ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи тұлғалар.  2-бөлім
31.05.2024 1312

Осыған дейінгі мақаламызда ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы қоғамдық-саяси өмірдегі тарихи тұлғалар жайлы жазған едік.Сонда 1930 жылы Маңғыстаудан жетпіс адамның қалай және қанша жылға сотталғанын жазған едік. Осы жазаға 1930 жылдың 9 қазанында Қазақстандағы Мемлекеттік саяси басқарма өкілдігі үштігінің қаулысымен сотталған 70 азаматтардың республика аумағында, республикадан тыс жерлерде жүрген туыстары бола ма деген үмітпен тергеу құжаттары бойынша туған жылдары, атқарған қызметтері көрсетілген тізімін келтіруді жөн көрдік...


1. Әлниязұлы Тобанияз – 1875 жылы туған, Адайдың Жеменей бөлімінің кенжесі. 1922 жылға дейін уездік революциялық комитеттің төрағасы.

2. Атанұлы Мұхамедияр –  1867 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз. 3 баласы болған, дәулетті кісі.

3. Байжанұлы Асқар – 1879 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Екі әйелі, 6 баласы бар.

4. Балқыұлы  Сағындық – 1880 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз. Бай.

5. Бекназарұлы Шәкір – 1875 жылы туған. Түрікмен. Шала сауатты. 5 баласы бар. Үлкен саудагер, шикізат дайындау агенті.

6. Бекназарұлы Сафар  1897 жылы туған. Түрікмен. 3 баласы бар.

7. Ғұбайдуллаұлы Садық –1879 жылы туған. Татар, 3 баласы бар.

8. Жақсыбайұлы Сағындық – 1896 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Адайдың құнанорысы. Шала сауатты, 4 баласы бар. Саудагер.

9. Дәулетниязұлы Айладыр  1898 жылы Красноводск қаласында туған. Адай руының Қосай бөлімінің Жаманадай (Сүйіндік) бөлімшесінен. Адай  округтік милиция бастығы, округтік соттың төра­ғасы, 1929 жылы маусым айынан Түрікменстан Жоғарғы сотының мүшесі жұмыстарында болған. Партия мүшесі. Бір баласы бар.

10. Дауылұлы Орынбасар – 1884 жылы Жылыой  №41 ауылында туған. Адайдың Құнанорысы. Адай округтік ревкомның төрағасының орынбасары, атқару комитетінің орынбасары, 6 баласы бар. Шала сауатты.

11. Жұбанұлы Талпақ – 1872 жылы Ойыл ауданының №22 ауылында туған. Адай руы Қосай бөлімінің Тіней бөлімшесінен. Сауатсыз. Үлкен бай, үш әйелі, 7 баласы бар.

12. Жұбайұлы Садық (Сыдиық) – 1886 жылы Астрахан қаласында туған. Ревком  төрағасының  орынбасары, округтік партия  комитеті бақылау комиссиясының төрағасы, аудандық ағарту бөлімінің бастығы. Партия мүшесі,үш баласы бар, сауатты.

13. Ырзаұлы Өтақас – 1902 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Екі әйелі, үш баласы бар. Сауатсыз. Бай-саудагер.

14. Измамбетұлы Сәдмен – 1902 жылы Уездік комсомол комитетінің хатшысы,уездік соттың мүшесі. Бір қызы бар. Сауатты.

15. Иманғазыұлы Отарбай – 1870 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Үлкен  бай-саудагер. Бір баласы бар.

16. Көбейұлы Қалдыбай – 1907 жылы   Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Халық соты, округтік соттың мүшесі, төрағасы, округтік партия комитеті бақылау комиссиясының төрағасы. Партия мүшесі. Бір қызы бар.

17. Қалиұлы Әбіш – 1896 жылы  Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Сауатсыз. Екі баласы бар.

18. Қалқанұлы Дүйсембай – 1872 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Шала сауатты. Халық соты, округтік соттың орынбасары. Партия  мүшесі. Екі әйелі, үш баласы бар. Бай. Сауатты.

19. Қожықұлы Қалым – 1896 жылы   Маңқыстау ауданының  №15 ауылында туған. Адай руының Жары бөлімінен,халық соты болған. Сауатты. Партия мүшесі. Екі әйелі, 4 баласы бар.

20.Құдаманұлы (Құлшарұлы) Са­ғындық – 1885 жылы  Маңқыстау ауданының  № 1 ауылында туған. Бес баласы бар. Бай-саудагер.

21. Көпжанұлы Қуандық (Қожбанұлы да болуы мүмкін) – 1889 жылы туған. Адай руы Қосай бөлімі Байболының Мәмбетқұл (Шалбар) бөлімшесінен. Шала сауатты. Бес баласы бар. Үлкен бай-саудагер.

22. Көбейұлы Оспан – 1875 жылы туған. Жоғарғы білімді. Орынбор кадет корпусын, Мәскеудің Александр атындағы училищесін бітірген. Патша үкіметінің полковнигі. Маңғыстау уездік әскери комиссары, жер бөлімінің бастығының орынбасары болған. Екі қызы, бір ұлы бар.

23.Мақымұлы Мұқан (Мақұлұлы болуы да мүмкін) – 1884 жылы  Маңқыстау ауданының  № 7 ауылында туған. Адайдың Тобышының Зорбай бөлімінің Өтеғұлы. Үлкен бай, бір қызы бар. Шала сауатты.

24. Маймақұлы Жүндібай – 1879 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Шала сауатты. Баласы жоқ.

25. Нәубетұлы Хожа – 1894 жылы Форт-Александровскде туған. Түрікмен. Шала сауатты. Екі баласы бар. Бектер тұқымынан.

26.Омельянович Василий Амвре­симович  – 1878 жылы туған. Белорусс, екі баласы бар. Сауатты. Мемлекеттік сауда агенттігінің бастығы. Бұрын патша әскерінің поручигі болған.

27.Сақауұлы Бегей – 1875 жылы   Маңқыстау ауданының  №2 ауылында туған. Екі әйелі, алты баласы бар. Сауатсыз. Бай-саудагер.

28.Сарғожаұлы Қойсары (Қайсары) – 1897 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Жеменей бөлімінен. Училищенің екі класын бітірген. Партия органдарында жауапты қызметтерде болған.

29.Салықұлы (Садықұлы) Омар – 1898 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. 2 кластық мектепті бітірген. Екі баласы бар. Кеңсе қызметкері.

30.Тоқтамбетұлы Сұлтан – 1893 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Адайдың Тобыш бөлімінен. Шала сауатты, екі баласы бар.

31.Томалақұлы Бозжігіт – 1892 жылы  Маңқыстау ауданының  №4 ауылында туған. Үш әйелі, бес баласы бар. 2 кластық мектепті бітірген. Байдың баласы.

32.Тілеубергенұлы Қалдыбек – 1880 жылы Маңқыстау ауданының  №12 ауылында туған. Сауатсыз. 2 әйелі, 6 баласы бар. Саудагер.

33.Тотайұлы Алген – 1877 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қосайдың Байбол бөлімінен. 2 кластық мектепті бітірген. 3 ұлы, 3 қызы бар. Бай.

34. Тұрниязұлы Зәкәрия– 1893 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Қосайдың Тіней бөлімінен. Білімі төмен. 2 әйелі, 5 баласы бар. Бай.

35. Оңғалбайұлы Қонарбай – 1862 жылы Форт-Александровскде туған. Шала сауатты. 4 баласы бар. Бай.

36. Оңғалбайұлы Лепес (Қонарбайұлы) – 1906 жылы Форт-Александровскде туған. Үйленбеген. Рабфак бітірген. Әкесі жандарм болған. Кеңсе қызметкері.

37. Оңғалбайұлы Хаджы (Қонарбайұлы) – 1904 жылы Форт-Александровскде туған. 2 кластық теміржол училищесін бітірген. 3 баласы бар.

38. Ожарұлы (Омарұлы) Балкот – 1885 жылы Красноводск округінің Қожа ауданында туған. Сауатты. 3 баласы бар. Байдың баласы.

39. Омарұлы Жұмағали (Дәулетбаев) – 1897 жылы Ойыл ауданының  №13 ауылында туған. Гурьевтегі 2 кластық училищені бітірген. Адай руының Қосай, Байболдың Мәмбетқұлы (Шалбар). Алашорда әскерінде офицер болған. 3 баласы бар. Байдың баласы. Партия мүшесі. Ойыл аудандық партия комитетінде бөлім бастығы болған. Аудандық прокурор болған.

40.Омарұлы Хайруш – 1878 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Сауатты. Адай руының Қосай, Байболдың Мәмбетқұлы (Шалбар). Сауатты. 5 баласы бар.

41. Үсембайұлы Шадыман – 1899 жылы  Маңқыстау ауданының  №9 ауылында туған. Адай руының Қосай бөлімінің Бәли бөлімшесінен. Сауатты. Аудандық атқару комитетінің төрағасы болған. Партия мүшесі, бір баласы бар.

42. Шумпақұлы Жәнібек – 1901 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатты. Ауқатты кісінің баласы, бір баласы бар.

43. Юнусұлы (Жүнісұлы) Өтебай – 1895 жылы Форт-Александровскде туған. Партия-кеңес мектебін бітірген. 2 баласы бар. Ойыл ауданының Алтықарасу елді мекенінде тұрған.

44. Айжарықұлы Осқанбай (Өскенбай) – 1898 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Жеменей бөлімінен. 2 кластық училище бітірген. Бір қызы бар. Кедей.

45. Аманшаұлы Мұратбай – 1896 жылы Форт-Александровскде туған, шала сауатты. Партия  мүшесі. Бір баласы бар. Малшы.

46. Дәулетбайұлы Мырзағали –  1906 жылы Ойыл ауданының №13 ауылында туған. Сауатты. Адай руының Қосай бөлімінің, Байбол Мәмбетқұлы (Шалбар) бөлімшесінен, партия мүшесі. Шала сауатты, 2 баласы бар.

47. Ирпанайұлы Іздібай – 1882 жылы  Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. 2 кластық училище бітірген. Партия мүшесі. Округтік партия комитетінің бөлім бастығы, уездік ревкомның хатшысы болған. Бір қызы бар.

48. Елшібекұлы Қалдыбай – 1902 жылы  Форт-Александровскде туған, шала сауатты. Партия  мүшесі. Бір баласы бар. Кедей.

49. Игилжанұлы (Ығылманұлы) Ілияс – 1898 жылы туған. Ойылда тұрған. 2 кластық мектеп-гимназиясының бір класын бітірген. Руы – Кете.

50. Қарамбетұлы Еркенғұл – 1896 жылы Маңқыстау ауданының  №4 ауылында туған. Бәйімбеттің Жамбоз бөлімшесінен. Сауатсыз. Саудагер.

51.Құлшарұлы Қызылғұл – 1897 жылы Мәскеуде партия курсында оқыған. Шығыс халықтарының коммунистік университетінде оқыған. Партия мүшесі. Уездік партия комитетінің хатшысы болған. 2 баласы бар.

52. Қосымұлы Зейнетқали – 1904 жылы туған, Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қалалық 2 кластық училище бітірген. Адайдың Бәйімбетінің Көпе бөлімшесінен, 3 баласы бар.

53. Көпбергенұлы Қуанай – 1879 жылы Маңқыстау ауданының  №3 ауылында туған. Шала сауатты. Малшы.

54. Күзембайұлы Қали – 1877 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Сауатсыз, үш баласы бар. Саудагер.

55. Құлжарасұлы Сейкет – 1884 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. 6 баласы бар. Бай.

56. Құбышұлы Жетпісбай – 1887 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Сауатты, 3 баласы бар. Орта шаруа.

57. Нарегенұлы Бөлтек –  1887 жылы Маңқыстау ауданының  №7 ауылында туған. Сауатсыз, бір баласы бар.

58. Нұрқабайұлы Сұлтан – 1888 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Қосайдың Шалбар бөлімшесінен. Бір баласы бар. Бай-саудагер.

59. Ташкенбайұлы Ниязғали (Тұрлы) – 1891 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған, шала сауатты, 2 әйелі, 2 баласы бар.

60. Ташекенұлы Хаби – 1903 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған. Ауылдық мектепті бітірген. Кеңсе қызметкері. Партия мүшесі, 3 баласы бар. Бұрын Ералиев ісі бойынша қылмысқа тартылған.

61. Өтебайұлы Данарбай – 1896 жылы туған. 2 кластық училище бітірген. Партия мүшесі.

62. Өтегенұлы Смағұл – 1905 жылы Ойыл ауданының №1 ауылында, Миялыда тұрған. Сауатты, 2 баласы бар. Адайдың Құнан орыс бөлімінен.

63. Омарұлы Дәулетбай – 1864 жылы туған. Сауатсыз.  Қосайдың Шалбар бөлімшесінен. 4 баласы бар. Үлкен бай.

64. Үмітбайұлы Рахмет – 1907 жылы Форт-Александровскде туған. Ойыл ауданының Алтықарасу елді-мекенінде тұрған. Адайдың Жеменей бөлімінен. Рабфактың 3 класын бітірген. Әйел алмаған. Байдың баласы.

65. Шорбайұлы Қойлыбай (Торбаев па) – 1858 жылы Ойыл ауданының №5 ауылында туған. Руы – Кете. Сауатсыз. 2 әйелі, 13 баласы бар. Бай.

66. Берікбайұлы Сүйінішәлі – 1906 жылы  Форт-Александровскде туған. Адайдың Тосышының Табынай бөлімшесінен.  Ойылда тұрған. Әйелі жоқ. Сауатты. Кеңсе қызметкері болған. Кедей шаруа. Қызыл әскерде болған.

67. Аманшайұлы Жүсбай (Жүзбай) – 1902 жылы Маңқыстау ауданының  №1 ауылында туған, шала сауатты. Әйелі жоқ. Кедей-ат   айдаушы.  Партия  мүшесі.

68. Тумышұлы (Маймақұлы) Көмек – 1911  жылы туған. Шала сауатты. Ат айдаушы. Жарлы. Туған жері Ойыл ауданының №14 ауылы. Сауатсыз.

69. Баймамбетұлы Өтесін – 1888 жылы туған. 1922 жылы партия мүшесі.

70. Бармақұлы Қосбай (1930 жылдың маусым айында қайтыс болған) 1855 жылы Ойыл ауданының №14 ауылында туған. Сауатсыз, 3 баласы бар. Бай. Құлшарұлы Алпысбай, Мүрзабекұлы Нұрмұхамбет, Баймырзаұлы Оспан, Мыңбайұлы Жалау  хақындағы қылмыстық іс қайтыс болуына байланысты қысқартылған (І.Сариев, М.Омаров, «Ойрандалған Адай даласы», «Атамұра» баспасы, Алматы, 1995 ж. 66-71 беттер).  

Баршамызды толғандыратыны осы азаматтардың қаншасы жазаларын өтеп туған жерге оралды, қайда жұмыс істеді, отбасылары бар ма, ұрпақтары қайда?  Архив қызметкерлері осы төңірегінде де зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Мысалға, Тобанияз Әлниязұлының баласын, Қ.Сарғожаевтың толық деректерін, Измамбетұлы Сәдімектің, Қалым Қожықұлының, Қалиұлы Әбіштің, Шадыман Үсенбайұлының, Сұлтан Нұрқабайұлының ұрпақтары туралы мәліметтер бар. Қалған азаматтардың да ұрпақтары, туыстары  болып жатса, олардың архивке хабарласып, толық дерек бергені абзал.

Маңғыстау қазақтарының ар-намысын қорғауға, елдің бірлігін сақтауына үлес қосқан  көрнекті қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлы (1892-1937) болды. Ол Түркістан үкіметін басқарып тұрған кезінде Түркістан Республикасының Маңғышлақ уезімен Адай болысының Қазақ Республикасына берілуін қолдаған қарарға қол қойып, оған өзгелерді көндіре білді. Маңғышлақ уезі мен Красноводск уезінің 4,5 Адай болыстарын Өзбекстан мен Түрікменстанның аумақтық бөлінісіне кіргелі тұрған жерінен тұрмыстық ерекшелігі мен этнографиялық құрамына қарай Қырғыз (қазақ) Республикасына беру туралы 1920 жылдың 16 қазанында №341 декретін бекітіп, қазақ жұртының ресми аумақтық картасына енгіздірді. Аса білімпаз, 8 тілді еркін меңгерген, көрнекті дипломат Нәзір Төреқұлов 1937 жылдың 3 қарашасында Мәскеудің жабық соты мәжілісінде «түркішіл диверсиялық ұйымның белсенді мүшесі, Түркияның тыңшысы» деген айып тағылып, ату жазасына кесілді. Осылайша асыл азамат, қоғам қайраткері Нәзірмен де қазақ халқы қоштасқан еді.

Саяси қуғын-сүргінге ұшырағандардың бірі – дін иелерін қудалау, мешіттерді жабу, оларды қиратып астық сақтайтын қоймаға, мал қораларына айналдыру сияқты өрескелдікке жол берді. Молда-қожаларды тергеу астына алып, итжеккенге айдады. Тіпті олардың ұрпақтарын да заңға тартты. Маңғыстау ауданынан 20 молда, 10 балгер-халық емшісі жауапқа тартылды (МОММ, 262 қор, 1 тізбе, 19 іс, 13 бет). Бұлардың арасындаТөлеу халифа баласы Бекмағамбет молда жазаның ең ауыр түріне кесілді, ал  1938 ж. Ержан хазірет, Сәлменов Төлесін, Тоқтамыс Нұралиев Бекжандарды 10 жылға, Айдарұлы Әбдіжапарға түрмеде жатқан кездерінде де намазын тастамағаны үшін бұрын кесілген 10 жылдың үстіне тағы 7 жыл қосып, 17 жыл түрмеде отырып, 1957 ж. ғана жазасын өтеп елге келді. Айдаров Садық, Төлеуов Бекмағамбет 1973 ж.туған, Санамасов Бектілеу, Әлжанов Саламат, Алтынбеков Сауғабай, Асқаров Әбдікәрім, Әбілов Тілес, Байжанов Асқар, ағайынды Төлегенов Досбосын, Есбосын, т.б. молда-ишандар жазаның ауыр түріне кесілді. 

Есенов Шабар ишан Гурьев түрмесінде көз жұмды. Қасиетімен сес берген ишанның денесін туыстары іздеп, өзінің әуелдегі мешіт ұстаған мекен-жәйі Құйылыс жеріне алып келіп арулап қайта жерледі.  Молдалар бала оқытты, ұрпақты иман­дылық рухқа тәрбие беруге насихаттады. Ату жазасына дейін шара қолданатындай молдалар үкіметке не жазды?! Көпшілігінің жастары 70-ке таяғандар. Елдегі партия-кеңес қызметкерлеріне тексерудің неше түрлі әдістері жүргізіліп, бірқатары «партиялық жарнасын кезінде төлемеген», «партия жиналысында үкіметке қарсы сын айтты», т.б. айыптар тағылып, өлкелік партия комиссиясының мүшелері Меңдешев, Асылбековтер көпшілігін партиядан шығарды, бірқатары жұмыста ұлтшылдық белгілерге жол берген деген желеумен қылмысқа тартылды. 10 жылға сотталғандар ішінен Адай ревкомының төрағасының орынбасары, кейін төрағасы, Маңғыстау ауданы атқару комитетінің төрағасы болып қызмет атқарған Қойсары Сарғожаевпен ауылдас болғандықтан оның тағдырымен жақынырақ таныстым. Арнаулы дәрігерлік білімді Қойсары 9 желтоқсан 1930 ж. Арнайы Үштіктің қаулысымен сотталып, Карлагтан жазасын өтеді. Түрменің ауыр күндерін өтеп  келгеннен кейін Маңғыстау ауданында денсаулық сақтау саласында елеулі еңбек етті. Ол алғаш рет ауылда өзі, отбасымен, туыстарын тартып балшық  басып, Тұщықұдық ауылынан 10 орындық аурухана ашты. Бұл Бозашы түбегіндегі 1950 жылдардың басындағы бірден-бір емхана еді. Оның емханасынан жүздеген адам сауығып шығып жатты. Осы өнегелі жұмысы үшін 1957 жылдың ақпанында Алматы қаласында өткен Республикалық денсаулық сақтау қызметкерлерінің 3-съезіне Гурьев облысынан делегат болып қатысты. Өмірінің он жылын қапаста өткізген тамаша білікті емші, ойлы азамат ертелеу 1959 ж. дүние салды. Оның балалары Асқар, Қойшыбайлар әке жолын жалғастырған білікті мамандар.  Кенже ұлы Қойшыбай – хирург, ал Асқары – фармацепт дәрігер. Сол 10 жылға сотталғандар ішінен елге оралғандары мәлімет аз. Ұлы Отан соғысы кезінде саяси-қуғынның көрінісі жалғасып, тіптен күшея түсті. Тағы да өңірдегі мысалдарға жүгінейік. Маңғыстаудың Бозашы түбегінен майданға аттанған Бекбауов Нәбиханның бастан кешкенін әңгімемізге арқау етсек. Н.Бекбауов Смоленскінің маңындағы Старая Русса қаласын жауға бермеудің қанқұйлы соғысы кезінде ауыр жараланып дала госпиталіне түседі. Госпитальде жауынгердің қатаң кезінде ем-домын жасаған Евгения Гавриловна деген санитардың ерекше қызметіне риза болған жаралы жауынгер, санитардың аты-жөнін қойын дәптеріне жазып алады. Науқастарды дала госпиталінен ұзақ емдеуге қаладағы госпитальге апаруға тапсырма болады. Жаралылар тиелген автокөлікке тұтқиылдан немістер шабуыл жасап, бүкіл науқастарды тұтқынға алады. Бекбауов неміс госпиталінде жатқандардың бірқатары өліп, бірқатары жұмысқа жарамды деп танылып нешебір ауыр жұмыстарға жегіледі. Нәбихан Германияның Канн, Кельн, т.б. қалалары түрмелерінде, Францияның, Италияның қалаларында жұмысқа қатысып, Мысыр еліне, одан Түркияға жіберіледі. Осында екі айдай тынықтырып, бір топ тұтқындарды Жапонияға қарсы соғысқа дайындайды. Бұл соғыс та бір айда аяқталғасын мемлекетаралық келісім бойынша тұтқындар елге қайтарылады. Олардың туған еліне деген сағыныштарында шек жоқ еді. Ел шекарасына келгенде топырақты құшақтап, біреулері қуанғаннан жылап жатты. Бірақ, өкінішке орай тұтқындардың бұл қуаныштары ұзаққа бармады. Барлығы да арнайы комендатура тексеруінен өтті. Көпшілігін еңіреп сағынып келген елі қайтадан тұтқынға алды. Бостандығы мен елінің бүтіндігі үшін күресіп, азап кешкен кешегі кеңес елінің жауынгері, енді тұтқын болды. Әскери сот мәжілісінің шешімімен «тұтқынға түскен» кінәмен Нәбихан ағаны Коми республикасына 10 жыл мерзімге жер аударды. Онда жұмыс немістегіден де ауыр болды. Қысы қатал, мардымсыз тамақ көпшілікті ауруға шалдықтырды. Бір жылдан кейін ауырып Сыктывкар қаласындағы ауруханаға түседі. Ауруханада біраз емделеді, осы кезде үнемі көзі таныс, бір медбике ұшыраса береді. Бір күні ұяла басып сол медбикенің ем беретін бөлмесіне есігін қағып ұлықсатымен ішке кіреді. Әуелі қабылдап жатқан ем-домы туралы сөз болып, кейін медбикенің қайдан келгенін, аты-жөнін сұрайды. Ол баяғы Смоленскіде таныс болған Евгения Гавриловна болып шығады. Екеуі де бастан кешкендерін баяндасып, енді үнемі кездесетін болды. Ақыры отбасын құруларына жол ашылады. Міне, тоғысқан тағдыр деген осы. Жұмыстық пәтер беріледі. Ағаның жұмысына да жеңілдік беріледі.

Бұл екеуі кейін отбасын құрады, 17.09.1955 жылы ҚСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының «Әскери тұтқындарға рахымшылық жасау туралы» Жарлығы шығып, көптің бірі болып Н. Бекбауов мойнынан қылмыстық іс тоқтатылады. Коми жерінде 3 бала, елге келгесін Женя апамыздан тағы 7 бала барлығы 10 перзентті болды. Олардың тәрбиесіндегі ұл-қыздардың барлығы да мамандық алып, отбасыларын құрды, халық шаруашылығының әртүрлі салаларында еңбек етеді. Қос майдангер немере сүйіп, ағаның туған Бейнеу ауданының Опорный деп аталатын ауылында дүниеден озды. Міне саяси-қуғын сүргіннің зіл-заласы. Осындай тағдырластар-майдангерлер Апақаев Көбейсін мен Дәуітов Жұмажан, Есбосынов Зәкәрия, Ізбасов Сәдуақас, Теңізбаев Саламат, Абдуллаев Төремұрат, Құбалиев Нұғмандар 1948 ж. Оңтүстік Орал Әскери трибуналымен РСФСР ҚІ Кодексінің 58-1, «б» бабымен 25 жылға сотталып, жазаларын өтеу үшін Магадан қаласына жіберілді. Алғашқы үшеуінің тұтқындалу сәттерін көзімізбен көрдік. Тұтқындау кезінде отбасымен сөзге келтірмей, елден аулақтатып, жантүршігерлік қатыгездікпен алып кеткен еді. Туған елі азаматтарды шуласып шығарып салды. Магадан қаласынан олар елге аман-сау оралып келеміз деп ойламады. Көздеріне жас алып отырып, өздерінің елде қалған жарларына: «Біздер ұзақ мерзімге сотталып барамыз. Енді елдің топырағы бұйыра ма, ол екі талай. Сендерге рахмет, соғыста 5 жыл телміріп күттіңіздер. Ата-аналарымызды бағып-қағып, халық қатарында еңбек еттіңіздер. Енді Алланың жазғаны шығар, Сендерге тағы да күтуге дегеніміз артық болар. Жастық өмірлеріңізді біздерді күтуге арналмасын. Жақсы отбасын құруларыңызға ұлықсат. Тек Сендерге жақсылық күні шуағын жаққай демекпіз» – деп, хат жолдаған. Еңірегеннен етектері толған бейшара тірілей жесірлер болашағын ойлай бастады. Алланың ісі болар. Бұлар енді басқаның отын жағып, түтінін түтетті. Балалы-шағалы болды. Жылдар өтіп жатты. Жоғарыдағы рахымшылық жасау туралы Жарлық бойынша жоғарыдағы азаматтар 1955 ж. елге аман-есен келіп, отбасыларын құрды, балалы-шағалы болды. Алғашқы екеуі түбектегі мұнайгаз іздестіру партияларында жұмыс жасап, түбектегі мұнай кеніштерін ашуда елеулі үлестерін қосқан азаматтар еді. Тынымсыз еңбектің нәтижесінде екі ағамыз да халық сенімінен шыға берді, еңбектері жемісті болып, екеуі де «Қазақ ССР-ның еңбегі сіңген мұнайшысы» атағына ие болды. Қазір өздері дүниеден озғанмен ұрпақтары бар. Соғыс тұтқындарының тағдырлары зерттеліп, рахымшылыққа ие болған азаматтар ҚР Ұлттық Қауіпсіздігі комитеті тарапынан облыстық Ішкі Істер Департаментіне 500-ге жуық жерлестеріміздің барлық құжаты тапсырылған. Ескеретін жайт, соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-дағы асыра сілтеу, адамға қамқорлықтың кемдігін бағдарлай кейбір отбасыларын құрмаған азаматтар шетел асып кетті. Олардың көпшілігі АҚШ, Канада, Аргентина, т.б. елдер асты. Оның басты себебі – Кеңес елінде рас тұтқын болдың ба, әуелі жан-жақты тексерілесің, қалай тұтқын болған деп әуре-сарсаңға салды. Сондықтан көкірегі ояу, сауатты азаматтар отбасын тастап, шетелге кетуге мәжбүр болды.