«Алтай мұрасы» автосапары: Қазақстан және Ресей
20.06.2016 1345
Экспедиция мүшелері бір апта ішінде солардың бірқатарын аралап шығып, тың деректер жинайды. Алтай Республикасындағы қазақтар көп шоғырланған Қосағаш, Жазатар аймақтарындағы ағайынмен жүздеспекші

Алаштың астанасы атанған Семей қаласынан Ресей Федерациясына жол тартқан автосапар Алтай аймағы шекарасына кіріп, Барнауыл қаласын басып өтіп, Алтай Республикасына жетті. Халықаралық экспедицияны Әл Құрылтай төрағасы Иван Белеков бастаған үкімет мүшелері қарсы алды. 

«Алтай мұрасы» эавтоэкспедициясының төрағасы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов алтайлықтарға ыстық ықыласын білдіріп, қошеметін көрсеткені үшін алғысын білдіріп, Қазақстаннан арнайы әкелген кәдесыйларын ұсынды. Қазақстан Елтаңбасының авторы, экспедиция мүшесі Жандарбек Мәлібековтың қолтаңбасын қойдырып, жаңа нұсқада безендірілген Елтаңбаны құрылтай төрағасы Иван Белековке тапсырды. 

Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ жылдығына арналған ауқымды шараның мақсаты – Ресейдің Алтай аймағына тарихи-мәдени экспедиция жасау арқылы, көк түріктердің мекенін, бүкіл түркі жұртының алтын бесігін насихаттау. 

Сондай-ақ сол Алтай аймағындағы қазақ халқының, алтайлықтардың қазақ халқымен біте қайнасқан тарихи-рухани мұраларын, тарихи шежірелерін насихаттау. Алтай Республикасы тарихи ескерткіштерге бай. Экспедиция мүшелері бір апта ішінде солардың бірқатарын аралап шығып, тың деректер жинайды. Алтай Республикасындағы қазақтар көп шоғырланған Қосағаш, Жазатар аймақтарындағы ағайын халықпен жүздесіп, ел тарихы, бүгіні мен ертеңі жайлы ой бөліспек. 

«Басты міндеттердің бірі – жергілікті талантты жастармен ақылдасып, көріп, елге шақырып, Назарбаев университеті, Еуразия ұлттық университетіне, сондай биік университеттерге келіп, білім алуына насихаттаушылардың бірі боламыз. Сонымен қатар алда келе жатқан ЭКСПО-2017, оған келетін туристерді де айта отырып, автомобильмен де келуге болатынын, жолдың жақсы екенін, шекараның ашық екенін, соның бәрін түсіндіріп айтып келу. Ұлттық болмысымызды, тарихымызды, дәстүрімізді Алтай төріндегі халыққа ұғындыру. Бүгін сол жұмыстардың бел ортасына келіп жеттік деп ойлаймын. Алтай республикасындағы халықпен кездесіп, олардың біздің халық жайындағы көзқарастарына қанық болдық», – дейді экспедиция жетекшісі Ерлан Бәтташұлы. 

Қысқаша айта кетер болсақ, Алтай Республикасы – Ресей Федерациясының құрамындағы ұлттық-мемлекеттік құрылым. Жоғары заң шығарушы органы – Әл құрылтай, ол 4 жыл мерзімге сайланатын 27 депутаттан тұрады. Жоғары атқарушы органы – Үкімет, оны төраға басқарады. Алтай Республикасы Қазақстан, Қытай, Моңғолия жерімен, сондай-ақ Ресей Федерациясының Тыва, Хакасия республикаларымен, Кемерово облысымен, Алтай өлкесімен шектеседі. Орталығы – Горно-Алтайск қаласы.

Алтынбек ҚҰМЫРЗАҚҰЛЫ, Горно-Алтайск қаласы