Еуразия көшпелілерінің этноэкологиялық мұрасының зерттелуі
21.10.2024 926

Қазіргі кезеңде экологиялық мәселелердің себеп-салдарын зерттеу мен оларды шешудің тиімді жолдарын қарастыру қоғам үшін өте маңызды екені белгілі. Осы ретте бұл бағыттағы өзекті  тақырыптарының бірі – Еуразия кеңістігіне бейімделген және оны оңтайлы игерген көшпелі халықтардың этноэкологиялық дәстүрлерінің тарихи тәжірибесін зерттеп қарастыру. 


Табиғат – Адам – Қоғам арасындағы өзара байланыс бойынша экологиялық ой мен білімнің негізі өте терең және ол көне дәуірлерден бастау алады. Дегенмен, ол экологиялық білім ретінде ғылымда тек ХІХ ғ. ғана қалыптасты. Ал ғылыми бағыт есебінде тек ХХ ғ. ортасында ғана  дами бастады. 

Отандық және шетелдік тарихнамада адам – қоғам – қоршаған ортаның өзара байланысы, Еуразия көшпелі халықтарының өркениеті мен тарихы жөніндегі теориялық-әдіснамалық тұжырымдамалар мен зерттеулер бойынша құнды еңбектер бар екені мәлім. 

Шоқан Уалихановтың еңбектерінде Еуразия халықтарының тарихи дамуындағы мәдени өркениеттік мәселелер, қоғам мен қоршаған орта арасындағы өзара қарым қатынас, географиялық ортаның олардың тарихи тағдырындағы рөлі және т.б. мәселелер қарастырылады [1].

Ә. Бөкейханов зерттеулерінде қоршаған ортаның  шаруашылық пен мәдениеттің дамуына ықпалы, көшпелі қоғам ерекшеліктері мен оның шаруашылықты жүргізудегі экологиялық мәдениетке қатысты тұжырымдары маңызды [2].

Зерттеушілер В. Бартольд [3], В. Радлов [4], Г. Потанин [5], Г. Грумм-Гржимайло [6] еңбектерінде көшпелі қоғам мен оның мәдени-рухани және шаруашылық дамуының негіздері Еуразия халықтарының экологиялық ортасы  мен табиғи-климаттық ерекшеліктері  шеңберінде қарастырылған. 

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде [7] қазақ көшпелі қоғамының табиғаты тарихи-этнографиялық деректер арқылы ашып көрсетіледі. Ал Т. Шонанұлы [8], Ә. Марғұлан [9], К. Акишев [10] зерттеулерінде Қазақ даласының экожүйесінің қайталанбас ерекшеліктері оны мекендеген халықтың тарихи мәдени дамуында шешуші фактор болғандығы дәлелденеді.

Адамзат қоғамының даму заңдылықтарын зерттеудің экологиялық тұжырымдамасы жаңа пәнаралық ғылыми бағыт ретінде ХХ ғ. ортасында қалыптаса бастады. Бірақта көшпелі халықтардың өркениетіне қатысты тарихнамада үнемі талқыланатын тұжырымдардың бірі А.Дж. Тойнби еңбегінде айтылғаны белгілі. Ол өз еңбегінде көшпелі халықтардың өркениеті болды деген пікірге күмән келтіріп, көшпелілер мал шаруашылығы арқылы климаттық және маусымдық вегетациялық циклдың “тұтқынына” айналды деген қорытынды жасаған болатын [11]. 

Ал экологиялық тарих мәселелері алғаш рет американдық антрополог Дж. Стюардтың (J.H. Steward) "мәдени экология" арқылы қозғалды [12]. Одан әрі қарай тарихи және этнологиялық зерттеулерде экологиялық бағыт әлемдік ғылымда кең тарала бастады. Бұл тұжырымдаманың басты ұстанымдары өткен замандардағы табиғи ортаны реконструкциялау, адамның қоршаған ортаға антропогендік әсері, және экологиялық басқарудан көрініс тапты.

Тарихнамада экологиялық тұжырымдама және оның зерттеулерде қолданылуы экологиялық антропология, тарихи экология және экожүйелер тарихы аясында жүзеге асырылып отыр. Мәселен, Тим Бейлис-Смит (Т. Bayliss-Smith) индустриалдық дәуірге дейінгі аграрлық жүйелердегі экологиялық мәселелерді зерттеді [13]. 

К. Эрл (С. Earle) 16-19 ғасырлар аралығындағы Американың демографиялық, аграрлық, әлеуметтік және қалалар дамуындағы дағдарыстар мен проблемаларды талдауда экологиялық тұжырымдаманы қолданды [14].

Еуропалық зерттеушілер 17-18 ғасырлардағы Еуропа тарихында орын алған аграрлық қоғамның энергетикалық негіздері, дәстүрлі қоғамнан индустриалды қоғамға көшу мәселелері, индустриаландырудың салдары сияқты мәселелер экологиялық тұжырымдама шеңберінде қарастырды [15]. 

Кеңестік дəуірде этнограф-ғалымдар этникалық қауымдастықтармен қатар, мəдени-шаруашылық типтерді жəне тарихи-этнографиялық облыстарды ерекшеледі. Бұл тұжырымдама ХХ ғ. 50-жж. кеңес ғалымдары М.Г. Левин жəне Н.Н. Чебоксаров тарапынан зерттелді. Авторлар «шаруашылық іс-əрекеттің бағыттары мен географиялық орта халықтардың материалдық мəдениетінің ерекшеліктерін, олардың қоныстары мен тұрғын үйлерінің түрлерін, көлік құралдары мен ауыр заттарды тасымалдау тəсілдерін, тағамдары мен ыдыс-аяғын, киімін жəне аяқ киімін т.б. анықтайтынын» атап көрсетті [16]. 

Олардың тұжырымдамасынан кейін кеңестік тарих ғылымында осы сипаттағы зерттеулер кең өріс ала бастады. 

Адам, қоғам және қоршаған ортаның өзара қатынасы мәселелері мен Еуразия көшпелілерінің тарихына  өз зерттеу еңбектерін арнаған Л.Н. Гумилев көшпелі халықтар өздерінің ерекшелігін олардың өмірі мен тұрмыс-тіршілігіне негіз болған далалық ландшафт арқылы  сақтап отырды деген тұжырым жасаған [17].

ХХ ғ. 70-90-жылдары кеңестік тарихнамада Еуразия көшпелі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуге арналған бірқатар еңбектер  жарық көрді. С. Толыбеков [18], Г. Марков [19], А. Хазанов [20] зерттеулерінде Еуразия көшпелі халықтарының тарихы әр қырынан қарастырылып, оларды танып білуде әлеуметтік-экономикалық факторлармен бірге табиғи-географиялық және экологиялық аспектілерін ашып көрсетіп берді. Мысалы, Л. Гумилев пен А. Хазановтың тұжырымы бойынша көшпелі халықтардың өркениетінің қалыптасуы мен дамуында әлеуметтік-мәдени факторлармен бірге экологиялық факторлар да маңызды рөл атқарды. Бірақта А. Хазанов еңбегінде әлемнің әртүрлі аймақтарында өмір сүрген көшпелі қоғамдардың (африкалықтар, арабтар, еуразиялық, ішкі азиялық, далалық т.б.) өзіндік ішкі күрделі ерекшеліктерін  жалпыланған бір үлгіге  салып қарастырады. Бұл үлгі көшпелі қоғамдар мен оның шаруашылық құрылымын, экожүйесімен қарым-қатынасының заңдылықтарын толығымен ашып бере алмайды. Себебі, көшпелі қоғамдар саяси, мәдени-әлеуметтік, шаруашылық тұрғыда өзіндік айырмашылықтарға ие. Сондықтан көшпелі қоғамдарға қатысты жалпыланған үлгімен қарастыру олар туралы қате түсініктер қалыптастырады. Бір үлгі бірқатар көшпелі қоғамдарға сәйкес келгенімен, барлық аймақтардағы көшпелі қоғамдарға сәйкес келуі мүмкін емес.

1980 жылдардан бастап кеңестік және ресейлік тарих ғылымында этноэкологияның теориясы, әдіснамасы және тәжірибесі бойынша КСРО ҒА Этнология және антропология институтының және сол Академияның Сібір бөлімшесінің ғалымдары іргелі зерттеулер жүзеге асырады.

Кеңестік ғылымдағы этноэкология бағытының негізін салушы ғалым В.И. Козлов [21] болып есептеледі. Ол алғаш рет «этникалық экология» терминін енгізіп, оның зерттеу әдістерін айқындап берді. 

Ресейде этникалық экологияның ғылым ретінде қалыптасуында белгілі этнограф, ғалым В.И. Козлов маңызды рөл атқарғаны белгілі. Ол этникалық экологияның пəнін анықтап, зерттеушілік міндеттерін айқындап берді. 

 Оның зерттеулерінде «этникалық экология» термині ұсынылып, этнография мен экология байланысында этностардың дəстүрлі тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінің ерекшеліктерін анықтайтын бағыт екенін белгіледі. Ол этникалық экологияның қалыптасуы этностардың спецификасымен байланысты екенін атап өтеді жəне ол биологиялық, əсіресе əлеуметтік-мəдени салада ерекше көрініс табатынын жазады [21, с. 6]. 

Жалпы ғалым В.И. Козлов этникалық экологияны арнайы ғылыми бағыт ретінде этнография мен адам экологиясы тоғысында қалыптасқан жəне этникалық география, этникалық антропология жəне этникалық демографиямен өзара байланысты ғылыми пəн екендігін айқындайды. Демек, осы тұрғыдан этникалық экологияның міндеттері де белгілі. Олар: этникалық топтар мен этностардың мекендеген ортадағы табиғи жəне əлеуметтік-мəдени жағдайындағы тіршілікті қамтамасыз етудің дəстүрлі жүйесін зерттеу, сонымен қатар қалыптасқан экологиялық қарым-қатынастың адамдардың денсаулығына əсерін зерттеу; этностардың табиғи ортаны пайдалану ерекшелігін жəне олардың табиғи ортаға əсерін, табиғатты пайдаланудың рационалды дəстүрлерін, этноэкожүйелердің заңдылықтарының қалыптасуы мен қызмет етуін анықтайды [21, с. 7-8].

Одан кейін этникалық экология бағыты бойынша Б. Андрианов [22], И. Крупник [23], А. Ямсков [24], Н. Абаев [25], Н. Томилов [26] сияқты т.б. ғалымдардың еңбектері жарық көрді. 

Солтүстік Еуразия халықтарының экологиялық тəжірибесін талдауға  бағытталған И. Крупниктің «Арктическая этноэкология» еңбегі құнды ғылыми ізденістердің біріне айналды [23, с. 3-370]. Аталған маман тарапынан теңізде балық аулаушылар мен бұғы бағушылардың дəстүрлі қоғамындағы табиғатты пайдалану жүйесі, демографиясы, əлеуметтік құрылымы этноэкология тұжырымдамасы тұрғысынан зерттеліп, дəстүрлі қоғамдардың динамикалық дамуы туралы ұстанымы ғылыми тұрғыдан дəлелденеді. Сонымен қатар ол  ғылыми айналымға «этноэкожүйе» ұғымын енгізді. 

ХХ-ХХІ ғғ. тоғысында  көшпелілердің этноэкологиялық дәстүрлеріне деген қызығушылық арта бастады. Соған байланысты Еуразия көшпелілері қоғамын танып-білудің жаңа әдіснамалық бағыттары қалыптаса бастады. Олардың ішінде көшпелі халықтарды өркениеттік теория арқылы тануға арналған еңбектер жарық көрді. Мысалы, Д.К. Кішібеков [27], А.И. Мартынов [28], А.М. Буровский [29], Н.Н. Крадин [30] сынды ғалымдардың зерттеулерінде көшпелі халықтар мәдениетінің әлемдік тарих пен адамзат өркениетіндегі алатын орны мен рөлін айқындауға көңіл бөлінді. Ал, А.Буровский «далалық мал шаруашылығы өркениетін» талдай отырып, көшпелілікті кешенді экологиялық жүйе есебінде қарастырды. 

Монғолтанушы Н.Л. Жуковская [31]  монғол көшпелі қоғамын уақыт пен кеңістік тұрғысында зерттеген.

Қазақстандық зерттеушілерге келетін болсақ, көшпелі қоғамның  өркениеттік даму феноменіне ерекше назар аудара бастады. Олардың ішінде Б. Көмеков [32], Н. Масанов [33], Н. Әлімбай, М. Мұканов, Х. Арғынбаев [34], А. Сейдімбек [35], Ж. Артықбаев [36] сияқты ғалымдардың  еңбектерінде экологиялық тұжырымдама да кеңінен қолданылды.

1995 жылы Н. Масановтың қазақ өркениетінің даму ерекшеліктерін экологиялық ұстанымдар шеңберінде зерттеген іргелі монографиялық еңбегі  жарық көрді [33, с. 11-17]. Ол көшпелі қазақ қоғамы мен оның шаруашылығының даму заңдылықтарына этнографиялық, тарихи-географиялық, экологиялық, статистикалық деректер арқылы жан жақты талдау жасады. Ол қазақтардың көшпенді малшылыққа негізделген тұрмыс салтын экологияға негізделген өмір сүру салты деп сипаттады. 

Қазақстандағы этноэкологиялық зерттеулер үшін ғылыми тұрғыда пайдалы еңбектердің бірі – «Традиционная культура жизнеобеспечения казахов. Очерки теории и истории» атты ұжымдық монография. Бұл еңбекте Х. Арғынбаев этноэкологиялық дәстүрлердің қайнар көзі халықтық білімге талдау жасаған [34, с. 172-228]. Ал Н. Әлімбай көшпелі қоғамды  өзін-өзі реттеп, қайта қалпына келтіре алу қабілетіне ие кешенді жүйе деп қарастыруды ұсынады [34, с. 10-61]. 

          Көшпелі өркениеттің мәдени-рухани негіздері мен оның экологиялық мәнін ашып көрсетуде А. Сейдімбектің этномәдени талдаулары маңызды болып табылады [35]. Ал Ж. Артықбаевтың «Кочевники Евразии (в калейдоскопе веков и тысячелетий)» атты еңбегінде Еуразия, Орталық Азия көшпелілерінің этникалық, әлеуметтік-мәдени, шаруашылық тарихы мәселелеріне қатысты теориялық және әдіснамалық тұрғыда ғылыми тұжырымдарын жасады. Көшпелілер қоғамының құбылысының ішкі заңдылықтарын ашып көрсету кешенді зерттеулерді талап етеді деп атап көрсетеді [36].

Соңғы жылдары әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дегі Орталық Азияның дәстүрлі өркениетін зерттеу бойынша республикалық ғылыми орталықтың шығарған басылымдарында Орталық Азия халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерінің кейбір аспектілеріне арналды. Еуразия көшпелі халықтарының өркениеттік даму жолы мен оның ерекшеліктеріне қатысты «Орталық Азияның дәстүрлі өркениеттерін зерттеу» жобасы бойынша республикалық ғылыми орталық біраз еңбектер жариялады. Бұл еңбектердің маңызы тек қазақстандық ғалымдардың ғана емес, сонымен қатар батыстық және сібірлік зерттеушілердің ізденістері де жинақ ішінен орын алды. Олардың қатарында «Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы» атты көптомдық еңбекте көшпелі қоғамдағы этноэкология мәселелері бойынша теориялық-әдіснамалық бағытта жүргізілген зерттеулердің нәтижелері жарияланған. Сонымен бірге, Т. Омарбековтың «Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттер тарихының мәселелері» атты еңбегінде көшпелі қоғам және оның дәстүрлі мәдениетін зерттеу, көшпелілер этногенезі мәселелеріне қатысты ғылыми пікірлері берілген [37]. 

Еуразия көшпенділерінің өркениеті мәселелері бойынша А.И. Оразбаеваның зерттеу еңбегінде дәстүрлі қазақ қоғамының өркениеті  Еуразия далалық аумағының көшпелілері өркениетімен біртұтастықта қарастырылады. Сондай-ақ, автор кез келген өркениетті қалыптастырушы басты факторлардың бірі оның табиғи-географиялық ортасы екенін атап көрсетеді [38, с. 298]. 

Қазақ халқының көшпелі өмір салтының заңдылықтарын, дәстүрлі шаруашылығы мен халықтық білімнің әртүрлі қырларын және этноэкологиялық дәстүрлерін зерттеуге бағытталған ғылыми еңбектерді Т. Қартаева жариялаған [39]. Оның бірқатар еңбектері этноархеология негізінде пәнаралық зерттеулермен ерекшеленеді.

Ресей патшалығының ХVІІІ-ХХ ғғ. басындағы Қазақ даласын отарлау мәселесіне тарихи-географиялық факторлар тұрғысында талдау жасалып, табиғи ортаға жыртқыштықпен зиян келтірілгені туралы  Қ.Ж. Нұрбаевтың [40], Н.У. Шаяхметовтың [41] зерттеулерінде ашып көрсетіледі. Сонымен бірге, олар жергілікті халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан экологиялық мәдениетін өзгертуге алып келгендігі туралы қорытындылар жасаған.

Көшпелі халықтардың дәстүрлі шаруашылығы мен табиғатты пайдалану ерекшеліктеріне, сонымен бірге Қазақстанның экологиялық тарихының кейбір мәселелері зерттеуші А. Сыздыкованың еңбектерінде қарастырылған [42]. 

Ал А.Т. Серубаеваның диссертациялық зерттеу жұмысында Ш. Уәлихановтың Орталық Азия халықтарының тарихын зерттеуге қосқан үлесі ғалымның еңбектері негізінде зерделенген [43].

ХХ ғ. 90 ж. бері солтүстік Еуразия көшпелілерінің ішіндегі бурят, тува, хакас, якут халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерінің тарихына қатысты ғылыми еңбектер жарық көріп келеді. Байкал аймағындағы халықтардың тұрмыс тіршілігіндегі этноэкологиялық дәстүрлердің орны туралы мәселелер Д.Д. Мангатаева, Ц.Б. Будаеваның зерттеу еңбегінде көтеріледі [44]. Онда  этноэкологиялық дәстүрлердің қазіргі өркениеттік даму жағдайында табиғи орта игіліктерін пайдалану бойынша құқықтық тұрғыдағы реттеушілік қызметін ашып көрсетіледі. Сонымен бірге, этноэкологияның өзекті мәселелері бойынша А. Калимуллиннің  зерттеу еңбектері жарық көрген [45]. Ал Ресейлік этноэкологияның қалыптасуы мен дамуына арналған тарихнамалық мақалалар  А.Н. Ямсков тарапынан жүргізіліп келеді [46].

Шетелдік қазіргі заман зерттеушілері ішінен британдық зерттеуші Дэвид Мунның [47], және америкалық тарихшы Сара Камеронның [48] Еуразия далаларының экологиялық тарихына, әсіресе, қазақтардың далалық табиғи ортаға бейімделу стратегиясына қатысты тұжырымдар жасаған еңбектерін атап көрсетуге болады. 

Жоғарыда атап көрсетілген ғылыми әдебиеттерге қысқаша шолуды түйіндейтін  болсақ, ХХ ғасырдың орта шенінде бастау алған этноэкологиялық зерттеулер ХХІ ғасырда жаңа еңбектермен толыққанын көруге болады. Бұл еңбектер  Еуразия көшпелі халықтарының этноэкологиялық дәстүрлерін танып білуге, зерттеуге теориялық және әдіснамалық тұрғыда елеулі үлес қосты.

Шолуда көрсетілген ғылыми еңбектердің тұжырымдамалық, фактологиялық және деректік материалдары жаңа этноэкологиялық зерттеулерге жол ашады. 

Қорытындылай айтқанда, көшпелі халықтардың қоршаған ортасына бейімделудің ғасырлар бойы қалыптастырған тарихи тәжірибесі мен табиғатқа қамқорлықпен қарау бойынша сақталған халықтық білімге жеткілікті көңіл бөлу қазіргі экологиялық дағдарыстар жағдайында өте қажет.

Жанагүл Өмірбекова, Абай атындағы Қазақ ҰПУ постдокторанты, PhD

Әдебиеттер:

1 Уалиханов Ш. Таңдамалы. – Бас. 2-ші. – Алматы: Жазушы, 1985. – 560 б. 

2 Букейханов А. Овцеводство в Степном крае // Кіт.: Таңдамалы. – Алматы, 1995. – 242 б. 

3 Бартольд В. Сочинения. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. – М.: Наука, 1968. – Т. 5. – 759 с. 

4 Радлов В. Из Сибири: страницы дневника / пер с нем. – М.: Наука, 1989. – 749 с.

5 Потанин Г.Н. Казак-киргизские и алтайские предания, легенды и сказки. – Петроград, 1917. – 198 с.

6 Западная Монголия и Урянхайский край / сост Г.Е. Грумм-Гржимайло. –Л., 1926. – Т. 2. – 412 с.

7 Көпейұлы М.Ж. Нұх. Наурыз тарихы // Кіт.: Шығармалары. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2006. – Т. 8. – 452 б.

8 Шонанұлы Т. Жер тағдыры – ел тағдыры. – Алматы: Санат, 1995. – 224 б.

9 Маргулан А.Х. Мир казахов.– Алматы, 1995. – 57 с.

10 Акишев К. К проблеме происхождения номадизма в аридной зоне древнего Казахстана // Поиски и раскопки в Казахстане: сб. ст. – Алма-Ата: Наука, 1972. – С. 31-46.

 11 Тойнби А.Дж. Постижение истории: сб. / пер. с англ. – М.: Прогресс, 1990. – 731 с.

12 Steward J.H. Theory of Cultural Change: The Methodology of Multilinear Evolution. – Chicago: Urbana Press, 1955. – 244 р.

13 Bayliss-Smith T.P. The Ecology of Agricultural Systems. – Cambridge, 1982. – 120 p.

14 Earle C. Geographical Inquiry and American Historical Problems. – Stanford, 1992. – 555 p.

15 Smout T.C. Nature Contested: Environmental History in Scotland and Northern England since 1600. – Edinburgh: University of Edinburgh Press, 2019. – 210 р.

16 Левин М.Г., Чебоксаров Н.Н. Хозяйственно-культурные типы и историко-этнографические области // СЭ. – 1955. – №4. – С. 3-17.

17 Гумилев Л. Этносфера: история людей и история природы. – М.: Изд-во АСТ, 2004. – 575 с.; Гумилев Л.Н. Ритмы Евразия: эпохи и цивилизации. – М., 1993. – 710 с.

18 Толыбеков С.Е. Кочевое общество казахов в XVIIІ - в начале XX вв. (политико-экономический анализ). – Алма-Ата, 1971. – 634 с.

19 Марков Г.Е. Марков Г.Е. Кочевники Азии: структура хозяйства и общественной организации. – М., 1976. – 316 с.

20 Хазанов А. Кочевники и внешний мир. – Алматы, 2002. – 604 с.

21 Козлов В. И. Основные проблемы этнической экологии // Советская этнография. – 1983. – №1. – С. 3-16.

 22 Андрианов Б. Хозяйственно-культурные типы и географическая среда // В кн.: Неоседлое население мира. – М.: Наука, 1985. – 280 с.

23 Крупник И.И. Арктическая этноэкология: модели традиционного природопользования морских охотников и оленеводов Северной Евразии. – М.: Наука, 1989. – 272 с.

24 Ямсков А.Н. Экологические функции основных компонентов традиционной культуры // Этноэкологические исследования: СБ. ст. к 80-летию В.И. Козлова. – М., 2004. – С. 36-60

25 Абаев Н.В., Герасимова К.М., Железнов А.И. Экологические традиции в культуре народов центральной Азии. – Новосибирск: Наука, 1992. – 158 с.

26 Томилов Н.А. Традиционно-бытовая культура и этническая экология // В кн.: Традиционные знания коренных народов Алтае-Саян в области природопользования. – Барнаул: Изд-во Алт. ун-та, 2009. – С. 98-109.

27 Кшибеков Д.К. Кочевое общество: генезис, развитие, упадок. – Алма-Ата: Наука, 1984. – 233 с.

28  Мартынов А.И. О степной скотоводческой цивилизации I тыс. до н.э. // Взаимодействие кочевых культур и древних цивилизаций: сб. – Алма-Ата, 1989. – С. 284-291.

29 Буровский А.М. Степная скотоводческая цивилизация: критерии описания, анализа и сопоставления // Цивилизации. – 1998. – №3. – С. 151-164.

30 Крадин Н.Н. Кочевничество в цивилизационном и формационном развитии // Цивилизации. – 1995. – №3. – С. 164-179.

31 Жуковская, Н.Л. Судьба кочевой культуры: рассказы о Монголии и монголах. – М., 1990. – 110 с.

32 Кумеков Б.Е. О триаде этнополитических объединений кипчакского мира по мусульманским источникам // Древнетюркская цивилизация: памятники письменности: матер. междунар. науч.-теорет. конф., посв. 10-летию независимости Республики Казахстан. – Алматы, 2001. – С. 156-163.

33 Масанов Н.Э. Кочевая цивилизация казахов: основы жизнедеятельности номадного общества. – Алматы; М., 1995. – 320 с.

34 Алимбай Н.А., Муканов М.С., Аргынбаев Х. Традиционная культура жизнеобеспечения казахов: очерки теории и истории. – Алматы: Ғылым, 1998. – 234 с.

35 Сейдімбек А. Қазақ әлемі. Этномәдени пайымдау: оқу құр. – Алматы: Санат, 1997. – 464 б.

36 Артықбаев Ж.О. Қоғам және этнос: XVIII ғасырдағы қазақ қоғамының этноәлеуметтік құрылымы. – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ, 2004. – 392 б.

37 Орталық Азия көшпелілерінің дәстүрлі өркениетінің өркендеуі және күйреуі: монография / ред. Т. Омарбеков. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – Т. 4. – 403 б.; Омарбеков Т. Орталық Азиядағы дәстүрлі өркениеттер тарихының мәселелері: мақалалар жинағы. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – 269 б. 

38 Оразбаева А.И. Цивилизация кочевников евразийских степей. – Алматы: Дайк-Пресс, 2005. – 310 с.

39 Қартаева Т. Дәстүрлі шаруашылық ырғағы: өткені және бүгінгі күнгі сипаты (түйе шаруашылығы мысалында // Кіт.: Орталық Азия көшпелілері өркениетінің тарихы. – Алматы: Қазақ университеті, 2016. – Т. 4. – 403 б.; Қартаева Т., Бексеитов Г., Оспанов Е. Су культі: анықтамалық. – Алматы: Қазақ университеті, 2018. – 158 б.

40 Нурбаев К.Ж. Колонизация Северо-Центрального Казахстана (XVIII – первая половина XIX века): историко-географическая проблема: дис. ... док. ист. наук: 07.00.02. – Павлодар, 2006. – 322 с.

41 Шаяхметов Н.У. Қазақстанның далалық облыстарының аграрлық келбетінің өзгеруі: тарихи-географиялық талдау (19 ғ. ІІ жартысы - 20 ғ. басы): тар. ғыл. док. ... дис. – Cемей, 2010. – 285 б.; Шаяхметов Н.У., Омирбекова Ж. К вопросу междисциплинарного подхода в этноэкологических исследованиях // Вестник КазНПУ им. Абая. – 2017. – №1(52). – С. 191-197

42 Сыздыкова А. Вопросы экологической истории Казахстана на фоне мировых исследований // Вестник КазНУ. – 2004. – №2. – С. 198-203.

43 Серубаева А.Т.  Ш.Ш. Уәлихановтың Орталық Азияның ежелгі және орта ғасыр тарихын зерттеуге қосқан үлесі: философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған дис. : 6D020300 – Тарих /– Астана: Л. Гумилев ат. Еуразия ұлттық ун-ті, 2017.- 136 б. 

44 Мангатаева, Д.Д. Эволюция традиционных систем жизнеобеспечения коренных народов Байкальского региона. – Новосибирск: Изд-во СО РАН, 2000. – 214 с.; Будаева Ц.Б. Этноэкологические традиции: история и современность (на примере экологических традиций бурят). – Улан-Удэ, 2003. – 186 с.

45 Калимуллин А.М. Историческое исследование региональных экологических проблем: монография. – М.: Прометей, 2006. – 367 с.

46 Ямсков А.Н. История становления и развития отечественной этноэкологии // Этнографическое обозрение. – 2013. – №4. – С. 49-64; Ямсков А.Н. История развития и основные направления эколого-антропологических исследований в наук США // Гуманитарная экология и мир человека: матер. всерос. науч. конф. с междунар. уч. – Киров, 2011. – С. 39-51

47 Moon D. The Plough that Broke the Steppes: agriculture and environment on Russia’s grasslands, 1700-1914. – Oxford, 2013. – 319 с.

48 Камерон С. Аштық жайлаған дала. Ашаршылық, озбырлық және Кеңестік Қазақстанды орнату. – Нью-Йорк, 2018. – 277 с.