Чянлуң жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер – 1755 жылы 29 ақпан

Бөлісу

15.12.2025 7900

1636–1912 жылдары өмір сүрген Қытай тарихындағы соңғы империя Чиң (Цинь) патшалығы әмбеге аян. Ал осы кезде хатқа түскен қазаққа қатысты деректер жетерлік. Солардың бірсыпырасы Қытайдағы Іле халық баспасынан 2009 жылы жарық көрген «Чиң әулеті сарай жылнамаларындағы қазаққа қатысты деректер» атты кітапта жарияланған. Қаһарман Мұқашұлы, Кәкеш Қайыржанұлы бірлікте аударған еңбекті бір шеттен парақтап көрейік. 


Анықтама үшін айта кетейік, Чянлуң (Цяньлун/乾隆/abkai wehiyehe) жылнамасы дегеніміз Чиң Гаузұң Айсинь Гьоро Хунлидің (Aisin Gioro Hongli) жылнамасы, ол 1736-1795 жылдарды қамтиды. Чянлуңның 20-шы жылы 1-айдың 17-күні (яғни 1755 жылы 29 ақпан) сарай жазбасына былай деп түсірілген екен:

«Жарлықта тағы да былай делінген: Такылудың (Таңкылу) мәліметінде: «банжурлар солтүстік аймақтарда қалғысы келеді. Осының көшірмесін жіберіп Банди[1], Сарылдарға[2] мұны хабарласақ, банжурдың сарбазы азайып, жасақ[3] болудан қалған. Сондықтан батыс жаққа оның бару ойы жоқ» делініпті. Мен оның бұл тілегін қабыл еткенмін. Бірақ Нағчанның алаяқ залымдығына қарап, оның қазіргі такілуге айтқан  «ісіміз жеңіске жеткеннен кейін Әмірсана[4] хан болып тағайындалса, ол қазақ ханы Абылайларды Бейжіңге қол тапсыруға бастап әкеле алар еді, Әмірсана қоңсылас болса, сонан бастап олармен арамызда татулық орнар еді» дегендерін басы ашылмаған дүдәмал сөз деп білемін. Ісіміз жеңіске жетсе Әмірсананы ғана хан көтеруіміз керек пе? Жоңғар тыныштандырылғаннан кейін Жоңғардың екі тізгін, бір шылбырын Әмірсананың қолына бір-ақ бермеймін. Қайта төрт ойраттың тәйжілерін алды-алдына хан етіп тағайындаймын. Бұл ойымды ол мүлде білмейтін көрінеді. Егер оның айтқаны болса, Дауачидан айырмасы болмайды. Олар осы сөздер арқылы ойымызды алдын ала білгісі келіп отырса, бұл істі мен солардың тілегі бойынша шешсем, арандары тіпті ашылады. Егер Әмірсананы ғана Қойыд ханы етіп тағайындасақ олар сонда күдерін үзеді.  Банди, Сарылдар Әмірсананы Қойыд ханы деп жариялай берсін. Қалған үш тәжінің де хан болатындығын жай әңгімеде ауызға ала жүріп, жұрт құлағына құя берсін. Сонда олар қисынсыз қиялдан арыла алады. Ал Әмірсананың Тарбағатай алқабын мекен тұтып, қазақтармен қоңсылас отырамын дегені мойынды қашыққа салып, қазақтардың көмегімен біржола құрық әкетудің амалы болмаса, қағанатымыз үшін қажымай қызмет етсе, онда әрине менің айрықша жарылқауымда болады. Жеке өз алдына ел билеп, жұрт сұрамақшы болса оған мүлде жол берілмейді. Жасауыл  Зақсу (Зақсы) бұл жарлықты құпия түрде Банди, Сарыларға жеткізсін.  Оны қалайда қадағалап бақылау керек. Жоңғар тынышталғаннан кейін Әмірсана сол жердегі ел ағаларын бастап келіп жатса, қазақ жөніндегі істерді бірге ақылдасып нұсқау сұрап бір жайлы етерсіңдер.

(«Чиң әулеті Гаузұң патшаның сарай жазбалары», ҚХР Шужүй баспасы, 1986 жыл, бірінші басылуы, 481-бума, 3-5-беттер)».

Осы сарай жазбасынан көрінетіндей, Чиң империясы Жоңғар хандығын толық бағындыру кезеңінде ойрат тайшыларының арасындағы алауыздықты өз мүддесіне шебер пайдаланған. Әмірсана төңірегіндегі саясат та осы мақсатқа бағытталғаны байқалады. Патша Чянлуң бір жағынан жоңғар билеушілерін өзіне тәуелді етуге, екінші жағынан қазақтармен арадағы қатынасты бақылауда ұстауға тырысқан.

Жарлықтағы Әмірсананың қазақтармен жақындасу ниеті, Абылай ханды Бейжіңге апарып қол тартқызу туралы сөздері – Чиң сарайының күдігін арттыра түскен тұстар. Сондықтан империя Әмірсананы жалғыз хан етіп көтеруден тайсақтап, төрт ойраттың билігін бөлек-бөлек тағайындау арқылы күшті бір орталықтың пайда болуына жол бермеуге тырысқан.

Бұл деректер қазақ тарихының сол дәуірдегі геосаяси жағдайын, Абылай ханның беделі мен оның төңірегіндегі күрделі дипломатиялық ойындарды айқын көрсетеді. Сонымен бірге Чиң империясының ішкі есеп-қисабы мен сыртқы саясаттағы айла-тәсілдері де қытай мұрағаттары арқылы толық көрініс табады.

*** *** ***

[1] Банди – (1755-?) моңғол. 1754 жылы шекараны орнықтырушы сол қанат кіші генерал, терістікті орнықтырушы генерал. Дауачиға қарсы соғыста ерлік көрсеткен. Әмірсана бүлігі кезінде Іледе өлтірілді. 

[2] Сарыл – (1759-?) моңғол сары тулыларынан. Ойрат жайсаңы. Чиң патшалығына бағынғаннан кейін Жоңғарды тыныштандыру кезінде шекараны орнықтырушы оң қанат кіші генерал. Әмірсана бүлігінде тұтқындалып, кейін Бейжіңге қашып барған.

[3] Жасақ – Чиң әулетінің моңғолдарды аймақ, аудандарға бөліп басқару тәртібі. Моңғолша «жасса» (жасы) деген сөзден шыққан (заң мағынасында). Мәнжу түзімі бойынша моңғолдар да туларға бөлінді. Әрбір туға бірден жасақ тағайындалды. Жасақтар хан, уаң, бейле, бейсі, тәйжі, гүңдерден қойылды. Жасақтың қол астында залың (оқшы), жалан (тушы ежен), шығауыл мыңер, зәңгілер болды. 

[4] Әмірсана – (1723-1757) ойрат моңғол хойт тайпасының тәйжісі. Жоңғар Суан Рабданның жиен немересі. 1752 жылы Дауачимен бірігіп жоңғарлық лама Доржаны өлтіріп, Дауачиды хан көтерді, соңынан онымен бақталас болды. Екі жылдан соң Дауачидан жеңіліп, Чиң патшалығына бағынды (бес мың жаса, елу мың адаммен). Содан Хошой Чинуаң (Хосой ханы) болды. 1755 жылы Ежен хан қосындары Жоңғарларды тыныштандыру жорығын ашқанда, шекараны орнықтырушы сол қанат кіші генерал (кіші сардар) болып тағайындалды да, әскерін Ілеге әкелді. Дауачи тұтқындалғаннан кейін Ежен хан төрт ойратты бөлшектеу саясатын қолданып, әрбіріне бірден хан тағайындады. Әмірсана хойт ханы болды. Осы кезде төрт ойраттың басын қосып өзі бас тәйжі болудан дәмеленген Әмірсана Ежен ханмен дидарласуға бара жатқан жолында сатқындық істеді және қарасты қауымын бастап Бұратала, Іле өңірлерінде Чиң қосындарымен соғысты. Сол жылы жеңіліс тауып, қазақ жеріне қашты. 1757 жылы орыс жеріне кетіп, 21 қыркүйек күні шешектен өлді. 

Бөлісу