Күлтегін ескерткішінің көне суреттері
12.08.2024 2895

Ежелі Өтукен, қазіргі Моңғол үстірті Қанғай даласында көк түріктен қалған керемет мұра – Күлтегін жазба ескерткіші бар. Орналасқан жері – Арғы Қанғай (Архангай) аймағы Қашаты сұмын жері, әйгілі Қарақорым қала жұртынан 47 шақырымда жатқан атақты Орхан дариясының сол қапталы Цайдам көлінің оң жақ бөктерінде. Ежелгі қытай деректері негізінде жазылған түркі халықтарының тарихын зертеуші әрі 1807-1821 жылдары Патшалық Ресейдің Бейжіңдегі діни миссиясын басқарған монах Н.Я.Бичурин 1950 жылы жарық көрген «Собрание сведений о народах, обитавших в Средней Азии в древние времена» аталатын көлемді еңбегінде: «731 жылы әскери қолбасшы Күлтегін 47 жасында қаза тапты. Ағасы Білге қаған қатты қайғырып, оның құрметіне ескерткіш орнатып, оған қашап жазу жаздырды» дейді. 


Жоғарыда Бичурин айтқандай біз сөз етіп отырған Күлтегін кешені 1909 жылы Цин империясы тарапынан қамқорға алынып, айналасы қоршалып, тек ескерткіштің өзіне арнап арнайы үйшік салынған екен. Оған дәлел мына бір фотоқұжаттар. Өздеріңіз көріп отырғандай фото-суретте Күлтегін ескерткішіне арнап әп-әдемі үйшік салыныпты (1-сурет).

 

Бұл сурет 1909 жылы түсірілген тәрізді. Өйткені, 1910 жылы Петербордағы «Фототипия и типография А. Ф. Дресслера» баспасынан жарық көрген «Труды Троицкосавск. - кяхт. отд. и. р. г. о. т. ХV, вып. 1» атты жинаққа «На могильникъ Киль-тегина» деген тақырыппен жарияланған екен.

Ал екінші фото «Альбом миссии Буйана де Лакоста в 1909 году в Монголии. Часть 1» атты альбомда жарияланыпты (2-сурет). Біздің пайымдауымыз бойынша екі фотоның да авторы бір адам тәрізді. Ол кісінің толық аты-жөні –  Эмиль Антуан Анри де Буйян де Лакост. 

Бұл тұлғаның өмір жолын шолып көрсек, 1867 жылы 14 қаңтарда Францияда туыпты. 1885 жылы ғылым бакалавры дәрежесін алып, одан кейін өзінің қалауы бойынша Сент-Сирдегі әскери училищесінде оқыған. 1887 жылы лейтенант шенінде Альпі батальонында қызмет атқарған. 1891 жылы Иерусалимде, 1894 жылы Алжирде, 1895-1897 жылдары Үндістанда офицерлік барлау ісіне жегілген. 1899-1910 жылдары өз саласы бойынша қызметін Персия, Ауғанстан, Памир өлкесінде жалғастырып, ең соңында Моңғолияға саяхаттап, көптеген археологиялық орындарды аралап, зерттеген. Осы сапарында Күлтеген ескерткішінің екі фотосын түсіріп алған сияқты. 1912 жылы 7 маусымда еліне оралып Құрмет легионының офицері болып тағайындалды. 1937 жылы қайтыс болады. 

Француз офицері Буйана де Лакоста (1867-1937)

Осы орайда, ескерткіш кешеннің айналасын қорғап-қоршап, үйшік орнатқан кім? деген сауал туары анық. Ол адамның аты-жөні – Сандо. Яғни, ресми құжаттарда «Санда амбан» деген атпен белгілі. 

Бұл адамның ұлты моңғол болғанымен толық қытайланған бейбақ. Азап шақырып қойған моңғолша аты – Сандуйды қытайша «Сандо» деп өзгерткен. Өзі 1876 жылы Жэжян прованциясының Ақтасты (Чулуун цааган) деген жерінде туыпты. Есейген шағында Жапонияда білім алған. 

20 жасынан бастап 1644-1911 жылдары күллі қытайды оған қоса XVIII ғасырдың алғашқы ширегінен бастап Ойрат хандығын, Шығыс Түркістан өлкесін, Бирма, Вьетнам, Непалды жаулап алып, 1780 жылдары Тибетті бағындырып үлкен патшалық құрып, билік жүргізген Цинь империясына адал қызмет атқарған екен. 

Әуелі Ханжоудағы әскери академияның бастығы, Жэжян прованциясының сыртқы істеріне жауапты шенеунік міндетін атқарған. 1902 жылы Бейжіңдегі Ежен хан университетінде бақылаушы. 1907 жылы азаматтық әкімшілік басқарма кеңесінің кеңесшісі, 1908 жылы Көххот қаласының командаты қызметін атқарып, генерал шенін алған. 1909 жылы қараша айында Сыртқы Моңғолияны басқарушы амбан (миниср) қызметіне тағайындалып, Күре қаласына келген. Бұл міндетті 1912 жылы Моңғолия тәуелсіздік алып, жаңадан Боғда хандық билік орнағанға дейін атқарған екен. Кейін жапондықтардың ықпалымен 1932 жылы Манжурия жерінде құрылып, 1945 жылы жойылған Манж-го уақытша үкіметіне қызмет еткен. 1941 жылы 70 жасында бақилық болған екен.

Сандо амбан (1876-1941)

Осы Сандо амбан Сыртқы Моңғолияны басқаруға келген сәттен бастап, апайтөс сахарада жайылып жатқан көне ескерткіштерді (бұғытас, балбал, көне жазба ескерткіштер т.б) тізімдеп, мемлекет қамқорлығына алуды діттеген көрінеді. Осылардың ішінде амбанның назарын айырықша аударған мұра –Көше Цайдамда тұрған – Күлтегін жазба ескерткіші. 

Амбанның түркі ескерткішін қорғауға алағны хақында дәлел көп. Соның бірі моңғол жұртына танымал көсемсөзші әрі тарихшы Ц.Батбаярдың еңбектерінде: «Біздің рухани кеңістігімізде ұнамсыз кейіпкер ретінде орын алған Сандо амбан билік құрған жылдары Көшө Цайдамдағы түрік ескерткіштерін қамқорлыққа алып, оны қоршап-қорғап кірпішпен үй тұрғызды» деп жазса (Ц.Батбаяр  «Кодама, Мицуй пуус. Күредегі жапондар». 1911-1921 жылдар. Ұланбатыр – 1993 ж. 43-б) тағы бір еңбекте Сандо амбан атқарған жұмыстардың баянхаты тіркеліпті. 

Онда: Күлтегін ескерткішінің биіктігі 3,33 метр, ені 1,32 метр, қалыңдыңы 0,46 метр. Үш жақ қапталында барлығы 68 жол, 10 мың әріп қашалған руна жазуы бар. 1-13 жолдары кіші жазулар болса, 14-68 жолдар үлкен жазулар. Бұл жәдігер алғаш өң беті күншығысқа қаратылып бақатастың үстіне орнатылған. Кешеннің жалпы көлемі 67 метр, ені 29 метр. Алаң 1 метр қалың кірпіш қорғанмен, ал сырты ор қазылып қоршалған. Қорған ішіндегі ескерткішке 32х32х6 сантиметр кірпішпен үйшік салынғаны баяндалыпты (On relationship between Mongolia and Japan during the Japanese stay in Ulaanbaatar between 1911-1921. Р- 43)

Баянхаттың соңында, кешеннен қыш-құмыра, темірден жасалған тұрмыстық бұйымдар һәм сәндік бұйымдар табылды делінген екен. Осыған қарағанда сол тұста ескерткішті қорғап үйшік орнатумен қатар, аз-маз қазба жұмыстарын да жүргізген тәрізді.