«Махаббат символы»: Қорғалжында Мәриям мен Дударға ескерткіш қойылды

Бөлісу

09.10.2025 5982

Ақмола облысының Қорғалжын ауданында «Дударай» әнінің кейіпкерлері Дүйсен Үкенұлы мен Мәриям Жагорқызына арналған ескерткіш ашылды. 


Ескерткіштің салтанатты ашылу рәсіміне қоғам қайраткерлері, Мәжіліс депутаттары, мәдениет саласының майталмандары және жергілікті тұрғындар қатысты. Ашылу салтанатында әннің шығу тарихы, оның басты кейіпкерлері мен шығарманың жастарға тәрбиелік мәні сөз болды. Айтпақшы, ескерткіш кәсіпкер Нұрлан Мұқышевтің демеушілігімен тұрғызылып отыр.

Туризмді дамытудағы маңызды қадам

Жергілікті әкімдік өкілдері ескерткіш орналасқан аумақты алдағы уақытта туристік нысанға айналдыруды жоспарлап отырғанын айтады. Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алиннің айтуынша, ескерткіштің ашылуы туризмді дамытуға бағытталған маңызды қадам болмақ. 

«Бұл жерде Қорғалжын қорығы орналасқан, онда 363 құс түрі, 84 көл және 400-ден астам шөп түрі бар. Жыл сайын шетелден 700-ден астам турист осы өлкені тамашалауға келеді. Ескерткіш арқылы аймақтың табиғи және мәдени байлығын әлемге танытуды көздейміз», – деді ол.

Махаббат хикаясының шынайы тарихы

«Дударай» әнінің кейіпкері Дүйсен Үкенұлы мен орыс қызы Мариям Жагорқызының арасындағы махаббат хикаясы – шынайы оқиғаға негізделген. Олардың іңкәр сезіміне кезінде қарсылық білдіргендер болғанымен, шынайы махаббат барлық кедергілерді жеңген. Екеуі Ащыкөл мен Тұщыкөлдің ортасында жасырын кездесіп, Табиғат-Анаға сыр шерткен. Ақыры олар бір шаңырақ астында бас қосады. Алайда Дүйсен сырқаттанып, көп ұзамай қайтыс болады. Қазақ салты бойынша Мәриям басқа адамға тұрмысқа шығады.

Бұл оқиғаның тосын сыйы – Дүйсен мен Мәриямның Ырысалды есімді қызы болғаны. Дүйсен Үкенұлының немересі Алма Дүйсенованың айтуынша, Мәриям жаңа шаңыраққа аяғы ауыр кезінде барған. 

«Мәриям Ырысалдыға: «Сен осы үйде дүниеге келсең де, Дүйсеннің қызысың», – деп айтқан екен. Ырысалды өскен соң әкесінің туыстарын тауып, олармен байланыс орнатқан», – деп сыр бөлісті  Алма Дүйсенова ескерткіштің ашылу салтанатында.

Ескерткіштің идеясы мен мақсаты

Ескерткіш идеясы 2000 жылдардан бері Жұмаш Мұқышевтің ойында жүрген. Оның айтуынша, Ащыкөлдің емдік қасиеті бар, халық бұл жерге суға түсуге және емделуге келеді. «Ескерткіш халықтың демалыс орнына айналады. Болашақта мұнда қосымша нысандар салу жоспарда бар», – деді ол.

Қорғалжын ауданының әкімі Алмас Алин де бұл жобаның туристік әлеуетін атап өтті. 

«Қорғалжын қорығы – табиғи байлықтың ордасы. Осының бәрін Қазақстанға және шетелге таныту үшін осындай іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр», - дейді ол.

Махаббат мұнарасы – ізгіліктің символы

Ескерткішті тамашалауға келгендер оны махаббат, ізгілік және адалдықтың символы деп бағалады. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева өз сөзінде «Шетелде махаббат аңыздарына арналған ескерткіштерді көріп қызығатынбыз. Бүгін Дудар мен Мәриямға арналған ескерткішті көріп, олардың ұрпақтарымен кездесіп, керемет әсер алдым», – деп ағынан жарылды.

Қорғалжында ашылған бұл ескерткіш тек махаббат символы ғана емес, сонымен қатар ұрпақты адамгершілік пен адалдыққа үндейтін, туристік әлеуетті арттыратын маңызды нысан болмақ. Дүйсен мен Мәриямның сертке адалдық пен шынайы сезімнің мәңгілік мұрасы осы ескерткіш арқылы ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

Дүйсен Үкенұлы (лақап аты – Дудар) мен Мариям Жагорқызы (Мария Егоровна Рекина, 1887–1950 жж.) туралы ақпарат негізінен «Дударай» әнінің шығу тарихына байланысты сақталған. 

Бұл махаббат хикаясы қазақ-орыс ұлттары арасындағы достықтың символы ретінде танымал. Алдыңғы мәліметтерде айтылғандай, олардың сезімі Ащыкөл мен Тұщыкөл арасында басталған. Одан кейінгісі Дүйсеннің ерте қайтыс болуы және Мәриямның қайта тұрмысқа шығуы (бірақ аяғы ауыр кезінде, нәтижесінде Ырысалды есімді қызы дүниеге келуі) деген оқиғалар айналасында өрбиді. 

 Мариям  1887 жылы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Орыс қоныс аударушыларының отбасына жатады. Қазақ тілін жетік меңгерген, халық әндерімен таныс болған және оларды орындаудың ұлттық манерасын игерген. 1945 жылы Қазақстан композиторларының бірінші съезіне қатысып, сауыншы ретінде Алматыға келгені айтылады. Оған 1945 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы берілген. 

Дүйсен (Дудар) – Қорғалжын өңіріндегі қазақ жігіті, нақты туған жылы мен өмірбаяны туралы толық дерек аз. Ол Мариямға ғашық болып, олардың махаббаты ұлт аралық кедергілерге қарамастан жалғасқан. Дүйсеннің 1914 жылы төрт ағайындымен бірге тыл жұмысына шақырылуы және ерте қайтыс болуы – тағы бір маңызды сәт. Оның өмірі әннің негізіндегі шынайы тұлға ретінде ғана белгілі, толық биографиясы жоқ.

Әннің шығу тарихы 

«Дударай» әнінің авторы ретінде Мариям Жагорқызы ұзақ уақыт аталған, бірақ зерттеулер басқа нұсқаларды ұсынады. 1920 жылы этнограф Александр Затаевич әннің 10-нан астам нұсқасын жазып алған, олардың біреуін Ғани Мұратбаев, еншісін Әміре Қашаубаев берген. Кейбір деректер бойынша, әнді Үлебай Анетов (1886–1966 жж.) жазған. Ол Дүйсен мен Мариямның хат тасушысы болып, олардың махаббатын өлеңмен жеткізген. 

Тағы бір нұсқа бойынна ән Арқа композиторларының туындысы, өйткені оның диапазоны (децима) қазақ халық әндеріне тән. Композитор Евгений Брусиловский бұл әнді өзінің «Дүйім дүлдүлдер» еңбегінде Арқа композиторларының әні деп атаған. Ән халық арасында кең таралып, халық әніне айналған.

Мариям 16-17 жасында Дүйсенге ғашық болған. Олардың кездесулері құпия өткен, хаттарды Үлебай арқылы жеткізген. Махаббатқа ұлттық дәстүрлер кедергі болған: қазақ әдеті бойынша Дүйсен қайтыс болған соң Мариямды басқаға берген. Бірақ Мариямның жаңа тұрмысына аяғы ауыр кезінде барғаны және Ырысалдыны Дүйсеннің қызы ретінде танытуы – тосын жаңалық. Олардың оқиғасы ұлт аралық махаббаттың үлгісі ретінде суреттеледі. 

 

Бөлісу