ЮНЕСКО тізімі мен цифрлық серпін: Қазақстан тарихи-мәдени мұраны сақтаудың жаңа кезеңіне қадам басты

Бөлісу

26.12.2025 8539

Биыл Қазақстан үшін тарихи-мәдени мұраны сақтау мен жаңғырту бағытында айрықша бетбұрыс жылы болды. Ұлт жадының терең қатпарларынан бастау алатын рухани қазынаны жүйелі қорғау, оны әлемдік мәдени кеңістікке таныту ісі нақты нәтижелермен айшықталды. Бұл – сөз жүзіндегі емес, құжатпен, жобамен, халықаралық мойындаумен бекіген қадамдар.


Ең алдымен, Қазақстанның ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне бірден бірнеше маңызды номинация ұсынуы – ұлттық мәдениеттің байлығын әлемге паш ететін ірі оқиға. Атап айтқанда, дәстүрлі аңшылық өнерді бейнелейтін «Салбурын», эпикалық мұраның інжу-маржаны «Алпамыс батыр жыры», қолөнер мен тұрмыстық мәдениеттің көрінісі «Кесте-сюзанне», дәстүрлі киіз басу және ұлттық бас киім – тақия номинациялары халықаралық деңгейде қаралуда. Бұл бастамалар қазақтың күнделікті тіршілігі мен дүниетанымынан тамыр тартатын мәдени кодтың өміршең екенін көрсетеді.

Мәдени мұраны сақтау тек өткенге көз тігу емес, оны болашаққа аман жеткізу екенін ескерсек, 2025 жылы ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұра орталығына жолданған екі ірі номинацияның маңызы ерекше. Бірі – «Маңғыстаудағы жерасты мешіттері», екіншісі – «Ұлы Жібек жолы: Ферғана–Сырдария дәлізі» атты трансұлттық жоба. Бұл нысандар тек сәулет немесе археология ескерткіші ғана емес, тұтас өркениеттік үдерістердің куәсі.

Рухани сабақтастықты ғылыми тұрғыда зерделеу ісі де назардан тыс қалған жоқ. Түркістан қаласында өткен «Заман мен мәдениет диалогындағы Ясауи мұрасы» атты халықаралық симпозиум соның айғағы. Мемлекет басшысының бастамасымен ұйымдастырылған бұл форумға 15 елден жүзге жуық ғалым қатысып, Ясауи ілімінің түркі және әлемдік мәдениеттегі орнын талқылады. Симпозиум Түркістанның тек тарихи емес, Түркі әлемінің ғылыми-интеллектуалдық орталығы ретіндегі мәртебесін нығайта түсті.

Осы бағыттағы маңызды жұмыстардың бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ғылыми қалпына келтіру. Кесене – тек сәулет өнерінің жауһары ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани символы. Ғылыми негізде жүргізіліп жатқан реставрация жұмыстары оның түпнұсқалық болмысын сақтауға және әлемдік мұра ретіндегі құндылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Биыл Қазақстанда алғаш рет тарихи нысандарды заманауи цифрлық жүйелермен жабдықтау жұмыстары басталды. Қарахан, Айша бибі, Арыстанбаб, Қожа Ахмет Ясауи кесенелері мен көне Отырар қалашығында электронды билет сату жүйелері, өздігінен қызмет көрсету терминалдары, турникеттер, жасанды интеллектке негізделген бейнебақылау камералары орнатылуда. Бұл – мәдени мұраны қорғау мен туризмді дамытудағы жаңа сапалық деңгей.

Цифрландырудың тағы бір ірі жетістігі – «E-museum» порталы. Жоба еліміздегі 285 музейдің қорын біріктіріп, 66 мыңнан астам экспонатты онлайн форматта қолжетімді етті. Үш өлшемді модельдер мен виртуалды турлар – музей кеңістігін әлемнің кез келген нүктесінен тамашалауға жол ашады. Бұл бастама ұлттық мұраны сақтаумен қатар, оны халықаралық аудиторияға танытудың тиімді құралына айналып отыр.
Мәдениет саласындағы цифрлық серпін кино индустриясын да қамтыды. «E-кино» ақпараттық жүйесі кинотеатрлардағы көрсетілімдерді біртұтас электронды есепке алып, саланың ашықтығын арттыруда. Қазіргі таңда платформаға 68 кинотеатр қосылып, жүйе арқылы 20 310 билет сатылған. Бұл деректер ұлттық кино өндірісін талдауға, нарықтағы нақты ахуалды бағалауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, театрлар мен музейлерде электронды билет жүйесі, өздігінен қызмет көрсету терминалдары мен заманауи бақылау құралдары кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Бұл өзгерістер көрерменге қолайлы орта қалыптастырып қана қоймай, мәдени мекемелердің жұмысын нақты статистика негізінде жоспарлауға жол ашады.

Қорыта айтқанда, биыл атқарылған жұмыстар Қазақстанның тарихи-мәдени мұраны сақтау ісінде дәстүр мен технологияны үйлестіре алғанын көрсетеді. Бұл – өткенді қадірлеп, болашаққа сеніммен қараудың нақты көрінісі.

Материал ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ресми ақпарат негізінде дайындалды.

Бөлісу