Әдебиет порталындағы «Ұлт оқитын 100 кітап» жобасының кезекті шығарылымы бұл жолы интеллектуалды әдебиетке, ой тереңдігіне, ұлттық рухты тәрбиелейтін көркем мұраларға арналды. Пікірталас алаңына жиналған ақындар мен әдебиеттанушылар ХХ ғасыр басындағы қазақ поэзиясының ірі өкілі – Мағжан Жұмабаевтың тұлғасы мен шығармашылық болмысы жайында өз ойларын ортаға салды.
Жиын барысында сөз алған белгілі ақын Дәулетбек Байтұрсынов Мағжан поэзиясының жүрекке әсер ететін ішкі қуатын ерекше атап өтті. Ақын:
«Түркістан», «Мен жастарға сенемін» секілді шығармаларында ақынның түркілік кеңістікті тұтастыра алатын, ұлттық рухты оятатын күшті пафосы бар. «Мағжанның өлеңдерінен мінез көрінеді. Ол түркілік рухты көтерген, жүректі тербейтін ақын», – дейді.
Ал ақын, зерттеуші Мұратхан Шоқан Мағжан тағдырының трагедиялық қырын, оның толық ашыла алмай кеткен рухани әлемін ерекше тоқталып айтты.
«Мағжан – еркін рухты ақын. Бірақ ол ұлтына берерін толық бере алмай кетті. Ұлтымның білімін, деңгейін көтерсем деген ұлы арманы бар еді, өкінішке қарай, сол арманның бәрі орындала алмады», – дейді ол. Зерттеушінің пікірінше, Мағжанның шығармалары – еркіндікке, ой тәуелсіздігіне, рух биіктігіне құштар жүректің үнсіз айқайы.
Қазақ әдебиетінде Мағжан – поэтикалық эстетиканың шоқтығы биік өкілі ғана емес, сонымен бірге ұлтын сүйген, түркілік тамырды тереңнен іздеген күрделі тұлға. Оның поэзиясында нәзіктік пен ерлік, романтизм мен реализм, ұлттық идея мен жалпыадамзаттық биік мұраттар тоғысады. Әдебиеттанушылардың айтуынша, Мағжанның өлеңдеріндегі ішкі монологтар, символдық образдар, еркін риторика – ақынның жан әлеміндегі толассыз арпалыстардың көрінісі.
Мағжан өмірлік жолын тек махаббат лирикасымен немесе романтикалық жырларымен ғана өлшеуге болмайтын ақын. Ол ұлттың рухани тәуелсіздігін армандаған, елдің білімін, ғылымын көтеруді көздеген ойшыл. Түркі халықтарының тұтастығын асқақ арманға айналдырған тарихи тұлға. Оның қай шығармасын алсақ та, онда халық тағдырына алаңдаған үлкен жүректің үні бар. Әдебиет үшін Мағжан тек өткен ғасырдың өкілі емес, әр дәуірге үн қататын, ұрпақтың рухын тірілтетін тұлға.