Таскөмір – жылу мен энергияның көзі. Таскөмір туралы алғашқы мәліметтер б.з.б. ІV ғасырдағы грек ғалымы Аристотельдің еңбектерінде кездеседі екен. Таскөмір – бүкіл әлемдік сатылымда өзінің мөлшері бойынша алғашқы жиырмалыққа енетін шикізат. Оның қоры бойынша Қазақстан әлемде сегізінші орынға ие. Өзімізді көмірмен қамтамасыз етумен қатар әлемдік нарыққа шығаруға толық қуаттымыз. Қазақстанда көмір кенорындары аз емес. Солардың ішінде Қарағанды көмір алабының орны ерекше.
Біз мақаламызда Қарағанды көмір шахтасының үш ғасыр жүзіндегі даму жолдары туралы қарастырмақпыз. Жалпы алғанда Қарағанды көмірінің тарихы туралы көптеген аңыздар айтылады. Солардың бірі де бірегейі – Байжан баласы Аппақ атты малшы қазақтың суыр інінен шығып жатқан көмірді тауып алып келіп, тезекпен бірге отқа жағуы туралы келіп жеткен аңыз. Бұл шамамен 1830 жылдар болса керек. Аппақ оны әкесіне көрсетеді. Әкесі мұны орыс инженеріне көрсетіп, ол осы жерде көмір болуы мүмкін деп болжайды. Аппақ бұл кенорнын тапқаны үшін 100 рубль алған екен.
1850 жылдары орыс көпесі Ушаков жергілікті бай Игілік Өтепов пен оның ұлдарынан 100 шаршы верстті 250 рубльге бағалап сатып алады. 1857 жылдан бастап шахтаны орнатып, көмір қазып ала бастайды. Алғашқы кезеңде жұмысшылар саны аз болады. «Иванов разрезін» игерген кезде 61 адам жұмыс істейді. Олар 59 мың пұт көмір өндіреді. 1867 жылы Қарағанды шахтасында 110 адам жұмыс істесе, 1877 жылы 173, 1880 жылы 226 адам жұмыс істеген екен. Бұған қарап, ХІХ ғасырдағы Қарағанды шахтасының жұмысы аса өнімді бола қоймағанын аңғарамыз. Мұндағы жағдай: шахталардың көбісіндегі көмір өндіру маусымдық сипатта болады. Қыста шахталардың көбі жабылып, қазақ кеншілер өздерінің ауылдарына кетсе, орыс жұмыскерлер Ресейдің қыста жұмыс істейтін өзге шахталарына аттанатын болған немесе олар да үйлеріне кеткен.
Қарағанды шахтасының қилы тағдыры бар. 1904 жылы Қарағандыдағы көмір қазатын үңгірлері, Спасск мыс балқыту зауыты мен Успен кен орнының иесі, кәсіпкер Рязанов оларды Франция президентінің ұлы Карноға сатып жібереді.
1907 жылы бұл кәсіпорындар мен қазындылар ағылшындық «Спасск мыс кенорны акционерлік қоғамының» меншігіне өтті және бұл меншіктік Қазан төңкерісіне дейін сақталды. Мысқа бай, өзге де қазба байлықтарға ие бұл алапта бастабында мыс балқыту зауыттарын салуға көбірек мән берілгенін көреміз. Бұл өндірістерге жан-жақтан, әсіресе осы өңірден жұмысшылар көптеп келе бастады. Қарағанды өлкесі осылайша Қазақстандағы ірі өнеркәсіптік орталық болып қалыптаста бастады. Мұнда қалыптасқан жұмысшылар ұжымы көп ұлтты болды. Онда орыстар, қазақтар, украиндер, татарлар және басқалар болған екен. Олардың барлығы да отбасын асырау үшін қожайындарының қойған талабына көніп, ауыр жұмыстарды атқарды.
Сол кезеңнен жеткен материалдарға қарағанда шахталардағы ауыр жұмыс істегендердің көбі қазақтар екен. Әсіресе Семей, Ақмола облыстарының қазақтары көбірек келген. Семей облысы қазақтары арасында Қарқаралы уезінің тұрғындары жұмыс істеген. Зерттеуші ғалым С.А. Морозованың зерттеуінше, ХХ ғасырдың бас-аяғындағы Қарағанды шахтерлерінің рулық құрамы бойынша ең көбі қаракесектер болған. Әлеуметтік шығу тегі бойынша Қарағанды шахтерлері өз отбасын, шаруашылығын асырауға мүмкіндігі жоқ кедейленген бақташылар, батырақтар мен малшылар болған.
Жұмысшылардың көбі кедейлерден толықтырылған және жай шаруалар да болған. Ол кездегі «жай шаруа» аталған адамдардың қолында ұстайтын аздаған сиыры болған. Олар жатақ болып өмір сүрген және балшықтан немесе шымнан соғылған үйлері болған. Үйінің айналасында за көлемді болса да өңделген жерлері болған. Олар әдетте байлар мен кулактарға, казактарға маусымдық ауылшаруашылық жұмыстарға жалданатын еді. Олардың егінін орып, малын бағып беріп жалданатын болған. Бұл ортадан шыққандар ауыл өмірінен толық қол үзбегендер болып саналатын болған. Себебеі, олар шахтадағы маусымдық жұмысы аяқталған соң өздерінің ауылдарына кетіп қалатын болған.
Шахтадағы кен қазу жұмысына маусымдық келіп-кетіп жүрген бұл жұмыскерлердің ұрпағы біртіндеп тұрақты жұмысшыға айналды. Қазіргі күні әлденеше буын ұрпағы шахтерлер болып келетін династиялар қалыптасты.
ХХ ғасырдың басындағы кен қазу жұмысына жалдау, жалдану негізінен мынадай сипатта жүрілген. Жұмыскерлер жалдау үшін арнайы агенттер ел арасына барып адамдарды жинап әкелетін болған. Кейбірі мердігерге тікелей өзі келіп жалданатын болған. Түрлі жерасты жұмыстарына арналған артельдің құрамына кірген жұмысшылар әдеттер қазақтар мен орыстар, татарлар, т.б. аралас болып келген. Бес-алты, 10-12 адамнан тұратын артельдің құрамы жұмыстың ауырлығына байланысты болды. Бір артельде екіден төртке дейін көмір құлатушы, бір-екі көмір ұсақтаушы, бір-екі көмірді тасып шығарушы, жүк жөнелтуші және вагоншашы болған. Артельдегі жұмыс нақты белгіленіп, әрқайсысы өз шаруасын орындайтын болған. Ал тіреушілер әрқашан жеке артельді құраған. Тіреушілер көбінесе орыстардан құралған. Мердігерлер көмір қазу үшін шахта иелері ағылышындардан мердігерлікті сатып алатын болған. Мұндағы жұмыста ешқандай жазбаша, ауызша келісімшарттар жасалмаған. Сондықтан да мердігерлер жұмысшыларды кез келген уақытта шығарып жіберуге немесе басқа жұмысқа ауыстыруға құқылы болған.
Жұмысшылар өз қожайындары мен мердіреглерге толықтай тәуелді болғандықтан, жалақы, өзге де мәселелері соларға қатысты болды. Жұмыс нормасы жоғары болумен қатар, оны бағалау төмен болды. Түрлі айыппұлдар жүктеліп отырды. Бұл әсіресе жұмыс істеуге сұранушылардың көбейген кезеңде белең алып отырды. Болмашыға бола жұмыскерді жұмыстан қуып тастау – мердігерлерге тиімді болды. Жалдауға әдетте дені сау, күші мығым жігіттерді алып отырды. Жасы егделерді жұмысқа алмайтын болған. Жасөспірімдерді жер бетіндегі ат айдаушы, өзге де алып кел, шауып кел жұмыстарға алатын болған. Төңкеріске дейін қазақ әйелдері шахтада жұмыс істеген жоқ. Шахтерлердің жұмысы таң атқаннан күн батқанға дейін, 12-14 сағатқа жалғасқан. Шахтадағы жұмыс жағдайы ауыр болған. Онда желдету құрылғысы болған жоқ, газ жиналуы жиі орын алумен қатар, жарықтандырылуы да өте төмен болыпты. Жұмысшылар мойындарына, белдеріне іліп алған лампалармен жұмыс істеген. Ол лампалар мазутпен немесе қарасора майымен, жануарлардың майымен жанатын болған. Осыдан болып бықсыған қою түтін пайда болған. Осылардың ішінде қарасора майынан аз түтін шығады деп бағаланғанымен, ол қымбат болғандықтан сирек пайдаланған. Кейбір шахталарда кен қазушылар дәу стеарин шамдарын пайдаланған. Ол қабырғаға бекітілген. Ашығып, зорыққан кеншілер малдың майынан жасалған шамдарды ерітіп ішіп алатын жағдай жиі болған екен. Кейінірек ілуге арналған ілмегі бар металл лампалар шыға бастаған.
Тіреуіштер үнемдеу мақсатында өте аз болған. Көптеген шахталарда төменге түсу ағаш баспалдақтар арқылы жүзеге асырылған. Адамдарды қауғамен түсіруге мердігерлер қорқатын болған. Себебі қауғалар шайқалақтап қабырғаға соғылғанда, онда отырған адамның өліп кетуі мүмкін еді. Жұмысшылар жұмыс уақыты аяқталған кезде, бір-бірімен соқтығысып қалмас үшін айқайлай жүріп, бір-бірінің соңынан шұбырып шығатын болған. Арнайы клетка сирек жағдайда қолданылған. Жарақаттану мен тілінулерден қорғайтын арнайы киімдер шахтерлерге берілмейтіндіктен, әркім өзі әкелген киімдерін киетін болған. Көбінесе жалаңаш денесіне қой терісінен иленген тон мен шалбар, бастарына тері немесе киіз бөріктер киген. Көмір түсіп жарақаттамас үшін аяқикімдерінің сыртын былғарымен орап, сыртын шандып тастайтын болған. Киген аяқ киімдерінің өкшесі ағаштан жасалған.
Бір ауысымдық жұмыста кен қазушы немесе қайлашыға берілген жұмыс нормасы өте жоғары боғландықтан, оны орындау қиынға соғып отырған. Оларға берілген норма – бір кубометр немесе 1200-1500 килограмм көмір өндіру болды. Бір немесе екі көмір құлатушыға көмек көрсететін тасып шығарушылар кенжардың ішіндегі барлық кесіп алынған көмірді сыртқа тасып шығаруға міндеттелген. Кенжардың негізгі нүктесінен вагонеткаға артылатын қуақазға дейінгі аралық әдетте 150, кейде одан да ұзақ, 300 метрге дейін қашықтықты құрады. Осы аралықты 50-60 килограммдап салынған көмірлі қапты сүйреп апару қажет болатын.
Қуақаздан діңге және кілетке дейінгі вагонеткаларды қолмен, кейінірек атпен сүйрейтін болған. Шахтерлердің негізгі жұмыс атқаратындарына көбірек, өзгедеріне азырақ төленген. Он екі сағаттық жұмыс үшін шахтер күніне 50 тиын, бір айда 15-16 рубль жинауы қажет болған. Айлық жалақы айына бір рет, айдың соңында, мердігердің үйінде берілетін болған. Шын мәнісінде бұл шай, қант, ұн, мата, ұлтан т.б. түріндегі, ағылшындарға, мердігерлерге немесе көпестерге тиесілі кенорынның дүкеншесінен қарызға алған азық-түліктер мен зат-тауарлардың есеп айырысуы болып саналатын болған. Сондықтан да кен қазушылар қолына ақша алғаннан гөрі, көбінесе қарыздар болып қалатын жағдайлар жиі болған. Азық-түлікпен есеп айырысу үш түрлі жолмен жүрілген. Бірінші: қарыз кітапшасына жазып отыру арқылы; екінші: жұмысшыға айлық жалақысы көлеміндегі белгілі бір сомаға талон беру арқылы, қарызға алу мүмкіндігін ұсыну арқылы; үшіншіден: көпестер немесе мердігерлер тарапынан жұмысшыларға вексель тарату арқылы оларды өздеріне тұрақты клиент етіп отырған. Ай соңында осылардың бәрі есепке алынып, егерде жұмыскердің алғаны бұл сомаға жетпеген жағдайда оларға қолма-қол ақша төленген. Совет заманында Қарағанды көмір шахтасында қызмет етіп, тиісті нормаларды артығымен орындап, мақтаулар алғандарыдң қатарында даңқты балуан Битабар Елубайұлы да болды.
Қарағанды көмір шахтасындағы бойдақ жұмыскерлер негізінен жалақыға ғана өмір сүрген. Сирек жағдайда олар ауылда тұратын отбасына сәлемдеме ретінде шай, қант, мата-кездеме т.б.) жіберіп отырған. Бойдақтардың қаражат қорын жинақтауға мүмкіндігі бола бермегендіктен, олар өте кеш отбасын құратын болған. Шамамен 30 жастан асқанда үйленетін шахтерлер қалыңмал үшін ақша жинайтын болған. Ауылмен байланыста болған кейбір шахтерлер ондағы шаруашылығын нығайта отырып, өз отбасын асырайтын болған. Көптеген шахтерлер үйленгеннен кейін ауылмен экономикалық, туыстық қарым-қатынас жасай алмағандықтан, кеншілер кентінде жатақ ретінде өмір сүретін болған. Көптеген отбасылар сиыр мен ешкі ұстап, олардың сүтінен құрт, ірімшік, сары май, т.б. ақ тағамдар әзірлеп пайдаланған, малын сойып етін жеген. Бойдақ жұмысшылар көбінесе жеркепелерде өмір сүрген. Төбесінде күн түсетін саңылаулы мұндай жеркепелер 12-15 метр ұзындықтағы, 1,5-2 метр тереңдіктегі баспаналар болған. Олардың төбесін қарағанмен, тақтаймен жауып, ортасында орыс пешін орнатып жылытатын болған. Әрі тамақтарын да осында әзірлеп ішкен. Ал отбасылы шахтерлер киіз үйлерде немесе балшық үйлерде тұрды.
Шахтерлерде тұрақты, жүйелі түрдегі демалыс болмаған. Тек айтулы мерекелерде (пасха, рождество) ғана қожайындар жұмысын тоқтатып, жұмысшылар демалған. Жоғарыда аталғандай шахтерлер қаражаттың жетіспеушіліген кеш үйленген және әдетте кедей, жетім-жесір отбасының қызына кемінде 25 ірі қараға тең қалың төлеп үйленген. Немесе кейбірі қалыңсыз да үйленген. Мұндағы үйлену рәсімі кезінде мұсылмандық салт-жоралығылар қатаң сақтала бермеген. Көптеген шахтерлер өздерінің сүйген қыздарымнен келісу арқылы «алып қашу» арқылы үйлену жиі орын алған.
Қарағандыдағы көмір өндірісіне 1931 жылдан бастап ССРО басшылығы маңыз беріп, осы жылдан бастап екпінді құрылыс қарқын ала бастағаны белгілі. Қарағанды көмір алабын игеру үшін одақтық, бүкіләлемдік озық технологиялар мен техникалар, мамандар тартылды. Жаңа қалалар, қалашықтар, т.б. бой түзей бастады. Қарағанды көмір алабын игеруге Совет Одағының бүкіл халқы жұмылдырылды деуге болады. Совет Одағы құрамындағы он бес республикадан, әсіресе Донбасс сияқты көмір өндірісі жолға қойлыған өңірлерден мықты мамандар келіп, Қарағандының көмір өндірісін жаңа технологиялармен жабдықтай бастайды. Жаңа қуатты шахталар ашылып, оларда жұмыс істейтін кеншілер жаңа биіктіктерді бағындыра бастады.
Совет Одағында үшінші ауқымды көмір базасы ретінде қарастырылған Қарағандыға әсіресе Донбастың кеншілер үлкен көмек көрсетті. Олар төрт жүз кәсіби біліктілігі жоғары жұмысшы-шахтерлер мен инженер-техникалық жұмыскерлерді жіберу арқылы Қарағанды шахтерлерін көмір қазудың жаңа әдістерін, жаңа шахталар құрылысын жүргізудің тиімді жолдарын үйретті. Бұл кезеңге дейін жұмысшылардың көбісі мамандығы жоқ, бұрынғы шаруалар болса, оларды Украинадан келген кәсіби мамандар Қарағанды кеншілерінің жұмысын техника, технологиялық тұрғыда көтеруге атсалысады. Бұған дейін көмір құлату үшін қол қайла, көмір тасу үшін қол шана атпен сүйрететін арбаны пайдаланып келсе, 1932 жылдан бастап уатқыш балға қолданыла бастаған. Механикаландыру жұмыстарын батыл да қызу жүргізудің арқасында Қарағанды шахтасы Совет Одағы көлеміндегі ең озық технологияға ие көмір өндірістерінің біріне айнала бастады.
Осы жылдардан бастап өндірістегі шахтерлердің жағдайы түбегейлі өзгере бастаған. Шахтерлердің жұмыс істеу аумағы жақсартылып, олардың еңбек өнімділігіне басшылық тарапынан қолдау жасала бастады. Олардың орташа жасы жиырма мен қырықты құраумен қатер, елу жаста зейнеткерлікке шығу қарастырылды. Елуден асқан шахтерлердің санаулы бөлігі ғана жұмысын ары қарай жалғастырды. Жиырмадан астам мамандықтағы жұмыскерлер көмір қазудағы тікелей, қосалқы және оларға ілеспе операцияларда жұмыс істейтін болды. Олардың қатарында көмір комбайынының машинистері, машинистің көмекшілері, проходчиктер және тағы басқалар бар. Мұндай күрделі кәсіптердің барлығы курстық оқыту комбинатында, оқыту пукнттерінде, ФЗО-лар мен техникумдарда оқытылып отырды. Көмірді қазу мен тасымалдап шығаруға дейінгі күрделі үдерістердің бәрі толық механикаландырылды.
Механикаландыруды жетілдіру жұмыстары мұнымен тоқтап қалған жоқ. Көмір өндірудегі механикаландыру мен оны жетілдіру әрқашан жетілдірілумен болды. Барынша жаңа мүмкіндіктерге ие комбаиндар, лавадағы көмірді тиеу механизмдері қолданылумен қатар, ағаш тіреулердің орнын металл бекіткіштер басып, бұрғылау-жару операцияларынан шахтерлер босатылып, өткен дәуірге қарағанда жер мен көктей дерлік қауіпсіз жұмыс орны қалыптасты. Күшейтілген тамақтану жүйесі, себезгі, өндірістік киімдер, демалыс үйлері, шипажайлар, жоғары жалақы т.б. игіліктерді алғашқы буын шахтерлер армандамаған да болар. Сонымен қатар әрбір шахтер бірнеше ұқсас кәсіптің иесі болған себепті, қажет болған жағдайда бірі екіншісінің орнын баса беретіндей біліктілікке ие болуымен қатар, ауысым, сағат бөлінісіс кестелері бар. Мұның бәрі де қазіргі заманға дейін жүзеге асқан игілікті істер. Қарағанды шахтерлері – Орталық Қазақстандағы ірі қала Қарағанды тұрғындарының елеулі бөлігінің отбасындағы басты қамқоршылары болып табылады. Олар көмір қазу арқылы отбасын асырап отыр. Қарағанды қаласы мен оның айналасындағы қалалар мен кенттердің толығымен абатталынып, өзара дамыған инфарқұрылыммен қарым-қатынас жасап отыруында шахтерлер еңбегінің үлесі бар екендігі анық.
Алғашқы шахтерлер жеркепелер мен балшық немесе шым үйлерде, киіз үйлерде өмір сүрген болса, қазіргі шахтерлер заманауи көппәтерлі үйлер мен жекеменшік үйлер мен коттедждерде өмір сүреді. Отызыншы жылдарға дейін шахта жұмыстарына әйелдердің еңбегі қажет болмаса, қазіргі күні дабыл беруші, газ өлшеуші, тұтандырушы, табельші т.б. болып істейтін әйелдердің үлесі кен қазу мекемесінде аз емес.
Алғашқы қожайындар заманында кеншілер қаншалықты мол өнім өндіріп жатса да еңбегінің жемісін толық көре алған жоқ. Қарағанды шахтерлері өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап социалистік жарысқа түсті. Бұл – қазіргі күні өзекті болмаса да, сол заманда еңбекті бағалату, әріптестер мен өзге өңірлер мен республикалардағы шахтерлерге танылу тұрғысында үлкен ұмтылыс болды.
Солардың бірі – қарағандылық әйгілі көмір өндіруші, комбаин машинисі Еркеш Таушкин болатын. Ол 1957 жылы бүкілодақтық рекордты тіркеді.
Әйгілі көмір құлатушы Еркеш Таушкин 1924 жылы дүниеге келді. Ол өзінің еңбек жолын №31 шахтада (кейіннен Горбачев атындағы шахтада) көмір құлатушы болыпа бастады. 1946-1962 жылдары көмір комбайнының машинисі, бригадир, 1962-1974 жылдары учаске бастығының орынбасары болып жұмыс істеді.
Еркеш Таушкин өзінің жұмысында әрдайым жаңашыл болуға ұмтылып, озаттар қатарынан табылып отырды. 1957 жылы Е.Таушкиннің, В.Кимнің және И.Сованың бригадалары «Донбасс» көмір комбайнымен айына 28025 тонна көмір өндіріп, бүкілодақтық рекордқа қол жеткізді. Осы рекордпен тоқтап қалмай, шахтадағы әріптестері 1957 және 1961 жылдары бұл көрсеткішті 30524 және 48415 тонна деңгейіне дейін көтеріп, әлемдік рекордты жаңартты.
Еркеш Таушкиннің еңбегі лайықты бағаланып, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген кеншісі (1961), СССР құрметті шахтері атақтарына ие болды. Сонымен қатар «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Халық қалаулысы ретінде 5-шақырылған ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің (1958-1962) депутаты болып сайланды.
Еркеш Таушкин 1972 жылы атақты шахтер А. Стахановпен жарысқа түсіп, тәжірибе алмасқан. 1972 жылдың көктемінде А. Стаханов Қарағанды шахтерлеріне ашық хат жазып, еңбек сайысына шақырады. Ол ашықхатта былай деп жазылған екен: «Қарағанды мен Донбасс кеншілері әрқашанда жоғары интернационалдық борышты сезінуімен, өзара көмек қолын созумен, еңбекте адалдық үлгілерін көрсете білуімен ерекшеленіп келді. Көп жылғы жемісті достық бәсекенің нәтижесінде қарағандылық және донецкілік кеншілер әлденеше рет үлкен жетістіктерге қол жеткізген болатын. Қанеки, достар, өндірістің барлық резервтерін, мүмкіндіктерін қарастыра отырып, шикізатты, электр энергиясын, әрбір жұмыс минутын үнемдеу үшін күресейік, осы жолда жарысқа түсейік. Озат жұмысшылардың жетістіктері барлық кеншілер үшін ереже, норма болуы үшін әрбір учаскеде еңбек өнімділігін арттырайық». Алексей Стаханов қарағандылықтардың үнқатуын күткен болатын. Олармен сонау 1941-1942 жылдары туыстасқан еді. А. Стаханов атындағы №31 шахта алғаш үн қатты. Ол соғыс жылдарында осы шахтаны басқарған болатын. 1972 жылы мамыр айында Торез қаласына «Стахановская» шахтасының директоры Э.М. Русак пен құрметті шахтер, көмір комбайнының машинисі Еркеш Таушкин келеді. Олар украиналық, қазақстандық екі шахтаның арасындағы социалистік жарыс шартына қол қояды. Донбастық шахта атынан А. Стаханов қол қояды. Осы жарыстың нәтижесінде мыңдаған тонна көмір қазылып, жоспар асыра орындалып, экономикалық табыстарға қол жеткізіледі. Әйгілі көмір құлатушы Еркеш Таушкиннің рекордтық еңбегі кезінде күллі әлемнің көмір өндіру индустриясына жақсы таныс болған екен. Мұның өзі де қарапайым қазақ кеншісінің өз ісінде зор табысқа жетуінің, еңбек адамының маңдай терінің лайықты бағалануының көрінісі болып табылады.
Осылайша Қарағанды көмір алабында Еркеш Таушкин қатарлы сан ондаған еңбек майталманы туып шығып, олар күллі әлемге танылды.
«Мәскеу бір күнде салынған жоқ» деген айтылым бар. Сол сияқты қазіргі әлемдік көмір өндіру алыбы Қарағанды көмір шахталары бүгінгі ғаламат биікті бір жылда немесе ширек ғасырда бағындыра қойған жоқ. Оның тарихы бір жарым ғасырға кетеді. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бері қарай есептегенде де тоқсан жыл жатыр. Біз мақаламызда осы біз өткен тарихи кезеңді оқырман жадында жаңғыртуды масқат еттік. Себебі, өткенсіз бүгін жоқ. Бүгінсіз ертең жоқ. Еліміздің, оның ішінде көмірлі өңірдің ертеңі жарқын болсын!