Ұлт күрескері Зуқа батырдың мерейтойы жоғары деңгейде тойланбақ
13.06.2016 3021
Туғанына 150 жыл толып отырған халық батыры, қажы, ұлт күрескері Зуқа Сәбитұлының мерейтойына қатысты іс-шаралар ел ордасы Астана қаласында бастау алады

Маусымның 14-нші жұлдызында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде «Тәуелсіздік жолында» атты көрменің ашылуы салтанатты түрде өтеді. 

Музейде батыр баба тұтынған заттар: тұскиізі, қалпағы, басы салынған қоржынның бөліктері, әкесі Сәбит молданың асатаяғы, ұрпақтарының фотосуреттері мен ол туралы жазылған тарихи кітаптар, құжаттар қойылған. сонымен қатар сол уақыттың көрінісі болардай тарихи фотосуреттер, тұрмыстық құралдар, батыр тұлғасы бейнеленген картиналар, т.т. жұртшылыққа таныстырылады. 

Салтанатты шараға алыс-жақын шетелдерден батыр ұрпақтары, ғалымдар мен зерттеушілер және қазақ интеллигенциясының көрнекті өкілдері қатысады. Түс ауа аталған ғимараттың конференц-залында «Тәуелсіздік арманы және Зуқа батыр» атты халықаралық ғылыми-теогриялық конференция басталады. Әлемнің 11 мемлекетінде тұлғаның мерейтойы жоғары деңгейде өтеді деп жоспарланған. 

 

Сонымен қатар осыдан бірнеше ай бұрын жарияланған «Мәңгілік ел және Зуқа батыр» атты шығармашылық бәйге жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болады деп күтілеуде. Зуқаның тарихи тұлға екендігін, аңызы мен ақиқаты және көркем шығармалардағы бейнесі, т.т. тақырыптарды көтерген мақалалар мен батыр тұлғасын айшықты жырлаған жыр мүшайраларының авторлары анықталады. 

Шара барысында Зуқа батыр Сәбитұлының өмірі мен бостандық үшін күресі хақында жазылған Батырхан Құсбегиннің «Зуқа батыр» және қайсар қаламгер Қажығұмар Шабданұлының «Пана» романдарының беташар рәсімі өткізілмек. Концерттік шаралар ұйымдастырылып, Алтай-Тарбағатай жырлары мен әндері орындалады. 

Соңында кешкі ауызашар уақытында Әзірет сұлтан мешітінде баба аруағына бағыштап құран оқылып, ас беріледі деген жоспар бар. 

Заңғар Кәрімхан