Қазақ неге ашаршылыққа ұшырады?
23.12.2024 80

Мақалада өткен ғасырдың 30-шы жылдарындағы большевиктік жүйенің күштеп ет және астық дайындаудағы шараларына архив құжаттары негізінде талдау жасалады. Шамадан тыс жоспардың берілуі, астықты тартып алу, ет дайындаудағы қатаң іс әрекеттер баяндалады. Тіршілік көзі малдан айырылуы – жергілікті халықтың ашаршылыққа душар болуына, босқыншылыққа ұшырауына, ішкі және сыртқы миграцияға түсуіне әкелгенін нақты мәлеметтер арқылы көрсетеді. 

Қазақ байларын конфискациялау, халықты күштеп отырықшылдандыру, ұжымдастыру шараларының жалғасы ретіндегі ет дайындау мен астық дайындаудағы асыра сілтеу мен қателіктер, жалпы большевиктік режимнің іс әрекеті - Қазақстанда ашаршылықты тудырушы фактор ретінде сипатталады.


Президент Қ.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласынан кейін соңғы жылдары ішін ара ғана айтылып, зерттеу біраз бәсеңдеген 1921-22 және 1931-1933 жылдардағы ашаршылық мәселесі қайта көтеріліп, кешенді зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 2020 жылдың қарашасында «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылы 24 қарашада №456  Жарлығы шықты [1]. Жарлыққа сәйкес республикалық және әр облыс орталықтарында және қалаларда өңірлік комиссиялар өз жұмыстарын бастады. 

Ақиқатын айту керек, аталған екі ашаршылыққа қатысты жалпы Кеңестік кезеңдегі саяси қуғын-сүргінді зерттеу бағыттары айқындалып, іс-қимыл жанданды, қозғалыс туды. 

Әрине, ашаршылық, астық дайындау, ет дайындау, күштеп ұжымдастыру т.б сталиндік дәуірдегі большевиктік саясатқа қатысты Ресейде, Украинада, т.б республикаларда көлемді, жүйелі бірін бірі толықтыратын іргелі зерттеулер жарық көрді [2]. Танымал шетелдік зерттеушілердің осы мәселеге қатысты бірқатар монографиялық еңбектері орыс тіліне аударылды [3]. Ресейдің ғылыми басылымдарында осы кезеңге ашаршылық, күштеп ұжымдастыру, ет дайындау, астық дайындау тақырыптарына арналған шетелдіктердің мақалалары жарияланды [4]. 

Шетелдік ғалымдар кеңестік тоталитарлы биліктің күштеу аппараттары арқылы Қазақстанда халықтың қолындағы астық пен малды тартып алуын, жиналғанмалды сою үшін, шапшаң мал сою пункттерін ашуын, сойылған малды Ресейге жөнелту нәтижесінде жергілікті халықты ашаршылыққа душар еткендігін архив құжаттарымен көрсетті [5]. 

Сонымен қатар, шетелдік, ресейлік және отандық ғалымдар кеңестік жүйенің ет дайындау, астық дайындау науқанында бірнеше рет өзгеріске түскен, үнемі өсу үстінде болған салықты немесе берілген тапсырманы орындамаған жағдайда сайлау құқынан айрылғандығын, әкімшілік немесе қылмысты іске тартылып, еңбекпен түзету лагерлеріне жіберілуін нақты деректер арқылы жазды. 

Осылай, қуғын сүргін жылдары еңбекпен түзету лагерлері құрылды. Оның бірнешеуі Қазақстан территориясында құрылды. Жалпы осы кезеңде Кеңес Одағы масштабында «Архипелаг ГУЛАГ» пайда болды. Онда әр түрлі қылмыстық баптармен қылмысқа тартылғандар қатарында ауқатты шаруалардың, кулактардың да отырғандығын диссидент жазушы А.Солженицынның тарихи-көркем шығармасына да арқау еткені белгілі [6, 56-59].

Сәл шегініс жасап Қазақстан халқын оның ішінде қазақтарды ашаршылыққа душар еткен жағдайды ретімен талдасқ, ол бірден пайда болған жоқ. Ол большевиктік партия мен Кеңес үкіметінің жүргізген саясаты нәтижесінде қалыптасты. 

Егер, оқиғалар желісін ретімен баяндасақ, 1927 жылы желтоқсанда байлар шаруашылығын тәркілеу (кәмпескілеу) туралы заң дайындау үшін арнайы комиссия құрылды.  Ал, 1928 жылы 27 тамызда «Байлардың шаруашылығын тәркілеу туралы» және 13 қыркүйекте «Тәркілеуге қарсылық көрсеткені үшін қылмыстық жауапқа тарту және ірі, жартылай ірі феодалдарды көшіру туралы» деп аталған екі қаулы қабылданды. 700 ірі шаруашылыктың мал-мүлкін тәркілеу алдын ала жоспарланды. Малмен қоса бау-бақша, ауыл шаруашылығы құралдары да соқа-сайман, арба, шана, басқа да байлар иелігіндегілердің бәрі тәркіленді. Жалпы, 145 мың мал тәркіленіп, 619 отбасы көшірілді. Байлардың мал-мүлкін тәркілеу олардың кедей туыстарының колымен жүргізілді. Осылайша қазақтарды өзара араздастыру, олардың арасында таптық ұстаным негізінде іріткі салу саясаты тереңдей түсті. 

1928 жылғы 27 тамыздағы Қазақ АКСР ХКК және ОАК қаулысы бойынша жер аударылуға жататын адамдарды көшіру үшін аудандарды айқындау туралы ҚАССР ХКК №82 қаулысы шығып, төмендегідей реттелді

1. Жетісу және Сыр-Дария округтерінен-Орал округіне.

2. Оралдан-Жетісу окр.

3. Гурьев - Петропавл округіне.

4. Қарқаралыдан Қостанай округіне.

5. Семейден Сырдария округіне.

6. Павлодардан-Ақтөбе округіне.

7. Петропавлдан-Ақтөбе округіне..

8. Қызылорда-Адай округіне.

9. Ақмоладан-Гурьев округіне..

10. Ақтөбеден - Қарқаралы округіне.

11. Қостанайдан-Семей округіне.

Осы қаулыны жергілікті атқарушы органдар міндетті түрде орындауға тиіс деген нұсқау да берілді [7].

Архив қорларында және соңғы жылдары жарық көрген еңбектерде қазақ байларын тәркілеуге қатысты деректер өте көп. Сондай ауқатты, елге сыйлы байлардың бірі Бердібай қамаларының алдында халықты жинап үлкен ас береді. Астың соңында: «Таяу күндері қамауға алатын шығар, елге оралар-оралмасымыз белгісіз. Менде қарыздарың болса сұраңыздар. Ренжіткен жерім болса кешірулеріңізді өтінемін» дейді. Бердібайдың бұл сөзіне жиналған халық қатты қамығады. Бірақ қолдан келер қайран жоқ еді. 

Еңбекпен жиған малын тартып алынып, дәурені өтіп, бастан бағы тайып, ертеңгі күні белгісіз болып жер аударылып бара жатқан жандардың қайғы зарынан сол жылдары мынадай өлең жолдары туған екен.

Құм жиылып тас болып,

Талқан болған шағымыз.

Құл жиналып бас болып,

Иесіз қалған тағымыз.

Кәмпескілеп пәршелеп,

Бастан тайды бағымыз

Азғанымыз емес пе,

Қойшыдан сынды сағымыз.

Ағайын сенен рақым жоқ.

Талауға түсті малымыз.

Аруақ сенен жақын жоқ.

Осылай болды халіміз  [8]. 

Бұл жағдай елінен жер аударылып кеткен қазақ байларының бәрінің басынан өтті.

Қазақ байларын тәркілеумен қатар, отырықшыландыру мен ұжымдық шаруашылық құру үрдісі жүргізілді. Отырықшыландыру мен ұжымдық шаруашылықтар құру қажетті, прогрессивті болғанымен халықтың, жергілікті жағдайдың ерекшеліктеріне сәйкес жүйелі жүргізілмеді. Бұл ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық циклін бұзды.

Сонымен қатар, ет дайындау мен астық дайындау шаралары ел ішіндегі ахуалды одан бетер шиеленістіріп жіберді. Ет және астық дайындау жоспарының жыл сайын өсуі осы жылдары Кеңес Одағында қалыптасқан жағдаймен байланысты болды. 

1928 жылы желтоқсанда Саяси бюро индустриалды орталықтардың әкімшіліктеріне нанға карточка енгізу талабын қойды. 1929 жылы ақпанында Кеңес Одағының барлық территориясында нанға карточка енгізілді. Ал, арада шамалы уақыт өткен соң осы 1929 жылдың шілдесінде етке карточка енгізілді. Ал, қазанда нан, жарма, ет, май, қант, шәй мен жұмыртқаның жетіспеушілігі айқын сезіліп, бәрі карточкамен беріле бастады [9, 89].

Сондықтан, азық түлік жетіспеушілігі жағдайында Москва Қазақстанда ет дайындау жұмыстарына ерекше мән берді. 

Бірақ, Қазақстанда да жағдай онша емес еді. Тіпті 1930 жылдың өзінде Қазақстанның кейбір аймақтарында ашаршылық етек алып, ОГПУ-дің құпия есебінде 110000 аштар бар екендігі, оның шапшаң өсіп отырғандығы мәлімденді. Халықтың жағдайының нашарлап кеткеніне қарамастан, орталықтан ет дайындау қарқынын одан сайын арттыру қажет деген талап қойды. 

1931 жылдың қысында осы мақсатпен Қазақстанға Халық комиссары А.Микоян арнайы келді. Ол 1931 жылы қаңтарда Алматыдан Сталин мен Молотовқа телеграмма салып «План мясозаготовок вопреки утверждениям Казахстана… скорее переуменьшен, чем переувеличен. Госплан Казахстана оперируют… и доказывает переувеличенность плана мясозаготовок. На деле громадные количества неучтенного скота…» деп жазды [10]. 

Қазақстанда мамандар малды шамадан тыс алу, сою алапат жағдайға душар қылуы мүмкін деп, қарсылық танытқанмен, Микоянның «...есепке алынбаған орасан көп мал бар..» деп Мәскеу­ге берген телеграммасынан соң қысым күшейді. Мал сою пункттері салынып, тартып алынған малды сою қарқын алды.

ҚКП секретары Филипп Голощекин «Қазақстан Одақта ет дайындаудың неғұрлым ірі аймағы [11]  дей отырып, ет дайындауда Мәскеу бекіткен жоғары межеге ешқандай қарсылық білдірмей орындау талабын қояды. 

1930-1931 жылдары Қазақстанға 493500 тонна ет өткізу бекітілді. Екінші орындағы Украина 434800 тонна, ал үшінші орындағы Солтүстік Кавказ 226700 тонна өткізуге тиісті болады. Ал ашаршылық қақпанына түспеген қазіргі Орталық Азияның үш мемлекеті – Өзбекстан, Түрікменстан және Тәжікстан небәрі 66200 тонна өткізуі керек болады. Қырғызстанға бекітілген ет дайындау жоспары тіптен аз болатын. 

Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына 1931 жылдың ақпан-наурыз айларында жеткізілген еттің 53,9 пайызы, Ленинград қаласы мен Ленинград облысына жеткізілген еттің 43,3 пайызы Қазақстаннан әкелінеді. Ал РСФСР-дің Мәскеу мен Ленинградтан басқа аймақтарына жеткізілген еттің 57,5 пайызы Қазақстаннан жеткізілді [12]. 

Жоғарыда айтылғандай, 1931 жылы ақпан-наурыз айларында Мәскеу қаласы мен Мәскеу облысына жеткізілген еттің жартысынан астамы Қазақстаннан әкелінген болатын. Келесі жылы да осы көрініс сақталды. Ал осы уақытта қазақ жерінде ашаршылық дендеп, халық аштан қырылды. Қайтсек аман қаламыз деп көтеріле көшті. Басқа облыстар жеріне, Ресей территориясына сыпырыла қозғалды. Қытай асты. Қазіргі Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан жеріне кетті.

Сібірдің қалаларына, оның ішінде Новосибирск қаласында да аш-жалаңаш қазақтар толып кетеді. Осы жағдайды байқаған, Сібір өлкелік партия комитетінің бірінші секретары Роберт Индрикович Эйхе: «Қазақстан қиындыққа ұшырап Сібірге шұбырып көшіп келіп жатыр... Аш-жалаңаш қазақтар Новосибирск көшелеріне сыймай кетті. Бұл не? – деп Сталинге хабарлайды. 

Сталин Голощекиннен «Қазақстанда не болып жатыр» деп сұрағанда, ол «Қазақтар ертеден көшпелі халық, олар қысы-жазы көшііп жүреді, бұған таңданатын ештене жоқ» деп жауап берген екен» [13]. Халық шыбындай қырылып жатқанда қазақ елі басшысының жауабы осы болды.

Мұрағат деректеріне сүйенсек, мал басы осы аштық жылдары күрт кеміді. 1932 жылы Батпаққара ауданында бүкіл малдың – 4,1%, Торғай ауданында – 7% ғана қалған.

30-шы жылдардың аштығын терең зерттеген ғалым Т.Омарбеков Батпаққара, Торғай аудандары қараған Ақтөбе облысында 1932 жылдың соңында 1930 жылғы малдың 2,7% қалғанын жазған [14]

Осы жылдары астық дайындау жоспары Қазақстанға үнемі өсіп отырды.. Қазақстаннан 1929 жылы – 37,8 млн пұт, 1930 жылы – 40,7 млн пұт, 1931 жылы – 40,4 млн пұт, 1932 жылы 45,3 млн пұт астық алынды [15, 50. 147]. 

Елді ашаршылық жайлап, халық қырылып жатқандығына қарамастан астық салығы төмендеген жоқ. 

Жиналған астықты толық алып кетіп отырды. Бірқатар шаруашылықтарға және шаруаларға берілген тапсырма жиналған астық мөлшерінен бірнеше есе көп болатын. Бұл жөнінде шыдамы таусылған халық, арнайы астық дайындауға жіберілген өкілдер Сталиннің өзіне хат жазылды.

Село тұрғындарының тапсыруымен 1931 жылдың желтоқсанында колхозшы Соколва Сталинге былай деп хат жазды. «Ностоящим мы, колохозники Казахстана, сообщаем, как Чингирлауском районе проходят хлебозаготовки. Хлебозаготовки дают больше валового сбора. В колхозе «Победа» валовой сбор всего «,ә центнера, а план хлебозаготовок – 322 центнера. Приехавший уполномоченный РИК отгрузил весь хлеб до зерна в элеватор…» деп жазды [15,67]. Бұл Батыс Казақстандағы жағдай емес Қазақстанның барлық аудандарына тән болды. 

Ал, 1932 жылдың қаңтарында Обаған ауданынан В.Твердохлебов Сталинге: «Я рабочий, в партии состою с 1917 г. Был командирован в этом году в сельскохозчйственные районы ... Планы хлебосдачи были завышены – выше валового сбора. Их выполнение осуществляется главным образом за счет изъятия всего хлеба у колхозников и единоличников. Коммуна вашего имени собрала урожай 5070 центнеров, государству же сдано 4700 центнеров. Коммунаров одна тысяча человек6 они осталось на произвол судьбы.  К моему приезду у них в наличии не было совершенно хлеба – ни продовольственного, ни семенного. В колхозах замечены случаи опухания от голода. Казахи совершенно остались без продуктов питания... Все это создало условия для уже начавшегося разбегания колхозников» деп жазды [16]. Бұл қазіргі Қостанай облысының ауданында болған жағдай еді.

Бірақ, бұл жоғарда айтылған Батыс Қазақстан және Қостанай облысында болған жағдай емес еді. Ашаршылық құрсауы бүкіл қазақ жерін құрсады. Зерттеушілер пікіріне сүйенсек, Қазақстан шамалы ғана уақыттың ішінде малдың 90%нен, халықтың жартысынанастамынан айрылды. Адам шығынына байланысты зерттеушілер арасында ортақ пікір жоқ. Кезінде академик М.Қозыбаев пен белгілі ғалым Қ.Алдажұманов тек қана 1930-32 жылдары 1 млн 200 мың адам ашаршылықтың құрбаны болды деп жазды. Кейінгі зерттеушілер бұдан да көп жалпы екі ашаршылықта 2,5 млн нан 4,5 млн аралығын көрсетіп жүр. 

Қалай десек те ашаршылық Қазақстан халқының, оның ішінде әсіресе қазақ халқының басынан өткен қасірет болды. Осы ауыр қасіретті өз басынан өткізген, өзі де осы ашаршылықтың құрбаны болған торғайлық Күдері ақын өлеңінен үзінді келтірсек былай деп сипаттаған екен:

Қолымыз жетпей босқа өлдік,

Бір тамшы сүт ағына.

Қойдан бетер қырылдық,

Тигендей індет табына.

 

Елден топырақ бұйырмай,

Кірмейтін жерге айналдым,

Қарға адым жер мұң болды,

Қазыққа ажал байландым.

 

Құр терім тұр қаудырап,

Сүйегім қалды саудырап,

Аштықтан басқа дертім жоқ,

Талықсып тұрмын маужырап.

 

Аша алмай жабық түндікті,

Өлімге қазақ көндікті,

Кімнен келген қасірет

Сұрайтын адам жоқ тіпті.

 

Жүрмін қаңғып әр үйде,

Таусылды тұзым фаниде,

Өліктің исі аңқиды,

Бей жай боп тұрмын бір күйде [17,83-84].

Ақиқаты айқын нәрсе, ет дайындау мен астық дайындаудың қатал түрде жүргізілуі, халықтың қолындағын тартып алуы ашаршылықты тудырушы факторлардың бірі болғандығын теріске шығару мүмкін емес.

Сонымен қатар ашаршылықтың тууы ме белең алып кетуін болдырмауға болар ма еді. Ашаршылықтың бір немесе бірнеше округте ғана емес Қазақстанның 13 округін толық қамтуына не себеп.  Неге, ашаршылық қазақ халқын баудай түсірді деген сұрақ туады. Осы сұрақтың жауабын шетелдік ғалымдар да іздеді. 

Бірінші фактор – Голощекин тұлғасы. Әрине, бұл факторды ол партия мен үкіметтің тапсыр­масын орындады деп теріске шығаруға немесе оны төмендетуге болмайды. 

Осы арада айта кететін жай, Голощекин Ресей тарихында да, қазақ тарихында да жағымсыз тұлға ретінде қалды. 

Ол Ресей тарихында 1918 жылы шілденің 17-сінен 18-іне қараған түні Екатеринбургтегі Ипатьев үйінің жертөлесінде патша отбасын өлтіруді ұйымдастырушылардың бірі ретінде қалды. Тарихи деректерге сүйенсек, орыс патшасы Николай ІІ отбасымен өлтірілуіне большевик Филипп Голощекиннің тікелей қатысы болды.  Голощекин табиғатынан мизантроп, адамға мейірімі, аяушылығы жоқ жан болатын. Осындай большевиктің қазақ жерінде билік басына келуі, жергілікті жағдаймен санаспай күштеу шараларын қолдануы қазақ халқының сол кезеңдегі қасірет бұлтының астында қалуына әкелді.

Ал, Қазақстанға 1925 жылдың қазанында келіп, 1933 жылдың ақпанына дейін қызмет істеген Филипп Исаевич Голощекин қазақ тарихында ұлттық интеллигенцияны бір біріне қарсы қойып, қудалаған және қазақ халқының тең жартысынан астамының қырылуына тікелей қатысы бар адам ретінде қалды. 

Ф.Голощекин билігі тұсында революцияға дейін қалыптасқан, қазақ қоғамында ықпалды болған қазақ зиялыларын ғана емес, революцияның жағында болып кеңес өкіметін орнатуға белсене араласқан тұлғаларды да тұқыртып биліктен шеттетті… Голощекиннің айтқанына көніп, айдауына жүргісі келмейтін С.Сәдуақасов секілді ұлтшыл азаматтар елден ығыстырылды.

Қазақстанның ашаршылыққа душар болуының екінші факторы – Голощекинмен бірге билікте болған қазақ большевиктері халық қолындағы малынан айырылса, ашаршылықтың болатынын, оның зардабын болжай алмады. Айтуға батылдары жетпеді. Бірқатары коммунистік партияның жолы дұрыс, ұлы істер жолында құрбандықтар болады деп санады.

Үшінші фактор, орталықтың Москваның ет дайындау, астық дайындау қысымы өте жоғары болды. Қазақстанға Ресейдің өндірістік қалаларынан осы науқанға келген өкілдердің көпшілігі өз міндеттерін қаталдықпен атқарды. Күштеу органдары наразылық білдірген халықты аяусыз басып жанышты. Шарасыз халық шекарадан өтіп кетпек болғанда қарулы әскер қарсы алды не соңына түсті. 

Осы арада басы ашық бір сұрақ туады: геноцид, яғни ұлтты, халықты тұтастай немесе оның бір бөлігін жойып жіберу болды ма, әлде қазақтардың тең жартысынан астамының қырылуы кеңес өкіметі мен коммунистік партияның қателігі ме? Бірер жыл бұрын Кеңес Одағының мұрагері болып саналатын Ресейдің Сыртқы істер министрлігі ашық түрде бұл мәселеге қарсылық білдірді. Қазақстан тарапы Украина секілді ашаршылықты геноцид деп тану туралы мәселе қойған да, көтерген де жоқ. Жай ғана қателік болды дейін десең, 30-жылдары қазақтардың басты тіршілік көзі малдарын тартып алып, сойып, Ресей қалаларына жөнелткенде, Қазақстанда ғана емес, жалпы Кеңес Одағы билігінде отырғандардың малынан айырылған халықтың қырылатындығын білмеді ме? деген сұрақ туады.

Қазақстандағы ашаршылықты зерттеген шетелдік ғалымдар да, қазақ жеріндегі ашаршылықты Украинамен салыстырмалы түрде қарастырып, «Сонымен Украинадағы аштық кезінде, Қазақстанда да геоцид жасалды ма, деген сұрақты жиі қояды [18, 27 б].

Малдың 90 пайызынан, халықтың тең жартысынан айырылуға әкелген жағдайды біз қалай бағалаймыз? Геноцид пе, әлде биліктің жай ғана қателігі ме? Ұлттың тұтастай немесе бір бөлігінің құрып кетуіне әкелетін жағдай туғызу геноцид деп аталатынын естен шығармайық.

Осы кезде тіршілік көзі – малынан айырылған қазақ ашаршылыққа ұшырады. Аштықтан қырылған қазақтың санын зерттеушілер екі жарым млн адамнан 4,5 млн адамға дейін деп көрсетеді. Ашаршылықтан халық қырылып, қазақ жері бос қалды. Осы ашаршылық болмағанда қазіргі уақытта қазақтың саны 50-60 млн шамасында болар еді деген пікірлер де айтылады.

Қазақ жеріндегі ашаршылықты геноцид емес, бұл коммунистік партия мен кеңес өкіметінің қателігі деген пікірлер айтыла бастады. 

1948 жылғы 9 желтоқсандағы геноцид қылмысының алдын алу және ол үшін жазалау туралы конвенциясы ҚР 1998 жылғы 29 маусымдағы №244 заңымен ратификацияланды. Халықаралық заң актісі 19 баптан тұрады, оның басым бөлігі осы конвенцияны қолдау, одан шығу тәртіптерін реттейді. Осы конвенцияның II бабында былай делінген (сөзбе-сөз): «Осы конвенцияда геноцид ұғымымен төмендегілер сияқты қандай да бір ұлттық, этникалық, нәсілдік немесе діни топтарды толықтай немесе ішінара жою пиғылымен жасалған келесі әрекеттер түсіндіріледі:

а) осы топ мүшелерін өлтіру;

ә) осы топ мүшелерінің денесін жарақаттау немесе осы топ мүшелерінің ақыл-ойына зиян келтіру;

б) қандай да бір топ үшін оны толықтай немесе ішінара жоюға жағдай туғызу;

в) осындай топ арасында бала тууды болдырмау шаралары;

г) адамдардың бір тобынан екінші топқа балаларды күштеп беру».
Осы аталған әрекеттердің қайсы бірі орын алса болды, ол геноцид деп танылады.

Көрсетілгендердің қай пунктін алып қарасақ та, ашаршылық кезінде байқалды емес пе? «С» пунктін талдасақ, ашаршылықта қазақтардың толық немесе ішінара жойылу қаупі туды емес пе? Әлде олай емес, үкіметтің қателігі деп айтамыз ба? Қазақ кеңес жылдары бір емес, екі ашаршылықты басынан өткізді, репрессияны көрді, елден жан сауғалап Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей, әрісі Қытай, Моңғолия, Иран, Пәкістан, Үндістан, Түркия т. б. елдерге босып кетті. Шекарадан өту кезінде қаншамасы қырылды. Осының бәрін жылы жауып, коммунистік партияның іс-әрекетіне мемлекеттік деңгейде люстрация жасамай қоя салуға бола ма? Әлде коммунистік партия мен кеңес өкіметі адам құқықтары мен бостандықтарын бұзған жоқ па? Міне, осы сұрақтар ашаршылық тақырыбына дендеп енген әрбір зерттеушінің ойында тұрады.

Жалпы жарым-жартылай шара ешқашан толық тиімді нәтиже бермейді. Сондықтан ашаршылықты зерттеу тағы да бірнеше архив құжаттарын айналымға түсірумен, бірнеше конференция өткізіп, бес-алты кітап шығарумен шектеліп қалмауы керек. Ашаршылыққа терең ғылыми диагностика, анализ және болжам жасалып, ауқымды баға берілуі керек деп ойлаймын.

Қолданылған әдебиеттер тізімі:

1. https://adilet.zan.kz/kaz/docs/U2000000456 «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөнінде мемлекеттік комиссия туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылдың 24 қарашадағы №456  Жарлығы.

2. Кондрашин В.В. Хлебозаготовительная политика в годы первой пятилетки и ее результаты (1929-1933гг.) – М.: Политическая энциклопедия, 2014. – 350 с. – (История сталинизма). Его же: Голод 1932-1933 годов: трагедия российской деревни. – 2-е изд., доп. и перераб. – М.: Политическая энциклопедия, 2018. – 566 с. – (История сталинизма). После «Великого перелома». Хлебозаготовки и хлебозакупки в СССР, 1933-1934 /отв. сост. В.В.Кондрашин, сост. О.Б.Мазохин. – М.: Политическая энциклопедия, 2018. – 862 с. – (История сталинизма. Документы).

3. Виола Л. Крестьянский ГУЛАГ: мир сталинских спецпоселений. Перевод с анг. Е.Осокиной. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН): Фонд «Президентский центр Б.Н.Ельцина», 2010. – 335 с.: ил. (История сталинизма). Дэвис Р., Уиткрофт С. Годы голода: Сельское хозяйство СССР. Перевод с анг. О.Ю.Вздорик; под ред. Л.Ю.Пантиной. – М.: Российская политическая энциклопедия (РОССПЭН), 2011. – 543 с.: табл. (История сталинизма).

4. Пианчола Никкола. Сталинская «иерархия потребления» и великий голод 1931-1933 гг. в Казахстане. – Ab Imperio. — 2018. – No 3. – с. 80-116. Сара Камэрон, «Голодные степи: советский Казахстан и казахский голод, 1921-1934 гг,» (докторская дисс., Университет Йэля, 2010 г. Марта Брилл Олкотт «Коллективизация в Казахстане», Российский Обзор 40, ном. 2 (1981 г.):

5. РГАСПИ. Ф.84. оп. 2. Д. 17. Л. 24. План скотозаготовок на IV квартал 1931 г. для мясоснабжения (в живом весе) 

6. Солженицын А. Архипелаг ГУЛАГ 1918-1956. Опыт художественного исследования. 1-7 том. Том 1. Москва. ИНКОМ – НВ – 1991. 544 с.

7. ҚР ОМА қор. 30. т. 1. іс. 813. п.115.

8. Тәбірізұлы С. Созақ өңірі. -Алматы, 2007. -432 бет. https://abai.kz/post/53165 

9. Пианчола Никкола. Сталинская «иерархия потребления» и великий голод 1931-1933 гг. в Казахстане. – Ab Imperio. — 2018. – No 3. – с. 80-116.

10. Строго секретно. Микоян – Москва ЦК ВКП т.Сталину, Молотову. 20.01.1931. //РГАСПИ. Ф. 558. Оп. 11. Д. 63. Л.73.

11. Казкрайком ВКП(б) в ЦК ВКП (б), о скотозаготовках в Казахстане. 18.02.1931. //РГАСПИ. Ф.84. Оп.2. Д.16. Л.34.

12. Российский государственный архив экономики. 4372-қор. 29-тізбе. 915-іс. 73-парақ).

13. Зауал. Мақалалар, естеліктер. –Алматы: Жазушы, 1991.  99 б.

14. Омарбеков Т. 20-30 жылдардағы Қазақстан қасіреті.-Алматы: Санат, 1997. 251 б

15. Кондрашин В.В. Хлебозаготовительная политика в годы первой пятилетки и ее результаты (1929-1935 гг.) Москва. 2014. с. 45, 50:

16. Голод СССР. 1929-1934 гг. Т.1. кн.1

17. Даркенов Қ. Алаш зиялыларының тағдыры. – Алматы: Эверо, 2019. – 216 бет. 

18. Киндлер Р. Сталиндік көшпенділер. Қазақстан билігі және ашаршылық / Роберт Киндлер ; [ауд. Ө. Ахмет]. — Астана : Фолиант, 2023. — 432 б.

Құрманғали ДӘРКЕНОВ, т.ғ.к., профессор