Қайсар ғалым – Қайым Мұхамедханов

Бөлісу

05.01.2026 7938

Бүгін қайсар ғалым, қайраткер тұлға – Қайым Мұхамедхановтың туған күні. Ғалым абайтану ғылымын жүйелі түрде қалыптастырған іргелі зерттеуші, шәкәрімтанудың ғылыми негізін қалаушы, текстолог, Абай және Алаш мұрасын жинақтап, саралап, ғылыми айналымға түсірген тұлға.  Ғалымның бүгін туғанына 110 жыл толып отыр.


Қайым Мұхамедхановтың қазақ ғылымындағы ең ұлы еңбегі – абайтануды дербес, жүйелі ғылыми сала ретінде қалыптастыруы. Ол Абай шығармашылығын тек поэтикалық талдау шеңберінде емес, тарихи, мәтіндік, мәдени контекстте зерттеді. Абайдың ақындық мектебі бар екенін ғылыми түрде дәлелдеп, оның айналасындағы ақын шәкірттердің шығармаларын жинап, салыстырып, текстологиялық тұрғыда негіздеді.

Бұл сол кезең үшін аса қауіпті бағыт еді. Себебі кеңестік идеология Абайды «жалғыз данышпан», ал оның айналасын «феодалдық орта» ретінде көрсетуге мүдделі болды. Ал Қайым бұл тұжырымға қарсы шықты. Ол Абай мектебі – қазақ әдеби дамуының табиғи жалғасы екенін дәлелдеді. Қайым Мұхамедханов ғұмырнамасында бірнеше трагедиялы кезеңді басынан кешірді. Әкесі Мұхаметқанның сотталуы, өзінің екінші дүниежүзілік соғысқа қатысуы, кейінгі ғылым жолындағы қуындаулар осы бір қайсар тұлғанын басынан өткен-ді. Кейін Абай тұлғасын, әдеби мектебін ғылыми айналымға түсіру барысындағы қуғындалған ұстазы Мұхтар Әуезовті қорғап, араша түсті. Демек, ол тек бір адамды ғана емес, Абайды да, Абай есімімен байланысты күллі рухани әлемді де сақтап қалуға тырысты. Егер сол сын сағатта Қайымның азаматтық батылдығы мен принципшілдігі болмағанда, «Абай жолы» эпопеясы аяқталмай қалуы да әбден мүмкін еді.

Ғалым қуғыннан кейінгі тұтас ғұмырын ғылымға арнады. Кейінгі ғұмырлық сағатында мерейлі мезет көрініп, Қазақ ССР Мемлекеттік гимнінің авторларының бірі атанды, КСРО Жазушылар одағының мүшесі болды.  Алаштану саласын терең дамытып, Алаш қайраткерлерінің мұрасын айшықтауда зор еңбек сіңірді. Сол еңбегі үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері атанды. Профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі, Семей мен Аягөз қалаларының, Жаңасемей мен Абай аудандарының Құрметті азаматы деген атақтарды да көзі тірісінде көрді, сезінді, қуандыҒалымның ғылыми мұрасы 1000-нан астам еңбекті қамтып, бүгінгі қазақ әдебиеттануында үлкен ғылыми мектебі қалыптасты. 

Бөлісу