1916 жыл – қазақ халқының тағдырындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Ресей патшасы ІІ Николайдың «Реквизициялау туралы» жарлығымен ел ішіндегі 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтар майданның тыл жұмыстарына күштеп алынды. Сол кезде туған жерін тастап, жат жұртқа айдалған боздақтардың жүрегін мұң мен сағыныш кернеді. Солардың бірі туған елін қиып кете алмай, жан күйзелісін әнге айналдырып, «Самалтау» деп шырқаған. Осылайша халық жадында сақталып қалған мәңгілік мұңлы ән дүниеге келді.
«Самалтау» – туған жерге деген сағыныш пен мұңның айғағы ғана емес, еркіндікке ұмтылған қазақ жанының үнсіз айқайы. Әннің алғашқы шумағынан-ақ сол дәуірдің зілдей ауыртпалығы мен адамның жан күйзелісі сезіледі. Әуеннің әр иірімінен туған жердің иісі, елден жырақ кеткен бозбаланың шер мен сағынышқа толы жүрек лүпілі естіледі:
«Самал тау, қайран елім, шалқар көлім,
Не болар солдат болып көрген күнім.
Есіме қайта-қайта түсе бердің,
Кір жуып, кіндік кескен қайран жерім…»
Бұл – тағдырдың тәлкегіне түскен қазақ жігітінің ішкі жан айқайы, туған елін, ата-анасын, балалық шағын артта қалдырып бара жатқан сәттегі ең соңғы сәлемі іспетті. Әрбір жолында қорқыныш пен үміт, торығу мен тәуекел қатар өріліп тұр. Ал қайырмасында айтылатын:
«Әке-шешем бар еді,
Жасы келген кәрі еді,
Осынау әнді салдырған
Он алтының зары еді…», – деген жолдар тек жеке адамның мұңын емес, тұтас бір халықтың қасіретті кезеңін айғақтайды. 1916 жылғы «июнь жарлығынан» кейін елдің еңсесін басқан үрей, туған жерден айырылған боздақтардың зары осы жолдарда тұнып тұр.
Зерттеушілер мен өнертанушылардың пайымынша, «Самалтау» әнінің авторы – Сапалай Исатайұлы. Ол 1891 жылы дүниеге келіп, 1930 жылы саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған. Тағдыр тәлкегіне түскен дарынды сазгердің есімі ұзақ жылдар бойы ұмыт қалса да, оның сазы халық жүрегінен өшпеді. Қазақтың ән өнеріне өзіндік өрнек қалдырған Сапалай Исатайұлы тек «Самалтаудың» ғана емес, «Мұхида-Шайбан», «Екі айна», «Сәулем-ай», «Қос өрік» сияқты сыршыл туындылардың да авторы саналады. Оның әр әнінде туған жерге деген сағыныш, ғашықтықтың мұңы мен өмірдің өткіншілігі нәзік әуен арқылы өрнектелген. Сапалайдың шығармалары Арқа әншілік мектебінің ең көрнекті үлгісіне айналды. Ол өз заманының музыкалық тілін жақсы меңгеріп қана қоймай, қазақ пен орыс әуенінің үйлесімін таба білген жаңашыл композитор еді. Сол себепті оның әндерінде кең тыныс, терең мұң мен сезімдік қуат қатар өріледі. Белгілі композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақанов бұл туынды туралы: «Халық әніне айналып кеткен “Самалтауды” көкпар етудің қажеті жоқ. Әні де, сөзі де Сапалайдікі», – деп жазады. Зерттеуші Сәулембай Әбсадықұлы да осы пікірді қуаттап, Сапалайдың есімі ұмыт қалса да, оның рухы әр қазақтың жүрегінде өмір сүріп келе жатқанын айтады. Өйткені Сапалайдың әндері – тек музыка емес, ол халықтың жаны мен тарихының үні. Оның шығармашылығы – ХХ ғасыр басындағы қазақ өмірінің айнасы. Әрбір әні – туған жер мен елге деген сүйіспеншіліктің көрінісі, ал «Самалтау» сол шығармашылық мұраның шоқтығы биік шыңы.
Көп жылдар бойы ұмыт болған «Самалтау» ХХ ғасырдың соңында қайтадан тыңдарманға жол тартты. Уақыт көшінде көмескі тартқан бұл әнді халқына қайта оралтқан – дәстүрлі ән мектебінің өкілдері. Алдымен оны халық әртісі Бекболат Тілеухан шырқап, әнге жаңа өмір, жаңа тыныс сыйлады. Оның орындауында «Самалтау» – тек мұңды ән емес, ел тарихының шерлі шежіресіне айналды. Әуеннің әр иірімімен ол қазақтың қайғысы мен жігерін қатар өріп, тыңдарман жүрегін тербетті. Кейін бұл туындыға жаңа тыныс берген Димаш Құдайберген оны халықаралық сахнада шырқады. Қытайдың Фучжоу қаласында өткен VI Халықаралық «Жібек жолы» кинофестивалінің жабылу салтанатында Димаштың орындауындағы «Самалтау» – қазақтың зарлы үні мен рухын әлемге танытқан сәт болды. Әлем тыңдармандары бұл ән арқылы қазақ халқының тағдырлы тарихын, терең сезімге толы мәдениетін сезінді.
Бүгінде «Самалтау» – қазақ руханиятының алтын қорына енген ән. Ол ұлттың жүрегінде мәңгі сақталып, әр дәуірде қайта жаңғырып келеді. Әр орындаушы өз үнімен оның жаңа қырын ашып, Сапалай Исатайұлының мәңгілік мұрасын ұрпақ санасында жаңғыртып жүр.