Сақтар (б.з.б. VIII–III ғғ.) – қазақ даласы мен Орталық Азияның ежелгі көшпелі тайпалары. Сақтардың металл өнері әлемдік мәдениет тарихындағы ең жарқын үлгілердің бірі. Сақтар өз заманында алтын, күміс, қола және темірден жасалған бұйымдарымен әйгілі болды.
Олардың өнері «аң стилі» деп аталатын ерекше сипатқа ие болды: жыртқыш аңдар, құстар, мифтік жаратылыстар (грифон, қанатты барыс) бейнеленді. Сондай-ақ мұндай өнер туындылары символдық және реалистік элементтермен үйлесіп жатты.
Бұл өнер сақтардың дүниетанымын, соғыс өнерін және әлеуметтік құрылымын көрсетеді. Бұған Есік қорғаны (Алтын адам), Берел, Шілікті, Тәңірқазған қорғандарынан табылған археологиялық қазбалар дәлел бола алады. Табылған жәдігерлер сақ металлургиясының өте жоғары деңгейде болғанын дәлелдейді.
Металлургия технологиясы
Сақтар металл өндіру мен өңдеудің барлық түрін меңгерген деуге болады. Сақ әуіріне тән кен орындары Шығыс Қазақстан (Қалба, Алтай), Орталық Қазақстан (Жезқазған, Ұлытау) және Оңтүстік Сібір өңірлерінен табылды. Кен орындарынан мыс, қалайы, алтын, темір құймалар алынды. Олар кенді ашық және жерасты шахталарынан өндірді. Жер асты шахталарының тереңдігі - 30-50 метрге дейін жетті.
Металл балқытутехнологиясы
Домна пештері (саздан жасалған, ауа үрлеу арқылы 1200°C-қа дейін қыздырды). Темірді осындай домна пештерінде балқытып алды. Кейін оған көміртек қосып болат алуды меңгерген.
Өңдеу әдістері
Құю (литьё) тәсілін қолданды. Қазба жұмыстары барысында қола мен алтын бұйымдарға арналған көптеген саз қалыптар табылды.
Соғу (ковка) тәсілі арқылы: Яғни темірді соғу арқылы, белігілі бір пішінге келтірді. Мәселен қару-жарақ, алтын пластиналар осындай тәсілмен жасалды.
Штамптау және гравировка: Алтын фольгаға бейнелер басылды.
Сондай-ақ сақтар дәнекерлеу және инкрустация тәсілдерін шебер меңгерген еді. Алтынға күміс, меруерт, көгілдір тастар (лазурит, түркіс) қондырылды.
Түрлі қорытпалар жасай білді: Мыс пен қалайыны қосып, қола алды. Сондай-ақ археологтар сақтардың мыс пен мышьяктан арсеникті қола (беріктігі жоғары) алғанын айтады. Басында айтып өткеніміздей, темір мен көміртекті қосу арқылы сапалы болат шығара білді.
Сақтар темірді жаппай қолданған алғашқы халықтардың бірі саналады. Яғни темір дәуіріне түрен салған халық болды.
Сақтардың түрлі металлдардан жасаған негізгі бұйымдары
Алтын Алтын биліктің символы болды. «Алтын адам» киімі (4000+ пластинка), қанжар, белдік, ат әбзелдері, айна, т.б.
Күміс - ыдыс-аяқ, әшекейлер, айналар жасалды. Күміс - сауда, сыйлық символы еді.
Қола Қоладан түрлі қарулар (семсер, жебе ұштары), айна, қазан, әбзелдер жасалды. Қола - күнделікті және соғыс техникасына қажетті шикізет саналды.
Темір – нағыз соғыс технологиясына жол ашты. Таза темірден семсер, найза, сауыт, құралдар жасалды.
Сақ қорғандарынан табылған алтын бұйымдардың 90 пайызы жерлеу дәстүріне қатысты болды. Сақ металл өнерінің басты ерекшелігі – аң стилінде болды. Негізгі мотивтері бұғы, жылқы, барыс, қасқыр, құс, грифон, сфинкс т.б болды.
Техникасы: Рельефті бейнелеу (Есік қанжарының тұтқасы).
Кейбір заттарға тіпнен миниатюралық детальдар (микрон деңгейіндегі өрнектер) қолданылды. Сондай-ақ, динамикалық композиция (шабуылдаған аңдар, "ұшатын галоп") қолданылды.
Мұндай стиль түрлері өз кезегінде Сібір, Қытай (Ордос), Парфия өнеріне әсер етті.
Белгілі археологиялық табыстар
Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» (б.з.б. V–IV ғғ.) киімінде 4000-нан астам алтын пластинка (үшбұрыш, ромб, спираль пішінді) болды. Басындағы биік дулығада (жебе пішінді), белбеуінде «аң стиліндегі» бейнелер салынған.
«Сақ патшасы» деп аталатын бұл жәдігер бүгінде Қазақстанның ұлттық символы болып саналады.
Берел қорғандары
Берел қорғандарынан (Шығыс Қазақстан) ат әбзелдері, алтынмен қапталған ағаш мүсіндер (қанатты жылқылар) табылды.
Пазырық қорғанынан (Алтай, Ресей шекарасы) киіз кілемдегі алтын аппликациялар, татуировкалы мумиялар табылды.
Сол секілді Шілікті және Тәңірқазған қорғандарынан түрлі темір семсерлер, алтын белдіктер, қола айналар табылды.
Сақтардың металл бұйымдары өз кезегінде қоғамның әлеуметтік және мәдени маңызын көрсетті. Яғни әлеуметтік стратификациясынан хабар берді.
Алтын бұйымдар – элитаға (хан, батырлар);
Темір – жауынгерлерге;
Қола – қарапайым халық тұтынатын заттар жасалды.
Алтын мен темір құймалары Үндістан, Парсы, Қытайға экспортталды.
Сақтардың металл өнері – дала өркениетінің шыңы болды. Нақты айтар болсақ, Есік қорғанынан табылған «Алтын адам» – сақ мәдениетінің асқан үлгісі болып отыр.
Олар темірді жаппай қолдануды бастап, алтын өңдеудің шедеврлерін жасады. «Аң стилі» дәстүрі бүтіндей Еуразия өркениетіне әсер етті.
Қазақ металлургиясының негізі сақтар қалап кетті
Сақ дәуірі темір дәуірінің бастамасымен тұспа-тұс келеді. Б.з.д. I мыңжылдықта сақтар темірден заттар жасауды меңгерген, бірақ олардың металлургиясы қола, күміс, алтын сияқты сирек металдарға негізделген. Сол себептен көптеген сарапшылар жер бетіндегі металл өңдеу дәстүрінің осы қазақ даласынан басталды деп есептейді.
Яғни Қазақстанның қазіргі металлургиясы сақтардың мұрасынан бастау алады деген сөз. Бүгінгі күні ел түсті және сирек металдардың 40-тан астам түрін өндіреді, бұл ежелгі дәстүрдің жалғасы екені сөзсіз. Соның 17-сі сирек металдар тобына жататын аса құнды эелементтер.
Сирек металдар – бұл жер қыртысында сирек кездесетін, бірақ жоғары технологиялық өндірісте маңызды рөл атқаратын химиялық элементтер тобы.
Оларға лантан, церий, неодим, иттрий және сол секілді 17 түрлі элемент кіреді. Бұл металдар смартфондардан бастап электр көліктеріне, жел турбиналарына және қорғаныс жүйелеріне дейінгі аса қажетті құрылғылардың негізгі компоненттеріне қолданылады.
Еліміз Орталық Азиядағы табиғи ресурстарға бай ел, сирек металдар кен орындары бойынша әлемдік деңгейдегі әлеуетке ие. Көптеген сарапшылар соңғы жылдары елде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары Қазақстанды да сирек металдар нарығындағы маңызды ойыншыға айналдыруы мүмкін екенін айтады.
Қазақстандағы сирек металдар қоры
Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда сирек металдардың шамамен 130-ден астам кен орны бар. Олардың ішінде пириттен бастап монолит, ксенотим, бастнезит сияқты минералдар түрлері кездеседі.
Ал жалпы ел бойынша 15 түрлі сирек жер металдары кені тіркелген. Бүгінде олардың 11-і пайдалануға берілген.
Металл
Қоры (тонна)
Вольфрам
2,2 млн
Молибден
1 млн
Литий
75 600
Тантал
4 600
Ниобий
28 100
Бериллий
58 000
Бұл қорлардың 80 пайызы Шығыс Қазақстандағы сирек металды пегматиттерде және Солтүстік Қазақстандағы Сарыөмбет кенінде шоғырланған.
Негізгі кен орындары
Қазақстандағы сирек металдар кен орындары үш негізгі аймақта – Түркістан, Қостанай және Маңғыстау облыстарында орналасқан. Сондай-ақ, Қарағанды, Шығыс және Солтүстік Қазақстанда маңызды кен орындары бар.
Түркістан облысында Буденовское, Ақдала, Інкай, Қанжұған, Мойынқұм Орталық, Мыңқұдық Батыс және Орталық, Жамшы кен орындары бар. Қостанай облысында – Ақбұлақ және Құндыбай, Маңғыстау облысында – Меловое, Тайбогар, Тасмұрын, Томақ және техногендік минералдық түзілімдердің шоғырлары орналасқан.
Ұлттық геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, Қазақстан сирек металдардың шикізат базасына ие, оның ішінде вольфрамның қоры 2,2 млн тонна, молибден – бір миллион тонна, литий – 75,6 мың тонна, тантал – 4,6 мың тонна, ниобий – 28,1 мың тонна, бериллий – 58 мың тонна және басқалары.
Тағы бір айта кетерлігі, сирк металдар деп аталғаны болмаса, еліміздегі кейбір мұндай элементтердің біразы сирек жер металдары деп есептелмейді. Олардың сиректігі коммерциялық өндіруді ақтайтын концентрациялар мен сирек кездесуіне байланысты.
Сирек металдарға қатысты Қазақстанда литий оксидінің алты кен орны бар. Қарағанды облысында осмий оксидін қамтитын екі мыс құмтасы (Жезқазған және Итауыз) кен орны бар. Бұл кен орындарында мыс құрамындағы рудаларды осмиймен қатар өндіруді «Қазақмыс» компаниясы жүзеге асырады. Осмий-187 өндірісін мемлекеттік «Жезқазғанредмет» кәсіпорны жүргізеді.
Сонымен қатар, елде тантал құрамды рудалардың 17 кен орны барланған, оның ішінде ниобийдің қатар өндірілетін құрамы бар 13 кен орны. Қорлардың шамамен 80%-ы Шығыс Қазақстанның сирек металды пегматиттер кен орындарына және Солтүстік Қазақстандағы Сарымбет кен орнына тиесілі.
Бұл кен Қазақстандағы ең үлкен сирек металдар кені деп есептеледі. Егер бұл болжам расталса, әлемдегі үшінші орынға (Қытай мен Бразилиядан кейін) шығады. Қазіргі уақытта Tau-Ken Samruk ұлттық кәсіпорны аталмыш кен орындарын дамытуға дайындалуда.
Қазақстан сирек металдарды өндіруде әлеуеті жоғары, бірақ өңдеу технологиясы жетіспей жатыр.
Бүгінде осы мақсатта еліміз АҚШ, ЕО, Оңтүстік Корея және Канада инвесторларымен ынтымақтастық орнатуда.