«Құнды жәдігерлер шетелге кетіп жатыр» - Асхат Аймағамбетов

Бөлісу

29.10.2025 4935

Бүгін Мәжілісте «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.


Тарихи-мәдени мұраны сақтау, қорғау және археология қызметін реттеу мәселелеріне қатысты заң жобасын Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов таныстырды. 

Депутаттың айтуынша, бұл бағытқа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше көңіл бөліп, Ұлттық құрылтайда бірқатар нақты тапсырма берген.

"Ұсынылған заң жобасы – сол тапсырмалардың нақты орындалуы. Бұл – депутаттар мен ғалымдардың бірлесіп жасаған ортақ еңбегі, – деді Асхат Аймағамбетов.

Депутат заң жобасын таныстыру барысында ең алдымен лицензиялау жүйесінің тиімсіздігі жайлы айтты.

«Қазір археология саласында лицензиялар мерзімсіз беріледі және ескерткіштердің барлық түрімен жұмыс істеуге ортақ рұқсат саналады. Мысалы, ұйым бір рет лицензия алған соң, кейін оның мамандары бар ма, біліктілігі жеткілікті ме – бұл тексерілмейді. Сол лицензиямен ол ұйым өмір бойы, еш шектеусіз және еш міндеттемесіз мәдени мұра нысандарымен жұмыс істей береді. Кім, қай жерде, қандай қазба жұмыстарын жүргізді? Не табылды? Ғылыми әдістемеге сәйкес пе? Оның есебі толық белгісіз. Мемлекетке толық, әрі сенімді ақпарат жетпейді. Тек ескерткіштер тізімінің өзі қазір 42 тізімдерде шашыраңқы түрде. Ал қазба жұмыстары бойынша, есептерді ешкім ешқайда өткізбейді», - деді Асхат Аймағамбетов.

Аймағамбетовтің айтуынша, қазбалар бар, бірақ нақты есеп жоқ. Табылған жеке жәдігерлер бар, бірақ жаппай жәдігерлер мен материалдар жоқ.
Нәтижесінде кейбір ескерткіштер қайта-қайта зерттелсе, енді біреулері мүлде қараусыз қалып, жойылып кетіп жатыр. 

“Біз осы жүйесіздікті тоқтатып, археологиялық жұмыстардың толық цифрлық жүйесін енгіземіз. Кім, қай жерде нені қазып жатыр? Қалай қазып жатыр? Не табылды? Қазбаның есептері, ескерткіштердің паспорттары, археологтар тізімі енді осының барлығы бір цифрлық жүйеде болады, - деп түсіндірді”, - ол. 

Тағы бір проблема – археологиялық және реставрациялық жұмыстарға бір ғана лицензияның берілуі. Формалды түрде жеке санаттары болғанымен, іс жүзінде бұл екі саланың айырмашылығы ескерілмей келеді.

Сол себепті реставраторлар қазба жұмыстарымен, ал археологтар реставрациямен айналысып жүрген жағдайлар кездеседі.
Нәтижесінде сапасыз қазбалар мен бүлінген ескерткіштер пайда болып отыр.

Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, енді бұл жүйе түбегейлі өзгереді.
“Біз әділ лицензиялау жүйесін енгіземіз”, – деді депутат.

Жаңа нормалар бойынша:
•    Екі бөлек лицензия енгізіледі – археологияға бөлек, реставрацияға бөлек;
•    Әр лицензияның нақты мерзімі болады – 5 жыл;
•    Әрқайсысы үшін арнайы біліктілік талаптары белгіленеді;
•    Егер заң талаптары бұзылса, лицензияны 6 айға дейін тоқтату немесе қайтарып алу мүмкіндігі қарастырылған.

"Бұл – саланы тазалап, нағыз мамандарға жол ашатын шешім, – деп айтты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ол заңсыз қазба жұмысымен айналысатындар туралы айтты. 

"Біз тек ескерткіштерді емес, сонымен бірге тарихи құндылығы жоғары жәдігерлерді де жоғалтып жатырмыз. Құнды заттар шетелге кетіп, “қара нарықта” сатылып жатыр. Көп жағдайда оларды металл іздегіштер мен арнайы құрылғылар арқылы тауып алады, - деді депутат.
Оның сөзінше, осы заң жобасында металл іздегіштер мен осындай құрылғыларды лицензиясыз пайдалануға тікелей тыйым салу ұсынылған.
Бұл тарихи мұрамызды тонаудан, қорғауға бағытталған нақты қадам деп ойлаймыз", - деді Аймағамбетов.

 

Бөлісу