Айғаным ханым: дала дипломатиясын меңгерген әйел

Бөлісу

08.01.2026 7371

Қазақ тарихында ел басқару, саясат пен білім саласында айрықша із қалдырған әйелдер санаулы. Солардың бірі – XIX ғасырдағы Орта жүздің қоғамдық-саяси өміріне тікелей ықпал еткен, ұлт тарихындағы ең көреген аналардың бірі Айғаным ханым. Ол тек хан әулетінің келіні немесе әйгілі ғалымның әжесі ғана емес, тұтас бір дәуірдің ақыл-ой иесі, дала дипломатиясын меңгерген ірі тұлға болды.


Айғаным Сарғалдаққызы 1783 жылы қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Сырымбет өңірінде дүниеге келген. Әкесі Сарғалдақ қожа Бұхарада білім алған, дін ілімін терең меңгерген, заманының көзі ашық, беделді тұлғаларының бірі болған. Айғаным осындай рухани әрі зияткерлік ортада тәрбиеленіп, жастайынан білімге ерекше құштар болып өседі. Ол араб, парсы, шағатай тілдерін еркін меңгеріп, кейін орыс тілін де игерген. XVIII–XIX ғасырлар тоғысындағы қазақ қоғамы үшін мұндай көптілділік пен білім деңгейі сирек құбылыс еді. Бұл қабілет Айғанымның болашақта тек ханым емес, ел ісіне араласқан қайраткер ретінде қалыптасуына берік негіз қалады.

Айғаным – Орта жүзді ұзақ жыл басқарған, Абылай ханның тұңғыш ұлы, Уәли ханның кіші әйелі. Алайда бұл некені тағдырдың жай сыйы немесе хан әулетіне тән дәстүрлі таңдау деп қарастыру жеткіліксіз. Айғаным Уәли ханға тұрмысқа шығуға саналы түрде, өз шарттарын алға қоя отырып келіседі. Ол өзіне бөлек қоныс бөлуді, төркініне жақын өңір, Сырымбет маңында орнығуды және болашақ балаларына білім беруге толық еркіндік беруді талап етеді. Ханның бұл шарттарға келісуі Айғанымның ақыл-парасатына, болмысына деген құрметтің айғағы еді. Сырымбетке қоныстануы Айғанымның өміріндегі шешуші кезең болды. Бұл жер кейін оның саяси, ағартушылық және қоғамдық қызметінің орталығына айналды. Айғаным өзін тек ханның жары ретінде емес, дербес ойлайтын, елдің ертеңін болжай алатын тұлға ретінде көрсете білді. Оның бұл таңдауы сол заман үшін айрықша батыл қадам, ал қазақ әйелінің қоғамдық өмірдегі орнын жаңа деңгейге көтерген тарихи шешім еді.

1821 жылы Уәли хан дүниеден өткен соң Орта жүздегі билік мәселесі күрделі кезеңге аяқ басты. Дәстүр бойынша тақ ханның үлкен ұлына өтуге тиіс еді, алайда Ғұбайдолла саяси жағдайларға байланысты ел басқару мүмкіндігінен айырылып, ұзақ уақыт қудалауда жүрді. Осы тұста ел ішіндегі тұрақтылық пен сыртқы қысым арасындағы тепе-теңдікті сақтай алатын тұлға ретінде Айғаным алға шықты. Нәтижесінде билік тізгіні оның қолына көшіп, ол ел ісін нақты басқарған ықпалды қайраткерге айналды. Ресей империясы Айғанымды ресми түрде ханша ретінде танып, оған жалақы тағайындады. Бұл сол дәуірде қазақ әйеліне көрсетілген сирек саяси мойындаудың бірі еді. Осы кезеңде Солтүстік және Орта Қазақстандағы маңызды қоғамдық-саяси шешімдердің басым бөлігі Айғанымның қатысуымен, оның пікірі ескеріле отырып қабылданды. Айғанымның ықпалы тек ішкі істермен шектелмеді. Ол Санкт-Петербургтегі Сібір комитетімен, Ресей Сыртқы істер министрлігінің Азия департаментімен тұрақты хат жазысып, Омбы, Тобыл, Петропавл қалаларындағы жоғары шенді шенеуніктермен тікелей байланыс орнатты. Бұл ресми хат-хабарлар бүгінге дейін Ресей архивтерінде сақталып, Айғанымның саяси салмағы мен дипломатиялық қабілетін дәлелдейтін құнды дереккөз ретінде бағаланады. Оның парасаты мен беделін терең түсінген патша үкіметі қазақ даласына қатысты көптеген мәселеде Айғанымның пікірін ескеріп, онымен санасуға мәжбүр болды. 

Айғанымның тікелей өтінішімен Ресей императоры Александр I Сырымбет өңірінде арнайы қоныс салдыруға жарлық береді. Бұл қоныс сол кезеңдегі қазақ даласы үшін айрықша құбылыс болып, көшпелі өмір салтынан біртіндеп отырықшылыққа бет бұрған, ағартушылық пен қоғамдық өмірді ұштастырған тұтас кешен қалыптасты. Қоныс аумағында мешіт, медресе, мектеп, монша, диірмен, қонақ үй секілді ғимараттардың салынуы Айғанымның елді тек басқаруды ғана емес, оның мәдениеті мен тұрмысын жаңғыртуды да мақсат еткенін көрсетеді. Бұл орын кейін өңірдің рухани әрі зияткерлік орталығына айналды.

1834 жылы бой көтерген Айғаным медресесі сол дәуірдегі білім ошақтарының алдыңғы қатарында тұрды. Мұнда балаларды тек діни ілімменемес, жазу-сызуға, дүниетанымдық білімге, ойлау мәдениетіне баулыды. Дәл осы медреседе болашақ ұлы ғалым Шоқан Уәлиханов мұсылманша алғашқы сауатын ашып, білімге деген құштарлығы қалыптасты. Айғаным үшін білім ұлттың ертеңін айқындайтын басты құрал еді. Сондықтан ол оқыту сапасына, ұстаздардың біліміне ерекше мән берген.

Айғаным бұл ұстанымын өз әулетінің тағдыры арқылы да нақты іске асырды. Ол ұлы Шыңғыс Уәлихановты Омбыдағы әскери училищеге оқуға беріп, заманауи білімнің маңызын ерте түсінгенін көрсетті. Кейін немересі Шоқанды да осы жолға бағыттап, анасы Зейнептің қарсылығына қарамастан, небәрі 12 жасында Омбыға жіберді. Ғалым Әлкей Марғұлан Айғаным ханымды «Шоқан үшін халық даналығының сарқылмас бұлағы» деп бағалауы тегін емес. Шоқанның ерте есейіп, ғылымға, зерттеуге бейім болып қалыптасуына әжесінің тәлімі, Сырымбеттегі зияткерлік орта және білімге негізделген тәрбие шешуші әсер етті. Осы тұрғыдан алғанда Айғанымның ағартушылық қызметі бір әулеттің ғана емес, тұтас қазақ ғылымының болашағын айқындаған тарихи миссия болды.

Айғаным ханым 1853 жылы 19 қарашада Сырымбетте дүниеден өтті. Бұл дерек немересі Шоқан Уәлихановтың өз қолымен жазып қалдырған естеліктерінде нақты көрсетілген. Ұлы ғалым әжесінің қазасын терең күйзеліспен қабылдап, оны ислам дәстүріне сай жерлеу рәсіміне өзі тікелей қатысқан. 

Айғанымның өмірі – қазақ әйелінің тарихи мүмкіндігі мен зияткерлік әлеуетінің жарқын дәлелі. Айғаным ханым тек өз дәуірінің ғана емес, кейінгі ұрпақ үшін де ел басқару, білім мен парасат арқылы ұлтқа қызмет етудің өнегелі үлгісі болып қалды.

Бөлісу