Н. Назарбаев: Жер – ұлтымыздың ұлы байлығы
27.04.2016 2137
Президенттің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерінің иесі шетелдік қаржыны тартқан жағдайда ол жерлер бірден жалға алу шарттарына ауысады.

Жер мәселесіне қатысты төңіректегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер арандатушылардың бұрыңғы әрекеттерінің бірі. Соның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі. 

«Мен тағы бір мәрте қайталаймын, ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сату мәселесі қойылған жоқ, талқылауға да түспеді. Осы тақырыпқа қатысты спекуляциялардың барлығы орынсыз. Провокаторлардың барлығын әшкерелеп, заңға сәйкес жазаға тартылуы шарт», - деді Н. Назарбаев. 

Президенттің сөзіне қарағанда, ауыл шаруашылығы жерлерін иесі шетелдік қаржыны тартқан жағдайда ол жерлер бірден жалға алу шарттарына ауысады. 

«Біз қазіргі өзгерістерді не үшін қолға алып жатырмыз? Фермер жердің өз иелігінде екенін сезінуі керек. Он жылдың ішінде шаруалар, соның ішінде шетелдіктер өз ақшаларын қайтара алмай жатыр. Сол себепті біз жалға алу мерзімін 25 жылға ұзарттық. Ресейде 49 жыл, Араб Әмірліктерінде 99 жыл, Еуропада 50-99 жыл. Онда тұрған не бар? Бір қызығы, қазір шулап жатқан адамдар трактордан түскендер емес, жылқыдан түскен қойшылар емес. Олардың ауыл шаруашылығы төңірегінде түсінігі де жоқ. Ауыл шаруашылығы жерлерінің қайда жатқанын білмейді де. Не туралы айтып жатқандарын түсінбейді. 

Сондықтан менің айтайын дегенім, жер – ата-бабамыздан мирас болып қалған ең басты қазынамыз, ұлтымыздың ұлы байлығы. Қазақтың даласы халықтың меншігі. Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегелеу үшін біз 8 жыл бойы келіссөздер жүргіздік. Не үшін? Жердің тұтастығын сақтау үшін. Жер кодексіне енгізілген өзгерістер шаруақор ағайынға жеңілдік жасау үшін жасалып отыр. Олар жердің қожайыны болса, жердің қадірі сақталады. Сондықтан төңіректегі әр түрлі алып-қашпа әңгімелер мен пікірлер – арандатушылардың бұрынғы әрекеттерінің бірі. Соның ішінде баяғы қашқындар да бар, босқындар да бар. Біз бәрін білеміз. Дегенмен, осы мәселеге көңіл бөлген ағайынға қуанамын. Лайым, жерге деген көңіл осындай болса, біздің халық қасық қаны қалғанша, өз жерін қорғайды», – деп атап көрсетті Президент.

Арман Асқар