Қан кешкен ханзадалар: Жәди Шәкенұлының кітабы жарық көрді

Бөлісу

29.09.2025 5368

Қазақ өркениеті тағы бір құнды кітаппен толығып жатыр. 


Бүгін Ұлттық академиялық кітапхананың Конституция залында белгілі жазушы Жәди Шәкенұлының «Қан кешкен ханзадалар» кітабының тұсаукесері өтті. 

Бұл шығарма Шығыс түрік қағанатының Тұғырылхан ордасынан аман қалған Тайбұға есімді сегіз жасар баланың тағдырын баяндайды. Кейіпкер сан қилы қиындықтарды бастан кешіріп, Ертіс пен Тобыл өзендерінің қиылысында Сібір хандығын құрады. Жазушы тарих пен тағдыр сабақтастығын арқау етіп, ел жадын жаңғыртады. 

Бұл кітапта жұрт көп біле бермейтін Сібір өлкесі мен оның билеушілері туралы деректер молынан қамтылған. Сондай-ақ, бірнеше әулеттен тараған әлемге әйгілі тарихи тұлғалардың өмірі жайлы тың деректер ұсынады. Шыңғыс ханнан Тәуекел мен Ораз-Мұхаммедке дейін, Тұтырыл ханнан Тайбуға мен Сейдаққа дейінгі қан кешкен ханзадалардың тарихынан сыр шертеді. Қазақ мемлекетінің қалыптасу жолындағы ұлыстардың қиын әрі күрделі тарихы шынайы әрі шебер тілмен баяндалады. 

Әсіресе, отаршылдықтың алғашқы құрбандарының бірі – Сейдақтың) ата тарихы мен қасіретті тағдыры айшықты суреттермен өріледі. Кітап ұрпақты қанды тарихтан сабақ алуға және ел мен жерді қорғауға шақырады. 

Автордың айтуынша, ол өзінің «Қан кешкен ханзадалар» шығармасын жазу барысында заман талабына сай электронды дәуірдің мүмкіндіктерін, интернет жүйесін, компьютерлік технологияларды кеңінен қолданған. Бара алмаған жерлердің картасына, өзге тілдерде жазылған құжаттық, архивтік материалдарға еркін қол жеткізгенін айтады.

« Моңғол тіліндегі халық аңыздары, Сібір өлкесіне қатысты орыс тіліндегі деректер, ағылшын, қытай тілдеріндегі мәліметтерді зерттеуде «интернеттік тәржіманның» көмегіне сүйендім. Бұл технологиялар оған әр тілдегі құнды деректерді ашуға жол ашқан.

«2012 және 2019 жылдары Шығыс Түрік қағанаты өңіріне сапар шегіп, көптеген деректерге қол жеткіздім. Бұл сапарымда  Моңғолия Ғылым академиясының академигі, профессор, ғалым, марқұм Ислам Қабышұлы, Ұланбатор қаласында тұратын көрнекті қазақ қаламгері, Моңғолия Халық жазушысы Сұлтан Тәукейұлы, Моңғолия елінің Ұлы Хурал мүшесі (құрылтай депутаты), «Тұғырыл Хан» бейресми ұйымының төрағасы, белгілі кәсіпкер, ұлт жанашыры Мұрат Дәкейұлы өз көмектерін көрсетіп, ескі сорапқа салды.

Ең қызығы, біз бұған дейін моңғол, жоңғар санап жау көріп жүрген халықтың біздің ежелгі туысқандарымыз екендігіне тіпті де көз жетті. 

2012 жылы Улаанбаторға барған сапарымда Тұғырыл ханның жұртын іздедім. Улаанбатордан батысқа қарай 25 шақырым жердегі Тұғырыл хан ордасының орнында күйдірілген кірпіштер, ағаш қоршаулар сол күйі сақталғанына таң қалдым. Оны өзге емес сол моңғол жұрты сақтап отыр екен.

2019 жылғы қыркүйектегі екінші сапарымда ежелгі Түркі жұртын аралап, Тұғырыл ханның қыс қыстауы мен жаз жайлауын, керейттердің ежелгі астанасы Қарқорым қалашығын аралау барысында да тура осындай жағдай қайталанды. Осы көрініс санамда «бұлар бізге қалай жау болмақ?» деген сауал қалдырып кетті», - дейді автордың өзі. 

Кітаптың тұсаукесеріне белгілі жазушылар, ақындар зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, БАҚ өкілдері қатысты.

«Мен мына кітапты оқып үлгере алмадым. Бірақ Жәди мырза туралы пікірі қалыптасқан адаммын. Түркі халықтарының алтын ордасы Алтай деп есептеймін. Алтай тауының қай жағын алып қарасақ та, арғы жағы Қытай болсын, бер жағы Қазақстан, бір жағы Қосағаш, Ресей, әр жағы Баян-өлгей, Моңғол елі.  Осылардың бәрін қоныстанған қазақтар. Бұл елдің, бұл жердің ерекше тарихы бар. Талай ұлылардың дүбірлеген үні бар, тарихы қалған бар. Талай елді үлкен биіктерге көтерген киелі жер. Мен өзім Жәдиді осы өлкенің тарихының білгірі деп санаймын. Ол осы халықтардың тілін де біледі, жазуына да түсінеді. Қай елдің тарихын алсаңыз да осы барлық әдеби мұраларына ие болып, соның әр қарай дамытып келе жатқан азамат», - дейді белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы. 

Сол секілді мемлекеттік және әскери қайраткер Абай Тасболатов та кітапқа жоғары баға беріп жатты. Айтуынша, бұл кітап Алтынорда дәуірінің ел билеген, қол бастаған батыр ханзадалар жайлы және де Тұғырыл хан, ол кісінің ұрпағы Тайбұға хан туралы жазылған теңдесі жоқ көркем тілде жазылған бірегей туынды.

Жәди Шәкенұлы – 1967 жылы 5 мамырда Қытайдың Алтай аймағында, Ертіс өзені жағасындағы Шірікши ауылында дүниеге келген. 

Ол Алтай педагогика мектебін (1985), ШҰАР ағарту институтын (1991) және Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің аспирантурасын (2001) тәмамдаған. Алтайда мұғалім, диктор, қала әкімі кеңсесінде меңгеруші орынбасары, ШҰАР қазақ радиосында тілші болып қызмет атқарған. 

1997 жылы Қазақстанға оралды.Оның «Ақбота», «Балқаймақ», «Қытайдағы қазақтар», «Бір уыс сәуле», «Қаралы көш», «Жалғыздың үні», «Ақбалапан», «Жәнібек батыр» кітаптары жарық көрген. 

«Ақбота» Қытайда, «Ақбалапан» секілді кітаптары Түркияда басылып, оқырмандардың жоғары бағасын алды. Балаларға арналған мысал әңгімелері ҚР бастауыш сыныптарының «Ана тілі» оқулығына, зерттеулері әдебиет теориясы жинақтарына енді. 

Сонымен қатар, ол «Талбесік», «Жиһаншах», «Оспан батыр», «Жас толқын», «Ер Жәнібек» сияқты кітаптарды құрастырды. Шығармалары түрік, қытай, иран тілдеріне аударылған.

 

Бөлісу