21 спортшының 16-сы жүлдемен оралған
06.08.2024 1329

Париж төрінде жалауын көтерген төртжылдықтың ең басты бәсекесі Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасынан спорттың 25 түрі бойынша 80 атлет сынға түседі. Атлеттердің 54-і ер адам болса, 26-сы әйел. Құраманың орташа жасы 26,5. Бүгін, маусымның 6-на дейінгі нәтиже бойынша Қазақстан 1 алтын, 1 күміс, 2 қола медальмен 29-орында тұр.


Елдегі үлкендерге, ересек жандарға олимпиада дегенде Мәскеу олимпиадасы ойға оралады. 1980 жылғы байрақты бәсекенің өткеніне 44 жылдан аса уақыт болса да, ондағы жарқын жеңістер лебі жұрт есінен шыға қойған жоқ. Ол кезде «Лениншіл жас» газеті де арнайы Мәскеу төрінен хабар таратып отырды. Сондай шұғыл жазылған мақаланың бірі «Қазақстаннан 21 олимпиадашы» деп аталады.

«Мәскеу Олимпиадасының салтанатты ашылуына тура бір апта уақыт қалды» деп басталған мақалада. «Төрт жыл бойы күткен бұл Бейбітшілік пен спорт мерекесінің басталар күні таяу. Міне осы ХХІІ жазғы Москва Олимпиадасына басқа елдердің спортшылары секілді Совет Одағының олимпиадашылары да қызу даярлануда. Олимпиада алдындағы іріктеу жарыстарының өзінде көптеген биік нәтижелер көрсетілді. Әрі осы жарыстардың қорытындысында көптеген спорт түрлерінен СССР-дың Олимпиадалық құрама командасы анықталды».

XXII жазғы Олимпиадада Отанымыздың спорттық намысын қорғау құрметі ең үздік ұл-қыздарға сеніп тапсырылған екен. Олар күні кешегі немесе өткен Олимпиадалардың үздіктері емес, ал бүгін Мәскеу Олимпиадасы басталар кезде биік желер көрсетіп отырған спортшылар. 

Газет материалында сонымен бірге құраманың ерекшелігі тайралы ақпарат берілген. Айталық, «еліміздің құрама команда сапына одақтас республикалардың спортшылары енді. Оларды арасында көптеген қазақстандық спортшылар да бар. Кейінгі кездері ірі-ірі жарыстарда көзге түсіп жүрген қазақстандық спортшылардың кейбірі олимпиадалық құрамаға іліге алмай қалды» деп жазыпты.

Егер Монреаль Олимпиадасына 11 қазақстандық спортшы қатысса, бүгінге дейін 21 қазақстандық спортшы Мәскеу Олимпиадасына қатысу құрметіне ие болған. Алдыңғы олимпиада спортшыларының есімі жазылмағанымен, енді аттанатын спортшылардың аты-жөні толық жазылыпты. «Олар мыналар: С. Қонақбаев, В. Демьяненко, К. Сафин (бокс), В. Мураньев, Т. Лисовая (жеңіл атлетика), Н. Шуваева-Ольхова (баскетбол), А. Асанов, Б. Поляк (нысана көздеу), А. Быков, Ш. Серіков, Ж. Үшкемпіров (классикалық күрес), А. Тюрин (дзю-до), С. Прибыл (велосипед), А. Гончаров, М. Азизов, Ф. Зигангиров, О. Загороднев, А. Мясников, М. Ничепуренко (көгалдағы хоккей), С. Немцанов (суға секіру), С. Котенко (су добы)». 

Әрине, Мәскеу Олимпиадасына қатысатын спортшылар түгелдей анықталған дей отырып, дәл қарсаңында Мәскеуде биікке сырықпен секірушілердің іріктеу жарыстары аяқталып, оған қазақстандық С. Кулибаба да олимпиадалық құрамаға ілігуі тиіс деген болжамын да қоса кетуді ұмытпапты.

Мәскеу Олимпиадасының жалпы командалық есебінде ССРО алдына жан салмай, 80 алтын, 69 күміс және 46 қола медальді олжалап, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал Қазақстан атынан сынға түскен 21 спортшының 16-сы түрлі жүлдеге ие болып, абыроймен оралыпты. Анықтап айтар болсақ, 6 алтын, 3 күміс және 7 қола медальді иеленіп, айдарынан жел есіп келген екен. Ұлты қазақ спортшылардан бокстан Серік Қонақбаевтың күміс жүлдесі,  классикалық күрес түрінен Жақсылық Үшкемпіров пен Шәміл Серіков алтындары сондай ыстық, сондай қымбат! 

Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері: 

Алтын медаль:

Жақсылық Үшкемпіров

Шәміл Серіков

Виктор Мазин 

Владимир Муравьев 

Сергей Котенко 

Надежда Ольхова

Күміс медаль:

Серік Қонақбаев 

Виктор Демьяненко 

Анатолий Быков

Қола медаль: 

Фарид Зигангиров

Михаил Ничепуренко

Миннеулла Азизов

Александр Мясников

Сос Айраптеян 

Александр Гончаров 

Татьяна Лесова