Түрік қағанаттарындағы рулар сипаты. 2-бөлім
29.03.2024 2668

Алдыңғы жазбамызда түрік қағанаттары тұсында Кіші жүздің құрамына кірген тайпалар жайлы жаздық. Ендігі кезекте осы тақырыпты әрі қарай жалғастырғымыз келеді. 


Тарихшы мамандардың сөзінше, Кіші жүз құрамына енген тайпалардың ішінен, яғни аталмыш он бес тайпаның бірі «Адйе» деп аталатыны да назар аудартады. Қытай дереккөздерінде VІІ ғасырда Онон өзені жағалауын мекен еткен осы көшпелі елдің атауында қазіргі Адай руының атауы қылаң беріп өткендей болар еді. Дей тұрғанмен ғылыми дәйек бойынша, Адай атауының шығу төркіні жөнінде басқа түрліше топшылаулар да бар.

Адай руы туралы деректер 

Зерттеушілер Байұлының ірі тармағы Адай руын Каспий теңізінің шығысында біздің дәуірімізге дейінгі ІІ ғасырда өмір сүрген көне «дай» тайпасының жұрнағы болуы керек дегенді айтады. Кейіннен олар кангюлердің, содан соң оғыздардың құрамына да енген сыңайлы. Оғыздар «дайлар» мекендеген Маңғыстау түбегін арал ретінде ұғынып, оны «ада», тұрғындарын «адай» (аралдықтар) деп атапты. Оғыз мемлекеті дәуірлеп тұрған ІХ-Х ғасырларда оның құрамына түрікмендер мен адайлар қатар енген еді. Махмұт Қашқаридың «Маңғыстау – оғұздар еліндегі жер аты» деп жазатыны да осы кез. ХІ ғасырда адайлар болашақ қазақ руларын ұйыстырған Қыпшақ бірлестігінің құрамына ене бастайды. Осы кезде олар Жем, Ойыл, Сағыз бойын жайлайды. Адайлар кейіннен Алтын Орданың, ол құлағасын Көк Орданың, одан кейінірек Ноғай хандығының құрамына енеді.

Масқар руы туралы деректер

Байұлы құрамындағы рулардың бірі Масқар туралы тарихи деректерді байыптағанда, Батыс Моңғолияда мекендейтін түрік тектес «хотон» жұртына енетін жеті атаның бірі Масқар аталатыны назарға ілігеді. Осы атаның хотоннан бөлініп, батысқа қоныс аударуы, араласа-құраласа жүріп, қазақтардың құрамында болуы мүмкін. Сондай-ақ Масқардың бір атасы Қырықсадақ аталады. Ал дәл осындай ата қарақалпақтың Кәндеклі руының құрамында, өзбектерде кездеседі. Қазақтың шанышқылы руында Балық атасының Қырықсадақ деген тармағы бар.

Таз руы туралы деректер

Алтай төңірегінде кездесетін рулардың ішінде таздар да байқалады. Енисей өзенінің бір саласының атауы «Таз» деп аталады. Осы маңдағы «орман халықтарының» бірі ертеде Тас деп аталыпты. Бағзы заманда солармен қатар мекен еткен қырғыздардың Сарыбағыш тайпасының бір атасы да «таздар» деп аталыпты. Таз тува, башқұрт елдерінде де ұшырасады. Таз – Ұлы жүздің Жалайыр, Ысты, Орта жүздің Ашамайлы Керейінің де бір атасы. Кіші жүздің Таз руы құрамындағы абдал тармағының атауы оны сонау ІV-V ғғ. Орта Азия жерінде мемлекетке айналған тайпалардың бірлестігі эфталдар (ақ ғұндар) дәуіріне де сабақтастырғандай болар еді. Ғылымда эфталдарды түрікменнің Шәудір руына енген абдал тайпасының түп-төркіні ретінде бағамдайтын пікір барын ескерсек, Таз құрамындағы абдал атасының түбі де эфталдардан тармақталады деген топшылаудың қисыны келіңкірейді.

Телеу руы туралы деректер

Көне зерттеулерге қарайтын болсақ, Жетіруға жататын біраз ел ерте заманға жатады. Ертедегі аңыздарда кездесетін Жетірудың Телеуіне ұқсас бірлестіктің атауын біз тағы да сонау Алтай маңынан ұшырастырамыз. Көне Қытай жазбаларында V ғасырдан бері бүгінде моңғолдардың қонысын мекендеген түркі тілдес көшпелі халық Телелер деген атқа ие. Қытайдың «Тан әулеті мәліметтерінің жинағы» (танхуйяо) деген дерекнамасында солардың құрамындағы циби және доләңгә, пугу, хуңбу, байегу, хуса, си, адйе, байси, пугу сияқты елдер тйелерге қараған. 

627 жылдан бұл елдер аумағында Сйеяңтоның тасы өрге домалап, жиырма жылдай жетекші тайпа ретінде маңайындағы түрк қауымдарын өз ықпалында ұстады. Ал Қытай жазбаларындағы Сйеяңтоны (түрік ескерткіштерінде «Сірді») кейіннен қыпшақ атауы алмастырғанын бұдан бұрын да айтқанбыз. Қазақ ғалымы Қаржаубай Сартқожаұлының дәлелдеуінше, осы Сйеяңто атауының өзі көне қытай тілінде Жетіру (сйе-жеті, яңто-ру, тайпа) деген мағынаны білдіреді екен. Бұл тұжырымдарды сол замандарда құлпытастарға қашалып түсірілген көне түрік жазулары (Дэл-ула ескерткіші) да айғақтайды. Онда бұл ел «жеті-қа, жеті-бод» түрінде бәдізделген. Қазақ руларымен байланысты зерттеулерде Тәуке ханның тұсында Жетіру осындай атпен көрініс тапқан қауымдастық ретінде беріледі. 

Жетіру атауының этимологиясы

Ал мына мысалдарға қарағанда, Жетіру атауы бағзы заманда да бар екен. 647 жылдары Таң империясының көмегімен хуйхэ (ұйғыр) тайпасы сірлер (қыпшақтар) жетекші болып отырған тоғыз оғыз қағанатын жеңіліске ұшыратты. Олардың біраз бөлігі (қытай дерегі бойынша 70 000 адам) Алтайдың оңтүстігін бөктерлей отырып, батысқа ығысады. Қалған бөлігі өздерінің ежелгі қонысы Хангай жотасында қалып қояды. Дегенмен олар  көп ұзамай, қайта дәуірлейді. Бір кездердегі Шығыс Түрк қағандығына қарайтын елдер Қытайға қарсы өз тәуелсіздігі үшін  күрес бастаған шақта ол көтерілісшілерге жәрдемдесіп, «түрк пен сір тайпалық одағының» беделді күшіне айналды. Бұл одақтастықтың нәтижесінде Шығыс Түрк қағандығының бұрынғы билігі 680 жылдары қайтадан қалпына келтірілгенімен, қағанат бәрібір көп ғұмыр кеше алмады. Арада алпыс жыл өтер-өтпестен тақ таласы үшін қақтығыстар, Тан империясының тыныштық бермеуі, екінші Шығыс түрк қағанатының да түбіне жетті. 745 жылы ұйғыр, басмыл, қарлұқтардың біріккен әскері оны қиратып тынды. Сол кезге дейінгі тасқа түскен сына жазуда «Қыпшақ» атануымен белгілі болып қалған   бұрынғы «Сір» елі біртін-біртін батысқа, ертіс бойына ығысты. Көп ұзамай-ақ Алтайдан Атырауға дейінгі апайтөс аймақты жайлаған түрік жұрттарының жетекші тайпасына айналды. 

Әу баста «Сйеяңто» (Жетіру) аталған қыпшақтардың ұлы қоныс аударуының бір ауыз тарихы осындай. Осы ретте көңіл аударарлық бір нәрсе, көне қытай жазбалары қазіргі қазақ жеріне келіп қоныстанған қыпшақтарды да Теле (Тйеле) тобына кіргізеді. Қытайдың «Вэңсяңтункао» энциклопедиясында Алтайдың оңтүстік батысы мен Сарыарқада мекендеген елдердің арасында «Сйеяңтоны» (Жетіруды) да, Гэбисиді (Қыпшақ) де жазады. С. Кляшторныйдың жазуынша, Теле тайпаларының біраз бөлігі VІ ғасырға дейін-ақ Қара теңіз бен Кавказдың теріскейіне қоныс аударған[10]. Осы деректерге ой салып, көз жүгірткен кезде «Жетіру мен Теле (Телеу) бағзы замандардан жеткен атаулар сілемі емес пе екен?» деген топшылаудың да жөні келіп тұрғандай болатыны бар. Теле руларының көне замандардан-ақ Каспийдің теріскейін мекен еткенін ескерсек, өздерін Алтайдағы Теле одағына қатыстымыз деп есептейтін сол жұрттың кезінде «Телеміз, Теленің ішінде Жеті бодпыз (Жетірумыз») яки Сіпміз (қытайша – сйеяңто) деп айтуы әбден мүмкін екенін байыптасақ, ғасырлар асуынан сол көне елдердің бір ұшқыны болып бүгінгі Жетіру мен Телеу атауларының жетуі де ғажап емес [11]. Бұл ретте Телеудің халық шежіресінде Кіші жүздің үлкені болып есептелетін Арғымақтың бел баласы, Жетіру бірлестігінде қалған рулардың ағасы ретінде бейнеленуі де бекер еместей көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, оның сонау замандарда бір қауым түрк жұрттарының жетекші тайпасы болған телемен қатысы иланымдылау болып көрінеді. Телелердің бір бөлігі қырғыздарға да кірген сияқты. Шекліктердің бір бөлігі Төлестерден тұрды. Теле руын тувалықтардан да кездестіруге болады. 

Кердері туралы жазба деректер

Ғалымдар біздің заманымызға дейінгі ІІ ғасырда кердерілердің ежелгі тарихын һүндердің соққысына ұшыраған юечжилерден таратуы мүмкін дейді. Ежелгі көне қытай деректерінде ертеректе қабырға бойын бойлаған юечжилер (Қытайда тұратын қазақ зиялылары «иүзлер» деген үркіншіліктен Әмударияға дейін созылған) Қытай еңбектерінде де «ұлы» деп аталған. Еуропа елінің тарихшылары Әмударияға ығысқан юечжилерді кидарит-күндер деп атаған. Содан Кердері атауы шыққан. Нақты ғылыми деректерге сүйенсек, сонау Х ғасырда Арал теңізі Кердері аталса, Әмударияның екі жақ бөлігі де сол сияқты 1-2 қаланың болғанын айтады. 

Керей, керейіт туралы жазба деректері

Керейт елінің ежелгі жазба ескерткіштерде VІІ ғасырдан таныс Арғұн және Онон, Керулен өзендерінің бойын бойлаған қабырғалы Керей мемлекетімен сабақтастырыла қаралады. Керей елі мен моңғол жұртының ілгеріден жалғасқан қарым-қатынасы Шыңғыс ханның Керей мемлекетін қалай бағындырғаны жөнінде Орта жүз елдері туралы материалдарда біршама айтылып кеткендіктен, оған тоқталуды қажет деп таппаймыз. Осы тұста тарихи оқиғаның бәрін жазған Рашид-ад-дин, Әбілғазы және Қыдырғали бек те оларды керейіт деп атауында үлкен мән бар. Об пен Ертісті бойлап отырып, Шыңғыс ханнан қашқан, одан соң орта жүзге кірген керейіттер кейінірек «т» әрпін қоспайтын болды. Қырғыздар мен өзбектерге сіңген керейіттер болса, өзге кіші жүздің рулары сияқты бастапқы атауларына ие болып қалды. Осыған орай кіші жүзге енген моңғолдардың шапқыншылығынан соң, Орта Азияға жетіп, сол жерді мекендеп қалған олардың ұрпақтары болуы мүмкін. Беріректе олардың бірі қырғыздың, енді бірі өзбектің, үшіншісі кіші жүзге енді.

Тама руы

Рашид-ад-диннің еңбектерінен тама тектес атауларды кездестіре аламыз. Еңбекте тұма халқы туралы сөз етіледі. Тұмалар моңғол билеушісі Шыңғыс ханға қарсы бірнеше рет көтеріліске шыққан. Сондықтан да моңғолдар оларды әбден жазалап отырған. Ноғай мен қырғыз, башқұрттар құрамында тамалар дербес ру ретінде көрініс табады. 

Тумалардың немесе тамалардың керейттермен ежелгі көрші болғаны, кейінірек Жетіру одағына біріккені Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» «Керейт елінің баянынан» да көрінеді. Онда: «Керейттің мағынасы – «қара баран, яғни қара қой» деген. Бір кісінің жеті баласы бар еді, барлығы да қара болды, сондықтан оларды керейттер деп атап кетті. Бұл көне ел еді, жұрттары найманға бағынатын еді. Сондықтан найманмен бірге соғысып, бірге жарасып жатар еді» [12] деген жолдар бар. Бұл тамаларда ұранға айналған Қарабура ұғымы «Қара» сөзінің орта ғасырларда қасиетті ұғым, киелі түсінік бергенін байқатады.

Тамалар арғы бабаларының Алтай-Саян өңірінен батысқа қоныс аударуы туралы айтқанда, башқұрттың белгілі зерттеушісі Р.Г. Кузеевтің пікіріне назар аудару керек. Ол башқұрт-бурзяндардың ежелгі түркі тайпалары екенін айта келіп, олардың құрамында басқа түркі тайпаларымен бірге тамьян-тума-тумат руының да болғанын көрсетеді. Оның айтуынша, көне башқұрт рулары – Еділ-Жайық бассейніне VIII-IX ғасырларда келген және олардың одан әрі солтүстікке қарай жылжуы болғарлардың қозғалыстарының жалғасы. Ғалым көшпелілердің жаңа толқыны құрамында башқұртта да, қазақта да кездесетін Тамьян-Тама, Байлар, Ягалбай-Жағалбайлы руларын атайды. Автор сонымен қатар шығыстан батысқа қарай жылжыған осы ежелгі башқұрт руларының VІІ-VІІІ ғасырларда Сырдария, Амудария аңғарларында және Арал бойында қоныстанғанын да нақты айтады. Сонымен бірге Р.Г. Кузеев құрамында Тамьяндар-тамалар да бар ежелгі башқұрт руларының Жайық өңіріне, Каспий аңғарына және Солтүстік Кавказ аймағына қашан келіп қоныстанғанын дәлме-дәл басып айту әзірге мүмкін емес екенін де мойындайды. Алайда оның ойынша, тамалар басқа да түркіленген ру-тайпаларымен бірге шамамен біздің заманымыздың VІ ғасырында Сыр бойына қоныстанған. Оның айтуынша, осы кезеңде, яғни Сыр бойында Тамалар Тамян, Таман атанып, оларға парсы тілінің -ан, -ян деген жалғаулары жалғанып кеткен. Ал бұлар кейіннен башқұрттар құрамында кездесетін болған.

Тамалар батысқа қарай Жетісу жері арқылы көшкен. Осыған байланысты Р.Г. Кузеев: «Түркіленген моңғол тайпаларының Жетісуға және одан әрі батысқа қарай енуі кем дегенде түрік қағанаттары дәуірінен бастап орын алған. Сол уақытта олар ірі түрік тайпалық одақтары құрамына араласып кетті. Шығыс деректерінде Жетісудың ерте орта ғасырлардағы тұрғындары үйсіндер ортасында тамалардың жанама түрде тама-үйсін аталуы мұны дәлелдей түседі»,-дейді. Р.Г. Кузеевтің бұл қорытындысы Г.И. Семенюктің, В.М. Моржановтың зерттеулерімен нақтыланған [13].

Тамалардың басқа да түркі тайпалары тәрізді Жетісу және Сыр бойы арқылы Батысқа жылжығанын оған туыстас қаңлы тайпасымен өзара жақындығынан байқай аламыз. Белгілі түркітанушы Әбдуәли Қайдар Қаңлы тайпасының тарихи шежіресінде ежелден Сыр бойын мекендеген бұл тайпаның тамалармен және қыпшақтармен қарым-қатынасын: 

«Ұзақтан бері Оңтүстік өңірінде тамалар қаңлы, қыпшақтармен аралас-құралас жасап келеді. Соның бір айқын белгісі – екеуінің де таңбасы бір көсеу таңба. Шежіре дәстүрінде ру-тайпалардың кейде ортақ таңбаға ие болуы – генеалогиялық себептерге байланысты, яғни тектестігіне және ұзақ уақыт бір табиғи ортада, мал-жаны аралас-құралас тұруларына, не серттесіп, андаласып, туыстық қатынастарда болуына байланысты жүзеге асатын дәстүр [14].

VІ-VІІ ғасырлардан Шу және Сыр бойынан басталған Қаңлы мен Таманың осындай туыстық байланыстары бұдан соң да ажырамады. Тарихи процестер арнасында дамып, өркендеп отырды. Башқұрт рулары құрамында тамяньдармен (тамалармен) қатар қаңлылардың да болуы қаңлылардың да бір бөлігінің тамалар тәрізді батысқа жылжу үдерісін айқын дәлелдейді.

Кейіннен қазақ халқын құраған, ал алғашқы Түркі қағанаттары тұсында Алтай-Саян және Батыс Моңғолия үстіртін мекендеген көптеген түркі ру-тайпасы тарихтың күрделі оқиғаларына байланысты кейде бытырап, кейде өзара ұжымдасып жаңа саяси-қоғамдық тайпалық одақтарға, алғашқы мемлекеттік бірлестіктерге бас қосып отыруға мәжбүр болды. Мұндай тарихи дүрбелеңдердің күрделілігі сондай, кейде бөлшектенген этникалық құрамға айналып, біртіндеп бір ру бірнеше тілде сөйлейтін болып қалыптасты. Мұны бүгінде әртүрлі түркі ұлты құрамынан кездесетін кіші жүздің тама, жағалбайлы сынды рулардың тағдыры растай түседі [15].

Табын руы туралы жазба деректері

Алтай аймағынан табындардың бастапқы атауын кездестіруге болады. Сонымен қатар онда Чумыша-Табун өзені және Табын тауы сияқты атаулар да кездеседі. Бұл атаулар жоғарыда орын алған оқиғаларға негізделген болар. Ол жерлерде Чумыша-Табун өзені мен Табун тауы кездеседі. Моңғолша табын сөзі «5» деген мағынаға ие. Осы атаулар жоғарыда орын алған оқиғаларға негізделуі мүмкін. Сонымен қатар башқұрттардың құрамында табындардың болуына мән беруге болады. Ғалымдар «Батыс Қазақстан жерін табындар моңғолдардың шапқыншылығына дейін жаулады»,-дейді. Түрлі жағдайларға байланысты біраз бөлігі башқұрттармен біріккен. С. Руденконың пайымдауынша, башқұрттар моңғол жорығы басталмай-ақ, олар он екі арыс елге бөлшектенген дейді. Солардың бірі Табын болған деседі. Табындар таңбалануы бойынша, көсеулі, тарақты және шөмішті болып бөлінеді. Осы тұста тарақ таңбасына тоқтала кетсек... Орта жүз бен Ұлы жүздің тарақтысы мен жалайыры да тарақ таңбасынан шығады. Алдында айтып өткеніміздей, таңбалардың ұқсастығы – жай құбылыс емес. Дәл осы жерде ұлы жүзге жалайырдың, орта жүзге тарақтының ноқта ағасы болып көрініс табуында үлкен мән бар тәрізді. Шежірешілер «ноқта ағасы» деп таңбасы тарақ болған тамаларды атайды. Таманың інісі – табындар. Ғалымдардың пікірінше, «Табындардың құрамында ұлы жүзден келген арғы аталары болуы мүмкін» дейді. [16]. Олар – осы рудың бозым тармағы. Албандардың бозымының шөміш болып таңбалануы оның ұлы жүз арқылы қосылғанын көрсетеді. Осы тектес ойлар рамаданға қатысты да жүреді. Дулаттың руына рамаданның шөміш тайпасы ұқсайды. Бір кезеңдерде белгілі бір себептермен кіші жүздің құрамына дулаттың бір аталары кіруі әбден мүмкін. Осы тұста дулат ұранын рамаданға тікелей байланыстыруға болады. 

Жағалбайлы жайлы деректер

Шежірешілер жағалбайлы атауын Байлы мен Жағал деген батырлар өмір сүрген деп айтудан гөрі, «ала», «төбел» және «жағал» мағынасына ұқсатады. Ол бір жағынан ғылыми тұрғыда қолданылып жүрген сөз «хэла» атауымен де сәйкес келеді. Жылқылары ала, Байқалға жақын, қымыз сусынын алу үшін жылқы ұстайды, малдарымен бірге көшіп-өонып жүреді...». Кейін «хэла» елі қыпшақтың көшіне қосылған теле жұртымен бірге батысқа қарай жылжыған...

 

Тайыр Қасымұлы

Пайдаланылған әдебиеттер:

Тынышпаев М. Материалы к истории киргиз-казакского народа. – Ташкент: Восточное Отделение Киргизского Государственного Издательства, 1925. – 62 с.Аманжолов С. Вопросы диалектологии и истории казахского языка. Часть первая. – Алма-Ата, 1959. – 452 с.Қашқари М. Түрік тілінің сөздігі (Диван лұғат – ит түрк): 3-томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Хант, 1997. т.3. – 600 б.Кюнер Н.В.  Китайские известия о народах Южной Сибири, 
Центральной Азии и Дальнего Востока. – М.: Издательство восточной литературы. 1961. 391 с.Бейсенбайұлы Ж. Қазақ шежіресі. – Алматы: Атамұра, 1994. – 160 б.Марғұлан Ә.Х. Тамғалы тас жазуы. Ортағасырда қазақша тасқа бедерленген белгілер // Жұлдыз. 1984. – №1. – 132-146 б.Алексееева Е.П. Древняя и средневековая исторя Карачаево-Черкесии. – М., 1971.Сараев Ә. Қазақ атауының ізімен // Жалын. – 1990. – № 5.Аристов Н.А. Труды по истории и этническому составу тюркских племен. – Бишкек: Илим, 2003. – 460 с.Қазақ ру-тайпаларының тарихы. VI-том. Телеу. – Алматы: «Алаш» тарихи-зерттеу орталығы, 2006. – 704 б.Әбілғазы Баһадүр. Түрік шежіресі. – Алматы: Ана тілі, 2006. – 207 б.Кузеев Р.Г. Происхождение Башкирского народа. Этнический состав, история расселения. – М.: 1974. – 130 с.Семенюк Г.И., Моржанов В.М. Материалы по родопленнему составу казахов Старшего и Среднего жузов в ХVІІІ веке. Учен. Зап. КазГУ, Т. XLVІІІ, серия ист. Вып. 7. – Алма-Ата, 1961.Қайдар Әбдуәли. Қаңлы. Тарихи шежіре. – Алматы: Дайк-Пресс, 2004.Трепавлов В.В. История Ногайской Орды. – М.: Издательская фирма «Восточная литература» РАН, 2002. – 752 с.Арғынбаев Х., Мұқанов М., Востров В. Қазақ шежіресі хақында. – Алматы: Атамұра, 2000. – 464 б.