XXI ғасырда туризм тек демалыс немесе ойын-сауықпен ғана шектелмейді. Қазіргі таңда саяхаттың жаңа түрлері қарқынды дамып келеді. Соның бірі – академиялық туризм. Бұл ұғым соңғы онжылдықтарда халықаралық білім беру жүйесінің маңызды құрамдас бөлігіне айналып, мемлекеттердің ғылым, инновация және мәдени дипломатия саласындағы ықпалын күшейтетін құрал ретінде қарастырылуда.
Академиялық туризм дегеніміз не?
Академиялық туризм – білім алу, ғылыми зерттеу жүргізу, тәжірибе алмасу, кәсіби біліктілікті арттыру немесе белгілі бір ғылым саласын терең меңгеру мақсатында басқа қалаға не мемлекетке уақытша сапар жасау. Мұндай сапарлардың басты ерекшелігі – негізгі мақсаттың демалыс емес, білім мен ғылымға бағытталуында. Сондықтан академиялық туризм дәстүрлі туризмнен мазмұны жағынан ерекшеленіп, адамның интеллектуалдық және кәсіби әлеуетін дамытуға қызмет етеді.
Ғылыми әдебиеттерде академиялық туризм халықаралық білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылады. Ол елдер арасындағы ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, жаңа білім мен технологиялардың таралуына, мәдениеттердің өзара ықпалдасуына және халықаралық академиялық байланыстардың кеңеюіне ықпал етеді. Қазіргі таңда көптеген мемлекеттер академиялық туризмді «жұмсақ күштің» маңызды құралы ретінде пайдаланып, өз университеттері мен ғылыми орталықтарының халықаралық беделін арттыруға ерекше көңіл бөлуде.
Академиялық туризмнің қатысушыларына студенттер, магистранттар, докторанттар, профессорлар, зерттеушілер, мектеп оқушылары, ғылыми ұйым қызметкерлері, жас ғалымдар, оқытушылар және өмір бойы білім алуды мақсат ететін кез келген азамат жатады. Олардың әрқайсысы жаңа білім алып қана қоймай, басқа елдің білім беру жүйесімен, ғылыми мектебімен, мәдениетімен және қоғамдық өмірімен танысу мүмкіндігіне ие болады.
Бүгінде бұл ұғым тек университеттер арасындағы студенттік алмасу бағдарламаларымен ғана шектелмейді. Академиялық туризмге халықаралық жазғы және қысқы мектептер, ғылыми тағылымдамалар, ғылыми-зерттеу экспедициялары, археологиялық және этнографиялық далалық жұмыстар, тілдік курстар, халықаралық конференциялар мен форумдар, пәндік олимпиадалар, кәсіби семинарлар, кітапханалар мен архивтерде ғылыми ізденіс жүргізу, музейлік зерттеулер, инновациялық зертханалардағы тәжірибелер, өндірістік практикалар және қос диплом бағдарламалары сияқты көптеген бағыттар кіреді.
Соңғы жылдары академиялық туризмнің мазмұны одан әрі кеңейіп, цифрлық технологиялармен толықты. Қазіргі кезде аралас форматтағы бағдарламалар кең таралуда: қатысушылар оқу немесе зерттеу жұмысының бір бөлігін онлайн орындап, кейін қысқа мерзімге шетелге барып тәжірибелік сабақтарға, зертханалық жұмыстарға немесе ғылыми жобаларға қатысады. Бұл академиялық мобильділіктің қолжетімділігін арттырып, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыруда.
Әлемдегі академиялық туризмнің қалыптасу тарихы
Академиялық туризмнің тарихы орта ғасырлардан бастау алады. XII–XIII ғасырларда Еуропада алғашқы университеттердің қалыптасуымен бірге білім іздеп саяхаттау дәстүрі кең тарала бастады. Ол кезде қазіргі түсініктегі ұлттық білім беру жүйесі әлі қалыптаспағандықтан, студенттер мен ғалымдар белгілі бір ғылым саласы жақсы дамыған қалаларға арнайы барып білім алды. Бұл құбылыс кейін академиялық мобильділіктің алғашқы үлгісі ретінде танылды. 1088 жылы құрылған Болонья университеті құқық мектебімен әйгілі болып, Италияның ғана емес, бүкіл Еуропаның студенттерін тартты. Ал XII ғасырда қалыптасқан Париж университеті теология мен философияның ірі орталығына айналды. Оксфорд университеті мен кейінірек құрылған Кембридж университетіжаратылыстану ғылымдары, медицина және гуманитарлық білім беру саласында халықаралық беделге ие болды. Орта ғасырларда студенттердің бір университеттен екіншісіне ауысуы қалыпты құбылыс саналып, Еуропаның әртүрлі өңірлерінен келген жастар ортақ латын тілінде білім алды. Осылайша алғашқы халықаралық академиялық қауымдастық қалыптасты.
Қайта өрлеу дәуірінде академиялық саяхаттың мазмұны кеңейе түсті. XV–XVII ғасырларда Еуропа ақсүйектерінің балалары үшін ұйымдастырылған Grand Tour дәстүрі тек мәдени саяхат емес, білім мен тәжірибе жинақтаудың маңызды кезеңі болды. Олар Италия, Франция, Германия сияқты елдерді аралап, университеттерге, кітапханаларға, мұражайларға барып, көрнекті ғалымдармен кездескен. Бұл тәжірибе кейін халықаралық білім алмасу мәдениетінің қалыптасуына ықпал етті. XIX ғасырда теміржол желілерінің дамуы мен ұлттық университеттердің көбеюі академиялық туризмнің ауқымын кеңейтті. Еуропа мен Солтүстік Америка университеттері арасында профессорлардың дәріс оқуы, ғылыми тағылымдамалар мен бірлескен зерттеулер жиілей бастады. Дәл осы кезеңде ғылыми конгрестер мен халықаралық конференциялар тұрақты түрде ұйымдастырылып, зерттеушілердің ғылыми сапарлары кеңінен таралды.
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін халықаралық білім беру ынтымақтастығы жаңа кезеңге өтті. 1946 жылы құрылған ЮНЕСКО білім мен ғылым саласындағы халықаралық байланыстарды дамытуға ерекше көңіл бөлді. Ал XX ғасырдың екінші жартысында халықаралық стипендиялық бағдарламалар көбейіп, академиялық алмасу мемлекеттік саясаттың маңызды бағытына айналды. 1987 жылы іске қосылған Erasmus бағдарламасы Еуропадағы академиялық туризмнің жаңа дәуірін бастады. Бүгінгі күні ол Erasmus+ бағдарламасына айналып, студенттерді ғана емес, оқытушыларды, зерттеушілерді, жастар ұйымдарын және кәсіптік білім беру мекемелерін қамтитын әлемдегі ең ірі академиялық мобильдік жобаларының біріне айналды. Бағдарлама іске қосылғалы бері миллиондаған адам Еуропаның әртүрлі университеттерінде білім алып немесе тәжірибе жинақтады.
Erasmus+ бағдарламасы (сурет trainingexperience.org сайтынан алынды )
XXI ғасырда академиялық туризм жаһанданудың негізгі көрсеткіштерінің біріне айналды. Білімнің интернационалдануы, ағылшын тілінің халықаралық ғылым тіліне айналуы, цифрлық технологиялардың дамуы және университеттердің әлемдік рейтингтер арқылы бәсекелесуі халықаралық академиялық мобильділікті бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді.
Бүгінде миллиондаған студент пен зерттеуші жыл сайын басқа мемлекеттерге білім алу, ғылыми тағылымдамадан өту, халықаралық конференцияларға қатысу, зертханаларда тәжірибе жинақтау немесе қысқа мерзімді жазғы мектептерге қатысу үшін сапар шегеді. АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Канада, Австралия, Жапония, Оңтүстік Корея және Қытай академиялық туризмнің әлемдік жетекші орталықтарына айналып отыр. Бұл елдер сапалы жоғары біліммен қатар, дамыған ғылыми инфрақұрылым, халықаралық зерттеу орталықтары және кең ауқымды гранттық бағдарламалар арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен талантты жастарды тартады.
Академиялық туризмнің негізгі бағыттары
Академиялық туризм мазмұны мен мақсатына қарай бірнеше негізгі бағытқа бөлінеді. Олардың әрқайсысы білім алуға, ғылыми ізденіске және халықаралық тәжірибе алмасуға бағытталғанымен, жүзеге асу формасы мен ұзақтығы жағынан ерекшеленеді.
1. Студенттік академиялық мобильдік. Бұл академиялық туризмнің ең кең тараған түрі. Студенттер бір семестр немесе бір оқу жылы көлемінде шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, өз университетіндегі оқу бағдарламасының бір бөлігін басқа елде жалғастырады. Мұндай бағдарламалар студенттердің кәсіби құзыреттерін арттырып қана қоймай, олардың тілдік, мәдени және әлеуметтік бейімделу қабілеттерін дамытады. Еуропадағы Erasmus+, АҚШ-тағы Fulbright, Германиядағы DAAD сияқты халықаралық бағдарламалар осы бағыттың жарқын үлгілері болып саналады.
2. Ғылыми тағылымдамалар мен зерттеу сапарлары. Бұл бағыт негізінен магистранттарға, докторанттарға, жас ғалымдар мен профессорларға арналған. Қатысушылар шетелдік университеттерде, ғылыми-зерттеу институттарында, зертханаларда, кітапханалар мен архивтерде белгілі бір мерзім ғылыми жұмыс жүргізіп, жаңа әдістерді меңгереді, бірлескен жобаларға қатысады және халықаралық ғылыми байланыстар орнатады. Мұндай сапарлар ғылыми жарияланымдардың сапасын арттыруға және халықаралық зерттеу желілерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
3. Халықаралық жазғы және қысқы мектептер. Бұл қысқа мерзімді академиялық бағдарламалар бірнеше аптадан бірнеше айға дейін созылады. Олар белгілі бір пән немесе ғылыми бағыт бойынша дәрістерді, семинарларды, практикалық сабақтарды, зертханалық жұмыстарды және мәдени бағдарламаларды қамтиды. Жазғы мектептер қатысушылардың жаңа білім алуымен қатар, әртүрлі елдердің студенттері мен зерттеушілері арасында тәжірибе алмасуға жағдай жасайды.
4. Ғылыми экспедициялар және далалық зерттеулер. Археологиялық, этнографиялық, географиялық, биологиялық, экологиялық және геологиялық экспедициялар академиялық туризмнің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Мұндай сапарлар барысында қатысушылар нақты ғылыми деректер жинап, далалық бақылаулар жүргізеді, тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттейді немесе табиғи ортаны талдайды. Әсіресе археология, антропология және экология салаларында бұл бағыттың маңызы зор.
5. Тілдік туризм. Тілдік туризм – шет тілін немесе белгілі бір елдің мемлекеттік тілін сол тілдік ортада меңгеруге бағытталған академиялық сапар. Қатысушылар университеттердегі тілдік курстарға қатысып, күнделікті өмірде сол тілде қарым-қатынас жасау арқылы сөйлеу дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар олар қабылдаушы елдің мәдениетімен, тарихымен және тұрмысымен жақынырақ танысады. Сондықтан тілдік туризм лингвистикалық білім берумен қатар мәдени тәжірибені де қамтиды.
6. Ғылыми конференциялар, форумдар және семинарлар. Қысқа мерзімді академиялық туризмнің ең кең тараған түрлерінің бірі – халықаралық ғылыми конференцияларға, симпозиумдарға, форумдарға, семинарлар мен кәсіби конгрестерге қатысу. Мұндай іс-шараларда зерттеушілер өз ғылыми нәтижелерін таныстырып, пікірталастарға қатысады, жаңа ғылыми бағыттармен танысады және болашақ бірлескен зерттеулерге серіктестер табады. Көптеген халықаралық ғылыми қауымдастықтардың қалыптасуына дәл осындай академиялық кездесулер негіз болады.
7. Кәсіби және өндірістік тәжірибелер. Соңғы жылдары академиялық туризмнің бұл бағыты ерекше қарқын алып келеді. Студенттер мен жас мамандар халықаралық компанияларда, ғылыми орталықтарда, өндірістік кәсіпорындарда немесе мемлекеттік ұйымдарда тәжірибеден өтіп, теориялық білімдерін практикалық дағдылармен ұштастырады. Бұл олардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырады.
8. Мәдени-танымдық академиялық сапарлар. Көптеген университеттер білім беру бағдарламаларын тарихи қалаларға, музейлерге, архивтерге, кітапханаларға және ғылыми орталықтарға ұйымдастырылатын танымдық экскурсиялармен толықтырады. Мұндай сапарлар қатысушылардың кәсіби білімін тереңдетумен қатар, тарихи-мәдени мұраны тікелей тануына мүмкіндік береді. Осы бағыттардың барлығы академиялық туризмнің тек білім алу құралы ғана емес, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамытуға, мәдениетаралық коммуникацияны нығайтуға және жаһандық интеллектуалдық кеңістікті қалыптастыруға ықпал ететін маңызды әлеуметтік құбылыс екенін көрсетеді. Сондықтан қазіргі таңда академиялық туризм жоғары білімнің интернационалдануы мен ғылымның жаһандануының негізгі тетіктерінің бірі ретінде бағаланады.
Әлем елдеріне ғылыми сапар
Германия академиялық туризмнің ең табысты үлгілерінің бірі саналады. Ел жоғары білімнің қолжетімділігі, ғылыми инфрақұрылымының дамуы және халықаралық студенттерге қолайлы академиялық ортасы арқылы әлемдегі жетекші білім беру орталықтарының біріне айналды. 2024–2025 оқу жылында Германия университеттерінде 405 мыңға жуық халықаралық студент білім алды (German Academic Exchange Service – DAAD, Wissenschaft weltoffen 2024).
Елдің табысты тәжірибесінің негізінде халықаралық академиялық ынтымақтастықты жүйелі түрде қолдайтын DAAD (German Academic Exchange Service) ұйымы тұр. DAAD жыл сайын ондаған мың студентке, магистрантқа, докторантқа және ғалымға стипендия ұсынып, әлемнің жүзден астам елімен ғылыми байланыс орнатады (DAAD, 2024). Сонымен қатар Макс Планк қоғамы (Max Planck Society), Фраунгофер қоғамы (Fraunhofer Society), Гельмгольц қауымдастығы (Helmholtz Association) және Лейбниц қауымдастығы (Leibniz Association) халықаралық зерттеушілерге арналған тағылымдамалар мен бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырады.
Халықаралық DAAD (German Academic Exchange Service) ұйымы
Германияның тағы бір ерекшелігі – академиялық туризмнің өндіріс және инновациямен тығыз байланысы. Студенттер оқу барысында BMW, Siemens, Bosch, SAP секілді жоғары технологиялық компанияларда тәжірибеден өтеді. Бұл елдің университет–ғылым–өндіріс байланысының тиімді моделін қалыптастырған.
Ұлыбритания – білім экономикасының бренді
Ұлыбритания жоғары білімді ұлттық экономиканың стратегиялық саласына айналдырған мемлекеттердің бірі. Елдегі университеттер халықаралық студенттерді тарту арқылы ұлттық экономикаға елеулі үлес қосады. London Economics зерттеуіне сәйкес, халықаралық студенттердің Ұлыбритания экономикасына қосатын жылдық үлесі 40 миллиард фунт стерлингтен асады (London Economics, 2023).
Әлемдік университеттік рейтингтердің алғашқы ондығына тұрақты енетін Оксфорд университеті, Кембридж университеті, Империал колледж Лондон және Лондон экономика мектебі (LSE) мыңдаған халықаралық студент пен зерттеушіні қабылдайды (QS World University Rankings 2025; Times Higher Education 2025).
Ұлыбританиядағы академиялық туризмнің ерекшелігі – білім мен мәдениетті ұштастыру. Студенттер оқу барысында Британ кітапханасында, Ұлттық архивте, Ashmolean Museum, British Museum сияқты ғылыми-мәдени орталықтарда зерттеу жүргізеді (British Council, Universities UK International).
Сурет ЖИ арқылы жасалған
Жапония – технологиялық академиялық туризм
Жапония ғылым мен инновацияны ұлттық дамудың негізгі қозғаушы күшіне айналдырған мемлекеттердің бірі. Елдің академиялық туризм саясаты инженерия, робототехника, жасанды интеллект және жаратылыстану ғылымдарына ерекше басымдық береді. 2024 жылы Жапонияда 312 мыңнан астам халықаралық студент білім алды, ал ел үкіметі 2033 жылға дейін олардың санын 400 мыңға жеткізуді мақсат етіп отыр (Japan Ministry of Education, Culture, Sports, Science and Technology – MEXT, 2025; Japan Student Services Organization – JASSO). Токио университеті, Киото университеті, Осака университеті және басқа жетекші жоғары оқу орындары халықаралық зерттеушілерді кеңінен қабылдайды. Сонымен бірге студенттер Toyota, Sony, Panasonic, Hitachiкомпанияларының ғылыми орталықтарында тәжірибе жинақтайды (Study in Japan; MEXT).
Ғылыми зерттеу алаңы (сурет ЖИ арқылы жасалған)
АҚШ – университеттер елі
Америка Құрама Штаттары халықаралық академиялық туризмнің әлемдегі ең ірі орталығы болып саналады. 2024–2025 оқу жылында АҚШ-та 1,18 миллионнан астам халықаралық студент білім алды, бұл әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі (Institute of International Education – Open Doors Report 2025). NAFSA: Association of International Educators ұйымының мәліметінше, халықаралық студенттердің АҚШ экономикасына қосқан үлесі 55 миллиард АҚШ долларынан асып, 355 мыңнан астам жұмыс орнынқамтамасыз еткен (NAFSA, 2025). Гарвард университеті, Массачусетс технологиялық институты (MIT), Стэнфорд университеті, Калифорния университеті – Беркли, Принстон университеті әлемдік ғылымның жетекші орталықтары ретінде халықаралық студенттер мен зерттеушілерді тартады (QS World University Rankings 2025; Times Higher Education 2025). АҚШ моделінің басты ерекшелігі – университеттердің инновациялық экожүйемен ықпалдасуы. Мысалы, Стэнфорд университеті айналасында қалыптасқан Silicon Valley әлемдегі ең ірі технологиялық кластерге айналса, MIT Бостондағы инновациялық ортаның қалыптасуына зор ықпал етті (National Science Foundation; Stanford University; MIT News)
Харвард универі (сурет ЖИ арқылы жасалған)
Академиялық туризмнің экономикаға әсері
Көпшілік академиялық туризмді тек білім беру саласымен байланыстырады. Алайда оның экономикалық әсері әлдеқайда кең. Шетелден келген студенттер тұрғын үй жалдайды, қоғамдық көлікті пайдаланады, кітап сатып алады, мейрамхана мен мәдени орындарға барады, туристік бағыттарды аралайды. Осы арқылы олар жергілікті экономиканың көптеген секторына табыс әкеледі. Кейбір мемлекеттерде халықаралық білім беру экспорты ұлттық кірістің маңызды бөлігіне айналған.
Қазақстан үшін академиялық мүмкіндіктер
Қазақстан академиялық туризмді дамытуға әлеуеті жоғары мемлекеттердің қатарына жатады. Еліміздің Еуропа мен Азияны жалғайтын географиялық орналасуы, Ұлы Жібек жолының тарихи кеңістігіндегі орны, бай тарихи-мәдени мұрасы және көпұлтты ғылыми-мәдени ортасы халықаралық білім беру мен ғылыми туризмді дамытуға қолайлы жағдай қалыптастырады. Бүгінде Қазақстан жоғары білімді интернационалдандыру бағытын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, соңғы жылдары қазақстандық жоғары оқу орындарында білім алатын шетелдік студенттердің саны 30 мыңнан асты, ал алдағы жылдары бұл көрсеткішті бірнеше есеге арттыру жоспарланып отыр (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі, 2024–2025). Бұл Қазақстанның Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналу стратегиясының маңызды көрсеткіштерінің бірі.
Халықаралық академиялық жобалар
Қазақстанда академиялық туризмнің дамуына ықпал ететін бірнеше ірі халықаралық бағдарлама жұмыс істейді. Ең танымалы – «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы. 1993 жылдан бері бұл бағдарлама арқылы 13 мыңнан астам қазақстандық әлемнің жетекші университеттерінде білім алып, ғылыми тағылымдамадан өтті (Халықаралық бағдарламалар орталығы, 2025). Бағдарлама тек қазақстандықтардың шетелге шығуына ғана емес, елге жаңа ғылыми тәжірибе мен халықаралық байланыстардың келуіне де ықпал етті. Қазақстандық университеттер Erasmus+, Mevlana Exchange Programme, DAAD, Fulbright, Campus France, MEXT, Turkiye Burslari сияқты халықаралық академиялық бағдарламалармен белсенді жұмыс істейді. Соның нәтижесінде жыл сайын мыңдаған студент пен оқытушы Еуропа, АҚШ, Жапония, Түркия және басқа мемлекеттердің университеттерінде білім алып, тәжірибе жинақтайды. Соңғы жылдары Қазақстанда шетелдік профессорларды шақыру тәжірибесі де кеңейіп келеді. Назарбаев Университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Satbayev University және басқа да жоғары оқу орындары әлемнің жетекші университеттерімен қос диплом бағдарламаларын жүзеге асырып, халықаралық зерттеу жобаларын дамытып келеді.
Ғылыми туризмнің әлеуеті
Қазақстан табиғи және тарихи ерекшеліктері арқылы академиялық туризмнің бірнеше бағытын дамытуға мүмкіндік береді. Археология саласындаБерел қорғандары, Есік қорғаны («Алтын адам»), Отырар, Сарайшық, Бозоқ, Талғар (Талхиз) сияқты ескерткіштер халықаралық экспедициялар ұйымдастыруға қолайлы нысандар болып табылады. Этнография бағытында қазақтың көшпелі өркениеті, дәстүрлі шаруашылық жүйесі, қолөнері, музыкасы, ауыз әдебиеті мен этномәдени мұрасы әлемдік антропологтар мен мәдениеттанушылар үшін үлкен ғылыми қызығушылық тудырады. Түркітану мен гуманитарлық ғылымдар бойынша Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, ежелгі Түркі қағанатының ескерткіштері, Жібек жолы бойындағы тарихи қалалар халықаралық зерттеу мектептерін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Табиғи ғылымдар саласында Алтай таулары, Каспий теңізі, Арал өңірі, Іле Алатауы, Батыс Тянь-Шань, Қорғалжын және Алакөл қорықтары экология, биология, география және климаттың өзгеруі мәселелерін зерттеуге арналған халықаралық ғылыми экспедициялар өткізуге өте қолайлы.
Қазақ тілі мен мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау мәселесі
Академиялық туризм Қазақстан үшін қазақ тілін, әдебиетін және мәдениетін халықаралық деңгейде танытудың тиімді құралы бола алады. Бүгінде әлемнің бірнеше университетінде қазақ тілі оқытылғанымен, Қазақстанда арнайы ұйымдастырылатын халықаралық қазақ тілі жазғы мектептері мен мәдени бағдарламалардың әлеуеті әлі толық пайдаланылып отырған жоқ. Мысалы, Түркиядағы түрік тілі, Жапониядағы жапон тілі немесе Оңтүстік Кореядағы корей тілі мектептері сияқты Қазақстан да қазақ тілін үйренуге арналған халықаралық маусымдық бағдарламаларды тұрақты түрде ұйымдастыра алады. Мұндай жобаларға тіл үйренумен қатар қазақ әдебиеті, домбыра өнері, этнография, ұлттық тағамдар, дәстүрлі мәдениет және дала өркениеті туралы арнайы курстар енгізілсе, академиялық туризмнің мазмұны әлдеқайда байи түсер еді.
Қазақстан – Орталық Азиядағы академиялық хаб
Соңғы жылдары Қазақстан жоғары білімді интернационалдандыруды мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналдырды. Егер бұрын қазақстандық жастар әлемнің жетекші университеттеріне білім алу үшін баратын болса, бүгінде сол университеттердің өздері Қазақстанда кампустарын ашып, халықаралық білімді елімізге әкелуде. Бұл үрдіс академиялық туризмнің жаңа моделін қалыптастырып отыр: енді Қазақстан білім экспорттаушы ғана емес, шетелдік студенттерді қабылдайтын өңірлік академиялық орталыққа айналуды мақсат етеді.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жарым жылдың ішінде 40-қа жуық шетелдік жоғары оқу орны Қазақстанмен серіктестік орнатқан, ал олардың бірқатары толыққанды кампустарын ашуға кірісті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2029 жылға дейін елімізде кемінде 34 жетекші шетелдік университеттің филиалын ашу жоспарланған. Бұл бастама Қазақстанды Орталық Азиядағы ірі білім беру хабына айналдыру стратегиясының маңызды бөлігі болып саналады.
Қазақстандағы ең маңызды жобалардың бірі – Cardiff University Kazakhstan кампусының ашылуы. 2025 жылы Астанада ресми ашылған бұл кампус – Cardiff University-дің шетелдегі алғашқы филиалы әрі Орталық Азиядағы Russell Group университеттерінің алғашқы кампусы болды. Мұнда компьютерлік ғылым, бизнес менеджменті, азаматтық құрылыс және геология бағыттары бойынша британдық білім бағдарламалары ағылшын тілінде оқытылады. Студенттер Ұлыбританиядағы негізгі кампуспен академиялық алмасуға қатысып, дәл сондай үлгідегі диплом алады. Бұл Қазақстанның халықаралық білім беру кеңістігіндегі беделін арттырған маңызды оқиға ретінде бағаланды.
Cardiff University Kazakhstan
Тағы бір ірі жоба – Coventry University Kazakhstan. Университет 2024 жылдан бастап Астанада жұмыс істеп келеді және Ұлыбританияның алғашқы тұрақты университеттік кампусы саналады. 2026 жылдан бастап Coventry University Алматы қаласында екінші кампусын ашу туралы шешім қабылдады. Осылайша Қазақстан Ұлыбританияның бір университеті екі қалада жұмыс істейтін әлемдегі санаулы елдердің қатарына енді. Бұл инженерия, цифрлық технологиялар, жасанды интеллект және бизнес салалары бойынша халықаралық білім беру мүмкіндіктерін кеңейтеді.
Coventry University Kazakhstan (сурет coventry.ac.uk сайтынан алынды)
Бұдан бөлек, Қазақстанда University of Arizona (АҚШ) Солтүстік Қазақстандағы Қозыбаев университетімен бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруда. Ұлыбританияның De Montfort University Алматыда жеке кампусын ашты. Heriot-Watt University Ақтөбе өңірінде жұмысын бастады. Сонымен қатар Мәскеу инженерлік-физика институтының (MEPhI), ММХҚИ (MGIMO), Woosong University (Оңтүстік Корея), Anhalt University of Applied Sciences (Германия), Marche Polytechnic University (Италия) және басқа да жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары мен бірлескен бағдарламалары іске қосылуда. Бұл Қазақстанның жоғары білім жүйесінің халықаралық тартымдылығын арттырып, академиялық туризмнің инфрақұрылымын қалыптастыруда.
Шетелдік университеттердің келуі Қазақстанға тек білім беру сапасын арттыру үшін ғана емес, халықаралық студенттерді тарту үшін де маңызды. Географиялық тұрғыдан Қазақстан Ресей, Қытай, Кавказ және Орталық Азия мемлекеттерінің түйіскен жерінде орналасқан. Сондықтан Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Моңғолия, Қытай, Үндістан, Пәкістан және Таяу Шығыс елдерінің жастары үшін Қазақстан қолжетімді әрі қауіпсіз білім беру бағытына айналып келеді.
Академиялық туризмнің экономикалық әсері де айтарлықтай. Қазақстанға келген шетелдік студенттер оқу ақысын төлеп қана қоймай, жатақханаларда немесе жалдамалы пәтерлерде тұрады, қоғамдық көлікті пайдаланады, туристік нысандарды аралайды, мәдени іс-шараларға қатысады. Соның нәтижесінде қонақүй бизнесі, қоғамдық тамақтану, көлік, сауда және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді. Көптеген елдердің тәжірибесі көрсеткендей, халықаралық студенттер ұзақ мерзімді әрі тұрақты туристердің ерекше санатына жатады.
Алдағы жылдары Қазақстан халықаралық деңгейдегі ағылшын тіліндегі бағдарламалардың санын көбейтіп, бірлескен ғылыми зертханаларды, халықаралық жазғы мектептерді, археологиялық және этнографиялық экспедицияларды, қазақ тілі мен түркі өркениетін зерттеуге арналған академиялық орталықтарды дамытса, елімізге келетін шетелдік студенттер мен жас зерттеушілердің саны айтарлықтай өседі. Бұл Қазақстанды Орталық Азиядағы жетекші академиялық туризм орталықтарының біріне айналдырып қана қоймай, ұлттық ғылымның дамуына, университеттердің әлемдік рейтингтердегі позициясының жақсаруына және елдің халықаралық беделінің нығаюына ықпал етеді.