«Оғыз дала мәдениетінің іздері» халықаралық көрмесі ашылды

Бөлісу

26.09.2025 5304

25 қыркүйек күні Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Оғыз дала мәдениетінің іздері» атты халықаралық көрме көпшілікке есігін айқара ашты. Іс-шара ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, оған отандық және шетелдік ғалымдар, мәдениеттанушылар, археологтар мен музей қызметкерлері қатысты.


Экспозицияға Ұлттық музей мен Қызылорда өңірінің музей-қорларынан, сондай-ақ Қорқыт Ата атындағы университет қорынан әкелінген үш жүзге жуық түпнұсқа жәдігер қойылды. Олардың арасында VIII–XI ғасырларға тән тұрмыстық бұйымдар, зергерлік әшекейлер, керамика үлгілері, сондай-ақ оғыз билеушілерінің есімдері бейнеленген күміс теңгелер ерекше назарға ілікті. Бұған қоса, археологиялық қазбалардан табылған қару-жарақ түрлері, салттық заттар, қыш ыдыстар мен металл әшекейлер оғыз қоғамының әлеуметтік құрылымы мен тұрмыс-тіршілігін айқын көрсетеді.

Жәдігерлердің бір бөлігі алғаш рет көпшілікке ұсынылып отыр. Әсіресе, Жанкент пен Кескен-Күйік-қала қалашықтарынан табылған қазыналар арқылы оғыз дәуіріндегі қолөнер мен сауда-саттықтың дамуы, сондай-ақ көршілес өркениеттермен байланысы нақты дәлелденеді. Экспозицияны толықтырған нумизматикалық және этнографиялық материалдар Еуразия кеңістігінде оғыз тайпаларының ықпалды рөлін көрсетіп, олардың мәдени мұрасын жан-жақты паш етеді. 

Ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Наурызбай Сейтқалиұлы Байқадамов бұл шараның мән-маңызына тоқталып, оның түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын танытудағы маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Бұл – Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі мен Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен бастамасы. Мұндай игі іс-шара бүкіл түркі әлеміндегі ортақ мәдениетімізді, рухани құндылықтарымызды зерттеп, оны ұрпаққа таныстыруға мүмкіндік береді. Бұл – елдер арасындағы достықты нығайтатын, халықтар арасындағы тарихи сабақтастықты айқындайтын құнды қадам. Қазіргі жаһандану заманында әр ұлт өзінің болмысын сақтау жолында өткенін терең тануға ұмтылуда. «Өткенімізді білсек – өсеміз, ұмытсақ – өшеміз» деген сөз бар. Міне, соның дәлелі – бүгін көпшілікке ұсынылып отырған археологиялық деректер.

 

Оғыз мемлекеті IX–XI ғасырларда Сырдарияның орта ағысында ірі қалалық мәдениетті қалыптастырған. Сырдың төменгі бойынан табылған археологиялық жәдігерлер – сол өркениеттің айқын айғағы. Бұл деректерге көз салсақ, оғыздар шығыста Қытаймен, солтүстік-батыста Ресей мен Шығыс Еуропамен, сондай-ақ Кіші Азия елдері және Балқан түбегімен байланыс орнатқанын көреміз. Осылайша Оғыз мемлекеті Еуразиялық кеңістікте саяси әрі әскери тұрғыдан ерекше орынға ие болған.

 

Біз түркі дүниесінің ортақ тарихын дәріптейтін, бауырластық қарым-қатынасты тереңдете түсетін жаңа мүмкіндіктердің бастауында тұрмыз. Болашақта осындай бірлескен жұмыстар жалғасын табатынына сеніміміз мол. Баршамызға рухани байлық, бірлік пен татулық тілеймін», – деді сенатор.

Көрме мазмұны үш ірі бөлімнен тұрады. Алғашқысы – Жанкент қаласының тарихына арналған иммерсивті кеңістік. Мұнда көне қала сауда мен мәдениеттің тоғысқан ордасы ретінде көрсетіліп, Қорқыт Атаның рухани мұрасы қобыз әуені арқылы паш етілді. Екінші бөлімде исламға дейінгі сенім үлгілері мен исламдану кезеңін бейнелейтін жәдігерлер ұсынылды. Үшінші бөлім археологиялық қазбалар нәтижесіне арналды. Соңғы жиырма жылда Жанкент пен Кескен-Күйік-қала қалашықтарынан табылған тарихи олжалар келушілерге алғаш рет кешенді түрде таныстырылды.

Көрменің ғылыми маңыздылығына тоқталған Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институтының Астана филиалы директоры Әзілхан Әуезханұлы Тәжекеев Жанкент қалашығынан табылған жәдігерлердің ерекшелігін атап өтті.

«Бүгінгі экспозицияда негізінен Жанкент қаласынан табылған археологиялық жәдігерлер қойылды. Бұл – тек Қазақстан археологиясы үшін ғана емес, жалпы Орта Азия халықтарының тарихындағы оғыз археологиясына қатысты зерттелмеген ақтаңдақ кезеңдердің орнын толтыратын құнды материалдар. Жанкенттегі зерттеулер эталондық үлгі болып есептеледі әрі оғыз мәдениетін айқындайтын маңызды ескерткіш саналады. Сондықтан да бұл көрме Қазақстандағы оғыз археологиясының тың беттерін ашып, жаңа ғылыми бағыттарға жол сілтеп отыр», – деді ғалым.

Көрмеде заманауи мультимедиялық технологиялар пайдаланылып, келушілер тарихи кезеңдердің тынысын барынша сезіне алды. Жоба түркі халықтарының ортақ мұрасын айқындап қана қоймай, Қазақстанның мәдени саясатын халықаралық деңгейде дәріптеуге бағытталғаны атап өтілді.

Көрменің ашылуынан соң ғылыми семинар ұйымдастырылып, онда тарихшылар, этнологтар, археологтар және мәдениеттанушылар оғыздардың Еуразия тарихындағы орны мен мұраларын жан-жақты талқылады. Басқосу барысында ғалымдар артефактілерді кешенді түрде зерттеу әдістерін ортаға салып, соңғы жылдары табылған жаңа жәдігерлерді ғылыми айналымға енгізудің маңызына тоқталды. Сондай-ақ оғыз тайпаларының саяси құрылымы, әлеуметтік өмірі, діни наным-сенімдері мен көрші өркениеттермен байланыстары жөнінде тың деректер ұсынылды. 

«Оғыз дала мәдениетінің іздері» көрмесі 25 қазанға дейін жалғасады. 

Суреттер: Ұлттық музейдің баспасөз қызметінен

Бөлісу