Үңгіт кешені
26.08.2024 1158

Көне тарихқа үңілсек, б.ж.с. 552 жылы көшпелі түркілер Буман қағанның атқа қонуымен Нирун (қытай жазбаларында Жужан) ұлысын тізе бүктіріп, апайтөс Еуразияның кіндігі Өтукен қойнауы Орхан дариясының сағасына орда тігіп Түрік империясын (551-744) құрғанын білеміз. Көне қытай деректерінде түріктер темірден түйін түйгені туралы айтылады. Оның бер жағында Өтукен даласындағы ерте ортағасырлық ескерткіш мұралардың дені осы түріктерге тән.


Бұған дәлел – әлемге жазу мәдениетінің үлгісі ретінде танымал 38 таңбалы түрік-руна жазуы және тасаттық – құрбандық рәсімін атқаратын киелі орындар, моңғол даласында жайылып жатқан балбал тастар... т.б. 

1990-1993 жылдары Моңғол-Жапония бірлескен экспедициясы Моңғолия елі аумағындағы көне түріктердің киелі орындарын анықтап шықты. Олар келтірген дерекке сүйенсек, мемлекет көлемінде тасаттық беретін 489 киелі орын болса, олардың 86-сы ақсүйектер әулетіне тән екен.

Сондай-ақ моңғол даласында көне түрік мұрасы 400-ден астам әртүрлі балбал тастар шоғыры болса, осының ішіндегі ең ірісі, ең көп балбал орналасқан жер – Үңгіт (Өнгіт) кешені. 

* * *

Бұл нысан Түп аймағының Алтынбұлақ сұмын өлкесі Тула дариясының алқабында ел астанасы Ұланбатыр қаласынан 80 шақырым жерде тұр. Кешен әлем бойынша ең көп балбал тас шоғырланған нүкте. Олардың саны –  552. Десек де, соңғы жылдары жүргізілген зерттеу шаралары 30-ға тарта балбал тастың бүлініп, жоқ болғанын анықтады. 

Кешен уақыттық тұрғыдан VI-VIII ғасыр мұрасы. Иесі – көк түріктер. Мұнда адам бейнелі балбалдардан басқа арыстан, қой мүсіндес жәдігерлер бар. Мүсін тастар күн шығысқа қарай 2 шақырым созылып, тізбектеле орналасқан. 

Кешеннің айналасы 55х38 метр көлемде төртбұрыш пошымды кереге тастармен күреленген. Қоршаудың бұрыштары доғал. Мүсін тастардың жасалу формасы мен стилі басқа өлкеден табылған балбалдардан басқашалау. Яғни, шебер ойылып, сұлу бәдізделген. 

Өткен жылы кешен аумағынан ерте кезде отырықшылар көшпенділердің атты шабуылынан қорғану үшін, төрт жағында үшкір ұшы бар және қалай лақтырса да бір ұшы көкке қарап шаншылып жататын сірге темір және қыш құмыраларды тапты.

Сонымен қатар, төрт бұрышы тас қабырғалы бейіт іспетті нысанды қоршай орналасқан 13 ағаш бағананың қалдығы анықталды. Осыған қарап археологтар бұл жерде тасаттық – құрбандық рәсімін атқаратын да орын болған деген пайым айтуда.

Аталмыш кешенді бақылау, аман сақтау ісімен 2001 жылдан бастап, «Құстай» («Хустай») атты қоғамдық ұйым өз ықыласымен атқарыпты. Бұл мекеме 2005 жылы кешеннің сыртын темір шарбақпен қоршаса, 2007 жылы арнайы сұйық пайдаланып тас мүсіндердің тұғырын тапжылмайтын етіп бекітіп шыққан. Ал 2009 жылы қисайған, құлаған тас мүсіндері тік тұрғызыпты. 2020 жылы Моңғолия үкіметі Үңгіт кешенін мемлекет қамқорына алу туралы №13 қаулы қабылдады.