Жеті томдық: II том талқыланып, III том күнтәртібіне шықты

Бөлісу

02.08.2025 1528

Қазақстанның академиялық тарихнамасы жаңа белеске көтерілді. Бұл жөнінде Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында арнайы хабарлады. 


Оның жазбасына сүйенсек, «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты көптомдық академиялық басылымның алғашқы томы баспаға жол тартса, келесі томдардың да дайындығы жүйелі жалғасып жатыр.

«Бүгін редакция алқасының кезекті отырысында жалпы дауыс беру арқылы басып шығаруға әзірлеу үшін Қазақстан тарихының бірінші томының қолжазбасын бекіттік», – деп жазды Ерлан Қарин.

Отырыс барысында түркi дәуiрiне арналған екiншi томның құрылымы мен мазмұны кеңінен талқыланды. Бұл бағыттағы жұмысқа беделді ғалымдар мен тарихшылар тартылған. Редакция алқасы мүшелерінің қатары Қазақстан ғылымының белгілі өкілдерінен құралған. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков отырыста баяндама жасап, томның ғылыми концепциясын таныстырды.

Жиында сондай-ақ, тарих ғылымдарының докторлары, Ұлттық ғылым академиясының академиктері Мәмбет Қойгелдиев, Оразақ Смағұлов, тарихшылар Еркін Әбіл, Айболат Көшкімбаев, Галина Ксенжик сынды жетекші мамандардың рецензиялары тыңдалды.

«Сондай-ақ әріптестерімізбен бірге Түркі дәуіріне арналған екінші томның мазмұнын талқыладық. Авторлар ұжымының жетекшісі, тарих ғылымдарының докторы, академик Болат Көмеков баяндама жасады», – деп жазады Қарин.

Отырыс пікір алмасуға толы болды. Ғылыми қауымдастықтың танымал өкілдері – Меруерт Әбусейітова, Бүркітбай Аяған, Айгүл Сәдуақасова, Жақсылық Сәбитов, Радик Темірғалиев, Дихан Қамзабекұлы, Ақан Оңғар, Күлғазира Балтабаева, Нұрсан Әлімбай, Зиябек Қабылдинов, Жәкен Таймағамбетов сынды редакция алқасының басқа мүшелері де өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиын соңында маңызды шешімдер қабылданды.

«Жиын соңында редакциялық алқа екінші томды жетілдіру жұмысын жалғастыру туралы және келесі отырыста «Қазақстан тарихы: ежелгі дәуірден бүгінге дейін» атты академиялық басылымның үшінші томын қарастыру жөнінде шешім қабылдады», – деді Ерлан Қарин.

Бұл бастама – елдің тарихи санасын жаңғыртуға бағытталған жүйелі жұмыстың бір бөлігі. Ғылыми негізге сүйенген, ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған көптомдықтың жарыққа шығуы – академиялық тарихнама мен қоғамдық сананы ұштастыратын маңызды белес болмақ.

Cуреттер Facebook парақшадан алынды

Бөлісу