Жер астындағы өмір - Ulytau Geo

Бөлісу

05.11.2025 10499

Сіздер білесіздер ме? «Белка» ойынын ағылшындар алғаш рет Жезқазған жеріне алып келген. Ulytau Geo жобасының үшінші шығарылымында бағдарлама жүргізушілері 500 метр тереңдікке түсіп, шахтерлердің өмірін көрсетеді әрі қызықты деректермен бөліседі.


Адам баласы ежелден түрлі кәсіппен айналысып келеді. Түрлі салада еңбек етіп, табиғат байлықтарын игерді. Солардың ішінде ең маңыздысының бірі – мыс. Мыс арқылы алғашқы құрал-саймандар, кейін қару-жарақ пен әшекей бұйымдар жасалды. Бүгінде мыссыз электр қуаты да, өндіріс те, техника да мүмкін емес. Ал осы қазынаға жан беретін – шахтерлер. Ulytau Geo бағдарламасының үшінші шығарылымында тілшілеріміз жер астына түсіп, кеншілердің ауыр да мәртебелі еңбегімен танысады. Шахтерлердің өмірін көзбен көріп, өздерімен сұхбат құрады. 

Шахта — жер астындағы әлем, ал шахтер — сол қараңғы әлемнің шырақшысы. 

Қазақстандағы шахтер кәсібінің тарихы ХХ ғасырдың алғашқы жартысынан басталады. Әсіресе Жезқазған мен Қарағанды өңірлерінде шахта еңбегі ел тірегіне айналды. Ардагерлердің айтуынша, алғашқы кеншілер тәулігіне 12 сағат бойы жер астында күрек пен арбамен еңбек еткен.

Тәуелсіздік жылдары шахталар жаңа технологиялармен жабдықталды. Қауіпсіздік деңгейі бірнеше есе артты. Дегенмен шахтердің рухы өзгерген жоқ. Олар бүгін де күн сайын жердің жүрегіне түсіп, ел экономикасының өзегін көтеріп жүр. Шахтерлердің кәсіби мерекесі – тамыздың екінші жексенбісі. Бұл – қара алтын мен қызыл мыс үшін тер төккен мыңдаған кеншінің еңбегіне тағзым ету күні. Шахтерлердің өмірі тек жұмыспен шектелмейді. «Белка ойыны» — шахтадан шыққан соң стрестен арылудың бір тәсілі. Бұл ойын әзіл мен күлкі арқылы адамның көңілін көтеріп, психологиялық жеңілдік береді.

Шахтер мәдениетінде ағылшын мамандарының да ізі бар. Олар шай ішу дәстүрін, қол сигналдары арқылы байланыс орнатуды, тыныштық кодексін енгізді. Бұл қауіпті жерде сенім мен сыйластықтың қаншалықты маңызды екенін көрсететін дәстүрлер. Бүгінде шахтерлер жасанды интеллектпен басқарылатын бұрғыларды, телеметриялық бақылау жүйесін, автоматтандырылған лифтілерді пайдаланады. Бірақ жер астындағы ең басты сенім – адамның өзі. Ардагерлер: «Шахта – адамды шынықтыратын жер» дейді. Ол – еңбек мектебі ғана емес, ерлік мектебі. Шахтер үшін әр жұмыс күні – сынақ, әр сәт – жауапкершілік, ал шахта – екінші үй. 

Толығырақ кеншілердің қызыққа әрі еңбекке толы жер астындағы өмірі туралы бағдарламадан тамашалай отырыңыздар! 

Айта кетер болсақ, үстіміздегі жылы «Qazcontent» акционерлік қоғамы Ulytau Geo жобасын түсіруді қолға алған. Жобаның басты мақсаты – Ұлытаудың кенді өңір ретіндегі маңызын ғана емес, сонымен қатар тарихи және рухани орталық ретіндегі құндылығын кеңінен таныту. Сондай-ақ фильм аймақтың киелі орындарын насихаттап, туризмді дамытуға және жастардың тарихқа қызығушылығын арттыруға бағытталған.Деректі фильм жеті бөлімнен тұрады. Онда Жошы хан, Алаша хан кесенелері, Хан ордасы, Әулиетау (Ақмешіт) сияқты қасиетті орындар мен Ұлытау ауылының қазіргі бейнесі қамтылған.Фильмде Ұлытау облысының өткені мен бүгінгі келбеті астасып, шахтерлердің өмірі мен наным-сенімдері, Қаныш Сәтбаевтың ғылымдағы мұрасы, сондай-ақ геология мен мәдениеттің өзара байланысы жайлы тың деректер ұсынылады.

Топтаманың алғашқы сериясы – «Дәуір көрген – Қарсақпай. Алғашқы табылған мыс» деп аталады. Ол Қазақстан металлургиясының бастау алған жері Қарсақпайға арналады. Екінші шығарылым - Қаныш Сәтбаевқа арналды. Бұл шығарылымда біз жас Қаныш Сәтбаевтың Жезқазғанға алғаш келген кезін әңгімелейміз.