Қазақстан аумағындағы Алтын Орда дәуіріне қатысты тың археологиялық жаңалықтар ғылыми айналымға енгізіліп жатыр. Марғұлан университетінің ғалымдары мен студенттері жүргізіп жатқан экспедиция барысында XIV–XV ғасырларға тиесілі сәулет кешенінің қалдықтары, сирек археологиялық бұйымдар мен халықаралық сауда байланыстарын дәлелдейтін ерекше жәдігерлер анықталды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.
Марғұлан университетінің ғылыми экспедициясы Алтын Орда кезеңіне жататын археологиялық ескерткіштерді іздестіру және зерттеу жұмыстарын Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарының аумағында жалғастырып жатыр. Экспедиция бағыты Ертістің сол жағалауын, Қызылқақ көлін, Өлеңті, Шідерті және Сілеті өзендерінің аңғарларын қамтиды.
Экспедицияның басты зерттеу нысандарының бірі – Жантай қонысы. Қазба жұмыстарының алғашқы кезеңінде-ақ археологтар бұл аумақта ірі сәулет құрылысының болғанын аңғартатын белгілерді анықтаған. Бұған жер бетінен табылған күйдірілген кірпіштердің көптігі, сондай-ақ аумақты лидар және георадар арқылы зерттеу нәтижелері негіз болған. Кейінгі талдау барысында кірпіштердің көлемі 25×25 сантиметр екені белгілі болды. Мамандардың айтуынша, мұндай өлшем Алтын Орда дәуіріне тән «құрылыс стандартына» сәйкес келеді. Дәл осындай кірпіштер сол кезеңде сарайлар, мешіттер, кесенелер мен өзге де монументалды құрылыстарды тұрғызуда кеңінен пайдаланылған.
Қазба барысында археологтар ортағасырлық қабырға қалдықтарын, жерлеу орындарының іздерін және саз ерітіндісімен қаланған құрылыс бөліктерін анықтады. Алдын ала жүргізілген зерттеулерге сәйкес, Жантай қонысындағы сәулет кешені XIV–XV ғасырларға жататын дала ақсүйектерінің кесенесі болуы мүмкін. Бұл ескерткіш Алтын Орда кезеңі мен Қазақ хандығы қалыптасқан дәуірдің аралығына жатады. Сонымен қатар кесене маңынан сол кезеңге тән үлкен қорым да табылған.
Археологиялық нысанның барлық аршылған бөліктері роботтандырылған геосканер арқылы үш өлшемді форматта цифрландырылды. Мамандардың айтуынша, бұл жұмыс ескерткіштің қазіргі күйін сақтап қана қоймай, болашақта оның толық үшөлшемді моделін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
Экспедицияға қатысып жүрген студенттер үшін де бұл жұмыстардың маңызы зор. Өндірістік тәжірибе жетекшісі Асқар Әбілдиннің айтуынша, мұндай далалық зерттеулер студенттердің Алтын Орда дәуірін тереңірек тануына, археологиялық әдістерді меңгеруіне және Қазақстан тарихының жаңа беттерін ашуға үлес қосуына мүмкіндік береді.
Қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлердің арасында металлдан жасалған киім әшекейлері мен моншақтар жиынтығы ерекше қызығушылық тудырған. Металл бұйымдарға жүргізілген рентген-флуоресценттік талдау олардың құрамында қорғасын мен қалайы мөлшері жоғары күрделі қола қорытпасы пайдаланылғанын көрсетті. Археолог Елена Тушеваның пікірінше, бұл Алтын Орда дәуірінде Ертіс өңірінде металлургия ісі жоғары деңгейде дамығанын дәлелдейді. Моншақтарды зерттеу нәтижесі де маңызды дерек берген. Ғалымдар олардың барлығы сырттан әкелінгенін анықтаған. Бұл орта ғасырларда өңір тұрғындарының Еуразияның алыс аймақтарымен тұрақты экономикалық әрі мәдени байланыс орнатқанын көрсетеді.
Экспедиция барысында табылған ерекше олжалардың бірі – табиғи таралу аймағы Үнді мұхиты саналатын каури бақалшағы. Биоархеолог Наталья Миллердің пікірінше, бұл жәдігер Ұлы Даланы ғасырлар бұрын Оңтүстік Азиямен байланыстырған ұзақ сауда жолдарының болғанын дәлелдейтін маңызды айғақтардың бірі.
Марғұлан университеті Археологиялық зерттеулер институтының директоры, экспедиция жетекшісі Тимур Смағұловтың айтуынша, жаңа олжалар Алтын Орда дәуіріндегі тарихи үдерістерді тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп, өңірдің мәдени мұрасын зерттеуге тың бағыттар ашып отыр.