Аппақ тапқан қара тас
23.08.2024 1266

Қарағанды көмір алабы, Қарағанды өндірістік кешені, Қарағанды қаласы т.б. атауларды бүгінгі күні Қазақстанның өз аумағында ғана емес, әлемнің біршама бөлігі біледі деуге болады. Қарағанды қаласының тарихы 1934 жылдан бастау алады. Қарағанды қаласы мен оның айналасындағы алып өндірістік аймақ осы өңірде табылған көмірдің мол қоры негізінде, яғни осы аса мол қазба байлыққа сүйеніп дамып қалыптасты деуге болады. Қарағанды көмір алабы негізінде өзге де индустриялық және өзге де өндірістік салалар қалыптасты. Қарағанды көмір алабының жерасты байлығын мұнда өмір сүрген ежелгі, кейінгі дәуірлердегі адамдар қай заманнан бастап білгені жайында нақты мәліметтер болмаса да, Орталық Қазақстанда металл қорыту кәсібі ертеден бері бар екендігін тарихи зерттеулер анықтап отыр.


Қарағанды көмір бассейнінің тарихы ХІХ ғасырдан басталады. Қарағанды көмір бассейнін алғаш ашқан адам – Аппақ Байжанов. Туған өлке төсінде мал шаруашылығымен айналысқан қарапайым шаруа Аппақ Байжановтың есімі оның айналадағы табиғат әлемін бақылай білетін аңғарғыштығы арқасында тарихта қалды. Биыл Аппақ Байжановтың туғанына 200 жыл толып отыр. 

Кен білгірі, жес астындағы орасан байлық Қарағанды көмірін алғаш ашқан Аппақ Байжанов 1824 жылы Нұра өзенінің оңтүстік бетіндегі Қарағанды мекенінде дүниеге келген. Орта жүз арғын тайпасының қуандық руынан тарайтын сармантай атасынан шыққан.

Қазақ әдебиетінің классигі Ғабит Мүсіреповтің «Оянған өлке» романында Аппақ Байжановты Игілік байдың қойшысы ретінде бейнелейді: «...Игіліктің қойын бағып жүріп, Байжанның баласы Аппақ суыр інінен шыққан жылтыр қара тас көмірге кездесті. Салпақтатып суырын, қойнына толтырып тас көмірін əкесіне əкеліп берді. Байжекең суырдың інін тереңдетіп қазып көрсе, əр жағы сіресіп жатқан тас көмір екен.» 

Жазушының «Жат қолында» романында есімдері аталатын Жұман, Игілік байлардың замандасы болған Байжан ақсақал олармен тең дәрежеде сыйласқандығы туралы жазушы, журналист, өлкетанушы Ермағанбет Ұлықпанов өзінің «Қарағанды тас көмірін алғаш тапқан Апақ Байжанов туралы алып-қашты əңгімелер төңірегінде» деген мақаласында былай деп атап көрсетеді: «Қазір көмірлі Қарағандыда Аппақ ұрпақтары да бар. Солардың ішінде арғы-бергі тарихты жете білетін, əрі атақты атасы жайындағы деректерді тірнектей жинап, көзінің қарашығындай сақтап жүрген Аппақ Байжанов ұрпағының қазіргі ақсақалы Тұрсын Омаровпен жолығуымыздың сəті түсті. Кешегі совет заманының саясатына икемделіп Аппақ тақыр кедейдің баласы, ұзақты күнін қой соңында өткерген жалшы ретінде ұғындырылып келгені белгілі. Бұл қалыптасқан пікірдің қате екендігін Тұрсекеңнің осы өңір мен оны мекендеген жандар, ата-бабалары туралы еріден шиырлаған əңгімесі нақтылай түсті. Осы бір құйқалы өңірді, үсті мыңғырған мал, асты мол қазына өлкені Сармантай елі – Аппақтың бабалары мекендеген. Алғашқы кен игерушілер Қазіргі Қарағандының орны мен оның маңындағы кең алқапты жергілікті тұрғындар «Жетіқұдық» деп атаған.» Бұл – жергілікті өлкетанушы зерттеушінің нақты дерек болғандықтан, оған қарсы уәж айтылмаса керек.

Демек Аппақ Байжановтың тұлғасына қатысты кезінде әдеби туындылар арқылы ел жадында қалыптасқан «қой баққан жалшы» деген ұғымның өзі негізсіз екен. Романда Аппақты социалистік реализмнің әдісімен, коммунистік дәуірдің талабымен Игілік байдың қойын баққан қойшы ретінде суреттегенімен, шындығында Аппақ Байжанов – өзіне жететін дөңгелек шаруасы бар адам болыпты.

Бұл құдық атауларын иеленген жерлерде қазіргі күні ірілі-ұсақты елді мекендер орналасқан. «Аппақ ашқан алғашқы көмір кені қай жерде болды?» деген сұраққа келетін болсақ, зерттеушілердің пайымдауынша ол – қазіргі Ескі қаланың орнында болған оқиға екен. Бұл жерде тұтаса өскен қалың қараған болға себепті, Қарағансай немесе Қарағанды деп аталыпты. 

Аппақтың елі сармантайлар мекендеген бұл өлкені бұрыннан бері Жетіқұдық деп атаған екен. Олар: Қарақұдық, Қызылқұдық, Жалғызқұдық, Майқұдық, Тоғызқұдық, Қымызқұдық, Аққұдық деп аталыпты. 

Романға, хикаяттар мен поэмаларға негіз болған, Аппақ туралы аңыз ретінде жеткен ауызша дерек бойынша 1833 жылы Нұра өзені бойындағы жоғарыдағы аталған шатқалда жүрген Аппақтың екі тазысы бір суырды қуа жөнеліпті. Екі тазы суырды қуалаған қалпы інге келгенімен, суыр інге кіріп үлгереді. Іннің аузын таспен бастырып кетіп қалып, ертеңінде суырдың інін қазып алады. Сол қазған іннен шыққан қап-қара тасты үйге алып келеді. Бұл тастың не екенін алғашында ешкім біле қоймайды. Қара бояу ретінде жүнді де бояп көреді. Сол тастың бірі абайсызда ашық отқа түсіп кеткен соң, аппақ жалқын болып жанады. Бұл жанатын тастың қасиеті жайлы бірден ауыл-аймаққа таралып кетеді. Осыдан кейін ол тастың сырын біліп, сол жерді иеленбек болғандар да табылады. 

Аппақ Байжанов «отқа жанатын қара тасты» тауып алған жерде қазақ даласындағы тұңғыш шахта «Қаразабой» өз жұмысын бастайды. Алайда Аппақтың бұл жаңалығы, тапқан кені бірден танымал болып кете қоймайды. Тек 1856 жылдан бастап өнеркәсіп иелері бұл қазынаны игеруге кіріседі. Ағылшындар келіп жергілікті қазақтар мен Ресейдің ішкі өлкелерінен қоныс аударушы орыстарды көмір өндіру кәсібіне жалдайды. 

Осылайша сонау ХІХ ғасырдан бастау алып, біртіндеп дамып жетіле түскен Қарағанды көмір алабы – өзінің құрылып, қалыптасқан кезеңінен бастап кешегі алып империя Кеңес Одағының, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның өнеркәсібін дамыту мен экспорты үшін маңызды стратегиялық кешен ретінде сақталып қалды. Мұндағы шахтерлердің еңбек ету жағдайын жетілдіріп жақсарту, көптеген процестерді әлемдік деңгейдегі автоматтандырудың барысы – өз алдына бөлек тарих жолы екендігі сөзсіз. Себебі, жүздеген метр тереңдікте кен өндіру – азаматтың азаматының ғана қолынан келетін, жауапты әрі қатерлі іс екені анық. Бұл жұмыстың барысында сан жүздеген адамның өмірі қиылып та кеткенін ескерсек, шахтерлік – әлемдегі ең қатерлі кәсіптердің қатарында алдыңғы орында тұр. 

Қазақстанның орталық бөлігінде жатқан Қарағанды облысының аумағындағы Қарағанды көмір бассейні – ұзындығы 120, ені 30 шақырымға созылған, жалпы ауданы – 3600 шаршы шақырымды, карбонның көмір қабаттары 2000 шаршы шақырымды құрайтын, тас көмір шығаратын кен орны. Мұнда төрт түрлі маркалы тас көмір мен қоңыр көмір де бар. Мұндағы көмір дайындау әдісі тұрғысында жер астынан қазу және ашық өндіру болып бөлінеді. Бұл күнде Қарағанды, Сарань, Абай, Шахтинск қалалары аумағында көмір өндіріледі. Осы қалалар халқының едәуір бөлігінің негізгі табыс көзі – шахталардағы көмір кенін өндіру болып табылады. 1847 жылы петропавлдық Н.Ушаков деген көпес осы көмір кенін ашқандығы туралы алғаш Ақмола округтік басқармасына мәлімдеген екен. Осы Ушаков 1848 жылы көмір шыққан жерді жалға алса, 1856 жылы 100 шаршы шақырым жерді Ғ.Мүсірепов романында суреттелетініндей, Игілік Өтепов қатарлы байлардан 250 сомға сатып алады. Сөйтіп олар 1856-1919 жылдар арасында көмір шығарумен айналысып, 1 млн. 117 мың 798 тонна кен қазып алады. Бұдан соң Қазан төңкерісінің арғы-бергі жылдарында Қарағанды көмірлі алқабына біршама мән беріледі. Әйгілі геолог А.А.Гапеев бастаған ғалымдар өндірісті ғылыми негізде игерудің жолын көрсетіп берді. Қарағанды көмір алабы соңғы бір ғасырға жуық жыл ішінде үздіксіз жұмыс істеп келеді. Мұндағы бассейннің 1800 метрге дейінгі тереңдіктегі барланған жалпы қоры – 43,4 миллиард тонна деп есептелген. Бұдан 16,5 миллиард тоннасы барланған, мемлекет балансына алынған болса, мұның 14,3 миллиард тоннасы – тас көмір, 2,2, миллиард тоннасы – қоңыр көмір, 11,7 миллиард тоннасы кокстелетін көмір, барлық болжамалы қоры – 26,9 миллиард тонна деген есеп бар. Қазіргі күні әлемде жылу-энергия шығарудың алуан түрлі баламалы көздері дамытылып жатқанымен, көмір өндірісі немесе көмірдің маңызы әлі де кеміген емес. Сондықтан да жақын болашақта көмір өндірісінің маңызы мен қарқыны тым төмендемейтіндігі анық болып отыр. Көмір – тек қана отқа жағу мақсатында ғана емес, химиялық сан алуан заттарды алатын шикізат көзі екендігі белгілі. Бұл салада да Қазақстанның өз орны бар. 

Армысың, аты әйгілі Қарағандым,

Жылуым, қара алтыным, қара наным.

Кімдердің пальмасынан артық маған,

Бозарған көде, жусан, қарағаным.

Балқаш пен Жезқазғанды екі жаққа ап,

Алдында екі ініңнің бетің аппақ, - 

Деп қазақтың әйгілі ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағанындай, Балқаш пен Жезқазғандай индустриялық алыптардың қалыптасуы мен бүгінгі жұмыс ырғағына Қарағанды көмір бассейні мен өндіріс ошақтарының да үлкен үлесі бар.

Аппақ Байжанов есімін бүгінгі Қарағанды ешқашан ұмытқан жоқ. Соның нақты белгісіндей, 1999 жылы 29 тамызда Қарағанды қаласында кеншілердің кәсіби мерекесін тойлау және Аппақ Байжановтың алып кенішті табуы құрметіне орай ескерткіш мүсіні ашылған болатын. Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану музейінің алдына орнатылған бұл тамаша ескерткіште қазақ тымағы бар жас жігіттің тізерлей, оң тізесіне көмірдің сынығын қойып отырған сәті бейнеленген. Бұл ескерткіштің авторы – мүсінші Ю.Гуммель. Ескерткішке қоса, Аппақ Байжанов атында көше бар. Қарағанды қаласының тарихында елеулі есімі бар Аппақ Байжановтың арқасында сан түрлі өнеркәсіптің басы қосылған алып индустриялы қалада жыл сайын, тамыз айының соңында шахтерлер күні тойланады.

Бүгінгі алып өнеркәсіптік кешеннің ашылуына бастаушы болған Аппақ Байжановтай қадірлі қазақтың туғанына екі ғасыр толған мереке құтты болсын! Еліміздің экономикалық қуатын еселеуде еңбегі ерекше кеншілеріміздің мерекесі құтты болсын!