«Егемен Қазақстан» және елорда
25.04.2024 1382

Дүние жүзінде астаналарын басқа қалаларына көшірген елдер аз емес. Қазақстан да солардың бірі болғанымен, қоныс аудару процесінің жүруі тұрғысынан, оның жеделдігі жағынан бірден-бір мемлекет екені рас. Соған ілесе бұқаралық ақпарат құралдарының қосыны да ең негізгі саяси, әкімшілік орталыққа шоғырланатыны да табиғи. Еліміз астанасының төртінші реткі ұлы көшінен қалмаған үкіметтің үні, ұлттың жаршысы болған республикалық бас басылым «Егемен Қазақстан» бұдан бұрын да астана көшімен бірге жүрді.


«Егемен Қазақстан» газетінің бастауы – «Ұшқын» газеті 1919 жылы желтоқсанның 17-сi күні Орынбор қаласында жарыққа шыққан. Кейін жылдар өте келе «Еңбек Туы», «Еңбекшi қазақ», «Социалистік Қазақстан» аталды. 1991 жылғы маусымнан «Егемендi Қазақстан» болса, ал 1993 жылдың қаңтарынан бастап «Егемен Қазақстанға» айналды.

«Егемен» – елiмiздегi  қазақ тiлдi ең  үлкен басылым. Ол   ұлт баспасөзінің, қазақ журналистикасы мектебінің қарашаңырағы іспеттес. Мемлекетіміздің тәуелсіздігі дәуірінде де о бастағы елдiк мұратты ту еткен газет өзiнiң салиқалы да, сабырлы бағытынан жаңылған емес. Ол ел астанасы қайда болса, алғашқылардың қатарында сонда көшіп отырды. Сол кездегі астана Орынборда алғашқы саны шыққан газет кіндік қала Ақмешітке ауысқанда сол жаққа бет түзеген-ді.  

«Алғашқы көші 1925 жылдың мамырында Орынбордан Қызылордаға жол тартты. Астана Ақмешітке ауысқанда үкіметтің үні болып табылатын «Еңбекші қазақтың» онымен бірге қоныс аударуы тарихи қажеттілік еді. Орынборда «Ұшқын» болып шаңырақ көтеріп ел өмірінің айнасына айналған газеттің орын ауыстыруы туралы архив мәліметтері шашыраңқы. Алайда газеттің сол тұстағы редакторы, саяси оқиғалардың қызу ортасында жүретін Смағұл Сәдуақасов Қазақстан астанасын көшіруді жақтаушылардың бірі еді. Сондықтан өзі басқарып отырған басылымды ұлы көштен кешеуілдетпеуді ойластыра білген. Осы мақсатпен Ақмешіт баспаханасында газет басу ісіне әзірлік жүргізу үшін өз орынбасарын наурыз айының аяқ кезінде шұғыл аттандырды. «Кәрі-жасы бәрінің де айтатыны астана, ел көгерген астанасы осы ма, әлде басқа ма?» - деп таңырқауы мен тосырқауын жасырмай жететін сол қызметкер Бейімбет Майлин еді ғой..

Ақмешітте өтетін Бүкілқазақстандық V құрылтайдан жарты ай бұрын Смағұлдың өзі де жаңа  елордаға келіп жетті. Сәуірдің 18-і күні Орынбордан үкіметтік арнайы пойыз аттанды. Оның жолаушыларымен бірге қалтасында «Еңбекші қазақтың» жолсапар куәлігі бар тағы бір тілші Ақмешітке келе жатты. Жазғыш, жұртпен тіл тапқыш, досқа адал, тап күресіне қатал сол бір жалынды жастың есімі Сәбит Мұқанов болатын... Құрылтайдан кейін көп кешікпей газеттің қалған қызметкерлері Ахметсапа Жүсіпов, Мерғали Ешмұхамбетов, Аманғали Сегізбаев та мамыр айында Қызылордаға келіп орнықты. 

Қызылордадағы төрт жыл «Еңбекші қазақ» үшін ерекше кезең еді. Қызметкерлері Міржақып Дулатов, Ілияс Жансүгіров секілді қарымды қаламгерлермен толықты. Газеттің пікірталас, жариялылық, әдебиет сыны қалыптасты. Орынбордан қағажу көре бастаған Алаш ұранды қайраткерлер баспасөз бінберін алды. Ұлттық мәдениеттің, тілдің, ағарту ісінің ұйытқысы болған, редакторы Смағұлдың тікелей күш-жігерімен қазақ театрының қаз басуына атсалысқан да «Еңбекші қазақ» еді. Голощекиннің газетті ұлтшылдар жетегінде кетті деп «әшкерелейтін» тұсы осы Қызылорда кезеңіне қатысты.

Жиырмасыншы жылдардың соңында Қазақстан астанасы Алматыға ауысатыны белгілі болды. Архив құжаттарына үңілсек, «Еңбекші қазақтың» Алматыға қоныс аударуға қам жасауы 1928 жылыдың 9 қазанынан басталған екен. Редактор кеңесінің төрағасы Ш.Тоқжігітовтың дәл осы күні жаңа астанаға қоныс аудару жөніндегі комиссияға жолдаған хатына сүйене отырып, арада алпыс жыл өткенде «Еңбекші қазақта» сол кезде кімдер қызмет істегенін айтып бере аламыз: «Объединенная контора казахских краевых газет и журналов при сем препровождает расчет на переброску сотрудников и имущества редакции и конторы сообщеает, что справки о семейном положении т.т. Тогжанова, Тогжигитова, Джансугурова, Орманбаева, Есовой, Айсарина и Садыкбаева будут представлены допольнительно».

«Еңбекші қазақ» редакторының орынбасары қол қойған бұл құжатқа 21 адамның тізімі қоса тіркелген. Мысалы, Жұмаш Еленов жауапты хатшы, Ілияс Жансүгіров редактордың әдебиет мәселелері жөніндегі көмекшісі, Бейсембай Кенжебаев партия бөлімінің меңгерушісі, Міржақып Дулатов әдеби қызметкер екен.

Ал осы тұста Қызылордада шығып тұрған мерзімдік қазақ басылымдарының бәрінің ұйтқысы, бас отауы «Еңбекші қазақ» екенін аңғарамыз. «Еңбекшіқазақтықтар»: Бейімбет Майлин ресми түрде – «Ауыл тілінің», Жұмағали Орманбаев – «Лениншіл жастың», Аманғали Сегізбаев – «Қызыл Қазақстанның», Әбдірахман Айсарин – «Жұмысшының» жауапты шығарушылары болған. 

Редакция Алматыға газеттің мүлкін темір жолмен, тіпті арба керуенімен жеткізудің есеп-қисабына дейін шығарған екен. Біразы Орынбор кезеңінен келе жатқан газет қызметкерлерін қалдырмаудың амалын да ойластырған. Әр отбасы мүшелерін тізімдеп, көшуге әбден мұқияттағанына куә боламыз. 

«Еңбекші қазақ» Алматыға 1929 жылы 5 маусым күні қоныс аударып келген; газеттің көші-қонына редактордың орынбасары Шәймерден Тоқжігітов тікелей басшылық жасаған; редакцияның ресми тізіммен Алматыға келген ұжымы тоғыз адам: редакторы Ғаббас Тоғжанов, орынбасары Шәймерден Тоқжігітов, жауапты хатшы Рахым Сүгіров, бөлім басшылары Жұмаш Еленов, Мерғали Ешмұғамбетов, Шияп Қожахметов, Сәрсенбин, Сыздықов, әдеби қызметкер Ілияс Жансүгіров.

«Еңбекші қазақ» – «Егемен Қазақстанға» дейінгі Алматыдағы жетпіс жыл оны қара шаңырақ басылым, аға газет дәрежесіне көтерді. Бұл кезеңде оның редакциясында қазақтың үлкен қаламгерлері мен журналистері қызмет атқарады. Әр нөмірінде ел тарихы тасқа басылып, бүгінгі ұрпаққа жетті. 

Сонау 1929 жылғы әріптестері бастан кешкен қарбалас шақты газеттің бүгінгі қызметкерлері қайта сезінгендей. Әрі «Егемен Қазақстанды» Астанада жайлы өмір, жайбарақат тірлік күтіп тұрған жоқ. Шындығын айтсақ, нарық пен экономиканың заңына бейімделу қиындығы есік қақты. Дағдарыс тұс құрылтайшы, демеуші, меншік иесі ұғымдарын алма-кезек ұсынуда...  [Тілекқабыл Боранғалиұлы, журналист // Егемен Қазақстан. 27 ақпан, 1999]

«Бір кездері «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», бүгінгі «Егемен Қазақстан» атаулары Алматы үшін етене болып кеткені сондайдық, алыс ауылдардан конверт сыртынан тек газеттің аты жазылып жолданған хаттар бізге адаспай жетіп жататын.» [Ержұман Смайыл. Алматы мен «Егемен» етене еді. // Егемен Қазақстан. 27 ақпан, 1999]

Барлық басқару органдары мен мемлекеттік мекемелер елордаға қоныстанып болған сәтте ғана «Егемен Қазақстан» көштің басын Астанаға бұрды. «Шаңқай түс. Алматының II темір жол вокзалы. Перрон алды ығы-жығы халық. Мерзімді басылымдарда, электронды ақпарат құралдарында қызмет істейтін журналистердің дені осында. Түрлі ұйымдар мен мекемелерден арнайы келген өкілдердің қарасы мол. Олар бүгін қазақ баспасөзінің қара шаңырағы, еліміздің бас газеті – «Егемен Қазақстанды» Астанаға шығарып салмақ...». [Әлисұлтан Құланбай. Арыстардың рухы ере келді. // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 1999] Алматыдан осылай аттанған-ды қарашаңырақты қарт басылым.

Жетпіс жыл бойы қара шаңырақты газеттің құтты мекені болған Алматыны қимай-қимай қоштасқан қызметкерлер Арқаны бетке алып жүріп кетті. Қытымыр аяздың қысымынан әлі арыла қоймаған астаналықтар егеменқазақстандықтарды күндей күліп қарсы алып, Қазақстанның халық ақыны Қонысбай Әбіл жырдан шашу шашты:

«Астананың төріне,

Қош келіпсің, «Егемен!»

Құлаш жайып алдыңнан, 

Қуанышқа бөленем.

Тәңір өзі қолдаған,

Әруақтар жебеген.

Жаңа жерге тігілген,

Шаңырағың биік боп, 

Кең жайылсын керегең.»

«Астанаға тек «Егемен Қазақстан» ғана келген жоқ, – деді Шерағаң. – Онымен бірге Сәкен, Тұрар, Смағұл, Ғабиттердің рухы ере келді...» [Әлисұлтан Құланбай. Арыстардың рухы ере келді. // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 1999]

 «Әр кезеңде осы газеттің бас редакторлары болған: Сәкен Сейфуллиннің, Смағұл Сәдуақасовтың, Тұрар Рысқұловтың, Ораз Жандосовтың, Ораз Исаевтың,.. Ғабит Мүсіреповтің... рухтарын ала келді. Кімдерді көрмеген, басынан нелерді кешпеген газет бұл! Өзі жарыққа шыққан сонау 1919 жылдың желтоқсанынан бастап дүние-әлемде, оның ішінде осы Қазақстанда не болы, не қойды; қуанышы қайсы, қайғысы қайсы – бәрі-бәрі осы газетте.

Газеттің сексен жылдық тігінділері – таусылмайтын роман. Жағымды-жағымсыз геройлары мыңдап саналады. 

Тәуелсіздікті тағдыр жеке шенеуніктерге ғана емес, бүкіл халыққа, ұлтқа бұйыртты. Бірақ неше түрлі пысықайлар, жемқорлар, парақорлар андыздап шыға келіп, көптің несібесін арпадай асап, араны ашылды. «Егемен» осылармен аяусыз айқасып жүрген газет.

Ақ ниет, адал көңілмен ақ ордаға қоныс аударған «Егемен Қазақстан» еруліксіз болмас деп сенемін.» [Шерхан Мұртаза. Ассалаумағалейкум, Астана! // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 1999]

Сөйлеген сан орта мен сан алқада, 

айналып дала менен жанартауға,

 «Егемен Қазақстан», теңіңді артып

көштің сен Алатаудан Сарыарқа!

 

Көш деген – уақыттың жалғасқаны,

жаңа бір тылсым соқпақ, жолды ашқаны.

Қолыңнан түспесінші қай кезде де 

ақиқат, әділдіктің алдаспаны! [Темірхан Медетбек. «Егемен Қазақстан» көшіне. // Егемен Қазақстан. 27 ақпан, 1999]

Осылайша Қазақстанның төртінші астанасына қоныс тепкен әріптестерін Астанадағы бұқаралық ақпарат құралдарының басшылары, әріптестері қарсы алып, құттықтауларын аямады. Сол кездегі Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаев жаңа қонысқа орналасып жатқан басылымның келешегінен бұрынғысынан да зор үмітті күтіп, ықыласын білдіргені бар еді: «Ешкімге салмақ салмай, артық-ауыс байбаламға бармай, ұлы көштен қалмай, қанаттарыңыз талмай Астанаға тырмысып жеткендеріңізге бек қуаныштымыз. Бәрлерің де еңбекті емген, қиындықты көрген, елдің нәрлі сөзін терген қазақтың қаратабан перзентісіздер. Елордамыздың рухани өмірін түлетуге, түрлентуге атсалысыңыздар. Ұлт рухын оятуға сіздер жанашыр болмағанда кім жанашыр болады?!» [Жанболат Аупбаев. Құс қанаты// Егемен Қазақстан. 3 наурыз 1999]

Сонымен «1999 жылғы 20 ақпан, егеменқазақстандықтар өздеріне дейінгі әлденеше буынға 69 жыл 9 ай құтты қоныс болған ару Алматымен қимай қоштасып, Астанадағы Ломоносов көшесі 45 деп аталатын екі қабатты үйге келіп қоныс тепті.» [Жәдігер, Алматы 2004/ құрастырып, түсініктерін жазған Жанболат Аупбаев.]

«Егеменнің» ендігі асар асуы мен алар биігі асқақтап келе жатқан Астанамен етене екеніне ол кезде де ешкімнің күмәні жоқ еді. Әсіресе, ірі басылым редакциясының техникалық жағынан да көптеген қолайлылықтарға қолы жеткенін әу бастан-ақ байқауымызға болады. «Аға газеттің ақпанның 20-сы күні елордаға толық құрамында көшіп келгені туралы бұқаралық ақпарат құралдары түгелдей дерлік жұртшылыққа жария етті. Басылым жекеменшік нысанға ие болғаннан кейін газет шығарудың бастырудан басқа барлық жұмыстары редакцияның өзінде атқарылатын болады. Оған газет иелігіндегі қазіргі заманғы жаңа технология мүмкіндік береді. Күні кешеге дейін бет қаттау баспахананың құзырындағы үрдіс болса, «Егеменнің» Астанадан шығып отырған бүгінгі алғашқы саны баспаға толықтай редакцияның өз компьютер орталығында әзірленді. Бет баспаханада қатталған кезде газет шығару ісін жеңілдету мақсатында корректорлар бюросының да баспаханада болуы міндетті еді. Енді бет жүргізуші мен корректорлар да бір бір шаңырақтың астында отырып, бет тасып ары-бері шапқыламайды. 

Тағы бір айта кететін жайт – Алматыда шығып тұрған кезінде мақалалар редакцияның машина бюросында тіркеліп, ол қаттау үшін баспаханада терімге қайта түсетін. Қазір бұл үрдіс екі есе жеңілдеп отыр – компьютер орталығында бір-ақ мәрте теріледі. Қатталған беттер дискетке жазылып, баспаханаға жеткізілген соң, сол жерде дайын өнімге айналады. 

Ал Астана мен Алматыны телефоннан басқа факс және электронды пошта байланысы жалғастырып тұр. Ол Алматыдағы бөлімше журналистері әзірлеген мақалалар мен ҚазААГ материалдарын редакцияға тікелей жолдауға жағдай туғызады.» [Самат Мұса. Біз осында тұрамыз.// Егемен Қазақстан. 2 наурыз 1999]

Басында оқырмандар мен авторларға, демеушілер мен жарнама берушілерге оңтайлы болуы үшін Алматыда газеттің үлкен бөлімшесі жасақталған-ды. «Сырғалым» қосымшасы Алматыда, «Ел», «Сөз-сойыл», «Сергектік» қосымшалары мен тақырыптық отаулары Астанада жасалып, басқа айдарлардың мақалалары екі жақта бірдей әзірленді. 

«Елордадан елдік туралы жазсақ дейміз, ел ішіндегі жақсы жаңалықтарды таратсақ дейміз, халықтың мұң-мұқтажын билік тұтқасындағылардың құлағына тезірек құйсақ дейміз» [Ержұман Смайыл. Алматы мен «Егемен» етене еді. // Егемен Қазақстан. 27 ақпан, 1999] деп мақсат қойған басылым өз жұмысын сәтті жалғастырып ала жөнелді. 

1999 жылы 4 қыркүйекте «Егеменнің» сенбілік саны тәжірибе ретінде бірінші рет кіші форматпен сегіз бет болып шығарылды. Оқырмандар онша қабылдай қоймаған соң бұл үрдіс бірнеше нөмірден кейін тоқтатылады. 

2000 жылы 26 сәуірде «Егемен Қазақстанның» 16 беттік «етженді» нөмірі тұңғыш рет оқырмандар қолына тиді. Жаңа ғасырдың басынан бері «Егемен Қазақстан» қолға алған бір игілікті шаруасының бірі де бірегейі де осы газет бетінде жарияланған үкілі мақалаларды оқырманға жыл сайын жеке жинақ етіп ұсынуын айтар едік. Газеттің тың бастамасы туралы басылым президенті 2001 жылғы алғашқы кітаптың кіріспесінде: «Етжеңді» нөмірлердегі қызғылықты дүниелердің басын қосып, жеке жинақ күйінде ұсынды. Басылым бетінде жұртшылық ықыласына бөленген материалдардан «Егемен Қазақстанның» кітапханасын түзіп тұру жобасы да іске асты.  Жоба содан бері табысты жалғасуда. Бүгінде жеті-сегіз томы шыққан «ЕҚ» кітапханасы танымдық, тарихи-шежіре, мағыналы да ойлы мақалаларымен оқырман дүниетанымын кеңейте түсті. Қай кітабын қай кезде қолға алсаңыз да оқырманның жан сарайын байытатын жарияланым молынан. Оқулыққа әлі ене қоймаған тарихи деректер, тағдыры беймәлім тұлғалар, тылсым оқиғалар – аталған кітаптар жетелейтін сырлы әлем. Әуелі газеттің ай сайынғы «етжеңді» нөмірі үшін таңдап алынып, одан жылдың он екі «етжеңдісінен» жинақ үшін қайта іріктелген – екі рет екшелген туындылар.

2000 жылы 22 желтоқсанның кезінде Қазақстан Республикасының Үкіметі «Республикалық «Егемен Қазақстан» газеті» ашық акционерлік қоғамын құру жөнінде шешім қабылдайды.

2001 жылы қаңтардан бастап Тәуелсіздік, оның қадір-қасиет, халқымызға артар жүгі, қояр талаптары – «Егемен Қазақстанның» үкілеп ұстайтын, жүйелі жазатын тақырыптарының біріне айналғанының айғағы ретінде «Тәуелсіздік шежіресі» тұрақты түрде берліп келсе, 28 ақпанда «Тәуелсіздік толғауы» өмірге жолдама алады. 

«Бүгінге – баға, болашаққа – бағыт» – жаңа айдар 2001 жыл 14 қыркүйекте ашылды. Елбасы Н.Назарбаевтың 2001 жылғы 3 қыркүйектегі жолдауын настихаттау бұдан былай осы айдар аясында беріліп тұратын болды. 

2001 жылы 10 желтоқсанда нөмір боялып, мерекедегідей безендіріліп шығарылды. Тәуелсіздік тойына арналған атаулы апталықтың әр күніне нөмір шығаруды мақсат еткен редакция осылайша алғашқысын Астана күнінен бастады. «Жас қала, бас қала – Астана!» деген жалпы тақырыппен тұтас нөмір шығарылды. 

2001 жылы 21 маусымда елге жақын «етженді» кітап күйінде жарық көреді. Онда 2001 жылы осы «етженді» нөмірлерде шыққан материалдар іріктелген болатын. 

2004 жылы 20 наурызда «Егемен Қазақстанның» газет ішіндегі кітапшасы шықты. Ол – «Бәсекеге қабылетті Қазақстан үшін, бәсекеге қабылетті экономика үшін, бәсекеге қабылетті халық үшін» деген Президенттің Қазақстан халқына Жолдауы еді.

Елдік мінез, мемлекет мүддесін ойлай білу деген өмірдің әр қырынан көрінеді. Соның бірі – өзіңнің ана тіліңнің, еліңнің мемлекеттік тілінің мәртебесін көтеруге атсалысу. Ал оның нақты бір жолы – қазақ тіліндегі газет-журналдарды қолдау екені анық. Астанаға келген алғашқы жылдардың өзінде-ақ ел газетінің тиражы шарықтап өсу көрсеткішін көрсете бастады. 

Акционерлік қоғамның президенті Сауытбек Абдрахманов  ««Егемен Қазақстан» газетінде 2002 жылға жазылушылар саны 75.064-ке жетті. Бұл – басылымның қазіргі тиражынан 25 мыңнан астам, яғни бір жарым есе артық деген сөз» деген қуанышын оқырмандардан жасырып қалмады. Демек, «Тираж – күрделі ұғым. Оның көлемін тек газет деңгейі ғана айқындамайды. Газет деңгейінің өзін ең алдымен елдің рухани деңгейі айқындайды. Сонда бұл өсім ненің белгісі?

Бұл – ең алдымен, біздің Елдігіміздің белгісі. 

Бұл – Тәуелсіздіктің он жылдығы халқымызды қандайлық рухани дүр сілкініске түсіргендігінің даусыз дәлелі.

Бұл – еліміздің осы он жылдағы небір қиындықтарды еңсергенінің, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасудың бастапқы белесінен абыроймен өтіп, даму белесіне аяқ басқанының келісті көріністерінің бірі...» [Сауытбек Абдрахманов. Алғыс айтамыз, ардақты ағайын! («Егемен Қазақстан» газетінің таралымы бір жылда бір жарым есе өсті) // Егемен Қазақстан. 1 қаңтар 2002]

          Нақтырақ айтсақ, 1999 жылы газеттің таралымы 50000 данаға, 2004 жылы 100480 данаға дейін жетсе, 2009 жылы 150395 данаға көтерілді.

Басылымның бұрынғы бас редакторы Әбіш Кекілбайұлы  газеттің Арқа төсіне келіп көш басын тірегеніне бес жыл толғанында «Аға лебізінде» былай дегені бар еді: «Қазақтың жаңа астанасын Сарыарқа төріне орнатуды қызу қуаттаған «Егемен Қазақстан» өзгелерге өнеге көрсетті. Еру жұртында отырып алмай, көштің бетін Есіл бойына бұрды. Содан бері жаңа сәулетті шаһардың жасампаздық шежіресін зор шабытпен жазып келеді. 

Реформаның ең қиын, ең өткелек тұстарында әлеуметтік оптимизм мен саяси реализмнің туын жықпай, жұртшылықты байыпты парасатқа шақыра білді. Тәуелсіздіктің басты жылнамашысы, жаңарыстың жаршысы болудан танбады. Өзгерістердің желеуімен өз мүддесін қамдап, өзгелерді шөміштеп қағатын экономикалық дүниеқоңыздықтың желігін басуға да аянбай атсалысып келеді. 

Мемлекеттік саясатты халыққа терең түсіндіріп, халық көкірегіндегі ой-пікірді өзгеріс үстіндегі әлеуметке уақытында және ұқыпты жеткізуде өзге басылымдарға өнеге бола беретініне күмән жоқ.

Қоғамдық санамыздың әлеуметтік сабырлылық арнасында өрістеп, жасампаздық бағытында ілгерілеуіне ынты-шынтымен үлес қосып келе жатқан аға басылымның қай қадамының да қайырлы бола беруіне тілектеспін» [Әбіш Кекілбайұлы. Тәуелсіздіктің басты жылнамашысы. // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 2004]

          Сол кездің өзінде-ақ бас басылым әр айдың соңында журналист Қайсар Әлімнің дайындауымен «Астана» бетін беріп отырған. Ол туралы айтылған сол кездегі Астана қаласының әкімі Т.Досмұханбетовтың алғысы да бар еді: «Қазақ әдебиетінің алыптары негізін қалаған аға газетіміздің Арқа төсіндегі жаңа астанаға қоныс аударғанына бес жыл толып отыр. Алатаудан аттанған Ұлы көшпен жеткен «Егемен Қазақстанның» шығармашылық ұжымы елордамыздың өркендеу жолындағы қарышты әр қадамын қуана жазып, жас Астанамыздың жылнамасын жасауға қомақты үлес қосуда. Аспанға қол созған зәулім құрылыстар, астананы көркейту мақсатында еңбек етіп жатқан танымал тұлғалар туралы, жас қаламыздың бүгіні мен болашағы жайлы ой қозғап, ай сайын арнайы бет беріп тұруларыңыз осының айқын айғағы.» [Досмұханбетов.Т «Егемен Қазақстан» газетінің ұжымына. // Егемен Қазақстан. 2 наурыз 2004].

2019 жылы Астанада ғасырлық тойын дүркіретіп өткізген бас басылым бүгін де бағытынан адасқан жоқ. Елордамыз қандай көрікті болса қазақ баспасөзінің қарашаңырағы да сондай түрленіп сала берді. 

Басы. Жалғасы бар.