Алаш арыстарын ардақтаған қала

Бөлісу

16.07.2025 1363

1998 жылы Астана қаласының іргесі қайта бой түзеп, тәуелсіз мемлекеттің астанасы болды. Астана қаласының Қазақстан өңірлерінің ішінде өзіндік қолтаңбасымен ерекше. Астананың бағзы тарихы терең, Қараөткел, Есіл-Нұра екі өзеннің ортасында салынған бұл қала елдің егемендігі мен тұтастығы жолында маңызды рөл атқарады. 


Астана қаласында Қазақ хандығының бұрынғы астаналары, хан-билері мен батырлары, Алаш қайраткерлері, екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандары мен еңбек ерлеріне арналған көше атаулары рет-ретімен бой түзеп, қаланың тарихи салмағы артып келеді. Көше атауларының ішінде біз Алаш қайраткерлеріне арналған есім-сойлар мен ескерткіштерге ерекше мән береміз. Алаш қоғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның Сарыарқаның төсі астанамыз болса, сонда университет салып, қазақ балаларын оқытсақ деген мазмұндағы арманы бүгінгі күнде толық жүзеге асты деп айтуға болады. 1913 жылы «Қазақ» газетінде «Түрік баласы» бүркеншік есімімен Алаш сөзінің шығу тарихын «Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран беріпті. Һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш, қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны «Алаш» болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан «Алты Алаш» болады. «Алаш» деген сөздің лұғат мағынасы: «Отан кісісі» (отечественник) деген сөз болады. Мұны бір ақынның Абылайға айтқан өлеңінен білеміз: «Тақсыр ау, ұнатсаңыз қарашыңмын, ұнатпасаң жай жүрген алашыңмын» депті. Сол өлеңде «Алаш» Отан кісісі мағынасында. Және қазақта «Алаң келме, Алаш кел» деген бір мысал сөз бар. Сондағы Алаң «шетелдің кісісі», Алаш «Отан кісісі» мағынасында болады. Сол күнде Жошы ханға «Алашы» деп лақап қойылды. Алашы – «Алаштың басшысы» (голова отечества) мағынасында болады», - деп баяндайды. 

Астана қаласында 14 даңғылдың екеуі Алаш қайраткерлерінің атын берілген. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы даңғылы 

Бұрынғы атауы – Абай даңғылы. А.Пушкин көшесінен басталып, Р.Қошқарбаев даңғылында аяқталады. І.Жансүгірұлы, Қ.Рысқұлбеков, Ғ.Мүсірепов көшелерін қиып өтеді. Көшенің жалпы ұзындығы – 2602 м құрайды. 

Мағжан Жұмабаев даңғылы 

 бұрынғы М.Жұмабаев көшесі мен №1 даңғыл. Абылай хан даңғылынан басталып, Айнакөл көшесіне дейін созылады. Бойында Б.Момышұлы даңғылы мен Қажымұқан, М.Төлебаев, Сұлутөбе, Талғар, Обаған, Жанкент, Балқантау, Таскескен көшелерімен қиылысады. Ұзындығы – 3197 метр.

Шәкәрім Құдайбердіұлы Алаштың ақылшы ақсақалы, қазақтың ең ірі ақындарының бірі болса, Мағжан Жұмабай қазақ әдебиетінің заңғар тұлғасы, Алаш қайраткері, қуғын-сүргін құрбан атанған-ды. Дегенмен, қос ақын да қазақ жазба әдебиетінің қарыштап дамуына, әдеби жанрлардың түрленуіне өзіндік жол салған-ды. 

Астана қаласында Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханға Ғұмар Қараш көшесінен басталып, Абай даңғылынан аяқталатын, Ағыбай батыр, Аманкелді Иманов, Тұрар Рысқұлов, Кенесары көшелерімен қиылысатын, ұзындығы – 846, 3 м көше берілген. Сондай-ақ «Оян, қазақ!» өлеңін жазып, алаш идеясын түрлендірген Міржақып Дулатұлының атына С.Мұхамеджанов көшесінен басталып, Ш.Жиенқұлова, Ақан сері, Жалын көшелерімен қиылысқан, ұзындығы 321,7 м көше берілген. 2010 жылы қалаға ардақты ұлт ұстазы, Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлына арнап Р.Қошқарбаев даңғыланан басталып, Тәуелсіздік даңғылын қиып өтетін, ұзындығы – 7200 м көше бірелген. Бұл көшеде Астана қаласының мәдени кешеніне айналған Бейбітшілік және келісім сарайы, «Шабыт» концерт залы орналасқан. Сондай-ақ, қалаға Алаш қайраткерлері Мұхамеджан Тынышпаев, Мұстафа Шоқай, Міржақып Дулатов, Халел Досмұхаммедұлы, Жаhанша Досмұхаммедұлы, Ағайынды Бірімжановтар, Әлімхан Ермеков, Айдархан Тұрлыбаев, Уәлитхан Танашев, Мағжан Жұмабайұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Халел Ғаббас, , Жаһанша Сейдалин, , Телжан Шонанұлы, Ғұмар Қараш, Жақып Ақбай, Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, Аспандияр Кенжин, Мұхамеджан Сералин, Нәзір Төреқұлұлы, Шаймерден Қосшығұлұлына арнап үлкен көшелер берілген. Алаш қайраткерлерінің ізбасары атанған, келесі  бір толқыны  Смағұл Сәдуақас, Сұлтанбек Қожанұлы, Хайреддин Болғанбаев, Қошке Кемеңгерұлына арнайы көше, мектеп атаулары берілген. Алаш қозғалысына қатысқан, бізге аты-жөні белгілі 3 мыңға жуық қайраткердің 30-ға жуығының есімі Астана қаласының көшелеріне берілген.  Бұл елорданың Алаш қайраткерлерінің есімін ерекше ардақтап, жаңа ұрпаққа жаңа леппен жеткізе білгенін аңғартады. Дегенмен, қалаға Алаш қайраткерлерінің есімінің берілуі бұл ретпен тоқтамайды. Алдағы жылдары да қазақ зиялыларын ардақтап, көше, мектеп, мәдени кешендердің атын беру жұмысы өзіндік ретпен жалғасары анық. 

Бөлісу