Ұлт-азаттық қозғалыс және Амангелді батыр

Бөлісу

11.07.2025 1652

«Қазақ» газеті және Алаш қайраткерлерінің ұстанымы


ХХ ғасырдың алғашқы ширегі қазақ халқы үшін қасіретті тарихи оқиғаларға толы болды. Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында  билігі әлсіреген патша үкіметі соғысқа бұратана халықтардан әскер жинап, майданға тарту мәселесін күн тәртібіне қояды. Патша үкіметінің бұл жарылығының жаңғырығы қазақ даласын ашуға булықтырып, жалпыұлттық қозғалыстың шоғын үрледі. 1905 жылы «Қарқаралы құзырхатынан» кейін Алаш қозғалысы ұлттық сипат алып, «Қазақ» газеті ұлт мінберіне айналды. Қазақ азаматтарын майданға алу, майданға алса, қазақ әскерін жасау реформасын алғаш «Қазақ» газеті көтерді.   

1916 жылы «Қазақ» газетінде қазақ  азаматтарының әскерге алыну мәселесі қозғала бастады. Газет редакторлары А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы қазақ азаматтарының әскерге көмектесу үшін алынса, қандай әскер құру қажет, қазақ азаматтар соғыс даласында қандай қызмет ету керек мәселелерін күн тәртібіне қойған болатын. 1916 жылы «Қазақ» газетінің №166 санында «Оренбургское слово» газетінде жарық көрген «Қазақтан солдат алу» атты мақалада қазақтан солдат қалай алыну қажет екені талқы түседі. Сондай-ақ қазақтан солдат алынса, не жаяу әскерлікке, не атты әскер қылу мәселесін талқылай отырып, қазақ ат үстінде күн кешетін халық, сондықтан казак-орыс атты әскері секілді жөнге келтіру керек деген ұстаным білдіреді. Бұл жайлы газетте: «Россия адам күшіне қанша бай болса да, кемуде. Қазақ даласынан жаңадан миллиондап әскер жиюға болады. Бұларға орысша тіл үйренуге уақыт жетіспейтіндігінен, өз алдына лек-лек әскер қылу керек. Қазақтан бір миллион әскер алу үшін қазақ даласынан тегіс жинамай-ақ, тек Семей, Ақмола, Торғай һәм Орал облыстарының солтүстік үйездерінен жинаса да болады. Бұл қазақтар өзге жердегілерінен, қай жақтан болса да артығырақ», [1] – деп жазады. 1916 жылы «Қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлының «Г.Дума һәм солдаттық мәселесі» атты хабарламасы жарық көреді. Мақалада 9 ақпаннан бастап Дума ашылатыны, бір қатар мәселелермен бірге қазақтан солдат алу мәселесі де қарастырылатындығын айтады.  Сондай-ақ, қара халықтың бұл хабарды естіп, екіге жарылғандығын, бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін Самардан Әлихан Бөкейхан, Орынбордан Ахмет Байтұрсынұлы, Ақтөбе үйезінен Нысанғали Бегімбетов 3 ақпанда  Петроградқа жүріп кеткенін баяндайды. М.Дулатұлы қазақтан солдат алынса, талап-тілегі былай болатындығын айтады: 

«Солдаттық мәселесі туралы қазақ даласының әр тұсынан жиналған пікір, тілек бір ізден шығып тұр. Мысалы:

Қазақтан осы соғыс үстінде солдат алынбау.

Солдат алудан бұрын метірке түзеу үшін муфтилікке қарау.

Лажысыздан алынатын болғанда, жаяу солдат болмай, атты 

әскер болу, казак-орыспен жер-су һәм правада теңгерілу.

Қазақ атынан сөйленетін тілек, берілетін докладтың негізді дәлелдері осыларға құрылып, баяндалмақшы» [2] 

1916 жылы «Қазақ» газетінің №172 санында жарық көрген «Петроград хаты ІІ не істеуге?» атты мақалада солдат алу законы жақында шығуы ықтимал екендігі, егер қазақ солдатқа алынса, атты әскер ең қолайлы болатындығы айтылады. Қазақтың жаяу әскер бола алмайтындығын, әскери оқуға жаттықпағандығын: «Қазақ балалары қаладағы оқуға 10 мен 15 жастың арасында барады. Әскерге 21 жастағы ержеткен жігіттер барады. Қала ауасына тән неғұрлым жас болса, соғұрлым жаттыққыш болмақ. 10-15 жастағылар жаттыға алмай аурулы болып жатқанда, 21 жастағылар жаттығып үйренуі онан да қиын. Оның үстіне қаланың ең нашар ауасы қазарма ауасы болса, онда тұрған қазақ жігіттері аурулы болатыны шексіз. Аурулы адамдар жақсы әскер болады деп кім дауласар екен?

Қазақ салдат болса, қазақтың аурулы болып, құрып бітуіне себеп болғаны болмаса, мемлекетке пайдалы жақсы әскер бола алмайды. Мұны көріп, біліп тұрғанда салдат болуды, қазармада тұруды қазақ та тілемес. Қазақ «жаяу жүре алмаймын, қазармада тұра алмаймын» деп тұрса, басқалар да оны бекер дей алмас. Сүйтіп, қазақ жаяу салдат бола алмайды һәм бола алмаймын десе, оны жолмен ешкім жыға алмайды», – деп жазады. «Қазақ» газетінің редакторлары Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы бастаған азаматтардың қазақтан солдат алына қалса, олардың ешқандай қарсылықсыз жасақталуы, қазақ жігіттерінің солдат алу арқылы олардың соғыс тәсілін үйренетіндігін, Алаш  қайраткері, заңгер Райым Мәрсекұлы «Қазақ» газетінің №175 санында: «Осы мезгілде қазақтан салдат алу мәселесінің беті білінді. Соғыс үстінде қазақтан әскер алуды ілгергі ұлық мақұл көрмеген. Үйткенмен түбінде бір салдат беру бар һәм кешікпей-ақ бұл іске айналуы да ықтимал. Сол себепті бұл сөзді осы бастан кеңесу тиіс. Мемлекеттегі барша халық әскерлік қызметін атқарып отырғанда, біздің қазақ тыныш ұйықтап датамыщ деу лайық па? Жұртты жау шауып жатқанда, өзге халық оны қорғаймын деп қан төгіп жатқанда, жауға қарсы жаппай, қатын-балаша бұғып отырамыз деу сия ма? Әрине, маған айтар, «баяғыда патшалар меңеулікті қазақ халқынан салдат алмаймыз деп уағда қылғаны қайда» деп. Рас, ондай уағдалар бар, бірақ өзімізге қалай болар. Басқа жұрттарыңмен бізді теңгеріп ұста, назым алдында барлық халық тең болсын деуге ол уақытта тіліміз бара ма? Жоқ, тең боламыз десек, міндетті мойнымызға алып отырып, енді өзгелермен теңгермесе қойсын, бізге салдат алмаса болады дейтіндер де болар. Оларға айтатынымыз «ойлаңдаршы әбден» дейміз. «Кім ұстасаң кіс ұста, бірақ қолымызға найзаңды ұстатпа» деген ұнар ма екен. «Өлімге басымызды байласаң да, қорлықты көзім өкрмесе екен» деген жарар ма екен? Біздің ойымыз соңғыны ұнатады», –  деп дәлелдей түседі. Сондай-ақ Райымжан Мәрсекұлының «Әскерлік қызметін атқару қазақ халқының мойнына міндет болып низам шығарлық болса, біз атты әскер болуды лайық көреміз һәм қазақ-орыс ретінде қызмет ететін болсақ, мұндағы гебі бір ауырлықтарды жеңілдету жағын іске асыруды тиіс табамыз. Соғыс болған уақытта бір үйлі жанда шаруасын басқарарлық бір адамы қалатын болу керек» деген ашық пікірі газет бетінде жарық көреді. 

  1916 жылы қазақ даласында солдат алу, алмау мәселесі күн тәртібіне қойылып, қызу пікірталасқа ұласты. Семей, Ақмола, Торғай өңірінің қазақтарының пікірі екіге жарылды. Бір тарап солдат алуды қолдаса, екінші тарап патша үкіметінің қазақ даласынан солдат алуы заңсыз деп, қарсылық білідіріп, үкіметке қарсы наразылыққа шығуға үгіттей бастады. Семей өңірінің Берікқарадан Ыбырай Ақбай баласы, Хасанхан Сырлыбай баласы, Тоқыруыннан Сымахан Бөкейхан, Балқаштан Нармамбет Ормамбет баласы, Әбдірейден Кемал Жайсақ баласы, Ақшатаудан Амантай Адамбай баласы, Ғияс Тоқтарбек баласы, Шұбартаудан Ғиясқұл Мыңаяқ баласы һәм Қотанбұлақтан Хасен Бижан баласы бастаған азаматтар «Қазақ» газетінің №179 санында «Соңғы уақытта қазақ жұрты әскерлік қызметіне шақырылады» деген хабар шығып тұр. Әскерлікке жұрт құл. Әскерлік қызметін біздің қазақ қай түрмен атқарғаны мемлекетке, қызмет қылған жұртқа ыңғайлы – осыны халық болып кеңескен оң көрінеді. Біздің қазақ бурят сияқты, казак болса, атпен, найзамен туып өскен жұрт, артықша көркем әскер болар еді. Жаяу қазақ көп жер жүріп жарытпас. Қалада қазақ жігіті казармада тұрса, 50%- 60%-ы (жүзден 50-60) құрт һәм өзге бұған жапсарлас науқасқа жем болады. Қазақ үшін қырда жаяу солдат казармасы болмас, бұл қазынаға көп шығын» деп солат алу мәселесінде атты әскер жасақтау жөн деген ұстанымдарын айтады. Дегенмен, патша үкіметі қазақтан солдат емес, қара жұмысқа адам алу туралы жарлық шығарады. Бұл жарлық 1916 жылы 25 маусымда Түркістан мен Дала өлкесінен 19-43 жас арасында қара жұмысқа 500 мың адам алу туралы болады. Патша үкіметі қазақ даласы бұл жарлыққа қарсылық қылмау, жарлықты орындау жайлы үндеу жасайды. Бұл жарлықтың жүзеге асуы, орындалуы қиынға соқты. Торғай өңірін басқарып отырған Бірімжанов Қорғанбек, Құлжанов Зейнулла, Дулатов Асқар, Есбергенов Қамбар, Атабаев Сүйін, Тоқтабаев Досжан, Түркебаев Айтқұл, Жәукин Орынбек бастаған ақсақалдардың жартысы Алаш қайраткерлерінің ұстанымын қолдаса, жартысы оған наразылық білдіріп, ашық қақтығыстарға шақырды. Бұндай қарсылықтар Жетісу өңірінің әр бөлігінде тұтана бастады. «Қазақ» газетінің №202 санында  Жаркент, Алматы, Прежевальский, Піспек уездеріне қараған қазақ һәм қырғыздар 25 июнь жарлығына мойын ұсынбай, жазықсыз жақын қалаларға шабуыл жасағанын,  бұл істі тоқтату үшін жіберілген үкімет әскеріне қарсылық қылған себепті осы төрт уезге қараған бірнеше болыс елдер әскер күшімен қырғын тапқанын баяндайды. Тілші Смағұл Найманқожаұлы мақала аяғында «Сентябрьдің 20-ы шамасында Лепсі үйезінде қарсылық қыламын деген 200 қазақ қырғын тапты, қайырлы болсын. Қазақ баласы өзін-өзі қорлыққа салғанына ішіміз күйеді»,[3] – деп өзінің күйінішін білдіреді. Қазақтан қара жұмысқа азамат алу мәселесіне қарсылық қазақ даласының әр өңірінде тұтана бастады. «Қазақ» газетінің №206 санында Ахметқали есімді тілші Өскемен қаласындағы қарсылықты былайша баяндайды: 

«25 июнь жарлығына қарсылық қылды деп 19 кісі абақтыға жабылғандығы «Қазақта» да бұрын басылып еді. Бұл 19-дың бәрі де халықтың қадірлі бас адамдары. Бұлар 264-статьямен айыпталып, военный судқа берілген еді. Өскеменге 2 ноябрьде Омскіден военный сот келіп, бұлардың ісін қарады. Бұларды төрт адвокат қорғады. Төртеудің бірі өзіміздің Райымжан мырза Мәрсекұлы еді. Сот 19 айыпкердің бәрін де ағартып жіберді. Бұл істен халық шошынулы еді, ақыры қайырлы болды». «Қазақ» газетінің №207 сананыда Ахмет Батйұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамдияр Тұңғаншин, Сейдәзім Қадырбай Торғай халқына жолдаған үндеулерінде, Жетісу өңірінің адамдары қара жұмысқа жастарын бермей қырғынға ұшырағанын айтып, Торғай жұртына қарсылық жасау туралы мәлімдеме жасайды. Олар «бұл қарсылық қылғандарды аз күннің ішінде әскер шығып қырғынға ұшыратты. Жызақ деген шаһардың 20 мың халқы жоқ болды, тірі қалғандары босып кетті. Мал-мүлік, шарудан айырылды. Жетім-жесір шулап қалды, жер-суы қазынаға кетті. Сүйткенменен бұл Түркістан халқы да патшаның құрығынан құтыла алмай ақырында көнді, жігіттерін берді. Жетісуға қараған қырғыз халқы да көнбейміз деп, тау-тасқа, сай-салаға паналап қашты. Ақырында бұлар да бүліншілікке ұшырап, қырғын тауып, бұл күнде көніп жатыр»,[4] - деп жазады. Бұл қарсылықты доғару, патша үкіметіне қарсы шықпау, қозғалыстың отын тұтатпау мәселесін «Қазақ» газеті күн тәртібіне алып, үгіт-насихат жүргізумен айналысады. Себебі, үлкен империяға қарсы шығу, ұлттық әскерсіз әр жерде тұтанған шағын топтар арқылы соғысудың түбі жеңіліс, жазықсыз қырғынға ұшырау еді. Қазақ зиялыларының осы кезеңде пікірі екіге жарылып, соғысқа барып, ел-жер көріп, тіл үйрену мәселесін Алаш қайраткерлері ілгері қойды. Қара жұмысқа бармай, қарсылық қылудың соңы қырғын, қантөгіс деп есептеді. 

 1916 жылы «Қазақ» газетінің  №196 санында Түркістаннан қара жұмысқа алытнатын азаматтардың санын: «Сондықтан жасалған список бойынша алынатын жұмыскер саны қазірге 200 мың 470 кісі болып қалды. Оның 60 мыңы Сырдария, 32 мың 407-і Самарқан; 51 мың 233-і, Ферғана, 43 мыңы Жетісу, 13 мың   830-ы Закаспий облыстарынан. Әр үйез, әр болыс һәм әр қалаға бейталап таратылатын жұмыскер саны осы приказдың 3-тіркемінде ғлан етіліп тұр. Жетісу облысында бүліншілік қатты болған себепті ондағы үйез, болыс, қала басына таратылатын жұмыскер саны бүліншілік басылып болғаннан кейін дербес ғлан етіледі», - деп көрсете отырып, қара жұмысқа алынатынын ескерте отырып,жұмыскерлердің жеке хақысы  мен мүддесін, алатын киім-кешектерін, жеке гигеналық заттарын, ас-ауқаттарын тізбектейді. Түркістан өлкесінен 220 мың 470 адам алыну мәнін «Қазақ» газетінінен келесі санында: 

«1905 жылғы есеп бойынша Түркістандағы жұрттың есебі, орыстарды шығарып тастағанда облыс басына мынадайдан келеді:

Сырдария облысында 1 миллион 475 мың 352 жан.

Самарқан 1 « 2 « 200 «

Ферғана     1 « 794 « 700 «

Жетісу        – « 931 «  422

За Каспий – « 531 « 29 «

Мұның 19-31 жастағыларын түгел алса, Түркістан улаятынан 497 мың 792 жұмыскер алынатын еді. Курупаткин айтуынша Түркістаннан алынуға тиіс болған адам саны 220 мың 470 кісі. Бұл есеппен жоғарыда айтылған Түркістан жұртының 100 адамынан 4 кісі алынады. Еркек санын ғана алғанда 100 еркектен 8 еркек алынады. Түсініктірек етіп айтқанда 4 үйден бір адам алынады. Мақта егушілерден тиісті адамның санынан 20 мыңы кемітілген. Олардың 4 үйіне бірден де келмейді. Сүйтіп, Түркістаннан ең көп болғанда төрт үйден бір ғана адам алмақ», [5] - деп түсіндіреді. Ал Ақмола, Семей, Орал, Торғай, Ішкі Орда обылстарының жиынтық халқының саны 1905жылдан бергі өсім бойынша 2 миллион 527 мың 782 адам болған. Бұл өңірлерден 19-31 жастағыларды түгел алса, 227 мың 500 жұмыскер, ал Түркістаннан алғандай есептесе, 101 мың 111 жұмыскер алатындығын жазады. Бірақ бұл жағдай «Қазақ» газетінің редакторлары мен жазушылары ойлағандай болмады. Керсінше, жер-жерде майданға қара жұмысқа бармау, патша үкіметіне қарсы күресу мәселесі көтеріліп, көтерілісшілер ашық қарсылыққа шықты. Патша үкіметінің жарлығына қарсылық жалпыұлттық сипатқа ие болып, қазақ даласы қантөгіс ошағына айналды. Патша үкіметі қазақ өлкесіне жазалаушылар отрядын жіберіп, қарсылықты күшейте түсті.

 

Амангелді батыр (1873-1919)

Сурет авторы Ә.Қастеев

Амангелді батыр және Торғай көтерілісі

1916 жылы «Қазақ» газетінің, Алаш қайраткерлерінің үндеуіне қарамастан ел ішінде толқулар мен қақтығыстардың саны арта түсті. Топтастан қақтығыстарды патша әскері аяусыз басып-жаншып, ұйымдастырушыларды өлім жазасына кесіп, халық ашуын қайта өршітіп алды. Бұл шешім қара халықтың наразылығын тудырып, ел арасында толқулар мен қарсылықтардың белең алуына себеп болды. Алғашқы наразылықтар Өскемен уезінен басталып, іле-шала Семей облысының Зайсан, Қарқаралы, Семей уездеріне тарады. Бұл толқулар бір облыспен шектелмей, көршілес Ақмола облысына қарай ойысып, Ақмола және Атбасар уездерінде де бой көрсете бастады. Осы кезеңдегі қазақ зиялыларының пікірі екіге жарылды. Жетісуда Тоқаш Бокин, Сырдария облысында Тұрар Рысқұлов, Ақмола облысында Әділбек Майкөтов, Бөкей Ордасында Сейітқали Меңдешев пен Әбдіраһман Әйтиев, Торғай облысында Әліби Жангелдин, Бәймен Алманов, Оразғали Асауов, Маңғыстауда Жалау Мыңбаев сынды ұлттық демократиялық интеллигенцияның өкілдері қалың бұқараның мәжбүрлеп жұмылдыруға қарулы қарсылық көрсету туралы ауыр шешімін қолдаап қана қоймай көтеріліске де қатысқан. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы сынды либералды интеллигенция мен олардың пікірлестері көтеріліске қарсы болды. Алғашқылары да, соңғылары да өз көзқарастарын халыққа көмектесуге деген ынтасымен, елге тиетін моральды, физикалық және экономикалық зардапты барынша азайтуға ұмтылысымен түсіндірді.

1916 жылғы маусым жарлығына қарсы қазақ халқының қарсылығы түрлі формаларда көрініс тапты. Наразылықтың басты белгілері – қара жұмысқа барудан бас тарту, болыс басқармаларынан шақырту тізімдерін күшпен алу, сонымен қатар, мал-мүлкін, әсіресе жылқыларын шекара маңына айдап кету әрекеттері болды. Генерал-лейтенант барон Таубенің 1916 жылғы 7 шілде мен 5 қыркүйек аралығындағы мәліметтеріне сүйенсек, бұл қарсылықтар барған сайын күшейіп, ұйымдасқан сипат ала бастаған. Мысалы, Зайсан уезінде әрқайсысы мыңнан астам адамнан тұратын бірнеше топ пайда болса, Семей уезінде қарсылық білдірушілердің саны жеті мың адамға дейін жеткен. Ал Өскемен уезінде үш мыңға жуық адамнан құралған бірнеше топтар тіркелген. Бұл деректер қазақ халқының бұлқынысы жергілікті сипатпен шектелмей, кең ауқымды ұлт-азаттық қозғалысқа ұласқанын көрсетеді. Батырлан Амангельдиев «Торғай уезіндегі көтеріліс және Амангелді Иманов» еңбегінде Торғай көтерілісінің басталуын және көтерілісті қолдаған азаматтардың тізімін былайша көрсетеді: 

Амангелді Үдербаев (Иманов) – Қайдауыл болысы, 

Абдолла Дүйсенов, Уәли Баспақов Аққұм болысы, 

Қияқбай Үркімбаев, Әсемғазы Үркімбаев, Дәуренбек Сәндібаев – Қарақоға болысы, 

Омар Тынымов, Хәкімбек Токин – Шұбалаң болысы, 

 Қасымхан Алтынсарин – Тосын болысы, 

Әбдірахман Иманқұлов –  Сарықопа болысы, 

Уәли Жалмағамбетов, Сәдуақас Жанбосынов – Қортоғай болсы [6, 23 б]

  1916 жыл Амангелді Иманов қамаудан босап, Торғайға қайта келген кезі болатын.  Көтеріліс шоғы тұтанып, Торғай жұрты өз орталарынан Әбіғаппар Жанбосыновты хан көтереді. Торғай уезіндегі көтерілісшілердің алғашқы патша әкеріне қарсы шайқасы 1916 жылдың 21 қазанында Татыр көлінде өтеді. 1916 жылдың қыркүйек айының үшінші онкүндігіне қарай Торғай уезіндегі қазақ халқының негізгі бөлігі қарулы көтеріліске қатысуға толық дайын болғаны байқалады. Бұл кезеңде аймақ тұрғындарымен қатар көршілес өңірлерден көшіп келген қазақтар да қозғалысқа белсенді түрде араласа бастаған. Атап айтқанда, Ақмола облысының Петропавл және Атбасар уездерінен, Сырдария облысының Перовск уезінен, сондай-ақ Қостанай уезінен қоныс аударған қазақтар патша жарлығына қарсы қарулы қарсылық көрсетуге әзір болды. 1916 жылғы қазанда көтеріліске шыққан Торғай уезінің тұрғындары қозғалысты жүйелі ұйымдастыру мақсатында Торғай қаласының маңындағы Ақмырза мен Ақтүбек елді мекендерінде жиналуға шешім қабылдады. Ақтүбекте Арғын болыстарынан шамамен екі мыңға жуық сарбаз шоғырланды. Қозғалыс жетекшілігіне Оспан Шолақов хан ретінде сайланып, оның көмекшісі қызметіне Ахмет Өтетілеуов, ал сардар (әскербасы) міндетіне Амангелді Имановтың серігі Қасымхан Алтынсарин бекітілді. Сонымен қатар, Ақмырза жеріне Торғай уезінің алты бірдей Қыпшақ болысынан шыққан сарбаздар жиналды. Бұл топтың жалпы саны 6–7 мың адамға жуық болған. Көтерілісшілердің мұндай ауқымды әрі ұйымдасқан түрде шоғырлануы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың Торғай өңіріндегі шешуші кезеңдерінің бірі екенін көрсетеді. Бұл деректер көтерілістің кең әлеуметтік базасы мен географиялық ауқымын, сондай-ақ қазақ қоғамындағы өзін-өзі ұйымдастыру әлеуетінің жоғары болғанын дәлелдейді. Амангелді батырдың осы соғыстағы ерлігі және Торғай облысының маңайындағы ауылдарды көтерілске шоғырландырғаны жайлы Нұрхан Ахметбеков «Амангелді» дастанында: 

Шатпақты, Батпаққара көл жиегі, 

Үрпекте алынатын қой күйегі.

Торғайдың төмен аққан салалары

Атанған Қалмақ босқан, Төрт үйегі 

Айбынып Амангелді шегінбеді, 

Ел үшін еңбек етті, ерінбеді.

Самсаған сан қолымен сәнін түзеп,

Орнығып Жалдамаға, тебіндеді.

Қарады қарауылды Тоқанайдан,

Құмкешу, Қособа мен Құзғынсайдан. 

Қала мен халық арасын жіптей кесіп,

Сол жерге қадағалау қатты қойған. 

Обаған, үй бойы мен Әйет, Тобыл, 

Атбасар, Көкшетау мен және Сібір 

Байқоңыр, Алтықұдық, Қарсақпайдан, 

Қосылып келіп жатты топ-топ шоғыр.

Тоғызақ, Аққарға мен Мағанайдан, 

Қазанбас, Аман, Ара-Қарағайдан; 

Бас болып жантуардың ер Есеті,

Екі лек қосын келді Қостанайдан [7, 118 б] –  деп жырлайды. Дастандағы  жер-су атаулары сол кезеңдегі Торғай облысының елді-мекен атаулары. Батпаққара ауылы әулие Сатыбалды Ишан жыланнан тазартқан қасиетті мекен болса, Құмкешу, Қособа, Құзынсай, Тоқанай ауылдары Торғай мен Батпаққара арасын жалғап тұрған жолдағы ауылды жерлер. Амангелді батыр бастаған көтеріліске ниеттілердің Атбасар, Алтықұдық, Қарсақпай, Ара-Арағай, Қостанай маңайындағы ауыл-аймақтан да келіп, көтеріліске қосылғандығын өлең жолдарынан да анық байқаймыз. Сондықтан Торғай өңірінде Амангелді батыр бастаған көтеріліс жалпыұлттық сипатқа ұласты. Торғайда Амангелді батырдың соңынан ерген алғашқы әсерлердің саны 8 мың болса, көтерілістің ауқымы кеңейген соң, 15 мыңға жеткен. Сол кезеңде осындай әскерді жасақтап, оны соңынан ерте білген Амангелді батырдың жауынгерлік, көшбасшылық қасиетін айрықша атап өтуді қажет етеді. Сауатын ауыл молдасынан ашқан ол ауыз әдебиетін, батырлар жырын бала күнінен естіп  өскен. Ұлт-азаттық қозғалысқа дейін екі рет түрмеге түсіп, жазасын өтеп келген. Ол Торғай ішінде, шекара арасында барымта жұмысымен айналысып, Торғайға аты жайылған азамат болған. Сондай-ақ, ол соғыс тәсілін терең меңгерген. Бұл өнері 1916 жыл анық көрінеді. Сәбит Мұқановтың тілімен айтсақ, Амангелді батыр ежелгі ғұн, сақ, маңғол, Шыңғысхан мен Әмір Темірдің соғыс тәсілін ерекше меңгерген, оны өз қол астындағы сарбаздарына үйрете білген дарынды сардар болған. Сондықтан, көтеріліс басталған уақытта Қостанай, Атбасар, Ақмола өңірінен келген ерікті әскерлер батырдың соңынан зор ыждаһатпен ерген. 

Амангелді қыпшақ тайпасының Бегімбет руынан тарайды. Рубасы Бегімбет әйгілі батыр Қарақыпшақ Қобыландының тікелей ұрпағы. Ұрпақ жалғастығы сақтала отырып, ағайынды Тілеулі мен Бегімбеттен Әбдіғаппар Жанбосынұлы мен Амангелді Иманов туады. Яғни, кешегі аласапыран кезеңдегі Торғай өлкесінен хан болған Әбдіғапар, бас сардары Амангелді бір атадан туған, жақын туыс еді. Амангелдінің атасы Иман батыр, ұлт азаттық қозғалыстың басшысы Кенесары ханның сенімді серігі болған. Кенесары ханның сенімді достары, батырлары Қошқардан Бижан Тоққожин, Иманнан Амангелді, Жабайдан Әбдіғаппар ұрпағы жалғасады. Амангелдіге атадан қалған батырлық өнер дарып, 15 жасынан аңға шығып, соғыс өнерін терең меңгерген. Осылайша, Амангелді жасақтаған Торғай әскері Торғай маңайындағы ауыл-аймақтарды толық өз иелігіне өткізіп, жазалаушы отрядтармен күрес жүргізеді. Торғай өңіріндегі ақсақалдар мен ықпалды адамдардың үлкен тобы, оның ішінде Зейнулла Құлжанов, Атабаев Сүйін, Көтібаров Тоймағамбет, Мірғали Қозанов, Смайылов Мұхамеджан, Сатыбалдин Мырза ишан, Шынбергенов Қали, Құлжанов Шайхы, Нұрпейіс Аяпов, Баязит Балғабаев, Мұқат Омаров, Есжанов Досымбек, Файзолла Сатыбалдин және Әліби Жангелдин Амангелді батырды қолдап, әр ауылдың көшін бастап, кеңесу жұмысына қосылып отырған.  Торғай көтерілісін басу үшін 1916 жылы  патша үкіметі Торғай даласына 17 жаяу әскер ротасынан, 19 жүздің пен эксадроннан, 14 қарудан, 17 пулеметтен тұратын қалың қол жібереді. Амангелді батыр бастаған қол бұл ұрысқа жанқиярлық құштарлықпен қарсы тұрады. Қазан әскери округінің қолбасшысы А.Г.Сандецкийдің Бас штабтың бастығы П.И.Аверьяновқа Торғайдағы көтерілістің барысы жайлы 1916 жылдың 26 қарашадағы телеграммасы жайлы баяндайды. Телеграммада «бүлікшілердің тобырымен қақтығыста Фроловтың отряды 21және 22 қарашада 43 снаряд атып, роталар 4300 патрон, жүздіктер 4000 патрон атқан...» деп баяндай отырып, Амангелді батыр бастаған әскер санын «Торғай обылысының көшпенді халқының саны, бүлікші болыстардың болжалды санағы бойынша, Торғай мен Ырғыз уездерінде 50 мың әскерге дейін жетеді..» [6, 38 б]  –  деп болжайды. Бұл өңірде көтеріліс ауқымы мен ұйымдасу деңгейі жоғары болғаны соншалық, патша үкіметіне оған қарсы пәрменді әскери күш қолдану мүмкіндігі шектеулі болды. Осы жағдайды тиімді пайдаланған көтерілісшілер қозғалысты ұйымдастыру мен басқару ісін өз қолдарына алды. Амангелді Иманов жетекшілік еткен көтерілісшілер біртіндеп тәртіпке негізделген құрылым құрып, тұрақты жасақтар түзе бастады. Қазан айында тек Торғай және Ырғыз уездерінің өзінде 20-ға жуық көтеріліс бөлімшелері құрылғаны белгілі. Бұл жасақтардың саны мен сапасы біртіндеп арта түсті. Амангелді Иманов көтерілісті тек жаппай бас көтеру деңгейінде қалдырмай, әскери тәртіпке негізделген құрылымға айналдыруға күш салды. Ол көтерілісшілер арасында қатаң тәртіп орнатып, әрбір сарбазға қару қолдану машықтарын меңгеруді және жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің негізгі қағидаларын үйренуді міндеттеді. Бұл өз кезегінде жасақтардың әскери әлеуетін арттырып, ұйымдасқан қарулы күшке айналуына жол ашты.

1916 жылдың 22 қазанында Амангелді Иманов бастаған 15 мыңға жуық көтерілісші Торғай қаласын қоршауға алды. Қаланы қоршау бірнеше күнге созылып, патша билігін алаңдатты. Осы жағдайға байланысты патша үкіметі көтерілісшілерді басу үшін айтарлықтай күш жұмылдырды: генерал-лейтенант А. Лаврентьевтің басқаруымен Торғайға қарай 17 атқыш ротадан, 18 казак жүздігінен, 4 кавалериялық эскадроннан құралған, 18 зеңбірек пен 10 пулеметпен қаруланған жазалау экспедициясы үш бағытта жылжып келе жатты. Жау әскерлерінің жақындап келе жатқанын естіген Амангелді Иманов әскери тактиканы өзгертіп, Торғайды қоршауды тоқтатуға және партизандық соғыс тәсіліне көшуге мәжбүр болды. 16 қарашада қазақ жасақтары, шамамен 12 мың адам, Топқойма пошта станциясы маңында подполковник Катоминнің жазалаушы отрядына шабуыл жасады. Бұл шабуыл – көтерілісшілердің ұйымдасқан қарсылығының көрінісі болды. Қараша айының екінші жартысында көтерілісшілер негізгі күштерін сақтап қалу үшін Торғайдан шамамен 150 шақырым жердегі Батпаққара аймағына шегініп, сол жерде топтасты. Осы маңда Амангелді Имановтың штабы орналасты. 1916 жылдың қарашасының соңынан бастап 1917 жылдың ақпанына дейін бұл өңір патшалық әскерге қарсы жүргізілген партизандық рейдтердің орталығына айналды. Көтерілісшілер мен патша жазалаушы күштері арасындағы кескілескен ұрыстар Татыра, Ақшығанақ, Дұғал-Үрпек және Құйық елді мекендерінде өтті. Батпаққара даласы бұл кезеңде отарлық озбырлық пен ұлт-азаттық қарсылықтың негізгі майданына айналды.  Тарихи деректерге сүйенсек, көтеріліс барысында Аманкелді Имановтың басшылығымен 50 000-ға жуық жауынгер оның туының астында бірігіп, патша үкіметіне қарсы күрес жүргізген. Бұл көрсеткіш көтерілістің қаншалықты кең ауқымда және халықтың жаппай қолдауына ие болғанын айғақтайды. Қиян-кескі соғыстың нәтижесінде Амангелді батыр 1917 жылы Торғайды толық жаулап алып, Кеңес үкіметінің алғышарттары негізінде жаңа үкіметті құра бастайды. Дегенмен, патша әскері қазақ даласының әр өңіріндегі бас көтерген көтерілісшілерді аяусыз басып-жаншыды. Сондай-ақ, олар көтерілісшілерді ғана емес, бейбіт тұрғындарды да қатаң жазалады. Жетісу өңіріндегі көтеріліс басшысы Бекболат Әшекеевті тарға асып өлтірсе, Қапал, Быжы маңындағы көтерілісшілер қырғынға ұшырап, ауыл тұрғындары шекара асып, босып кетті. Осы жағдайларды, жан ұшырарлық хабарларды таратып отырған «Қазақ газеті қазақ халқына соғыспай, патша үкіметінің жарлығын жүзеге асыру туралы үндеу айтумен болды. «Қазақ» газетінің №»207 санында Торғай өлкесінің тумалары Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамедияр Тұңғаншин, Сейдәзім Қадырбай бастаған азаматтар Торғай көтерілісшілеріне соғыспау жайлы үндеу жасайды. 

Үндеуде «Бұл хатты жазушы – біздер, өз балаларың, өз тумаларың. Жанымыз ашиды, қабырғамыз қайысады. Біздің ата-ана, туған-туысқандырымыз іштеріңде. Бізді қазақ баласы, қанына тартады, жаны ашиды десеңдер, тіл алыңдар, қан төкпеңдер, қарсылық қылмаңдар! Алынатын жастар басын қорғаймын деп, үйдегі кемпір-шал, қатын-баланың обалына қалмасын! Бізді орысша оқып, орыс арасында жүр, біздің пайдамызды айтпас деп ойлайтындарың бізді құдай мен әруаққа тапсырыңдар! Біз газет арқылы болсын, ауызша да болсын, бұрын сан рет айтқанбыз, көнбесеңдер елге бүліншілік болады, әскер шығады, түбінде алмай қоймайды дегенбіз. Сол айтқанымыз міне келді. Бұған біздің көзіміз бұрыннан жеткен. Әлі де болса да бізді осы елдің баласы екен дейтін болсаңдар, біздің ең соңғы қысылғандағы ақылымызды алыңдар. Түбінде іс өткен соң өкінгеннен пайда жоқ. Өлген тірілмейді, өшкен келмейді», –  деп жазады. 

Бұл үндеуді қазақ қайраткерлері Жетісу, Семей, Ақмола, Өскемендегі көтерілісшілердің аясыз жазаланып жатқанын, газетте күнде қазақ ауылдарының үдере көшіп, қырғынға ұшырап жатқанын көре отырып жолдаған-ды. Үндеуде айтылғандай, патша әскері қазақ даласында қырғын орнатты, дегенмен, қазақ қайраткерлерінің айтқанына құлақ асып, ауыл-ауылдан қара жұмысқа азаматтар жинап, бас біріктерген ауылдар да болды. Қырғынға ұшыраған Жетісу, Семей, Орал, Өскмен, Ақмола, Қостанай, Ырғыз, Торғай өлкесіндегі ауыл азаматтары қазақ азаматтары тізмге кіріп, қара жұмысқа аттануға мәжбүр болды. Қырғынға ұшыраған Семей өлкесін 19-31 жастағы азаматтардың жас мөлшеріне қарамастан кәріні де, жасты да қара жұмысқа ала бастады. «Қазақ» газетінің №207 санында Семейден қара жұмысқа алуға жүргізіліп жатқан тізімді былайша көрсетеді: 

Алынатын                    Алынған

Қызылмоладан             622     113

Мұқырдан                      438    200

Шыңғыстан *                1090   380

Бұғылыдан                    669     26

Шағаннан                     770     24

Барлығы                       3582    743

Қалған 2 мың 846 жігіт өзге қазына жұмысына кіріскен екен. Біразы жолаушы екен. Бұларды екінші бұйрық бергенде табасыңдар деді. Патша үкіметінің мәжбүрлі түрде қара жұмысқа алған қазақ азаматтарының саны осылайша күннен күнге арта бастады.  Т. Жүргенов 1926 жылы «Еңбекші қазақ» газетінде жарық көрген «1916 жылғы қазақ көтерілісінде қала мен ауыл арасындағы наразылық» атты мақаласында: «...1916 жылғы қазақ көтерілісі – ұлт /бөлек ел/ көтерілісі еді. Өйткені жоғарыда айтылған наразылықты тудырған үкімет озбырлығы, капитал құлдығы бүкіл қазақ еліне батты, бүкіл қазақ елі зорлық көрді.» – деп жазады [9]. 1926 жылы көтерілістің болғанына 10 жыл толуына орай «Еңбекші қазақ» газетінде Міржақып Дулатұлы, кейін тарихшы-ғалым Санжар Асфендиаров, Телжан Шонанұлы бастаған азаматтар көтерілістің қалай орнағаны, себеп-салдары, нәтижесі, сол кездегі қазақ зиялыларының іс-әрекеттерін арнайы жіктеп отырып көрсетеді. Тәуелсіздік жылдарынан кейін ұлт-азаттық қозғалыстың қазақ тарихындағы орны арнайы ғалымдар тарапынан зерттеле бастады. Дегенмен, ұлт-азаттық қозғалыс тақырыбы әлі толық зерттелеп болған жоқ. Бұл тақырыптың әлі айшықталмаған, зерделенбеген, архив құжаттары толық ғылыми айналымға енбеген көлеңкелі тұстары көп. Академик Аманжол Күзембайұлы «Қозғалыс барысында қанша адам қаза болды? Егер көтеріліс болмаған жағдайда Қазақстан халқы 20 млнға жақын болар еді деген де пікір бар?» деген сұраққа  «патшалық сот, əскери жазалау күштерінің қысымынан көтеріліске қатысқан адамдардың бір бөлігі бас сауғалап, Шыңжаңға көшіп кетуге мəжбүр болды. Сонымен, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс басып-жанышталды. 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыс кезінде жəне жазалау нəтижесінде Қазақстан жеріндегі қазақтардың саны жарты миллионға жуық

кеміді. Қытайға ауып кетуге мəжбүр болған халық саны: екі жүз отыз сегіз мың», [8] –деп жазады.  Яғни, ұлт-азаттық қозғалыстың қазақ даласына тигізген салдары, көтерілісшілердің өзі және отбасыларының жазалануы, қуғын-сүргінге ұшырауы, босқын қазақтардың әлеуметтік, демографиялық жағдайы әлі де зерттеуді, тарихи баға беруді қажет етеді. 

Әдебиеттер тізімі: 

1. 1916 жыл, «Қазақ» газеті, №166 сан 

2. 1916 жыл, «Қазақ» газеті, №168 сан

3. 1916 жыл, «Қазақ» газеті, №202 сан

4. 1916 жыл, «Қазақ» газеті, №207 сан

5. 1916 жыл, «Қазақ» газеті, №197 сан

6. Амангельдиев Б.Р. 1916 жылғы Торғай уезіндегі көтеріліс және Амангелді Иманов / Батырлан Амангельдиев. – Алматы. «Асыл кітап» Баспа үйі, 2023. -160 б

7. Амангелді дастаны / Н. Ахметбеков  – Алматы : Қазақтың Мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1951. - 139 б. 

8. Қостанай мемелекеттік институтының хабаршысы  / 2017 жыл, қантар, №1 (45)

Бөлісу