Алаштың астанасы – Семей шаһары
22.06.2016 4330
1917 жылдың маусым айында Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» «Алаш» қаласы деп атау туралы шешім қабылданған

Семей шаһарын Алаштың астанасы деп бертінде атап жүргенімізбен, оның тарихы тым тереңде жатқаны белгілі. Астана күні қарсаңында ұлт тарихында ерекше маңызға ие болған Алай ұлт-азаттық қозғалысының ордасы болған Семей қаласын айтпай кету мүмкін емес. Астананың қала күні мерекесі 1998 жылдан бастап алғашында маусымның 10-ынан бастап, кейін ол 8-інші шілде ауыстырылып тойланып келеді. 

Келесі жылы 100 жылдығы тойланатын Алаш Орда үкіметінің орталығы болған, сөйтіп бүкіл Алаш елінің астанасы ретінде танылған Семей шаһары 1917 жылдың маусым айында Семей қаласының бұрынғы «Заречная слободкасын» «Алаш» қаласы деп атау туралы шешім қабылданған. 1917 жылдың 13 желтоқсанында Орынборда ІІ жалпықазақ құрылтай жиынында Алашорда ұлттық-территориялық автономиясының астанасы етіп «Алаш» қаласын белгілеу туралы шешім қабылданып, автономияның басшылығы Алаш қаласына 1918 жылдың наурыз айында көшіп келіп орналасты. Осы дата Семей қаласының ресми түрде астана болғанын көрсетеді. 

Ғалымдардың зерттеуінше, шын мәнінде де 1918 жылдың наурыз айынан 1920 жылға дейін 2 жыл 3 ай өмір сүрген Алаш Орда ұлттық-территориялық автономиясының ресми астанасы Алаш қаласы танылды. Сонымен қатар тарихи деректерге жүгінсек, 1918 жылдың 18-21 маусымында Алашорда, Қоқан немесе «Түркістан мұхтариаты» және Башқұрт автономияларының бүлікшіл Совет өкіметіне қарсы бірлесіп күресу жөніндегі келіссөзі Алаш қаласында өтті.

Сонымен қатар Семейдің атын шығарып, даңқын аспандатқан оқиғалар – Біртұтас Алаш идеясына ұйыған ұлт зиялыларының бір мүддеге жиналуы. Тарихы 1905 жылдан бастау алатын ұлт-азаттық күрестің белортасында Алаш қайраткерлерінің ұмтылысы тұрғаны анық. Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұрбайдың айтуынша, «бір түп көдеден бастап аспан аясындағы алаш кеңістігін тұтас қамтыған атаулардың басын біріктіріп, жер дауы, жесір дауы, ру тартысы деген түсініктерді ұлттық сана, ұлттық ойлау жүйесі, ұлттық идея, ұлттық мемлекеттік құрылым, тәуелсіз үкімет алқасы, Алаш кеңесі, ұлттық саясат, ұлттық мүдде, ұлттық саяси экономика, ұлттық тіл, ұлттық ғылым, ұлттық қорғаныс, алаштың ортақ отаны, ұлттық намыс, ұлттық мойынсұнбау, ұлттық әдеби тіл, ұлттық ғылым тілі деген ұғымдардың дәрежесіне дейін қасиеттендіре көтеріп, мұқым қазақты Біртұтас Алаш идеясы деген киелі тудың астына біріктірді». Біріккен орталықтың ордалы ұйықты мекені Семей болғаны анық. 

Алаш ұлттық әскерінің құрылуының бастауы да осы қасиетті шаһардан басталады. Алаштың ең алғашқы құрбаны Қазы Нұрмұхамедұлының тағдыры алаштың астанасымен тікелей байланысты. 1918 жылы «Сарыарқа» газетінде Бейімбет Майлиннің «Алаштың тұңғыш құрбаны» атты мақаласы жарық көреді. 

Онда «Соңғы жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысы бойынша Семейде атты-жаяу милиция құрылған еді. Мұны соңғы кезде большевиктер ұнатпай, «ойыныңды тоқтат, мылтықты бер» деп мінез көрсетіп жүрді. Оған біздің милиционерлер – қорғаушылар өз жүректерінде ұлт сақтаудан басқа ешкімге қастық қылатын ниеті болмаған соң, қарсы да келмеді, ойындарын да тоқтатпады.

6 мартта таңертең сағат 9 шамасында Алаш қаласында мылтықсыз ойнап жатқан атты қорғаушылардың жанына 10-15 солдат келіп, еш себепсіз мылтықты бір-екі басып қалады. Ешкімге оқ тимейді. Мылтық даусы шыққан соң бірлі-жарымды жігіт қашуға айналғанда милиция бастығы, учительское семинария шәкірті Қазы Нұрмұхамедұлы жігіттерге айқайлап: «Қайда барасыңдар? Жазықсыз өлсек – өлейік, бәрімізді қырмас» деп тоқтау айтып, өзі орнында тұрады. Сол арада мылтық үсті-үстіне атылып, есіл жас жан тапсырады. 

«Қазы марқұм, жасы 22-де. Семей уезі, Еңірекей болысында, Сыбан деген рудан еді. Семейдегі 2 класты школды бітіргеннен кейін бірер жыл бала оқытып, пұл жинап алып, 1915 жылы семинарияға түсті. Оны ендігі жылы бітіремін деп жүргенде ұлт тілегін зор көріп, бірге оқып жүрген жолдастарымен милицияға жазылды. Қыс ортасынан бері атты милицияны басқарып тұрушы еді. Марқұм ақкөңіл, талапкер, жігерлі, ұлтшыл жас еді. Ұлтшылдығын көрсетті, ұлтының жолында жанын құрбан қылды деп жазады. Бейімбет Майлин «Алаш аман болса, бұл тұңғыш құрбан ұмытылмас, тарихта аты қалар» дейді. 

Мұндай тарихи оқиғалар Қазақ автономиясы ресми астанасы Семей шаһарының қандай тарихи рөл атқарғанын аңғартатын тағы бір айғақ болады. 

Заңғар Кәрімхан