Отан қорғаушылар мерекесі және Астанадағы сән-салтанат
07.05.2016 3284
2012 жылы ҚР Қарулы Күштерінің 20 жылдығына орай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 7 мамырды Отан қорғаушы күні ретінде белгілеп, мемлекеттік мерекелер қатарына қосқан болатын

1992 жылдың 7 мамырында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері құрылды. Еліміздің заңына сәйкес Президент Қарулы күштердің Жоғарғы бас қолбасшысы саналады. 

Тәуелсіз елдің алғашқы Қорғаныс министрі болып генерал-полковник С.Нұрмағанбетов тағайындалды. Бұл күні ҚР Қарулы күштері құрылғандықтан «7 мамыр Отан қорғаушы күні» деп жарияланды.

Осы жылы Президенттің Жарлығымен үш жүйелі штаб – жаяу әскерлер, әуе қорғанысы күштері мен әскери-теңіз күштерінің бас штабтары құрылды. 2001 жылдан Қазақстан 4 әскери – Орталық, Оңтүстік, Батыс және Шығыс округке бөлінді.

2012 жылдың 4 қазанында ҚР Парламенті «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Қазақстан Республикасы заңына толықтырулар енгізу туралы» ережені қарап, қабылдады. Мемлекет басшысының Жарлығымен 7 мамыр мемлекеттік мереке болып бекітілді.

Отан қорғаушылар мерекесін жыл сайын атап өту айнымас дәстүрге айналып келеді. Соның бір көрінісі ретінде биыл Астанада Отан қорғаушы күніне арналған мерекелік шаралар өтті. 

ҚР Қарулы күштерінің Әскери тарих мұражайында елорда тұрғындары мен қонақтары үшін экскурсиялар ұйымдастырылды. Ал далада шатырлы қалашық ашылды. Онда әскери ботқа даярланып, келген адамдарға таратылды. 

Сондай-ақ әскери техника мен мұражай экспонаттарының таныстырылымы өтті. 

«Негізі, Отан қорғаушы мерекесі Қазақстанның Қарулы күштерінің 20 жылдығына орай енгізілген жоқ па? Сол себепті осы мейрамның дәл осы жерде, осы алаңда, осы мұражайда аталып өткені заңды. Бүгін біз отбасымызбен мұражайды аралап, әскери техникамен танысып шықтық. Қазақстанның әскери қуатын көрсін, патриоттық рухы жоғарыласын, елі үшін, жері үшін мақтаныш сезімі көтерілсін деп балаларымызды әдейілеп алып шықтық. Сол мақсатымызға жеттік деп ойлаймын», – дейді Астана қаласының тұрғыны Жандос Дүйсекеев. 

Фото авторы Бауыржан Жуасбаев