Адамзат тарихындағы айрықша мейрам
22.03.2024 1170

Наурыз жер бетіндегі ең көне мейрамдардың бірі саналады. Сонымен қатар, әлем бойынша да кең көлемде аталып өтілетін ғұрыптық жоралғылардың бірі. Бес мың жылдық тарихы бар деп есептелетін бұл мейрам Қазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түрікменстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия секілді Орталық Азия елдеріненен бөлек Албания, Македония, Украина және Түркия мемлекеттік мереке ретінде тұрақты тойланып келеді. Айтпақшы, күн мен түн теңелетін бұл күнді (21-22 наурыз) Мексика, Иран, Ауғанстан, Бирма секілді мемлекеттер мен этностық топтар ата-бабадан қалған ғұрыптық жоралғы ретінде атап өтеді екен.


Сол секілді бұл мерекенің  грекия, рим, англия секілді еуропа елдерінде 17-18 ғасырларға дейін тойланып келгені туралы деректер де жоқ емес. Тіптен ежелгі Русьтің өзінде 1700 жылға дейін Наурыз мейрамы маңызы зор мерекелердің бірі ретінде тойланып келген екен.  Орыс халқы жаңа жыл мерекесін Наурыз айында атап өтіпті. Тек І Петр бұл мерекені өзгертіп, 1-қаңтарға ауыстырған дейді дерек көздері. 

Ал құжат жүзінде әз-Наурыз бүкіл дүниежүзі болып атап өтетін әлемдік мерекеге айналып үлгерген. 2009 жылдың 30 қыркүйегінде әз-Наурыз-Навруз мерекесі ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді. Сол күннен бастап 21 наурыз – әлемде «Наурыздың халықаралық күні» ретінде бекітілгені белгілі. Яғни әз-Наурыз мейрамы  - жалпы ғаламдық мереке сыйпатынаие болып отыр. Түркі халықтарының этностық өкілдері тұратын әлемнің кез-келген елінде тойлана береді деген сөз. 

Күн мен түн теңесетін бұл мейрам түркі халықтары арасында түрліше аталғанымен негізі бір болып саналады.  Көптеген зерттеу көздері «Наурыз» сөзі көне парсы тіліндегі «nōg rōz» (нов руз), яғни «жаңа күн» деген сөзден шыққанын айтады. Алайда кейінгң кездері кейбір кейбір этнографтар оның «жаңа ырыс» сөзінен шыққан деп бүйректен сиақ шығарып жүр. Бұл мүлдем қате тұжырым. 

Сеебі, Наурыз мейрамы – қай халықта болмасын жыл басы,  көктем мерекесі ретінде аталып өтіледі. Мәселен, Наурыз мейрамын түрік бауырларымыздың арасында «Невруз байрам», «Невруз Султан» сияқты аттармен танылған. жақындары мен көршілеріне сый жасап, дәмдер үлестіреді және жақсы амалдар жасауға тырысады. Түріктер бұл күні жанып тұрған алаудың үстінен секіріп бойларындағы жаман энергия, ауру-сырқаудан арылып аласталады әлі күнге дейін.

Әзірбайжан халқы да тура осылай атап өтеді. «Тонгал» деп аталатын қасиетті от жағып, адамдар жеті рет секіріп тазарады. Мереке күні Шекербура деп аталатын қамырдан жасалған ай пішіндес тәтті тағам дайындап, жұртқа үлестіріледі. Оны айналдыра «күн символы» ретінде жасыл бидай сабақтары қойылады. Бұл күн мен түннің теңесуін, жаңа күннің келгенін меңзейді.

Ұлыстың ұлы күнін Өзбек жұрты да ерекше атап өтеді. Мұнда Наурызды қалай қарсы алса, жыл солай өтеді деген сенім бар. Сол секілді Қырғыздар да бұл күнге Нооруз мейрамы деп айрықша мән беріп дастархан жайылып, дәстүрлі сумелек тағамы дайындалады. Бұл ас жәннәт тағамы, қасиетті деп есептеледі.

Сол секілді Армяндарда «Навасарди», чуваштар «Норис ояхе», тәжіктер «Гүлнавруз» немесе «Бәйшешек», татарлар «Нардуган», бурят пен моңғолдарда «Сагаан цар», хорезмдіктер «Наусарджи», бирмалықтарда «Су мейрамы» деп кете береді. 

Бірақ барлығының білдіретін мағынасы бірдей. Басында айтып өткеніміздей «жаңа жыл» немесе «жаңа күн» дегенді білдіреді. Шығыс күнтізбесі бойынша бұл күн жылдың басы, көктемнің алғашқы айы болып есептеледі. Яғни жаңа ырыс деген ұғымға үш қайнаса да сорпасы қосылмайтынын байқауға болады. 

Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұлы Ахаттың «14 март – ескіше бірінші наурыз. Әкей айтты: бүгін ескіше бірінші март, қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні. Жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл парсы тілінде жаңа күн дегенді білдіреді», – деп жазғанын дәлел ретінде келтіруге болады. 

Бүгінде Наурыз тойы жаңаша сипатта тойланып жүр. Тіптен бұрындары уақыты да өзгеше болған деген деректер бар. Оларға сенсек, бертінге дейін аталарымыз әз-Наурызды 9-14 наурыз аралығында атап өтіп келген. 1918 жылы еуропалық күнтізбе жүйесіне өтуіміз себепті бұрыңғы есепке 13 күн қосылып кеткен. Осылайша әз-Наурыз мейрамы 22-наурыз күні тойланатын болған. 

Осыдан біраз жыл бұрын елімізде Наурыз мейрамы тоғыз күн тойланып келді. Биылдан бастап он күн мерекеленетін болды. Соған сәйкес, арнайы Наурызнама онкүндігі жасалды. 

14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі

15 наурыз – Қайырымдылық күні

16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні

17 наурыз – Шаңырақ күні

18 наурыз – Ұлттық киім күні 

19 наурыз – Жаңару күні

20 наурыз – Ұлттық спорт күні

21 наурыз – Ынтымақ күні

22 наурыз – Жыл басы 

23 наурыз — Тазару, яғни жаңа өмірге қадам басу күні болып белгіленіп отыр.