Міржақып Дулатұлы. Тарихи жыл
05.08.2016 3625
Бұл күнде алынар жігіт алынды, күйзелер шаруа күйзелді. Құдайдан қорықпаған, адамнан ұялмаған имансыздар қазақты тойғанынша жем қылды. Ақырында олардан халық опа көрмеді

Дүние тарихында Еуропа соғысы адам баласы көрмеген қиын оқиға болса, біздің қазақ жұрты үшін 1916 жыл айрықша терең із қалдырған бір тарихи жыл екеніне шүбә жоқ. 

Қазақ халқының өткен дәуіріне айналып қарасақ, түрлі тарихи оқиғалар, өзгерістер бастан кешіргенін көреміз. Қазақ-қалмақтың жауласқан заманы. Ақтабан шұбырынды. Россияға бағынған шағымыз. Кенесары заманы. Қоқан заманы. 1868 жылғы жаңа заңның шығуы. 

Бұлардың әрқайсысы өз тұсында толқынсыз өтпеген болса да, ала бұлттай бір тап ел жаман болса, екіншісі аман болып, үш жүздің баласына шалығын теріс тигізе алған емес. 

1916 жылдың оқиғасы өзгеше болды. Айдап өргізіп, иіріп жусатып күнелткен төрт түлік малына қатерлі, он екі жыл¬да бір айналып, көбінесе тегін кетпейтін сұм қоянды аман өткізіп, байдың баласының пейілі кеңіп, байға жарлы теңеліп, жайлауында жадырап, өзінше өзінен бақытты жұртты білмей рақат ғұмыр өткізіп, тып-тыныш жатқанында өрттен шошынып оянғандай бір күйге ұшырады халық... Халқын бір уыс қылды, кең дүниесін тарылтты. Жүрегіне найзадай тиді. 

«Солдатқа алмайды, жұмысқа шақырады» деушілерді жау көрді, ешкімге сенбеді. 

«Солдатқа алмаймын деген ақ патшаның уағдасы бар» дегеннен басқаны білмейді. 

«25 июнь жарлығы» патшаныкі емес, бер жағындағылардың қулығы» деп шүбәланды. 

«Бізді сатып жүрген осылар» деп, бірлі-жарымды болыстарын өлтіріп жібергендер де болды. 

Ел арасына қысқа күнде қырық түрлі хабар тарады. Қорқыныш күннен-күнге ұлғайды. Әулиеге ат айтты, қорасанға қой айтты. Сауысқан, қарға тойынды. «Солдатқа алмайтын болыпты» деп өтірік сүйінші сұрағандар олжаға батты. «Сенің де балаң алынады» дегенді естіген шал-кемпірлердің ішінен жүрегі жарылып өлгендер де болды. 

Жұрт сеңдей соғылды. Түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырылды. «Әне келеді, міне жетеді» деп өлім жазасына бұйырылған үкімнің орнына келуін күткен тұтқындай болып жүрді. 

Патша жарлығы хақ. Бұл сұрапыл соғыстан басына ауырлық келген жалғыз біздің қазақ халқы емес. Жұрт ұйлығып, дағдарып, ойға-қырға шабуылдап жүргенде, 25 июнь жарлығы орындалып, жұрттың көбі ерікті-еріксіз көніп, балаларын солдатқа бере бастады. 

Осындай бүліншілік себепті Түркістан уалаятына военный положение иғлан етіліп, көп адам военный сотқа берілді, бірсыпыралары атылды. Мұндай күйге ұшыраған Түркістан халқының бақытына қарай, Куропаткин Түркістанға генерал-губернатор болып сайланып, әділдікпен іс етіп, бүлікшіліктің басылуына себепкер болды. Бұл күнде Жетісу жанжалы басылды дерлік. 

Қазақ облыстарының кейбір үйездерінде де Жетісудай болмаса да, шет пұшпақтап көңілсіз оқиғалар болды. Егін-пішен орусыз, жиюсыз, мал бағусыз қалды. Ит пен құсқа жем болды.

Міне, қазақ халқының басына осындай аза күн туған заманда айтуға ауыз бармайтын, жазуға қалам жүрмейтін нашар істер пайда болды. Бақытсыздығымызға қарай, бұл жамандықты өзімізге өзіміз істедік. Жұрт бүлініп, босып, қырылып, көзінен қанды жасын ағызып тұрған кезде, өзіміздің қазақтан өртеніп жатқан үйдің жасауын ұрлағандай, өлгелі жатқан адамның киімін тонағандай, халықтың дағдаруын пайдаланып «кәсіпке» кірісушілер болды. Бұлар, тағы да бақытсыздығымызға қарай, ел билеген жақсылардан шықты. 

25 июнь жарлығын бетке ұстап, дағдарған елді олжалану, ескі кекті қоздырып, партиялылықты қолға алып, өтірік шағым айтып, бірін-бірі жаптыру, шаптыру, тінттіру әр елде, әр жерде болды. Мұны істеушілер қарапайым адамдар емес, «бас» адамдарымыздың болуы қазақ халқының жаман жағын көрсеткендей, сүйегімізден кетпес қара таңба болды. Ғұмырында халықтың басына келмеген апаттың кезінде «жақсы» дегендерімізден мұндай хайуандық табиғат көрінуі һәм жиі көрінуі – жұрт қатарына біздің қосылсақ та, барып-барып қосыларымызды көрсетеді. Бұл – жаман белгі. Алла қайырын берсін! 

Ізденушілердің бәрі болмаса да, көбі таза ниетпен емес, хайуани нәпсімен шабуылданды. Бұл сырлары осы күнде халыққа анық білінді. Олардың қандай «қамқор» екенін көңілінде сәулесі бар әрбір қазақ сезді. Халықтың берекесін қашырған прием уақытында «алып қаламын, құтқарамын» деп қамқорсынғандар – қырда атқа мінгендер, қалада орысша оқығандар. Бұлардың олжасында есеп жоқ. 

Енді соңғы кезде солдатқа кеткен жігіттердің «хал-жайын біліп беремін» дегенді сылтау қылып, «кәсіпке» кіріскендер барлығы білініп тұр. Қазақты қазақтан басқа жем қылып жатқандар жөнінде қазір сөз қылудың жөні жоқ. Қазақ халқының осынша бүліншілікке ұшырауының бас есебі – надандығы. Әскерлік қызметке, солдат болсын, жұмысшы болсын, бірте-бірте бойы үйреніп, көп жылдар көндігіп барып алынбағандығы. Мұнан өзге себеп жоқ. Патшаға қарсылықтан емес, яки қазақ жайын білмейтін кейбіреулер ойлағанша, басқа халықтардың құтыруынан да емес.

Бұл күнде алынар жігіт алынды, күйзелер шаруа күйзелді. Құдайдан қорықпаған, адамнан ұялмаған имансыздар қазақты тойғанынша жем қылды. Ақырында, олардан халық опа көрмеді. Ұл жеп жайына кетті, қыз жеп байына кетті. Енді жалғыз-ақ келешегімізді ойлау ғана қалды. Өткен жыл бізге ұмытпастай сабақ берді. Сырымызды ашты. Бұл күйде тұра берсек, мұнан кейінгі заманда тағы да осындай оқиғалар болмасына кім кепіл? Сондай заманға даярланып, тағы да осындай надандықтан бүліншілікке ұшырамас жағымызды ойлап, көрінгенге жем болмасымызды ойлап, қам қылу қалды. Күні кеше бүліншілікке ұшырап, айырылуға қимаған аяулы балалардың осы күнгі жұмысқа алынып, орыстың тілін, ғылымын білмегеннен кемшілік көріп жүргені анау. 

Ендігі істейтін іс – «ізденуші», «құтқарушыларға» мұнан кейін күніміз түспейтін күйге жету үшін былайғы жасты оқыту. Өткен жылдың оқиғасы оқудың керектігін енді еске түсірмесе – қазақ халқы жұрттықтан кеткені. Бұрын «біл, оқы!» деген сөздер құрғақ насихат болып желге кетуші еді. Қазақ баласы, енді оянбасаң мәңгіге дейін ұйқың ашылмай, қараңғыда, құлдықта, тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кеткенің.

М.Д., «Қазақ», 1917 ж., №212. // 

М. Дулатұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. – А., 2003 ж. 2 Т., 289-291 бб.