Алтайдың алтын аңызы: Оспан батырдың туғаны 125 жыл
Бөлісу:
17.10.20241722
Өткен ғасырдың 1940-1951 жылдары Шыңжаң – Алтай өлкесін ат тұяғының дүбіріне бөлеп, әуелі Қытай елінің Гоминдан (Қытай Ұлттық партиясы) саясатына, одан кейін 1949 жылы Мао Цзэдун негізін қалаған Қытай билігіне қарсы шығып, көтеріліс жасаған Оспан батыр Исламұлының туғанына биыл 125 жыл толып отыр.
Батыр өмірінің соңғы жылдары тек қытай билігімен қатар, кеңестік қызыл жүйемен және оның қолшоқпары моңғолдың қарулы жасағымен қатар шайқасты. Совет – Қытай – Моңғол сияқты үш мемлекетпен бірдей соғысқан мұндай тұлға әлем тарихында жоқ. Батырдың қайтпас ерлігі жайлы «Қазақтың алтын аңызы» атты көлемді еңбек жазған еуропалық ғалым Линда Бенсон: «Оспан батыр – өзінің бұрынғы өткен бабалары Шыңғыс хан, Әмір Темірлер сияқты аса құдіретті қолбасшы. Егер ол орта ғасырда өмір сүрген болса, сөзсіз әлемді жаулайтын жиһангер болар еді» десе, ағылшын дипломаты Годфрей Лиас 1956 жылы жазған «Kazakh Exodus» атты еңбегінде: «Оспан батыр – жастайынан ежелгі көшпенділердің соғыс өнерін керемет меңгерген аса талантты қолбасшы» деген баға беріпті. Бұл кітап әлем халықтарының бірнеше тіліне аударылды. Бұлардан басқа 1960 жылы түрік ақыны Гемол Оғыз Окал «Оспан батыр» дейтін көлемді дастан жазыпты.
Осылай ерлігін әлем мойындаған тұлға жайлы соңғы жылдары көп жазылды, көп айтылды. Бірақ әлі де айтылатын, жазылатын дүниелер қаншама. Өз басым өткен тоқсаныншы жылдардан бастап, батырдың өмір тарихы, бастан кешірген оқиғалары туралы естіп-білген дүниелерді түртіп алып жүрдім. Әсіресе, 2011 жылы Шыңжаң – Алтай өлкесіне барған сапарымызда Көктоғай ауданына ат басын бұрып, батырды білетін, оның көзін көрген адамдармен тілдесіп, естелік жинаған едік.
Осы орайда, биыл туғанына даталы жыл толып отырған қаһарман атамыз хақында жинақтаған көлемді қолжазбамыздан сүзіп алынған, бұрын-соңды айтылмаған әңгімелер желісін партол оқырмандарына ұсынып отырмыз.
Көтеріліс қалай басталды?
Қазақстаннан тыс жерде өмір сүрген қазақ диаспорасының да бастан өткерген қилы-қилы тарихы бар. Соның бірі – 1940 жылдары өрістеген Шыңжаң өлкесі Алтай қазақтарының жергілікті қытай билеушілеріне қарсы көтерілісі. Бұл оқиғаның туындауына негізгі себеп, 1937-1938 жылдары Кеңес елінде жүргізілген репрессия науқаны 1938 жылдың соңын ала қытай қазақтары арасында жалғасуы еді. Нәтижесінде, ел арасында беделі зор, көшбасшы адамдарды ұстау басталады. Соның бірі – атақты ағартушы мистик ақын Ақыт қажы Үлімжіұлы болатын. Осы адамның түрмеде қаза табуы Алтай қазақтарының көтерілуіне себеп болған бірден-бір оқиға. Көтеріліс орталығы – Көктоғай ауданы.
Қолдағы қолжазба дерекке үңілсек, ел ішін ашу кернеп, жергілікті билікке наразылық өршіп тұрған сәтте Көктоғай ауданы әкімі ұлты қытай Шүй Ир Лан деген адам қасында оншақты жандайшабы бар Өндірқарада қыстап отырған Оқан зәңгінің үйіне келіп түседі. Халық арасында «Шүй ұлық алдағы күндері қолға алынатын (ұсталатын) адамдардың тізімін жасап жүр екен» деген сөз тарайды. Бұл сөз шындығында лақап емес еді.
Советтік қызыл орыстың қазақстандық қазақтарға жасаған қиянатын бұл жақтағы ел көрмесе де, ұзынқұлақ арқылы естіп отырғандықтан секем алуы заңды. Өйткені, Шыңжаң өлкесінің билігі қолына өткен Шың Ши Сай деген жауыз Сталиннің ығына жығылып, дәл 37-ші жылы Совет елінде басталған қуғын-сүргіннің жалғасын Шыңжаң өлкесінде жүргізді. Нәтижесінде, жоғарыда аты айтылған Ақыт қажыдан басқа, қазақтың бетке ұстар ірілері Шәріпхан Көгедаев, Бұқат бейіс, Зият Шәкәрімұлы, Сейтқазы Нұрбаев қатарлы көзі ашық көкірегі ояу ел адамдарын бір-бірлеп түрмеге тоғытады.
Бұл ұстау басы екенін, кешікпей ел арасындағы беделді тұлғалар түгелдей қыл тұзақтың құрсауына қаларын аңғарған Есімхан бастаған ел ағалары атқа қонып Оқан зәңгінің үйінде жатқан үкімет адамдарына қарай беттейді. Дереу Қапас Тіркесұлы бастаған екі-үш жігіт етіктерін шешіп жіберіп, қойдың жұқа қарнын қаптап жасаған терезеден секіріп түсіп, әкімнің басын кесіп алады.
Дәл осы тұста Шәкурті, қара Бұлғын жағында Халел тайжының ауылына Сарноғай бастаған бір топ қытай шенеуніктері қонып жатады. Бұлардың да ниеті елағаларын тізімдікке алу екен. Дереу Ақтеке мен Халел тайжының баласы Сайт екеуі адамдар жинап бұларға келіп тиіседі. Тұра қашқан Сарноғайды шалмалап ұстап, атпен сүйретіп өлтіреді де, қалған қытайлардың басын кесіп тастайды. Өздері барып Есімханға қосылады.
Ал мына жақта Ырысхан деген кісі бірқанша жігіттердің басын қосып топтанады да, олар күш біріктіру үшін Есімханға келіп қосылады. Осы кезде атақты Сұлубай батыр қатардағы пошташы, яғни, ауыл-аймақты аралап үкіметтің хат-хабарын жеткізуші адам екен. Ел аралап хат тасып жүріп көтерілісшілердің қолына түсіп қалады. Мән-жайға қаныққан ол қызметін тастап өзі келіп көтерілісшілерге қосылады.
Жоғарыдағы Оқан тәйжінің үйін басып алған 40 адамның бірі Оспан Исламұлы екен. Бірақ ана жақтан Ырысхан, мына жақтан Ақтекелер келіп ел дүрлігіп жатқанда Оспан жалғыз өзі Ышқынты асуына кетіп қалады. Ышқынты елдің жазғы жайлауы, оны қалыңдығы екі метр қар басып қалған. Ошыңның қыс ортасында Ышқынтыға кететін себебі мынау екен: 1932 жылы Оспан батыр өзінен кейінгі қарындасы Дариғаны қасында Қабылбақидың шешесі бар екеуі Қобда бетіндегі қазақтарға ұзатып барады. Бұлардың асығыс жолға шығатын себебі, осы жылы Моңғол мен арада «шекара бекиді екен» деген сөз шығады. Сол себепті, қарындасын айтырып қойған жеріне жеткізіп, аманатты орындау үшін аттанған. Келе жатып бұлар моңғол шекара әскерінің қолына түсіп қалады. Шекарашылар кемпір мен қалыңдықты босатап жіберіп, Оспанды алып қалады да қолын байлап, заставаға қарай мылтық кезеп айдайды.
Оспан батырдың Қобда бетіне ұзатылған қарындасы Дариға. 1970 жыл.
Бір пәлеге ұрынғанын сезген Ошың моңғол шеріктеріне ымдап дәретке отырам дегенді ұқтырады. Белін шешіп жеңілдеп, дәретін алып болған соң айдап келе жатқан екі шерікті тарпа бас салып ұрып жығып, олардың қолындағы бесатарын оғымен олжалап тайып тұрады. Осы мылтықты жұрт көзінен жасырып, Ышқынты жайлауына тастың қуысына тығып қояды. Ел дүрлігіп, көтерілгенде байқаса, адамдардың қолында темір-терсек, бақан-қамшыдан басқа түкте жоқ. Сөйтіп, Ошың қыс ішінде қарды бұзып, жасырған жалғыз мылтықты алып келуге кетеді.
Оқан зәңгінің үйіндегі оқиғадан кейін ел бүлінеді. Бүлінген елге Ырысхан мен Есімхан бас болды. Бұлар Көктоғай мен Сарытоғай маңындағы сақшы мекемелеріне шабуыл жасап, олардың қару-жарағын тарып алып, бар-жоғы жиырма шақты адам қаруланады. Көтерілген елге басу айтып Жанымхан қажы келді. Ол айтады: «Үрімжіде үлкен жиын болады, сендер Алтайға дейін атпен келіңдер, арықарай айырпыланмен ұшасыңдар».
Бұл сөзге сеніп қалған елағалары Үрімжіге барады. Бұларды бірін қалдырмай бәрін түрмеге қамап тастайды. Жоғарыдағы көтеріліс басшысы Ырысханға түрмеде у беріп өлтіреді. Кешікпей Есімханда Ырысханның кебін киеді. Ал Ақтеке түрмеден қашып шыққанымен, алғашқы шайқас кезінде зеңбіректің жарықшағы тиіп өледі.
Оспан болса, жоғарыдағы үкімет шақыруда бір шикілік барын сезіп бармай қалады. Тіпті ешқандай мәмілеге келмейтінін айтып, қасына үлкен ұлы Шердиман мен туысы Сүлеймен Бектұрұлын ертіп, бөлек кетеді. Бұлар Көктоғайдың Сұптысы маңынан қару-жарақ артқан 100 түйе тонайды. Сөйтіп, Ошың басқарған топтың аты шыға бастайды.
Ақыры 1940 жылы көтеріліс тізгінін қолына алған Оспан батыр гоминдан әскерімен табан тіреп соғыса отырып, 1944 жылдың қысында қол астындағы елін бастап Монғолияға ауып барды. Әрине, екі жақты келісімнің нәтижесінде. Кеңес Одағының басшысы Сталиннің нұсқауымен Оспан батырға барып, Монғол елінің басшысы Чойбалсан жолықты. Бұл кездесуді ұйымдастыру кезінде КГБ-ның генералы Ланпанг, әскери кеңесшілер Греднев, Пахомов, Кеңес Одағының елшісі Ивановтар болды.
Осы жылдың наурыз айында болған бұл тарихи кездесу жайында 1995 жылы Монғолияның беделді басылымдарының бірі «Ардын эрх» газетінде былай деп жазыпты: «Оспан әскерлеріне көмек ретінде 395 винтовка, 200 мың оқ, 30 жеңіл пулемет, 6 ауыр пулемет, 45 автомат, 2000 гранат берді. Оспанның жеке өз басына ағылшын автоматы мен әскери дүрді сыйлады. Фото суретке түсірді. 6-наурыз күні Чойбалсан радио байланыс арқылы Сталинмен сөйлесіп, Оспанға кезігіп жақсы қатынас орнатқаны жайында баяндады...».
Содан келесі 1945 жылы Оспан батыр Алтай аймағын азат етті. Бұл іске Монғолия жағы әскер беріп көмектесті. Қазақстан тарапынан да адамдар барды. Дәл осыдан кейін Оспан батыр мен Кеңес Одағы және Монғол елі арасында араздық басталды. Себебі, Сталин мен Чойбалсан Шыңжаңдағы қарсыластырын Оспан арқылы «жуасытып» алғаннан соң, енді Оспанды тізгіндеу қажет болды. Осы оқиғаның бел ортасында жүрген, қазір Түркияда тұратын зиялы ақсақал Дәлелхан Жаналтай өзінің «Қилы заман, қиын күндер» атты естелік кітабында: «Алтай аймағы азат етілгеннен кейін аймақтық билік орындарына Оспанның келісімінсіз Қазақстан адамдарын әкеліп отырғызды. Олар: аймақ орынбасары Әріпбай, хатшысы Өмір, сақшы мекеме бастығы Темірхан, үгіт-насихат бастығы Садық тағы басқалар болатын», дейді.
Бес жыл ұйқы-күлкі көрмей қан кешіп жүріп жеткен жеңісі бөгденің игілігіне айналып кеткенін аңғарған Оспанда қарап қалған жоқ. Бұрынғы жауы қытайлық гоминдан күштерімен одақтасуға ұмтылды. Маоға қарсы тұрған Чан Кай Шиды қолдады. Әрі коммунистердің күшейуіне мүдделі емес елдер Америка мен ағылшын елшіліктерімен байланыста болды.
1948 жылдың тамыз айында Үрімжідегі Америка консулы Факстонның нұсқауымен полковник Дәлелхан Жанымқанұлы Оспанмен жеке кездесуге барады. Жанында қорғаушылары Мәнен мен Құрманхан дейтін азаматтар бар. Осы кездесуде шетелге өтіп кету жайында сөз болған. Батыр бастабында келіскенімен артынан бас тартқан. Содан 1950 жылдың соңында Оспанға тағы да жоғардағы мәселе бойынша Қалибек қажы Рақымбекұлы өзінің ұлы Хасанды жіберіп ақылдасады. Осы кездесу жайында Хасан Өралтай «Еліп-айлап өткен өмір» атты кітабында: «... батыр өте жұпыны қара қоста өмір сүріп жатыр екен. Мен елден кете алмаймын, деді. Коммунистермен соғысып өлемін...» деді, деп жазады.
Осылай 10 жыл бойы: алғашқы жауы қытайдың гоминдан әскері, 1945 жылдан кейінгі жауы – Моңғолия жасағы, үшінші жауы – «шығыстүркістандық әскерилер» деген атпен Оспанға қарсы соғыстыру үшін құпия түрде шекарадан енгізілген екінші дүниежүзілік соғыстан қайтқан Кеңес армиясының әбден сайланған солдаттары болды.
Оспан батырдың қолға түсуі
Бір өзі азғана сарбазымен жоғарыда айтқанымыздай үш бірдей империямен шайқасқан Оспан батырды 1951 жылы ақпан айының алғашқы күні Қытай әскері қолға түсіреді. Оспанның ісін халық соты мен әскери трибунал қатар қарады. Оған жүздеген адам өлтірді, мыңдаған мал тонады, деген айыптар тағылады. Соның ішінде «Америка мен ағылшындардың тыңшысы» болды дейтін жалған айып та бар еді. Оны Оспан мойындамаған. «Мен тыңшысы болатындай олар менің құдам ба екен. Одақтас болғаным рас. Қазақ үшін сайтанмен де одақтасуға әзірмін», дейтін атақты сөзін айтқан.
Біздің қолымыздағы жазбада Оспан батыр өзінің жағдайы тарыла бастағанын білген дейді. Оған дәлел осы күндері сарбаздары мен ұлдарына: «Егер кенеттен жау басып қалса, аман-есен шыққандарымыз Қаптық тауына жиналайық» деп уәделескен. Қаптық-Бәйтік деген қос тау негізінен Баркөлге жалғасып жатқан Өр Алтайдың соңғы нүктесі. Ал, Қайыз Шыңжаң мен Ішкі өлкенің шекарасына орналасқан аумақ.
Бұл жерде басын ашып айтатын дүние, Қайыз өлкесіне ауып барған бірнеше топ көштің ішінде қару-жарағы сай, жасағы мықты көш Ошыңның көші болған. Батыр неге олай бет алды дегенге келсек. Сол кезде Үрімжі қаласының маңында Санжының тақтай зауыт деген нысаналы жер болған. Осы жерде 1947 жылы гомиданның әскери генералы Шүй Жи Чан, қазақтан Қалибек Райымбекұлы (Хасен Өралтайдың әкесі), Жанымхан қажы, Тәкіман батыр, Оспан батыр бар барлығы бас қосып, кеңеседі.
Осы кеңесте «Уақытша шығысқа шегіну» деген жоспар қабылданады. Сол бойынша ел көшкен. Оспан батыр Қайызда қолға түскені болмаса, оның көші Тибетке өтіп, Мақайға дейін барған. Сол Мақайда қозғалмай отырып қалған. Бұл туралы Хасен Өралтай әкесінің жұмсауымен Мақай да отырған батыр ауылына барғаны жайлы жазады. Себебі, басқалар Ошыңның қуатын алдыға салып, Тибет жасақтарын бұзып өтіп, Үндістанға өтіп кетуге әрекет жасаған тәрізді.
Бірақ жағдай басқаша өрбіп, Оспан батыр Үндістанға өтуден бас тартып, отырып қалған. Оны басқаларға, артқы жақта ел қалды оларды күтемін, мал арық әбден күй-қоңын жинасын, деген тәрізді сылтаулар айтқан. Шын мәнінде, артағы елден күдерін үзбеген, әрі тым алысқа шетел асып бөлініп-жарылуды қаламаған.
Немере інісі Қапас батыр Тіркесұлын жіберіп Алтайдағы елдің жағдайын аңдайды. Қапас қайта оралғанда қуанышты хабар әкелмейді. Ел үкіметтің қолына толық өткенін, халықтан билік кеткенін, жұрттың отырықшылыққа көшіп жатқанын айтып келеді. Содан Ошың Мақайды тастап Алтайға қарай қайта көшеді. Жолай суық түсіп кетіп, ел Қайызда қыстайды.
Ұсталардан бір күн бұрын Ошың үлкен ұлы Шердиманды шақырып алады. Себебі, батыр Қайыздың маңындағы тибет-моңғолдармен жалғасып, ат-түйе алмақ болады. Үнемі үркін-қорқын, соғыс-шапқанға түскен Ошың ауылының жылқы-түйелері бел артуға жарамай қалған кез екен. Егер Шердиман көршілерден күш-көлік алып үлгерсе, ертеңінде дереу көшуге қамданып отырады.
Бұл оқиға туралы Шериманның үйіндегі апамыз Мапаш айтты деген жазба бар. Бұл жазбада ол кісі кешке сиырларды сауып, келіп от жақпақ болған екен, су тезек жанбай тұтап жатып алады. Өзі жаңа түскен келін. Атақты Халел тайжының қызы. Содан жартықтық шайтан түрсе керек, күйеуіне ренжиді. «Кеше мен кім едім, тайжының үріп ішкен қызы емес пе едім. Қазіргі көрген күнім мынау». Әйелінің бұрқ-сарқ қайнаған сөзін үнсіз тыңдап отырған Шериман:
– Әй, Мапаш, сен мына көрген күнім құрысын деме, бұл қайта жақсы күнің, нағыз қиын жылдар әлі алда, депті. Соған қарағанда қай-қайсысы да тықыр таянғанын сезген сияқты. Сөйтіп, Шериман атамыз, «таң ата жолға шығамын, моңғолдардан ат-түйе алып келуім керек» деп ұйқыға жатады.
Таңмен тұрады. Далаға шығып, жеңіл дәретін алып келіп, бір етігін киіп, екінші етігін кие бергенде далада азан-қазан, у-шу, тарс-тұрс атыс басталып кетеді. «Жау шапты» деген сөзді құлағы шалып қалады. Босағада сүйеулі тұрған бесатарын жұлып алып далаға атып шығады.
Жаудың әскері таң қараңғысын пайдаланып ауылды басып қалған екен. Біреуді біреу біліп болмайды. Бір қызығы ауылдағы сарбаздардан тек Оспан батыр ғана қолға түсіп, басқасы жауды жарып шығып кеткен. Осы оқиғаның дәл ортасында болған Қызмет дейтін апамыздың аузынан жазып алынған естелік бар. Бұл кісі батырдың Қабылбақы деген немере інісінің әйелі. Қабылбақының әкесі Тоқажан деген адам Оспанның әкесі Исламмен бірге туысады.
Қызмет апаның айтуы бойынша, оқыс шапқан жаудан елдің есі шығып кетті дейді. Онсыз да жаусоқты болып дайын отырған жігіттер атыса жүріп құтылады. Жерге жарық түскенде қараса ауылдың алдындағы белді шаң асып кеткен екен, соған қарап азаматтардың бәрі құтылған екен деп болжадық, дейді апамыз. Содан таң атып күн көтерілгенде қараса Оспан батырдың қолын артына қайырып байлаған, түйеге мінгізіп жаулар жектеп жүр екен. Батыр қабағын қарс түйіп, түнеріп алған сыр білдірмейді. Ауыл толы қатын-қалаш не істерімізді білмей күңіреніп тұр едік, батырдың қызы Пәнсия жылап-еңіреп әкесіне жетіп барды. Сол кезде Ошың қызына зекіп ұрсыпты.
– Тарт көзің жасын, еңіре ме, мені қытай ұстады дейсің бе, бұл құдайдың әмірі, Алланың әміріне ешкім қарсы келмейді, - депті де, ошарылып қарап тұрған қауымға: «Менің дәуірім осымен аяқталды. Мен енді жоқпын, – деген екен.
Батырды құрықтаған қытайлар оны түйеге мінгізіп, ел-жұрты жинап тізіп қойып алдынан жүргізіпті. Тегі «бар сенген батырларың мынау» дегендей халыққа көрсеткен қыры тәрізді. Сол жерден (Қайыздан) Оспанды машинаға отырғызып, Дунхан арқылы Үрімжіге жеткізеді. Батырдың қолы байлаулы шапанын желбегей жамылып, қостан шығып келе жатқан фотосы бар. Өте көп жерде жарияланып жүр. Осы сурет Ошыңның дәл қолға түскен кездегі көрінісі.
Оспан батырдың қолға түскен кезі
Батырды 1951 жылдың 28 сәуір күні Үрімжіде атты. Сүйегі «Ұланбай» қорымына жерленеді. Ату алаңына апармас бұрын батырды қала көшесін аралатады. Мына бір сурет сол кездегі Бейжіңде шығатын орталық газетке жарияланған екен. Қытай тілінде: «Әр ұлт халықтарының шағымы мен тілегі қабылданды. Банды Оспан мен Ли-йн-Чи 80 мың адам қатысқан халықтың ашық соты алдында атылды», деген жазу тұр.
Қытай билігі Оспан батырды Үрімжі көшесін аралатып жүр
Батырдың өлімі және екінші қайта жерленуі
Оспан батыр қолға түскен заманда қоршауды бұзып тірі шыққандар батырдың өсиеті бойынша Қаптық тауына жиналады. Қарасы - 300 адам. Бұларға Шердиман Оспанұлы бас болады. Бұларға тағы да бұрынғы елден адамдар келіп қосылып, топқа айналады. Бірақ бұларға үкіметтен өкілдер келіп, өздері бағынса тиіспейтіндерін айтып, үгіт жүргізеді. Қаптықта бекінген көтерілісшілерге барып, ел ішін тыныштандыруға көп ат салысқан адам Халел тайжының баласы Уақит тайжы. Бұл кісіден басқа адамдар да барған, бірақ олар табанды түрде жағдайды түсіндіре алмаған. Бұл кісі екінші жағынан Шердиманың туған балдызы. Ақыры көтерілісшілер 1952 жылы қыркүйек айында қаруларын тапсырып бағынып, 12 тармақты шартқа келіседі.
Осыдағы келісімшарттың бірінші тармағы бойынша, көтерілісшілер қолындағы қару-жарағын тапсыру тиіс болған. Екінші тармақ: Оспан батырдың сүйегін алып, оны ата-баба қорымына жерлеу. Үшінші тармақ: өткен істер қаузалмайды, барлық көтерілісшілерге кешірім жасалады. Төртінші тармақта қолға түскен тұтқындарды босату жайы айтылған. Өйткені, Қайызда батыр қолға түскенде сарбаздары Қаптыққа шығып кетті де, ауылда қалған шал-кемпір, бала-шағалар қытай әскерлерінің қолында қалған. Оларды үкімет Думпаң деген жерде ұстап отырған. Келісім бойынша осы адамдарды үкімет өз қаржысымен аман-есен Алтайға жеткізіп беру көзделген.
Бесінші тармақ: үкімет соғыстан зардап шеккендерге, әсіресе, сарбаздардың отбасына, соның ішінде Думпаңнан көшіп келуге тиіс елге мал-мүлік, ұн-шай, астық сияқты жәрдем беріп, көмектесу. Сол сияқты, қалған тармақтар бойынша, көтерілісшілер ішінде болған елге беделді тұлғаларды үкімет қызметіне тағайындау т.б. Бұл тоқтамға Оспанның үлкен ұлы Шердиман батыр қол қойған.
Осы тоқтамның екінші шарты «Үрімжіде атылған батырдың сүйегін алып, туған жеріне жерлеу» түзімі бойынша батырдың сүйегін туыстарына беру туралы Үрімжідегі әскери бақылау орны ұлықсатын береді. 1952 жылдың аяғында қақаған қысында батырдың үлкен ұлы Шердиман қасында балуан Дәлелхан, Құрман деген кісілерді ертіп, төрт адам барып, қала іргесіндегі Ұланбай зиратына қойылған батырдың сүйегін қазып алған.
Үкімет батырды үстіндегі киімімен жерлепті. Нәби ақсақалдың айтуы бойынша, батыр ұсталғанда үстінде үлкен қара тысты күпісі болған екен. Сол күпімен жерленген. Қазып алғанда күпі түтеленіп, астары жыртылып, шуда жүндері қобырып шығып қалыпты.
Үрімжінің маңында «Шонжы» дейтін елді мекен бар, осы жерге дейін батырдың мүрдесін үкімет адамдары машинамен жеткізіп беріпті. Шонжыда батырдың бір ұлы Нәби мен Зарықхан екеуі сүйек артатын түйе дайындап күтіп отырады. Осылай батырдың сүйегін түйеге артып алып Көктоғайдың Дүресіне жеткізеді. Арықарай өрге алып жүруге қардың қалыңдығы мен қыстың аязы қатты кедергі келтіргендіктен осы ауыл зиратына уақытша аманат етіп жерлеген.
Дүре ауылы маңында Үліңгір өзені ағып жатады. Өзенге көлденең салынған көне көпір болыпты. Сүйекті артып алғандар осы көпірге келгенде қаралы топтың алдынан аңырап батырдың екінші әйелі Мемей апамыздан туған Пәнсия шығыпты. Жарықтық әкесіне тартқан өжет адам екен:
Есіктің алды көпірден,
Көпірден атым секірген,
Арыстай қайран әкем-ай,
Ажалың болды-ау кәпірден – деп басталатын ұзақ көріс айтқан көрінеді
***
Көктем шығып, даланың қары сөгіліп, жер аяғы кеңіген соң аманатқа қойылған сүйекті қайтадан қазып алған. Сөйтіп, 1953 жылдың сәуір айында батырдың жеті атасына мекен болған Көктоғай ауданының Бұта ауылының Тамырдысына жерлеген. Жер қатты тоң болғандықтан қарулы 7 жігіт үш күн қазыпты. Арада жыл өткен соң ұрпақтары жиналып ақ балшыққа жылқының қылын араластырып, ақ қорған соғыпты.
Дүре ауылының қасында Күртіге баратын күре жол бар. Осы жол батыр жатқан Тамырды қорымын жанай өтеді. Сонау алыста Қарасиырдың белі дейтін асу бар. Осы асудан шыға келгенде Оспанның ақ бейіті алыстан көрініп тұрады екен. Арада 20 жыл өткенде Қытай елінде мәдени төңкеріс дейтін науқан басталып, шолақ белсенділер үкіметке қарсы бандыға зәулім зират тұрғызуға болмайды, оған кеткен материалды бұзып алып, малға қора салу керек деп, қорғанды құлатып, дәл іргесіне ат қора тұрғызыпты.
Онымен қоймай шолақ белсенділер батырдың зиратын жермен жексен етіп тегістеп кетеді. Арада тағы бір қанша жыл өтіп, қытайдың саяси бағыты өзгерген тұста Көктоғайда тұратын батырдың ұрпақтары басына төрт құлақты керейше қорған-қоршау тұрғызыпты. Содан бері атамыздың денесін жер бесік тербетіп, марқұмның жаны барзақ әлемінде тыныш жатыр.
Оспан батырдың Тамырдыдағы зираты
Оспан батырдың отбасы және балаларының тағдыры
Оспаның әкесі Ислам ауыл молдасы атанған адам екен. Бала оқытқан. Ошың екі ағайынды Дәлелхан деген інісі болған. Дәкең гоминдандықтардың қолына түсіп қалып, солар өлтіріпті. Ошыңның тұңғыш ұлы Зия 1940 жылы Қуүйде болған ең бірінші соғыста шеруші Сүлеймен Түсіпұлымен бірге оққа ұшыпты. Әкесі Ислам үш ағайынды екен. Өзінен кейін екі інісінің бірі Тоқажан, екіншісі Қыдырхан деген адам екен. Қыдырханның балалары қазір Моңғолияның Бай-Өлке аймағында тұрады.
Ошың бірнеше әйел алған. Бірінші әйелі – Нұрғызар Жәлімбетқызы апамыздан Зия, Шердиман, Нығметолла, Нәби, Кәри, Ойдолда атты алты ұл мен тағы үш қызы болған. Екінші әйелі – Мемей Белдемшеқызы. Бұл апамыздан үш қыз туады. Олар – Пәнсия, Мүмина, Қабиба. Үшінші әйелі – Баян апамыз. Бұл кісіні жеңгедей алған. Бұл апамыздан Мүбинә мен Әмақ екеуі туыпты. 1943 жылы үкімет Ошыңның екінші әйелі Мемей апамыз бен бір қанша бала-шағасын Көктоғайдағы түрмеге апарып жабады. Түнде сақшылар тұтқындарды сыртқа алып шығып Ошыңның Кәри деген ұлын тірідей құдыққа тастайды. Ойдолда мен бір қызын қылыштап өлтіреді. Кезек Мемей апамызға келгенде түрменің іргесінде ағып жатқан Қу Ертіске қарғып кетеді. Сумен ағып отырып, жағаға шығып қалады. Оны Оспанның сазбардары тауып алады.
Оспан батыр атылғаннан кейін шайқаста қасында болған ұлдары әртүрлі қызметке қойылады. Бірақ бәрібір баянды болмаған. Үлкен ұлы Шердиман Алтай аймақтық мал шаруашылығы мекемесінде бастық болып тұрып, бертінде Алтай, Іле, Тарбағатай үшеуі қосылып Іле-Қазақ автономиялы облысы болып құрылған тұста, Шәкең районның саяси кеңесінің орынбасары болып, 1954-1957 жылдары сол жақта жұмыс істейді.
Мәдениет төңкерісі басталған 1970 жылдары Шәкең Құлжа қаласында түрмеге жабылған. Бір күні марқұмының үлкен ұлы Мүсірепті «түрмеге тез келсін» деп шақырған екен. Ол бір жағдайдың орын алғанын білсе керек, түрмеге арба сүйреп барыпты. Барса, әкесі әлдеқашан өліп қалған, «мен әкемнің сүйегін алдым» деген қытайша қолхат жаздырып алып, сүйекті беріп қоя берген. Осы Мүсіріптің айтуына қарағанда, әкесі түрмеде көп азап шеккен көрінеді, өйткені денесі шөгіп бір уыс болып қалған. Негізі Шердиман өте алып денелі адам болғаны анық.
Содан өлі денені үйге алып келіп, қояды. Көрші-қолаңның бірде-біреуі жоламайды. Сүйекті жерлеу үшін көр қазатын адам керек. Содан үкімет орнына Мүсіреп қайта-қайта барып жүріп, жер қазатын күрек-қайла сұрап алып, көр қазып, бар-жоғы 4-5 адам ғана жаназаға жиналған, осылай жерлеген екен. Ол кезде Шердиманның үйі Іленің орталығында болған. Кейін, Шәкең өлген соң балаларын Тоғызтараудың Мұқыр ауылына жер аударған. Сөйтіп, Алтай қазақтарының ұлт азаттық қозғалысының ірі өкілі Шердиман Оспанұлы осылай дүниеден озады.
Ал екінші ұлы Нығметолла Алтай аймақтық саяси мәслихатының басқарма мүшесі деген қызметке тағайындалады. Сонда жүргенде тағыда жала жабылып, мырзақамаққа алынады. Артынан жаза беріліп Алтай қаласының өр жағы Қыран Ертістің басында қарағай дайындайтын жұмысқа жігіледі. Қыстың қақаған аязында жазаланушылармен бірге кескен қарағайларды Қыран Ертістің мұзының үстіне тасып әкеліп, сал жасап буып қояды. Көктемде мұз ерігенде қарағайлар Сарысүмбеге ағып келетін болған. Өзеннің үстінде ағып бара жатқан сал-сал қарағайлар кейбір жерде бұзылмаған сеңге соғылып, тұрып қалады екен. Қайраңдап қалған қарағайлардың тұмсығын түзеп, ағынға салып жіберу үшін жанталасып жүріп, Нықаң ауыр жарақат алады. Шала-пұла есі бар кезінде біреулер оны үйіне әкеліп тастайты.
Үкімет Нықаңды өтірік ауырып жатыр деп сенбей аңду қойған көрінеді. Бір күні сыртқа шыққанда аңдушы көріп қалып, «ойбай, Нығметолла өтірік ауырған екен, үйінен шықты» деп хабар береді. Хабар алған сақшылар жиналып келіп, басына қап кигізіп соққының астына алады. Өзі әлсіз ауру адам соққыға шыдамай сол жерде өліп кеткен.
Ал үшінші ұлы Нәби үкімет берген небір қызметтерден бас тартып, Күрті ауылында тұрып қалады. Арба шананы шебер жасайтын, қолдан доға иетін өнері бар екен. Осы ісімен нан тауып жеп, ауылдан ұзап кетпей аман қалды. Бұл кісі әкесі Оспан батырға 1942 жылы 12 жасында ерген екен. Өзі айтуынша, бесатарды иығына асқанда дүмі жерге тиіп, сүйретіліп жүріпті. Өте мерген бопты.
Жоғарыда айтқанымыздай Ошыңның отбасын қытайлар қолға түсіріп, бәрін өлтіргенде 11 жасар Нәби көрші үйде балалармен ойнап отырып жаудың қолына түспей қалып қояды. Қытайлар іздеп кіріп келгенде сол үйдің кемпірі көрпеге орап жүкке жинай қойыпты. Сөйтіп, тірі қалған Нәби әкесіне қосылған. Сол кезден бастап, қолына қару алып жаумен соғысқан.
Мәдениет төңкерісі жылдары Нәби ақсақал қасында Кенен шал, Садуақас дейтін екі досы бар үшеуін күреске тартыпты. Үшеуін сүйрелеп жұрттың алдына алып шығады екен. Тобыр: «Кәне, істеген күнәларыңды айтыңдар, істеріңді тапсырыңдар» деп елеуірейді. Нәкең сөзге шешен адам емес пе, қытаймен қалай соғысқанын баяндағанда қолдарына шоқпар ұстап елеуіреген адамдар ұрғанды ұмытып, ұйып тыңдап қалады екен. Кезек Кенен ақсақалға келгенде ол кісі сөз білмейді, «жаңа Нәби айтты емес пе, қырдық ғой қытайды...» деп изектей береді. Тобыр болса «мынау кінәсін мойындамай отыр» деп шулап келіп тепкілей жөнелетін көрінеді. Ертеңінде үшеуін тағы сұраққа алады, жоғарыдағы оқиға тағы қайталанады.
Соңында Нәкеңе жаза жүктеліп, қара жұмысқа алыныпты. Ала жаздай Көктоғайдың тауында әскерилердің бақылауы астында жұмыс істеп, қар жауып күн суығанда әскерилер тұтқын жұмысшыларды айдап ауылға қарай алып келе жатыпты. Күн еңкейіп, ымырт үйірілген тұста бұларды бір таудың етегіне тоқтатып дамылдатады. Таудың биік басында көзге көрінер-көрінбес бұлаңдап қызыл түлкі жүріпті. Қытай бастық Нәбиге: «Сені мерген дейді ғой, мықты болсаң ана түлкіні ат», – дейді. Нәкең басын шайқайды. Қытай айтады: «Егер түлкіні атып құлатсаң, сені қара жұмыстан босатамын».
Нәби Оспанұлы (1928-2000)
«Басқасы басқа, мына кәпір қытайдың қорлауын-ай!» – деп намыстанған Нәби «биссимиллаһ» деп бір солдаттың мылтығын алып, қараң-құраң көзге әзер шалынып тұрған түлкіні көздеп, шүріппені басады. Түлкі аунап кеткендей болады. Қытай барып көріңдерші деп, екі әскерді жүгіртеді. Екі әскер оқ дәл өкпеден тиген түлкіні бұлаңдатып алып келіпті. Сөйтіп, қара жұмыстан құтылған екен.
Нәби ақсақал 2000 жылы өзінің туған жерінде ажалы жетіпті.