН, Мемлекет тарихы институтының директоры,
тарих ғылымдарының докторы, профессор
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1. Рабинович А. Большевики приходят к власти: Революция 1917 года в Петрограде (пер. с англ.). - М: Прогресс, 1989 г.
2. Сервис Р. Ленин. - М: 2001;
3. Троцкий Л.Д. К истории русской революции. - Москва, 1990 г.;
4. Бажанов Б.Г. Я был секретарем Сталина. - М: Алгоритм, 2014 г.
5. Кунаев Д.А. О моем времени. - Алма-Ата, 1992 г.
6. См.: Север Александр. Волкодав Сталина. Правдивая история Павла Судоплатова. - М: 2014.