Тарихшылар тарихи тақырыптарға біліктілігі дәлелденбеген тұлғалар мен блогерлердің араласуына алаңдаушылық білдірді

Бөлісу

17.10.2025 6021

Астанада М.Әуезов атындағы Орталық қалалық кітапханада «Қоғамдық кеңістіктегі тарихи білім: сапа, кәсіби қоғамдастық этикасы және жауапкершілік» тақырыбында сарапшылар кездесуі өтті. 


Жиын Мемлекет тарихы институтының ұйымдастыруымен өткізіліп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – заманауи қоғамда тарихи ақпараттың сапасын арттырудың тиімді жолдарын талқылауды көздейді. Сондай-ақ, кәсіби тарихшылар қауымдастығының этикалық ұстанымдарын айқындау және қоғамдық пікір қалыптастырудағы ғылыми жауапкершілікті арттыру.

Сарапшылар жиынына Қазақстанның жетекші тарихшылары мен сарапшылары, оның ішінде Бүркітбай Аяған, Марат Әбсәметов, Құралай Сәрсембина, Мақсат Алпысбес, Тұрсынхан Зәкенұлы,Саялбек Ғиззатов, Самат Есқалиев, Гүлнәр Мұсабалина, Арман Ешмұратов қатысты. 

Іс-шараны Мемлекет тарихы институтының директоры Нұрбек Пұсырманов жүргізді. Өз сөзінде ол тарихи білімнің қоғамдық санадағы орны мен зерттеушілердің кәсіби мәдениетін дамытудың маңызын атап өтті.

Айтуынша, қазір елімізде тарихи сананы жаңғырту үдерісі жүріп жатыр. 

«Бұған дейін ел тарихын түгендейтін бес томдық жарық көргені белгілі. Қазіргі таңда сонымен қатар ұлттық сананы жаңғырту мақсатында тағы қазақ тарихының жеті томдығы жазылып жатыр. Әрине мұндай жұмыстар өз кезегінде ғылыми айналымға жаңа мәселелерді алып шығып отырғанын ашық айту керек. Нақты айтар болсақ, соңғы жылдары елімізде тарихи тақырыптарға кәсіби тарихшылармен қатар біліктілігі дәлелденбеген тұлғалар, блогерлер және әлеуметтік желі бетіндегі әуесқойлардың ағыла бастағанын көріп отырмыз. Бұл құбылыс қоғам арасында тарихи фактілердің бұрмалануына, негізсіз деректер мен ақпараттардың пайда болуына алып келіп отыр. Бүгінгі талқылау осы мәселелерге негізделіп отыр. Күн тәртібіне арнайы мәселені қойып,  осындай қоғамда таралып жатқан сапасыз ақпараттар мен негізсіз контенттердің алдын алу үшін не істеу керек деген мәселеге кәсіби тарихшылар тарапынан жауап алу», - дейді ол. 

Талқылау барысында қатысушылар мынадай мәселелерге назар аударды:

- цифрлық ортада тарихи деректердің сенімділігі мен ғылыми сапасын сақтау;–тарихшылардың кәсіби этикасы мен жауапкершілік мәдениетін жетілдіру;

- ғылыми институттар мен медиа арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді тетіктерін қалыптастыру.

Сарапшылардың пікірінше, кәсіби қауымдастықтың біртұтас ұстанымдары мен ортақ этикалық нормалары тарихи білім сапасын арттыруға, сондай-ақ қоғамда сындарлы тарихи дискурстың дамуына ықпал етеді. 

Белгілі тарихшы Саялбек Ғиззатовтың пікірінше, бұл үшін халық пен тарихшылар арасында көпір іспеттес бір механизм қарастыру керек. 

«Расында да әуесқой блогерлер мен блогерлік тарих тақырыбы үлкен мәселе болып отыр. Блогер тарихшылар деген категория пайда болды елімізде. Ол әлеуметтік желілердің халық арасында кеңінен таралуына байланысты пайда болып отырғаны белгілі. Өйткені қазіргі таңда жастардың дені ауадан оңай ақша жасап, контент түсіріп пайда көру, әлеуметтік желіде танымал болу секілді трендке еліктеп жатыр. Оның үстіне тезірек баюға шақыратын бизнес-тренингтер қатты әсер етіп отыр. Өкінішке қарай, мұндай әлеуметтік белсенділік бастапқы жылдары жаңағы маркетинг, менеджерлік, экономикаға қатысты болса, қазіргі уақытта тарихи тақырыптарға келіп жатыр. Сол секілді саясатқа да араласа бастады. Яғни тарих саласындағы кеңістіктің бос екеніне көз жеткізіп отырған блогерлердің көбі осы салаға ұмтылып жатыр. Салдары әрине өте ауыр болып отыр. Оны өздеріңіз де көріп, біліп отырыздар. «Құйрық-бауыр жеу» дәстүрі арабтардан шыққан», «қазақтың оқығандары өзге жұрттан ғана әйел алған» немесе «қазақтың зиялылары сатқын болған» деген әңгімелердің барлығы да осындай топтың тарапынан шығып отыр. Себебі, ондай тақырыптар халыққа қызық, жақсы талқыланатынын біледі. Күткеніндей бұлар халық арасында үлкен резонанс тудырды. 

Мұның алдын алу үшін халық пен тарихшылар арасында көпір іспеттес бір механизм қарастыру керек секілді. Негізі біздегі Орталық коммуникациялар қызметі деген бар. Мемлекетте болып жатқан барлық жұмыстарды сол жерде түсіндіріп тәпіштеп береді. Ол кейін БАҚ арқылы халыққа жетіп жатыр. Осыны дамыту керек. 

Халықаралық тәжірибеге сүйену керек болар. Мәселен, Англияда «сөйлеушлер бұрышы» деп аталытан ұйымдар бар. Ол жерде тек тарих қана емес, қоғамда болып жатқан барлық құбылыстарды мамандар халыққа жеткізіп отырады. Сол секілді |Ресейдегі «Валдай клубы» да осындай қызмет атқарып отыр. Ондағы дүниелер әлемде резонанс тудырады. Әсіресе, тарих пен саясатқа қатысты тақырыптары. 

Немесе заңды кұшейту керек. Әлеуметтік желідегі негізсіз контент пен оны жасаушы блогерлердің тым еркінсіп кетуіне де еліміздегі демократиялық принциптер мен «еркін пікір алаңы» деген түсінік әсер етіп жатуы да мүмкін. 1990 жылы Франция арнайы заң қабылдауға мәжбүр болды. Себебі сол кезеңде елде асқан ұлтшылдық белең алып кетті. Әсіресе жастар арасында. Кейін Германияда да осындай заң қабылданды. Әрине демократия керек. Бірақ соның ортасын ұстайтын бір заңдылық керек екені белгілі», - дейді тарих ғылымдарының кандидаты, Астана Халықаралық университетінің профессоры Саялбек Ғиззатов.

Бөлісу