Қымызынай – Ақмола облысы, Бурабай ауданы, Зеленобор ауылдық округіндегі ауыл.
Округ құрамына Қымызынайдан бөлек Жаңаталап, Зелёный Бор, Мәдениет, Молбаза, Наурызбай батыр ауылдары кіреді. Орталығы – Зелёный Бор ауылы.
Қымызынай ауылының іргесі 1950 жылы қаланған. Аудан орталығы - Щучинск қаласының солтүстік-шығысында 29 шақырымдай жерде жатыр. Ауылдағы түтін саны 300-ге жуық.
Ауыл шағын болғанына қарамастан, ауыл тұрғындары дәстүрлі шаруашылықпен, әсіресе жылқы өсіру және қымыз өндірумен айналысады. Турасын айтқанда, Қымызынай ауылы қымыздың отаны саналады. Ауылдың әрбір отбасы дерлік қымыз ашыту өнерін меңгерген, және олардың өздеріне тән рецепті бар. Әрі ол табиғи ашытқы мен дәстүрлі технологияға негізделген.
Қымыздың отаны
Қазақ даласының шексіз кең байлығы – жылқы. Оның сүті мен етінен бастап, тіптен қылы мен тұяғына дейін пайдаланған көшпелі халқымыз үшін жылқы – өмірдің негізі болды. Әсіресе қымызының орны ерекше екенін айта кету керек.
Осындай бал қымыздың отаны ретінде Қымызынай ауылының аты ерекше аталады. Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданында орналасқан бұл ауыл, ежелден қазақтың ұлттық сусынының орталығы болып келеді.
Ежелден қымызды ашыту өнерін айрықша жетілдірген Қымызынай ауылының тұрғындары бүгінде бие сауу мен қымыз дайындаудың айрықша тәсілін меңгерген. Айтуларынша, бұл дәстүр ғасырлар бойы сақталып келеді.
Ауылдың атының өзі – қымызға байланысты шыққан. Кейбір аңыздарда ауылдың атауын Абылайханның өзі қойған делінеді. Аңыз бойынша, Абылай хан жорықтарының бірінде Қымызынай ауылына келген. Шөлдеп, шаршап, жауынгерлерімен бірге ауылға түскен ханға жергілікті тұрғындар ең жақсы қымызын ұсынған. Тұрғындар ерекше ілтипатпен ұсынған қасиетті сусыннан татып көрген Абылай «қымызын-ай, дәмі бал татиды екен!» деп риза болған дейді. Содан бастап ауылдың атауы Қымызынай деп аталыпты. тағы бір аңызда Абылай хан тұрғындар ұсынған қымыздың алтындай сары түсіне қызыққаны әрі оны қазақтың қаруы теңегені айтылады. деп атаған делінеді. Қымызынайдың қымызының дәмі мен күшіне таң қалған Абылай хан «Бұл қымыз – қазақтың қуатының кілті! Ол бізді жауға қарсы күшейтеді" деп, ауылдың қымызын хандықтың ресми сусыны еткен екен дейді.
Қымызайдың қымызы демекші аталмыш ауыл жуырда өткен Республикалық деңгейде елімізде алғаш рет ұйымдастырылған "BaiQymyz" гастрофестивалінде Қымызынай ауылының қымызы үшінші орын жеңіп алғаны белгілі. Жеңімпаз ретінде Қабдулиндер отбасы 10 миллион теңгені қанжығаларына байлады.
«BaiQymyz» фестиваліне еліміздің әр өңірінен 50-ден астам қымыз өндіруші қатысқан үлкен шара болды. Әрі мұндай ауқымдағы шара Қазақстанда бұрын-соңды өткізілмеген еді. Фестиваль ұлттық дәстүрді сақтау және оны дамыту, сондай-ақ қымыздың денсаулыққа пайдасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылғаны белгілі. Фестивальдің алғашқы күнінде елордада тарихи оқиға болып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысушылар Астанаға 30 тоннадан астам қымыз әкелді. Бұл – елімізде бұрын-соңды тіркелмеген рекордтық көрсеткіш. Әр қатысушы кемінде 500 литр қымызын алып келіп, қонақтарға тегін ұсынды. Сондай-ақ, олар баптау тәсілдерінің ерекшеліктерін, қымыздың түрлерін және дәстүрлі рецепттерді айтып берді. Фестиваль аясында ұлттық ойындар, би байлау көрсетілері, шеберлік сабақтары және қымызға арналған түрлі конкурстар өтті.
Фестивальдің негізгі жүлдесі яғни бірінші орын Абай облысының Саржал ауылының «Жаныс» шаруа қожалығына бұйырды. Оларға 20 000 000 теңге сыйақы табысталды. Екінші орын Қарқаралы ауданынан «Қарынши» шаруа қожалығына бұйырды. Жүлде – 15 000 000 теңге.
Ал үшінші орын басында айтып өткеніміздей, Ақмола облысы, Бурабай ауданына қарасты Қымызынай ауылының қымызы жеңіп алды. Жеңімпазға 10 000 000 теңге берілді.
«Аңызға сенсек, ауылымыздың «Қымызынай» деген атауын кезінде осы өңірге арнайы ат басын бұрған Абылай хан бабамыз қойыпты. Қымыздың дәмін татып, таңдайын жібіткенде тамсанып, «Қымызын-ай!» деген екен. Содан бері ауылымыз осылай аталып келеді.
Шынын айту керек, ата кәсіпті мәңгілік мұрамыз деп білеміз. Ата-бабамыздан мирас болған бие сауу мен қымыз баптау – біздің жанымызбен, жүрегімізбен атқаратын қасиетті ісіміз. Біз – Кабдулиндер отбасы осы дәстүрлі өнерді 40 жылдан астам уақыт бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғап келе жатқан жанұямыз. 1980 жылдың 19 шілдесі күні, яғни BaiQymyz гастрофестивалі өтетін күні, әулетіміздің үлкендері – ата-анамыз отбасын құрып, бие сауып, қымыз баптаумен айналыса бастаған еді. Содан бері бұл қасиетті кәсіпті жалғастырып келеміз. Қымыз баптаудың әдіс-тәсілін, дәмін келтірудің қыр-сырын біз бала күнімізден бойымызға сіңіріп өстік. Бұл – біздің өмір салтымыз, болмысымыз, ұрпақтық аманатымыз! Бүгінде табиғаты көркем Бурабай өңіріндегі шипажай демалушыларына, отандық және шетелдік туристерге сондай-ақ, жергілікті тұрғындарға өзіміздің табиғи, бал қымызымызды ұсынып келеміз. Қымыз – таза табиғи өнім, денсаулық пен күш-қуаттың қайнар көзі!», - дейді Алтай Қабдулин.