Балбал тастар мемлекеттік қайраткерге көңіл айта келген тайпа көсемдерінің құрмет белгісі

Бөлісу

21.10.2025 6630

Маңғыстаудың төрінде түркі әлемінің мәдени астанасы Ақтау қаласында IV Түркі әлемі музейлерінің кездесуі аясында ұйымдастырылған "Тас ескерткіштері - түркі әлемінің ортақ мұрасы" атты халықаралық ғылыми симпозиумында Түркі ескерткіштерін экспозициялау бойынша жаңа методологиялық көзқарасымызды ұсындық. 


Бұған дейін көптеген түркі елдері музейлері кешенді ескерткіштер жүйесінің бір немесе бірнеше экспонатын жеке дара хронологиялық немесе тақырыптық тұрғыда көрерменге ұсынып келді. Бұл бүтін бір суреттін жекелеген бөліктерін ғана көрерменге ұсыну сияқты әсер қалдырады. Көрерменнің мұраны толық түсінуіне бөгет болады. Жалпы көне заманның адамдары өз дүниетанымы негізінде әлемді түсініп, соның негізінде құндылық жасайтын еді. Демек, олардың жасаған кез келген кешені олардың дүниетанымы негізінде құрылуы керек еді. Расымен де көне түркі киелі орын кешендері өздерінің дүниетанымы негізінде құрылған еді. 

Егер біз Күлтегін кешені негізінде түсіндіретін болсақ, кешеннің ең басында Тәңірілік символы тақтатас тұрғанын көреміз. Бұл тақтатас прототүрік кезеңіндегі Алтар немесе киелі қазан ұғымымен сәйкесетін еді. Қағанның өзі Тәңірі "құт" бергені үшін қаған бола алатын еді. Ал одан кейін тұғыртастар (үш, бес, жеті, тоғыз) орын алды. Бұл мемлекеттілік символы болатын. 

Бұл тұғыртастарға бөрілі байрақ асылды. Ал одан кейін мемлекеттік тарихтың, идеологияның негізі мәтінтастар орын алды. Бұл мәтінтастар шығыс халықтарында мәңгіліктің символы таспақатастың үстіне орналастырылды. Ал түркілерді тасқа мәтін қашау мәңгілікке сөз қалдырудың символы еді. Мәтіндерде "Сабымы бенгү таша битидим" (сөзімді мәңгілік тасқа қашадым) деп жазылған. Одан кейін мемлекет қайраткерлерінің мүсіндері орын алды. Бұл елге қызметтің киелі екендігінің, халық алдындағы жауапкершіліктің белгісі еді. Одан кейін лрналасқан қойтастар байлықтың символы болса, арыстантастар қаған армиясының символы болды. Кешеннің қақпасы түркі дүниетанымы негізінде шығысқа бағытталып орналастырылды. Ал осы қақпадан шығысқа қарай тізбектелген балбал тастар қаза болған мемлекеттік қайраткерге тайпа көсемдерінің құрмет белгісі еді. 

Ал біздің музейлерімізде осы үлкен кешеннің тек мәтінтасы немесе қайраткер мүсіні жеке экспозицияланып, танымды толық қалыптастыра алмай жүр. Әрине, көне түрік жазуы түркі мәдениетінің, тіптен әлем мәдениетінің ерекше құбылысы болғанымен мұраның жүйелі кешеннің бір бөлшегі екенін ұмытпауымыз керек! 

Сондықтан музейлердегі түркі кезеңі мұраларын дүниетаным негізінде қайта экспозициялау керек деп ойлаймын.

Талғат Молдабай

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Түркітану кафедрасының доценті,

PhD доктор

Бөлісу