Бір әннің тарихы: «Құстар қайтып барады»

Бөлісу

16.06.2026 363

Бүгінде Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар қайтып барады» әні қазақ музыкасының классикалық туындыларының қатарына жатады. Ән алғаш орындалғаннан бері ондаған жыл өтсе де, оның әуені мен сөзі тыңдарманын жүрегін әлі күнге дейін толғандырады. Алайда көпшілік бұл шығарманың қандай жағдайда дүниеге келгенін біле бермейді. Сол себепті біз бүгін сол оқиға жөнінде айтпақпыз.


Оқи отырыңыз: Бір әннің тарихы: «Бозторғайым»

1965 жылы Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы болып қызмет атқарған. Бір күні жұмыстан көңілсіз күйде шығып, Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар саябағына келеді. Саябақтағы орындықтардың біріне жайғасып, айналаны бақылап отырған кезде оның көзі ерекше көрініске түседі. Ағаш бұтағына келіп қонған тырнаға басқа құстар, әсіресе қарғалар тыныштық бермей, қайта-қайта келіп шоқып, мазасын алады. Жалғыз өзі отырған тырна қанша жерден қорғануға тырысқанымен, айналасындағы құстар оған орын бергісі келмейді. Осы көріністі үнсіз бақылаған сазгердің көңілі босап, терең ойға шомады. Кейін Нұрғиса Тілендиев бұл жағдайдың өзіне қатты әсер еткенін айтқан. Оның ойынша, құстар арасындағы осы көрініс адамдар өміріндегі кейбір жағдайларды еске түсіреді. Бір-бірін күндеу, өзгенің тыныштығын бұзу, орын бермеу секілді қасиеттер тек адамға ғана тән емес екенін сол кезде аңғарады. Саябақтағы сол бір сәт композитор үйге келіп, жары Дариға Тілендиеваға көрген оқиғасын ерекше толқыныспен айтып берген. Ол тіпті тырнаның аянышты халіне қарап көзіне жас алғанын да жасырмаған. Сол әсер көп ұзамай әуенге айналады. 

Әуен дүниеге келгеннен кейін Нұрғиса Тілендиев ақын Тұманбай Молдағалиевті шақырып, саябақта болған оқиғаны түгел баяндап береді. Композитордың көңіл күйін, ішкі толғанысын түсінген ақын әнге лайық мәтін жазуға кіріседі. Екеуінің шығармашылық үндестігі бұрыннан белгілі болатын. Сондықтан Нұрғисаның көңіліндегі мұң мен ойды Тұманбай дәл сезініп, оны өлең тіліне шеберлікпен түсіре білді.

Осылайша кейін қазақ даласына кең тараған:

«Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,

Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып...» деп басталатын өлең дүниеге келеді.

Тұманбай Молдағалиев құстардың күзгі көшін адамның өмір жолымен астастыра білді. Ән мәтінінде тек табиғат көрінісі ғана емес, уақыттың тоқтаусыз ағымы, жастық шақтың көзді ашып-жұмғанша өте шығуы, туған жерге деген сағыныш пен өмірдің өткіншілігі көрініс тапты. Құс қанатының алысқа бет алуы адамның да өмір жолындағы өзгерістерін, айырылысу мен қауышу сәттерін еске салады. Өлең жолдарындағы мұң мен сағыныш Нұрғиса Тілендиевтің әуенімен астасып, ерекше әсерлі шығармаға айналды. Әнді тыңдаған әр адам одан өз өміріне жақын бір сезімді таба алады. Біреуге ол балалық шақты еске түсірсе, енді біреуге туған жерді, ата-ананы немесе алыста қалған жастық кезеңді елестетеді.

Өнер зерттеушілері мен жақындарының айтуынша, Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнін өз шығармашылығындағы ең жақын әрі ең қымбат туындыларының бірі санаған. Композитор көптеген шығармашылық кештерін дәл осы әнмен аяқтайтын. Ән шырқалған сәтте зал ерекше тынышталып, тыңдарман мен өнер иесінің арасында өзгеше рухани байланыс орнайтын. Жақындарының айтуынша, өмірінің соңғы жылдарында Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әніне ерекше ықыласпен қарай бастаған. Тіпті ол туған-туыстарына: «Мені соңғы сапарға осы әнмен шығарып салыңдар» деген аманат қалдырған.