Қазақтың қайсар Қайымы
21.04.2016 1817
Біз Абайды әр шығарған сайын Қайымның текстологиялық зерттеулерін басты назарда ұстап жұмыс жүргізуіміз керек. Өйтпегенде, ол жауапсыздық болып шығады

Кеше ҚР Ұлттық академиялық кітапханада ақын, жазушы-драматург Қайым Мұхамедханұлының 100 жылдық мерейтойына байланысты еске алу кеші болып өтті. Кешті ғалым, абайтанушы, әдебиет зерттеушісі, текстолг, аудармашы, қайымтанушы, Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектептің директоры Ербол Іргебай жүргізді. 

Еске алу кешіне ғалымның қызы – Phd докторы, «Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет орталығы» Қоғамдық қорының директоры Дина Қайымқызы Мұхамедханова, философия ғылымдарының докторы, профессор Ғарифолла Есім, тележурналистика саласының ардагері, қаламгер Сұлтан Оразалин, жазушы Жолтай Әлмашұлы, дәстүрлі әнші Ерлан Рысқали және кітапханаға келген оқырмандар, сондай-ақ Ә.Марғұлан атындағы №40 орта мектеп пен №76 мектеп-лицейінің оқушылары қатысты. 

Шараға арнайы келген Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты Мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары Нұрболат Ахметжанов жиналған көпшілікті құттықтап сөз сөйледі. Академик Ғарифолла Есім Қайым ұстазының қайсарлығы, адалдығы, сыншылдығы хақында ой толғады. «Кешегі Алаш көсемі – Әлихан Бөкейханның басына төнген қылыш жоқ болып кетті ме?.. Қайым Мұхамедхановтың басына төнген қайқы қылыш жоқ болып кетті ме? Біз алдымен осыны да ойлауымыз керек. Ал Қайымның қаламынан да, болмысынан да қайсарлық есіп тұратын. Үкімет оны түрмеге жапса да, ол ұлтына сатқындық жасаған жоқ, ешкімді ұстап берген жоқ. Қорықпай Алаш зиялыларын, еңбектерін насихаттады. Себеі ол әр нәрсеге өзіндік жеке сыни көзқараспен қарайтын. Жас ұрпаққа осыны дәріптеп айтуымыз керек», – деді. Сонымен қатар, Ғ. Есім өзінің Семейде оқып жүріп, онда Қайымдай ғұламаның мектебінен өткенін мақтаныш тұтатынын айтты. 

Кеш қонағы, қазақ телевизияның ардагері Сұлтан Оразалин: «Қайым Мұхамедханов туралы көп әңгіме айтуға болады. Қайым – ең бірінші сыншыл, ойшыл ғалым. Ол – Абай текстологиясына терең бойлаған адам. Сондықтан да, біз Абайды әр шығарған сайын Қайымның текстологиялық зерттеулерін басты назарда ұстап жұмыс жүргізуіміз керек. Өйтпегенде, ол жауапсыздық болып шығады», – деп Абай мұраларына қатысты біраз ойлар айтты. 

Мұнан кейін, белгілі әнші Ерлан Рысқали Абайдың «Сегіз аяғын» нәшіне келтіріп шырқады. Астана қаласы №76 мектеп-лицейінің оқушылары ақын Н. Айтұлының Қайымға арнаған өлеңін және №40 Ә. Марғұлан атындағы орта мектеп оқушылары өздерінің Қайым аталарына арнаған өлеңдерін оқыды. Кеш соңында асылдың тұяғы Дина Қайымқызы келген қонақтарға ризашылығын білдірді. Оқырмандарға «Қайым Мұхамедханов: Хаттар сөйлейді» атты кітабын сыйға тартты. Еуразия ұлттық университетін жанынан құрылған «Отырар» кітапханасы ғылыми орталығы да осынау игі шараға барынша атсалысып, Қ. Мұхамедхановтың қолжазбаларын, хаттарын, фотоларын келген қонақтардың назарына ұсынды. 

Бауыржан Берікұлы