Тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды - Тоқаев

Бөлісу

05.01.2026 7218

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайтындығын атап өтті, деп хабарлайды e-history.kz порталы.  


«Әзіл айта білу және тарихи деректерді жетік білу үлкен саясатта да жоғары бағаланады. Мен кәсіби тарихшы емеспін. Сондықтан, көптің алдында өткен дәуірлерге қатысты тақырыптарға бара бермеймін. Бірақ, тарихқа қызығамын, кітаптар мен мақалалар оқимын. Десе де, тарихи деректерді қазіргі саясаттың мүддесіне пайдалануға болмайды деп санаймын», - деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев тарихтан талай нәрсені үйренуге болатындығын алға тартты. Сондай-ақ Президент тарихи парадокстар туралы ойын да ашық айтты:

«Белгілі жазушы, драматург Эдвард Радзинский өткен ғасырдағы 80-ші жылдардың басында Сталин туралы іргелі зерттеу кітабын жазуға кіріскенін айтыпты.

Қаламгердің елге «қайта құру қаһармандары» ретінде танылған достары «Сенің Сталинің кімге қажет? Ашықтық пен демократия дәуірі басталғанын білмейсің бе? Сталинизм заманы келмеске кетті» деп кекетсе керек. Сонда жазушы «Мен кітапты жазып бітірген кезде жұрт Сталиннің суретін көтеріп алып, көшеде жүретін болады» деген екен. Ақыры солай болып шықты.  

Тарихтан талай нәрсені үйренуге болады, күні кеше ғана қуғында жүрген жандар ертең-ақ ұлы тұлға атанады. Есесіне, Ленин сынды көсемдердің әжуаға айналуы оп-оңай, халық оның қанатты сөздерін әлдеқашан ұмытқан. Ал, Троцкий өз естеліктерінде «партиямыздың ең көрнекті ортақол адамы» деп атаған Сталинді қазір жұрт мадақтайды, тіпті, «Кадр бәрін шешеді», «Бала әкесі үшін жауап бермейді», «Өмір қандай керемет, өмір қандай көңілді», «Табыстан бас айналу», «Гитлерлер келеді-кетеді, ал неміс халқы қала береді» деген сөздері үшін пір тұтады. Осындай тарихи парадокстар бізде де аз емес…» - Тоқаев.  

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне кең көлемді сұхбат берді. Сұхбаттың толық нұсқасын E-history.kz сайтынан оқи аласыздар. 

Бөлісу