Қазақстанның кеңестік кезеңдегі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің арасында Мұстақым Біләлұлы Ықсановтың орны ерекше. Ол әр жылдары Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Жамбыл және Батыс Қазақстан өңірлерінде жауапты қызметтер атқарып, ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылым салаларының дамуына үлес қосты. Әсіресе Батыс Қазақстан облысын басқарған жылдары өңірдің экономикалық және мәдени келбетінің өзгеруімен байланысты аталады.
Мұстақым Біләлұлы Ықсанов 1926 жылы 30 наурызда қазіргі Батыс Қазақстан облысы Жәнібек ауданы аумағындағы Байдуков ауылында дүниеге келген. Болашақ мемлекет қайраткерінің балалық шағы ел өміріндегі күрделі кезеңдермен тұспа-тұс келді. Ол ауылдық ортада өсіп, жастайынан еңбекке араласты. Сол кезеңдегі көптеген қазақ жастары сияқты Мұстақым Ықсанов та ерте есейіп, жауапкершілікті жас кезінен сезінді. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ техникалық пәндерге қызығушылық танытып, нақты ғылымдарды жақсы меңгерді. Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін елде халық шаруашылығын қалпына келтіру жұмыстары басталып, инженерлік мамандарға сұраныс артқан еді. Осындай кезеңде Мұстақым Ықсанов білім жолын жалғастырып, Алматы теміржол техникумына оқуға түседі. Оны 1945 жылы тәмамдап, техникалық саладағы алғашқы кәсіби білімін алып шығады.
Алайда ол алған білімімен шектелмей, жоғары оқу орнына түсуге шешім қабылдайды. Кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтының су-техникалық факультетінде білім алып, инженер-гидротехник мамандығын игерді. Бұл мамандық сол кезеңде республика үшін аса маңызды бағыттардың бірі болатын. Өйткені Қазақстанда жаңа суару жүйелерін салу, тың және шөлейт жерлерді игеру, ауыл шаруашылығын сумен қамтамасыз ету мәселелері күн тәртібінде тұрған болатын.
Жоғары білім алғаннан кейін Мұстақым Ықсанов еңбек жолын Қазақстанның оңтүстігіндегі құрылыс және су шаруашылығы саласында бастады. Ол кезеңде республикада жаңа суармалы жерлерді игеру, ауыл шаруашылығын дамыту және инженерлік инфрақұрылым қалыптастыру бағытындағы ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқан еді. Жас маман осы маңызды жобалардың бел ортасында жүріп, тәжірибе жинақтайды. 1952 жылдан бастап Оңтүстік Қазақстандағы «Жетісайқұрылыс» басқармасында түрлі жауапты қызметтер атқарды. Алдымен өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы болып жұмыс істеп, кейін бас инженер, одан соң басқарма жетекшісі қызметіне дейін көтеріледі.
1958 жылы Мұстақым Ықсанов Қазақстандағы ең ірі ирригациялық жобалардың бірі саналатын «Бетпақдала ирригация құрылысы» тресінің бастығы болып тағайындалды. Оның мойнында Бетпақдала өңірін игеру үшін жаңа су арналары мен гидротехникалық нысандар салу, шөлейт жерлерді ауыл шаруашылығына бейімдеу деген міндет тұрған еді. Су шаруашылығы маманы ретінде Мұстақым Ықсанов мақта және күріш өсіретін аймақтардың дамуына тікелей үлес қосты. Оның басшылығымен жаңа суару жүйелері салынып, ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілді. Бұл жобалар кейін Оңтүстік Қазақстан мен Сыр өңіріндегі егіншілік көлемінің ұлғаюына негіз қалады.
1963 жылы 37 жасында Мұстақым Қызылорда облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Облысқа келгеннен кейін ол ең алдымен күріш шаруашылығын дамытуға басымдық берді. Тіпті еңбек адамдарының тәжірибесіне сүйеніп жұмыс істеуді жөн көріп, алғашқы сапарларының бірін атақты күрішші, Социалистік Еңбек Ері Ыбырай Жақаевқа арнайы барып кездесуден бастаған. Екі тұлғаның пікір алмасуы кейін облыста күріш өндірісін кеңейту бағытындағы маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етті. Осы жылдары Сырдарияның сол жағалауындағы жаңа жерлер игеріліп, ауқымды суару және мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Жаңадан күріш совхоздары құрылып, суармалы алқаптардың көлемі ұлғайтылды.
Мұстақым Біләлұлы күріш шаруашылығын дамытуға одақтық деңгейде қолдау алуға күш салды. Нәтижесінде салаға қосымша қаржы бөлініп, жаңа техника жеткізілді. Арнайы құрылыс және ауыл шаруашылығы ұйымдары құрылып, күріш өндірісінің ғылыми негізін күшейту мақсатында республикалық Күріш ғылыми-зерттеу институты Шымкенттен Қызылордаға көшірілді. Сонымен қатар оның бастамасымен жастарды ауыл шаруашылығына тартуға бағытталған жұмыстар жүргізіліп, облыста «Жас жақаевшылар» қозғалысы ұйымдастырылды.Бұл бастама кейін бүкіл Сыр өңіріндегі еңбек қозғалыстарының біріне айналды.
Қызылорда облысындағы нәтижелі қызметінен кейін Мұстақым Ықсанов республикалық деңгейдегі басшылық жұмыстарға тартылды. 1966 жылы ол Қазақ КСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Бұл қызметте 1970 жылға дейін жұмыс істеп, республика экономикасының бірнеше маңызды саласына жетекшілік етті. Оның құзыретіне ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, құрылыс және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға қатысты мәселелер кірді. Министрлер Кеңесіндегі қызметі кезінде Қазақстанның оңтүстік өңірлеріндегі суармалы егіншілікті кеңейту, жаңа инженерлік нысандар салу және ауыл шаруашылығын техникалық жаңғырту бағытындағы жұмыстарға қатысқан.
1970 жылы Мұстақым Ықсанов Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне тағайындалды. Бұл кезеңде облыстың ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту мәселелерімен айналысты. Ал 1971 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы қызметіне көтерілді. Бұл республикадағы ең жоғары саяси лауазымдардың бірі саналды. Сонымен қатар Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті бюросының мүшесі де болды.
Мұстақым қоғамдық-саяси қызметте де белсенді болды. Ол КОКП-ның XXIII және XXIV съездерінің делегаты болып сайланды. Ал 1971 жылдан бастап КОКП Орталық тексеру комиссиясының мүшесі қызметін атқарды. Сондай-ақ бірнеше шақырылым бойы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің және КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.
1975 жылы Мұстақым Ықсанов Орал облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып тағайындалып, бұл қызметті 1986 жылға дейін, яғни он бір жыл бойы атқарды. Ол өңірді дамытуда құрылыс саласына ерекше көңіл бөлді. Оның қызметі кезінде Орал қаласының келбеті айтарлықтай өзгерді. Қалада жаңа тұрғын үй шағын аудандары салынып, көпқабатты үйлердің құрылысы қарқын алды. Бұған дейін тұрғын үй тапшылығы сезілген өңірде мыңдаған отбасы жаңа пәтерлерге қол жеткізді.
Осы кезеңде Орал қаласының бірқатар маңызды нысандары пайдалануға берілді. Солардың қатарында «Ақжайық» қонақ үйі, жаңа әуежай кешені, теміржол вокзалы, мәдениет және сауда орталықтары бар. Сонымен қатар жаңа мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар салынды. Бұл халық санының өсуіне байланысты әлеуметтік қажеттіліктерді қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Мұстақым Ықсановтың бастамасымен облыс аудандарын дамыту жұмыстары да күшейді. Ауылдық жерлерде ондаған мектеп, мәдениет үйі, дәрігерлік амбулатория мен аурухана бой көтерді. Көптеген елді мекен алғаш рет орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылды. Ауыл тұрғындарына арналған тұрмыстық және әлеуметтік нысандардың құрылысы кеңейді. Көлік инфрақұрылымын дамыту да осы кезеңнің маңызды бағыттарының бірі болды. Облыс ішінде қатқыл табанды автомобиль жолдарының ұзындығы артты. Жаңа жолдар аудан орталықтары мен шалғай ауылдарды өзара байланыстырып, жүк және жолаушы тасымалын жеңілдетті. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізуге және өңір экономикасының дамуына оң әсерін тигізді. Өнеркәсіп саласында да бірқатар жаңа өндірістер іске қосылып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуаты арттырылды. Машина жасау, құрылыс материалдарын өндіру, тамақ өнеркәсібі және ауыл шаруашылығына қызмет көрсететін кәсіпорындар кеңейтілді. Мұның барлығы облыстың экономикалық әлеуетін күшейтуге бағытталды.
Республиканың әр өңірінде жауапты қызметтер атқарған Мұстақым Ықсанов елдің ауыл шаруашылығы, құрылыс және әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қосқан үлесі үшін бірнеше рет мемлекеттік деңгейде марапатталды. Соның ішінде Кеңес Одағы кезеңіндегі ең жоғары марапаттардың бірі саналатын Ленин орденімен, Еңбек Қызыл Ту ордендері бар. 1961 жылы оған Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы атағы берілді. Мемлекет және қоғам қайраткері 1991 жылы дүниеден өтті.