Астанада әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өтті
Бөлісу
19.09.20255784
Астана төріндегі Бейбітшілік пен татулыққа шақыратын бұл жиынға әлемнің 60-тан астам елінен 100-ден аса делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм және синтоизмнің жетекші өкілдері, халықаралық ұйымдардың мүшелері, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам қайраткерлері бас қосты.
Съез Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткенін атап өту керек
Бейбітшілік – ортақ мақсат
Съездің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі халықаралық ахуалдың күрделі екенін атап өтті. Ол геосаяси шиеленістердің артуы, әлеуметтік қайшылықтардың күшеюі және ядролық қақтығыс қаупінің соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейге жетіп отырғанына алаңдаушылық білдірді.
«Бүгін Астана төрінде әлемнің ең беделді рухани көшбасшылары бас қосып жатыр. Бұл – біз үшін үлкен құрмет, зор мәртебе. Қазір жер жүзінде сын-қатерлер көбейіп, халықаралық ахуал ушығып тұр. Соның салдарынан түрлі қақтығыстар көбеюде. Алмағайып кезең ешкімге оңай болып жатқан жоқ. Өкінішке қарай, соғыстың сипаты мен болмысы белең алуда. Дегенмен біз өткен заманнан дұрыс сабақ алып, сындарлы әрі ашық келіссөздерге ұмтылуымыз керек. Мәмілеге балама жоқ», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент әлемдегі күрделі халықаралық ахуал, соғыстар мен қақтығыстардың көбеюі, ядролық қақтығыс қаупі және діни лидерлердің осы сын-қатерлерге қарсы рөліне тоқталып, осындай алмағайып замандағы діни лидерлердің рөлін ерекше атап, оларды «гуманистік көзқарастарды ту еткен бейбітшілік елшілері» деп атады.
Дін басшыларын гуманистік көзқарастарды ту еткен бейбітшілік елшілері деп атауға болады. Сіздер ортақ мүдде үшін бірігіп, әлем жұртшылығын игі мақсат жолына жұмылдыруға ниет білдіріп отырсыздар. Баршаңызға шынайы ризашалығымды білдіремін, - деді Мемлекет басшысы.
Дін – бітімгерлік пен татулықтың бастауы
Президент Тоқаев өз сөзінде бейбітшілікке жетудің жалғыз жолы – сындарлы диалог екенін баса айтты. Съезге қатысушылар діннің қақтығыс емес, керісінше, шипа мен татуласудың бастауы екенін бір ауыздан қолдады. Папа Римский Лев XIV өз үндеуінде «Болашақтағы бейбітшілік пен бауырластық әрбір жүректің, әрбір қолдың ортақ еңбегін қажет етеді», – деп екенін атап өтті. Айтуынша, бұл жиын діни лидерлердің ортақ мақсатқа ұмтылысын және сенімнің әлемді біріктірудегі рөлін айқындап отырған үлкен алаң болып отыр.
Сол секілді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те діни лидерлердің жауапкершілігінің арта түскенін атап өтіп, Астанадағы өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер съезінің сенім мен диалог арқылы жаһандық тұрақтылықты нығайтуға қосатын үлесін жоғары бағалады.
Съез барысында Газадағы гуманитарлық дағдарыс пен Таяу Шығыстағы шиеленістер де күн тәртібіне қойылды. Еуропа мұсылмандары форумының президенті Абдул-Вахед Ниязов мұндай қақтығыстардың әлемдегі дінаралық татулықтың күшейген кезінде ғана тоқтайтынын атап өтті. Сөзіне мысал ретінде Қазақстанды мысал етті. «Қазақстан – ұлттар мен діндердің бейбіт өмір сүре алатынын дәлелдейтін ел», – деді ол.
Президент Тоқаев та Газадағы ахуалға алаңдаушылық білдіріп, қатысушылардың ашық пікір алмасуға және бейбітшілікке ұмтылуға деген ниетін жоғары бағалады:
«Қазір Таяу Шығыстағы жағдай күрделі екені жасырын емес. Сіздердің осы жиынға қатысуларыңыз ашық пікір алмасуға, бейбітшілік пен келісімге деген шынайы ұмтылысты көрсетеді. Біз мұны жоғары бағалаймыз», – деді Мемлекет басшысы.
Ядролық қақтығыс қаупі және конструктивті дипломатия
Тоқаев өз сөзінде ядролық қақтығыс қаупінің артып отырғанына назар аударды. Ол сарапшылардың мұндай апаттың ықтималдығын соңғы онжылдықтардағы ең жоғары деңгейде бағалап отырғанын атап өтті:
«Геосаяси жіктер кеңеюде, әлеуметтік шиеленістер артуда. Осындай күрделі жағдайда, менің ойымша, басты рөлді конструктивті дипломатия атқаруға тиіс», – деді Президент.
Бұл тезис Қазақстанның халықаралық аренадағы бейбітшілікті қолдауға бағытталған саясатын және дипломатиялық келіссөздердің маңыздылығын көрсетеді.Қазақстан – татулықтың үлгісіСъез қатысушылары Қазақстанды діндер мен ұлттардың бейбіт қатар өмір сүруінің үлгісі ретінде бірнеше рет атап өтті. Діни қайраткер Малкольм Хоэнлейн дін көшбасшыларының басты міндеті – адамдарды біріктіру екенін айтты:
«Біз айырмашылықтарымызға емес, ортақ құндылықтарымызға көбірек назар аударуымыз керек», – деді ол.
Анак Джут Дахалд Қазақстанның бастамасын бірегей деп бағалап, діни лидерлерді бір алаңға жинаған форум үшін ризашылығын білдірді. Президент Тоқаевтың қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде сөйлеген сөзі Қазақстанның көпұлтты және көптілді болмысын ғана емес, әлемге ортақ бейбітшілікке шақыруын да паш етті.
Съездің жабылу салтанатында Президент Тоқаев Қазақстанның дінаралық және мәдениетаралық диалогты қолдайтынын және съездің жаһандық пікірталас алаңы ретінде ықпалын арттыруға тырысатынын атап өтті:
«Біз съезд хатшылығының БҰҰ институттарымен және басқа да құрылымдармен серіктестік желісін кеңейтуді жалғастырамыз. Съезд идеяларын ілгерілету үшін бірқатар іс-шара ұйымдастырылады. Оған халықаралық серіктестеріміз, жастар, сарапшылар, волонтерлік ұйымдар қатысады. Бейбітшілік – ең басты байлығымыз», – деді Мемлекет басшысы.
Ол бейбітшілікті барша елдер мен діндер үшін ортақ құндылық деп атап, съездің табысты өткенін және игі мақсат жолындағы ынтымақтастықтың нығая түсетініне сенім білдірді:
«Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылық баянды болашақтың мызғымас кепілі саналады. Сіздер осы жолда аянбай еңбек етіп жүрсіздер. Бүгінгі басқосуды соның жарқын көрінісі болды деуге болады. Бір сөзбен айтқанда, Съезд табысты өтті. Баршаңызға зор алғысымды айтамын. Игі мақсат жолындағы ынтымағымыз одан әрі нығая береді деп ойлаймын», – деді Президент.
Съездің қорытындысы ретінде «Астана бейбітшілік декларациясы» қабылданды. Сенат спикері Мәулен Әшімбаев декларацияның мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға жаңа серпін беретінін және заманауи әлемнің сын-қатерлеріне ортақ ұстаным қалыптастыруға негіз болатынын атап өтті.
«Съездің тұжырымдамалық идеялары мен ұсыныстары оның қорытынды декларациясында көрініс тапты. Қатысушыларға декларацияның жобасы ұсынылып, ол жұмыс тобында және Хатшылық отырысында жан-жақты талқыланды. Түскен ұсыныстар ескерілді. Біз декларацияның негізгі қағидаттары мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайтуға жаңа серпін беріп, заманауи әлемнің негізгі сын-қатерлері мен проблемаларына жауап табуға ортақ ұстаным қалыптастыруға негіз болады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Декларацияда сондай-ақ келесі IX Съездің мерзіміне қатысты ұсыныстар енгізілген. Оған сәйкес, келесі жиынды 2028 жылы Қазақстан астанасы – Астанада өткізу жоспарланып отыр.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезінің Декларациясы қабылданды деп жариялауға рұқсат етіңіздер, – деді Сенат спикері.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың мәлімдеуінше, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII съезінің қорытындысы бойынша қабылданған «Астана бейбітшілік декларациясы» дінаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға, жаһандық сын-қатерлерге ортақ жауап қалыптастыруға және бейбітшілік пен татулықты ілгерілетуге бағытталған маңызды құжат болды.
Енді декларацияның негізгі аспектілері мен мақсаттарына тоқталып өтейік:
Мәдениетаралық және дінаралық диалогты нығайту:
Декларация діни және мәдени әртүрлілікті өзара құрмет пен сенімді арттырудың құралы ретінде қарастырады. Ол діндер мен ұлттар арасындағы диалогты дамыту арқылы үйлесімді және өркендеген әлем құруға атсалысуды мақсат етеді.
Қатысушылар диалогтың сындарлы және инклюзивті болуы керектігін атап өтті, бұл геосаяси тұрақсыздық кезеңінде аса маңызды.
Бейбітшілік пен тұрақтылықты ілгерілету:
Декларация бейбітшілікті барлық елдер, халықтар мен діндер үшін ортақ құндылық ретінде бекітеді. Ол діни лидерлерді бейбітшілік елшілері ретінде танып, олардың сенім мен адамгершілік арқылы жаһандық тұрақтылықты нығайтуға үлес қосуын қолдайды.
Зорлық-зомбылықты насихаттайтын деструктивті идеологиялар қатаң айыпталып, қақтығыстарды шешудің бейбіт жолдарына басымдық беріледі.
Әлеуметтік теңсіздік пен экологиялық мәселелер:
Декларацияда әлеуметтік теңсіздікті еңсеру және инклюзивті қоғам құру мәселелеріне ерекше назар аударылған. Съез барысында талқыланғандай, діни лидерлер мен қоғам әлеуметтік әділеттілікті қолдауға шақырылады.
Экологиялық мәселелер мен тұрақты дамуға да көңіл бөлінді. Декларация табиғатты қорғау және климаттық өзгерістерге қарсы күресті діни және моральдық міндет ретінде қарастырады.
Діни нысандар мен рәміздерді қорғау:
Декларация діни нысандар мен рәміздерді қорғауды тарихи жадты, мәдени әралуандылық пен адамзаттың рухани мұрасын сақтаудың маңызды бөлігі деп таниды. Бұл мәселе съездің арнайы сессиясында талқыланып, декларацияда бекітілді.
Жаңа технологиялар мен жасанды интеллект:
Съез барысында жаңа технологиялар мен жасанды интеллекттің адам өміріне ықпалы талқыланды. Декларация бұл технологиялардың этикалық және рухани құндылықтарға сәйкес пайдаланылуы керектігін атап өтеді, олардың адамзатқа пайда әкелуі үшін діни және ғылыми білімнің синергиясына шақырады.
Жастар мен болашақ ұрпақ:
Жас дін лидерлерінің форумы декларацияның маңызды бөлігі болды. Декларация жас ұрпақтың диалог пен өзара түсіністікті жалғастырудағы рөлін мойындайды және оларды бейбітшілік пен ынтымақтастық идеяларын ілгерілетуге тартады.