Жауынгер Исатай Сүйеубаев
11.05.2017 3084
Отан қорғау жолындағы аңызға айналған ерлігімен халқының атын паш еткен Батырға Мәңгілік тағзым!

Исатай Сүйеубаев Форт-Шевченкода тұратын. Барлық аудан мен жекелеген ауылдарға қызмет көрсететін жалғыз өрт командасының жүргізушісі болатын. Қырық екінші жылдың басына қарай Маңғыстаудың терең тылындағы өмір әскери уақыттың заңына бағынышты еді. Қару ұстауға қабілеттілердің бәрі майданға кеткен еді. Жаумен қантөгіс соғыста мерт болған туыстарын жоқтамаған отбасы жоқ болатын. Ағайынды Сүйеубаевтар – Сырлыбай мен Әкімбай да, майданда қаза тапты. Ол жаққа баруға Исатай да ұмтылып тұрған еді, бірақ оның өтініштері қанағаттандырылмайды. Ол броньмен қалдырылған болатын және өзінің полуторкасымен шұғыл жүктерді тәулік бойы тасыды десе де болады. Тек көңілі жайлы емес еді – ер азаматтың басты жұмысы сонау жақта, батыста жүріп жатқан еді.

Исатай партияға қабылдау туралы өтініш береді, жергілікті билікпен жанжалдасып, ақырында көздеген мақсатына қол жеткізеді. 1942 жылдың 8 тамызы оны майданға аттандырады. Орынборда өткен үш айлық әскери дайындықтан соң, жауынгер Сүйеубаев автоматшылар ротасына қабылданады. Қарашаның алғашқы күндерінде ол Оңтүстік-Батыс майданның 21-ші армиясының 293-ші атқыштар дивизиясының құрамында алғы шептен бір-ақ шығады.

Исатай Сүйеубаев әскери қызметінің алғашқы күндерінен-ақ оқиғаның қақ ортасына түседі. Жау қорғанысын бұзып өтуге бағыт алған алғашқы танкілердің бірінің бронында атқыш автоматшы ретінде отырды. Жау сарбаздарының тізбегі автоматтан бораған оқпен қарсы алынады. Қарсыластың есін жинауына мұрша бермей, Исатайдың соншалықты шапшаң қимылдауынан немістердің үрейі қашады.

Сол күндердің оқиғасы автоматшы Исатай Сүйеубаевқа ұсынылған наградтау парағындағы сараң жолдарда былай жазылыпты: «19 қарашадағы ұрыста танк десантына қатыса отырып қызыләскер Сүйеубаев автоматтан оқ жаудырып 182 фашистті құртты. Оғы біткен кезде танктің люгінен граната алып, оларды жаудың қатарына үсті-үстіне лақтырып отырды. Тағы да жүз румындық сарбаз өлім құшты. Бекінген аудандар арқылы жылжыған кезде жауынгер Сүйеубаев жаудың жеті дзотын тас-талқан етті. Гранаталар да таусылған кезде ол өзіне қарсы жүгірген фашистің басын каскасымен жарып өлтіреді. Танктен секіріп түсіп, қолындағы автоматын шоқпардай қолданып, жаумен қоян-қолтық ұрысты жалғастыра берді. Сүйеубаевтың бір өзі он кісінің орнына соғысты. 20 қарашада Громки хуторының (Ресей) түбіндегі ұрыста Исатай Сүйеубаев оң қолынан жараланса да, жаумен шайқасты тоқтатпай жалғастыра береді, бірақ ұрыс алаңын тастап кетпейді. Оны өлі фашистің үстіне тауып алып, сол сәтте ғана санитарлық бөлімге жөнелтеді. Шабуылды дамыту үшін оның ерлігі зор мәнге ие болды. Өзінің үлгілі ерлігімен ол жауынгерлерді де, командирлерді де берілген тапсырманы орындауға жігерлендірді, жүректерінде Отанға деген сүйіспеншілікті тұтандырды».

21-ші армияның саяси бөлімі И. Сүйеубаевтың ерлігіне арналған арнайы парақ шығарды. Барлық алғы шеп бойынша осы бір шағын ғана жауынгерлік үгітқағаздың (агитплакат): «Қазақ халқының даңқты ұлы, батыл қыраны Исатай Сүйеубаевтың даңқы арта берсін. Сталинград үшін қалай шайқасу керектігін, жер бетін гитлерші азғындардан қалай тазалау керектігін содан үйреніңдер» деген сөздері тарап кетті.

21-ші армияның қолбасшылығы Исатай Сүйеубаевты Совет Одағының Батыры атағына ұсынады. Наградтау парағының көшірмесі Исатайдың ерлігі туралы көзкөргендердің естеліктерін сақтап тұр. Кейіннен майданның осы бір жарқын сәті туралы 21-ші армияның бұрынғы қолбасшысы  И. М. Чистяков пен 1036-шы атқыштар полкінің бұрынғы командирі Совет Одағының Батыры А.М. Дмитриев өз мемуарларында жазды. Оған Ресей мен Қазақстанның ақындары өлеңдер мен поэмалар арнады. Бұл кезде біздің әскерлердің Сталинград түбіндегі айтулы жеңіске қолдары жеткен еді. Соғыс ағымы ССРО пайдасына қарай бетбұрып, жауды елімізден дүркірете қуу басталған болатын. И. Сүйеубаев алдыңғы шепте болып, ұрыстық операциялардың барлығына қатысады. 1943 жылы 6 ақпанда «Правда» газеті өзінің алғы шебінде былай деп жазды: «Қазақстар ұрыста жақсы шайқасады, жауды жеңудегі Жеңісті қамтамасыз ете отырып, олардың әкелері, балалары мен аналары тылда жақсы еңбек етеді. Қазақстан өз байлығымен майданның сенімді тірегі болып табылады».

1943 жылдың 14 ақпаны И. Сүйеубаев ССРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Ленин орденімен марапатталды.

Содан бері қаншама уақыт өтсе де, Сталинград түбіндегі шайқастың мәні халық жадынан ешқашан өшпейді. 21-ші армияның алғашқы танк десантының бәріне бастау болғанын, ал бас танктың темір тоңының үстінде болған, жауға үрей әкеліп, берекесін қашырған жерлесімізді қалайша есте сақтамаймыз?!

Бүгінде Батырдың денесі Тиген ауылы жанындағы, Маңғыстау жерін әр кездерде даңққа бөлеген батырлар қабірстанында, соған арнап тұрғызылған қорымда жерленген.  Ол бейбіт өмір сүрген кезеңде – жауынгерлік постта қаза тапты. Қырық жетінші жылы ол сұрапыл соғыс жылдарында үйсіз-күйсіз қалған ауылдастарына Астраханьнан киіз үй әкеле жатады. Әзірейіл Исатайды теңізде қарауылдап тұр екен: киіз үйлер тиелген плашкоут аударылып, Исатай батып кетеді. Қазақ айтатын «Қырық жыл қырғын болса да, ажалды өледі» деген сөз осы.