Жоланбай-Жолдасбай қырғыны
21.05.2024 1636

Жол – адам өмірінің маңызды бөлшегі. Жолсыз өмір жоқ деуге келмес, бірақ онсыз қиын. Жол алыс-жақын сапарларға бастайды, жол адамдарды бақытқа кенелтеді, жол адамдарды сағындырады, жол азабын шеккен адам қиындықты бағындырады.

Жол – ел мен жерді, дала мен қаланы, адамдарды тоғыстыратын ең маңызды инфрақұрылым. Жолдың арқасында адамдар өмірін жақсартты, бұрын-соңды көрмеген жаңалықтарды тапты. Ол ғылыми жетістіктер арқылы жаңа сапаға көтерілді, ал адамдар жол арқылы бірін-бірі тауып, тағдырларын байлады...


Баршамызға белгілі Қарқаралы уезі Семейге қарап тұрған патша заманында «Қарқаралы-Семей жандарал жолы» дейтұғын жол болған. Кәдімгі арба жолы талай таптаған, жөңкіліп екі жақты бірдей тасыған, дала жолы. Бұл жолменен қазақтың талай игі жақсысы өтіп, жар қуған серісі, дау қуған даукесі мен партия, шар дескен жұрттың делебесі де осы шаң қапқан соқпақтың бойында жүріп жататын. Ел кезген диуанасы ғана жан көзіне түспей бөлек жортады демесеңіз, барлық оқиға сорабы да, әйгілі «ақ шом» сауда торабы да, адамдардың қарым-қатынасы да осы жол арқылы өтетін. Олай болатын себебі, жолдың өне бойында кеседей тас жоқ, арба жолы тастан түгелдей тазартылып, жалтырап-ақ жатқан екен.   

Осы жолдың бойында жақсы-жайсаңдар да табысып, құдандалы ел болып жабысып жататын. Сондай жандардың бірі Абыралының атақты биі Бітебай мен Қарқаралының бай-бағланы Жандерке екеуі сөз байласып, құда болған деседі. 

Ұзынынан ұзын, сол заман үшін тақтайдай тегіс, таспадай жалпақ дала жолының бойының едәуір бөлігіне Бітебай әулеті иелік еткен дейді тарихи құжаттар. Сол себепті Бітебайдың балаларының соңғы ұрпақтары қоныстанған Жоланбай-Жолдасбайдың қыстауы осы екі ағайындының атында қалып қойған екен. 

«Жол азабын тартқан білер» немесе «Жол бойының рахаты мен қияметі бірдей» демекші, білетіндердің айтуына қарағанда, Қарқаралы байы Жандерке Семейге бара жатқанда не одан қайтып келерде Бітебай бидің үйіне тоқтамай кетпейді.

Жиі араласып жүріп, «Бай байға, сай сайға құяды» дегендей, Жандерке  Бітебайдың ұлы Сүлейменнен туған Айғанша деген қызға құда түсіп, Ақбайға алып береді. Текті мен текті қосылған бұл некеден алты алашқа әйгілі екі ұл дүниеге келді, олар: Ыбырай мен Жақып. 

Қарқаралыда Хасеннің Ақайы мен Ақбайдың Ыбырайы қатар шықты. Екі жуан бай бірімен-бірі бәсеке болып, ырғасып-жырғасып, елді дүркіретті. Олардың байлық жарыстырғаны елге де қызық. Екі бай қаншама жұмыс орындарын ашты, жаңа мектептер салды, мәдени-рухани іс-шараларға меценаттық жасады – екеуі де Алаш ісінен кем қалған жоқ. 

Олар Алаш ұлт-азаттық күресінің Қарқаралыдағы аса көрнекті өкілдеріне айналды. Алайда басқа да алашордашыларды жазалағаны сияқты совет үкіметі екеуінің маңдайынан сипай қойған жоқ. Дала өлкесіндегі ең ықпалды әлеуметтік топ ретінде бағаланған қазақ байларын басқа өңірлерге жер аударды.  

Ақайдың Хасені тағдыр зауалымен Қызылжар, Уфа асса, Ыбырай болыстың мұқым малын тәркілеп алып, Қостанайға жөнелтті. 

Ал Жақып ше? 

Ақбайдың Жақыбы (1876-1934) – заманнынан озып туған дүлдүлдердің бірі. Ол 1903 жылы Санкт-Петербургтен Заң институтын бітірген. Ұлт тарихындағы бірінші заң магистрі. Алаш Орданың тұңғыш прокуроры қызметін атқарған тарихи тұлға. Өз дәуірінде замандастары оны «Жақып мырза» деп дәріптеген. «Абай жолы» роман-эпопеясында есімі Сақып Сақпаев деп өзгертіліп, цензураның кесірінен бүкіл іс-әрекеті бұрмаланып жазылған.

1928 жылғы кәмпескелеу науқаны Ақбай балаларына ауыр тиді. Елге болсын деп жүрген, жүгірген Ыбырайдың бар малын тартып алып, итжеккенге айдағанын айттық, бұл жайт Жақыпты қатты ойландырғанға ұқсайды. Заманның беталысын алыстан сезген аңғарлы жан Қытайға өтуге бекиді. Қытай өтпек болып Семей жылыстайтыны жайлы деректерді біз белгілі тарихшы, жанкешті мұрағатшы Болатбек Нәсеновтің аузынан естіген едік.

«Ақбай балаларына төнген қауіп-қатердің бір ұшығы нағашы жұрты Сүлеймен ұрпағын да шарпиды. Алаш Орда кезінде Жақып мырзаның үш полк армиясы болған. Екеуі Семейде, біреуі Торғайда», – деп жазады Б. Нәсенов. 

Бұл оқиға ары қарай былай өрбиді: Торғайдағы полктан қалған біраз қару-жарақ атып Жақып мырза жолға шығады. Семейге қарай барар жолда Сүлейменнің ұлы Садықбек нағашысының үйіне қонады. Бірақ артты қуғыншы бары білінген соң, қару-жарақты асығыс көме қойып, салт атпен аттынып кетуге мәжбүр болады. Кетерде нағашы ағасына: 

– Қолыңнан келіп жатса, жолын бөгерсіңдер, болмай жатса, басқа жолға салып жіберерсіңдер! – дейді. 

Ертесі таңда жедел жасақ жетіп келіп, ат ойнақтатып, Садықбекке ақырады: 

– Жиенің қайда? Тап! – дейді. Садықбекті өздерімен ала жөнеледі.

Сол кеткеннен нағышысының өлі-тірісі белгісіз, еш хабар болмайды. Атып тастаған болуы мүмкін. Сұраусыз кеткен ерлер қаншама десеңші...

Жасақ бір жансызды әдейі тастап кетіп, ол жансыз ауылдың маңын ториды. Ол неме бос уақытында қыз-келіншектерге қырындап, әуейілік көрсеткен соң, ауыл азаматтары жиылып, дереу көзін құртып жібереді. Милиционердің значогы бір жас баланың қалтасынан шығып, жансызды іздей шыққандар қыстауда қырғын салады. Жоланбай-Жолдасбай ауылындағы еркектерді қылыш жүзінен өткізіп, түгел турап тастайды. Бір ауылдың бас көтерер еркек кіндіктісі қалған осы қанды оқиға ара-кідік айтыла жүріп, елдің жадынан ешқашан шықпапты. 

Жақып мырза Семей шаһарына жеткенімен, Шығыс Түркістанға өте алмады. Бұған басты себепті Алаш Орда қайраткерлерінің қандай қиын кезең туса да, елде қалуды шешкен, өзара серттескен ауызша уәдесінен көруге болады. Өмиірбаянында қамтылмаған бұл деректі біз Болатбек аға Нәсеновтің «Абыралы сұңқарлары» көптомдығының 4-кітабынан кездестіріп, жазып отырмыз. 

Жақып Ақбайұлы нағашы ауылын қанға бөктірген сұмдық оқиғадан кейін не-бары алты жыл ғана өмір сүрді, оның төрт жылы түрмеде, айдауда өтті. Жоланбай-Жолдасбай қыстауындағы қырғын – тұлғатанудағы ғана емес, алаштану ісіндегі шағын да болса, маңызды деректердің бірі деп есептейміз. 

Енді мына бір тарихи фотосуретке назар аударуды сұраймыз. Жақып Ақбайұлының өмірінің соңғы жылдарында түсірілген суретте жанында бір топ жас жігіт бейнеленген. Бұл фотоны Б. Нәсеновке Ыбырай Ақбаевтың қызы Камила апамыз тапсырған екен. 2000 жылғы 27 қырүйек күні жұмысына келген апамыз «Абыралы туралы кітабыңа кіргізуіңді сұраймын» деп қатты қолқалаған екен.

 

Суреттегі жас жігіттер де Ақбай әулетінен алыс адамдар емес еді. Берікқара болысының болысы, аса ауқатты Ақбайдың төрт ұлы және жалғыз қызы болғаны белгілі, олар: Бек, Ыбырай, Мәжит, Жақып пен Шәмшіқамар. Осындағы Бектің Мырзағазы, Махат, Анас есімді ұлдары оқыған, шетінен білімді, алаш идеясымен сусындап өскен азаматтар болды.  

Жақып мырзаның сол жағында отырған жігіт – Махат Беков (1912-1966)  – математик-физик. 1930 жылы 18 жасында Алматыда Жақып ағасымен бірге түрмеде 2 ай отырып шыққан. Ал оң жақтағысы – Мырғазы Беков (1909-1943) – мұғалім. «Халық жауы» атанып Ярославль облысында қайтыс болған. Жоғарыда түрегеп тұрғаны – Анас Беков (1918-1977) Санкт-Петербургтың қаржы-экономикалық институтын бітірген. Соғысқа қатысқан. 

Бұл суретке Жақып атамыз қайтыс болардың алдында 1934 жылы түскен. Жақаңды жерлеуге Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмат Шанин, Әлімхан Ермек, Ыбырай балалары және Мұқаш Нұрмағанов, оның қызы Қанат, күйеу баласы Шыңғысов, тағы басқа лауазымы жоғары адамдар қатысқан.

Қазақ халқының легитимді бостандығы, саяси-құқықтық еркіндігі және жарқын келешегі үшін ғұмыр бойы отаршылдармен (патшалық және советтік Ресей) күресіп өткен асыл ердің өмірі осылай қолдан тұйықталып, тұншықтырылған болатын.  

Ал оның қуғындалған тағдырындай болып Қарқаралы-Абыралы-Семей жолы быт-шыты шығып әлі жатыр. Жол жөнделмей, өмір өзгермейді ғой.